6. Сыртқы саясат
Қазақстанның сыртқы саяси бағыты Сыртқы саясат тұжырымдамасына негізделетін болады.
Ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге, елдің халықаралық беделін арттырып, ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған белсенді, прагматикалық және теңдестірілген сыртқы саясат жүргізілетін болады.
Қазақстан халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасын және әлемдік сауда-қаржы жүйесінің сұлбасын қалыптастыру кезінде жаһандық шешімдер қабылдау үдерістеріне қатысу ниетінде.
Қазақстан барлық қазіргі бар ұжымдық қауіпсіздік жүйелері арасындағы стратегиялық үнқатысуды жолға қоюға белсенді жәрдемдесетін болады.
Қазақстан өңірлік және жалпыәлемдік экономикалық үдерістердің жауапты қатысушысы ретіндегі өзінің рөлін толық көлемінде сезіне отырып, оны өз тәуелсіздігінің барлық жылдары бойында мінсіз орындап келеді.
Сондықтан әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары мен беделді халықаралық ұйымдардың басшылары – экономикалықтан гуманитарлыққа дейінгілердің бәрі – өздерін Қазақстанның досы санайды.
Біз мұны мақтаныш етуге тиіспіз.
Қазақстанның жоғары халықаралық беделі біздің елімізге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төраға болуға мүмкіндік берді.
Бұл – біз үшін үлкен абырой.
Бұл – ЕҚЫҰ-ға адамзаттың жаңа тарихындағы аса күрделі кезеңде төрағалық етудің аса жоғары жауапкершілігі.
ЕҚЫҰ оған қатысушылардың бірегей географиялық құрамымен – ал бұл үш құрлықта орналасқан 56 мемлекет, мемлекеттердің өзара ықпалдасуының бай тәжірибесімен халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың шешуші тетіктерінің бірі болып табылады.
Біз ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа қатысты өзіміздің ұстанымдарымызды белгілеп алдық.
Сондықтан бұл туралы егжей-тегжейлі айтпай-ақ қояйын.
Қауіпсіздік жөніндегі аса ықпалды ұйымға қазақстандық төрағалық мынадай ұранмен өтетін болады: “Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік”.
Біз көптеген көкейкесті мәселелерді шешу жолдарын бірлесе іздеп, ықтимал дағдарысты жағдайлардың алдын алу үшін бірлескен тетіктерді әзірлейтін боламыз.
Біз қауіпсіздіктің негіз қалаушы мәселелері бойынша, сондай-ақ Ұйымның өзін дамыту мәселелері бойынша консенсустық алаңды кеңейту және нығайту ниетіндеміз.
Біз ЕҚЫҰ ХХІ ғасырдағы әлемнің көпқырлылығын танитын құрылым болуы үшін бәрін де жасайтын боламыз.
ЕҚЫҰ-ға мүше көптеген мемлекеттер Қазақстанның жоспарларына, сонымен қатар, үстіміздегі жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізу туралы менің ұсынысыма қолдау білдірді.
Мен Саммитте ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аймағында қауіпсіздіктің көкейкесті проблемаларын, Ауғанстандағы жағдайды және төзімділік мәселелерін талқылауды ұсындым.
Біздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыз бүкіл әлем халықтарының қауіпсіздігін дамыту мен өркендетуге бағытталатын болады.
Құрметті қазақстандықтар!
Құрметті Парламент депутаттары!
Көріп отырғандарыңыздай, біз елімізді дамытудың жаңа кезеңіне дайынбыз. Ауқымы жөнінен осындай күрделі де ұлан-ғайыр міндеттерді біз бұған дейін шешкен емеспіз.
Біз өзіміздің барлық мүмкіндіктерімізді егжей-тегжейлі сараптап, он жыл бұрынға есептеп қойдық.
2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы сіздерге таратып беріледі және баспасөзде жарияланады. Біз не, қашан, қалай жасалатынын және құрылатынын іс жүзінде айлар бойынша білеміз. Және, ең бастысы, жоғарыда айтылғанындай, біздің барлық іс-қимылдарымыз қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілген.
Біз алдымызда қандай қиындықтар тұрғанын білеміз. Әлемдік дағдарыс әлі аяқталған жоқ, бірақ оның өткір кезеңі артта қалды. Өткен жылдағыдай, форс-мажорлық жағдайлар біздің жоспарларымызға қандай да бір өзгерістер енгізуі мүмкін, бірақ мен біздің бас желіміз жалғастырылатынын ескертемін.
Біздің бағдарламамыздың мәні мен маңызы осында.
Әркім сапалы медициналық қызметке қолжетімділік алады.
Балалар бақшасынан бастап университетке дейінгі сапалы білім бүкіл еліміз бойынша әр отбасына қолжетімді болады.
Елімізде тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсетудің сапасы айтарлықтай жақсарады.
Зейнеткерлер, мүгедектер мен аз қамтамасыз етілген отбасылар сенімді қорғалатын болады.
Жастар – біздің болашағымыздың негізі – өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізеді.
Бұл – сіздердің әрқайсыларыңыздың алдынан, сіздердің отбасыларыңыздың алдынан, біздің еліміздің алдынан ашылатын жаңа мүмкіндіктер.
2030 жылға дейінгі Даму стратегиясында айқындалған біздің стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізу жолында жұмыла отырып, біз өзіміздің миссиямызды табысты орындаудамыз – тәуелсіз, өркендеген, саяси тұрақты Қазақстанды құрудамыз.
Біз бүкіл қоғамды, партияның барлық мүшелерін алдағы онжылдық міндеттерін түсіндіру мен іске асыруға жұмылдырып, іс жүзінде бұл жұмысқа жетекшілік ететін және оны өзінің бағдарламасы жасайтын “Нұр Отан” партиясының мүшелеріне үлкен үміт артамыз.
Қымбатты менің отандастарым!
Өзімнің сіздерге арнаған сөзімді аяқтай келе, былай дегім келеді: біз бірлесіп Қазақстанды табысқа жетуші жасай алдық және бірлесіп оны өркендеуші жасай аламыз.
Қымбатты менің отандастарым!
Халқымызда “Ынтымақты елде бақ тұрар” деген дана сөз бар.
Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік.
Біз толайым табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындырдық, алайда алар асуымыз әлі де алда.
Біз сияқты халқының саны аз, экономикасы даму үстіндегі елге технология ауадай қажет. Сонда ғана әлемнің алып мемлекеттері мен төңірегіміздегі елдер бізбен санасады.
Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу.
Келер ұрпақтың жүзін жарқын ететін бұл мақсатқа біз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз.
Мен осы күндері Қазақстанның бүкіл аумақтарынан мыңдаған хаттар мен жеделхаттар аламын. Әсіресе, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуына және атқарып жатқан жұмысыма байланысты көптеген хаттар келуде. Халықтың көңіл-күйін сіздер түсіну үшін соның біреуін оқып берейін:
“Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, қазақ бүгін Еуропаның төріне шықты. Бұл – бүкіл қазақ халқының қуанышы мен мақтанышы. 85 мыңнан астам халқы бар шекараның шебінде, елдің ең шетінде жатқан біз үшін қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың маңызы ерекше. Бұл – халықтың ең басты мақсаты мен мұраты. Қазақ қашан қарт Еуропаның төріне шықпақ түгілі, есігінен бұрын-соңды сығалап көріп еді? Өзіңізге, қазағымызға осы биік мәртебеде абырой берсін.
Бұл жақта еліміз – аман, жұртымыз – тыныш, ең бастысы – балаларымыздың ұйқысы бұзылған жоқ. Аузымызда – тәубеміз, қолымызда қауғамыз, халқымыздың ынтымақ-бірлігі қалыптасты. Берекеміз кіріп, ел тірлігі күннен-күнге ілгері басуда. Даламыз – дәнге, өрісіміз – малға, үй-ішіміз – жанға толды. Барлық ісіңізге Алла жар болсын”. Райымбек ауданының құрметті азаматы Совет Оразаев.
Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінен, батысы мен шығысынан келіп жатқан осындай мыңдаған қолдау хаттар біздің халқымыздың кеңдігі мен шыдамдылығын, сауаттылығы мен мол түсінігін, дүниеде болып жатқан оқиғаларды, ішкі және сыртқы жағдайды қарап, дұрыс аңғарып отырғандығын білдіреді.
Сондықтан дәл осындай санамен, біліммен және табандылықпен осы бағдарламаны орындауға қол жеткізуіміз керек. Ол жалғыз Президенттің немесе Парламент пен Үкіметтің ғана шаруасы емес.
Біз болашағымыздың жарқын болғанын көргіміз келеді. Олай болса, осы іске жеңді түріп кірісуіміз керек.
Ендеше, құрметті ағайын, ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен істе баршаңызға сәттілік тілеймін.
Рахмет.
2010 ж, 29 қаңтар
http://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/kazakstan-respublikasynyn-prezidenti-n-a-nazarbaevtyn-khalykka-zholdauy-2010-zh_1341123470
Достарыңызбен бөлісу: |