Орташа үлгіні тұқым-бөлгіш құралы көмегімен алу. Ұсақ және орташа өлшемдегі сусымалы тұқымдарды бастапқы үлгіден арнайы тұқым-бөлгіш құралы арқылы алу өте қолайлы. Бұл бөлгіштің ерекшелігі оған салынған тұқым екіге қақ бөлініп екі ожауша – ыдысқа түсіп отырады. Тұқыммен бірге оның ішіндегі әр түрлі қосындылар мен басқа да құрамындағы заттар тең екіге бөлініп отырылады.
Бөлгіштің жұмысы дұрыс деп бағаланады, егер ожаулардағы тұқым салмағы бір-бірінен 5 проценттен артық ауытқы қоймаса.Бастапқы үлгі тұқымдарын өзімізге керекті орташа үлгі салмағы бір ожауда қалғанша өткізе береміз.
Орташа үлгілерді тексеруге жіберу
Бөлініп алынған орташа үлгіні тұқымдық сапалылығын анықтауға жібереде оларды тығыз матадан тігілген , алдын-ала суда қайнату арқылы дезинфекциядан өткізілген таза қалталарға салады. Қалтаның ішіне орташа тұқым үлгісімен бірге этикеткасын салып, аузын мықтап байлаймыз.
Тұқым ылғалдылығын анықтауға арналған орташа үлгіні таза, құрғақ шыны ыдысқа салып, аузын жақсылап тығындап, бекітіп жібереді.Этикетканың бір данасын шыны ыдыс ішіне салып, екіншісін сыртына жапсырады.
Бөлініп алынған орташа үлгілер орман тұқымдарын бақылау станциясына жібергенге дейін тұқым партиясымен бірге қоймада сақталынады.
Орташа үлгіні сұрыптауға орман шаруашылығының инженерлері, агрономдар және басқа да арнайы үйретілген мекеме мамандары ғана жүзеге асыруға тиіс. Бұған міндетті түрде тұқым сақталуына жауапты адам да қатысуы керек. Іс жүзінде орташа үлгіні алуға арнайы комиссия құралады. Мекеме бастығының бұйрығы бойынша оған кіретіндер: 1) орман шаруашылығының немесеорманшылықтың қызметкері; 2) орманшы не оның орынбасары немесе учаскенің технигі; 3) тұқымдардың сақталуына жауапты адам-қоймашы немесе орман қорушысы.
Бөлініп алынған үлгілерге белгіленген актінің (3 қосымша) 3 данасы толтырылып, оған қатысқан адамдардың қолдары қойылады және мекеменің мөрі басылады.
Актінің біреуі паспорт көшірмесімен бірге тұқым бақылау станциясына жіберіледі, екіншісі мекеме іс қағаздарында сақталынады, ал үшіншісі өндірістік зерттеуге кеткен тұқымдарды есептен шығару үшін бухгалтерияға өткізіледі.
Тұқымдардың орташа үлгілерін (қапшықтардағы және шыны ыдыстағы) тексеруге ағаш жәшікке немесе берік қорапқа салып, мықты бекітіп жібереді. Егер бірнеше орташа тұқым үлгілері бір жәшікке салынған жағдайда, олардың әрқайсысына тұқым түрі, паспортының нөмірі көрсетіледі.
Қанатты тұқымдарды зақымданудан сақтау үшін орташа үлгілерін нығыздамай салады. Стратификациядан өткен құм аралас тұқым үлгілері арнайы қағазбен тығыздалып оралып, жәшікке салынып жіберіледі.
Орташа үлгілер сұрыптап алынғаннан кейін тұқым бақылау станциясына екі тәулік ішінде жіберілуге тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |