6-лекция. Тақырыбы: Меңгеру Жоспар: 1.Меңгерудің түрлері
2.Есім меңгерудің ерекшеліктері
Есімдердің ішінен сын есім, зат есім, модаль сөздер септік жалғауындағы сөздерді меңгере алады. Меңгеру негізінде етістікке тән қасиет, сондықтан да есімдер етістіктер сияқты септік жалғауындағы сөздермен еркін тіркесе бермейді. Есімдердің ішінен сын есімдердің меңгеру қабілеті өте мол. Мұның себебін біз сын есімдердің табиғаты жағынан етістікке жақындығы деп білеміз, себебі:
а) сын есім заттың сапасын білдірсе, етістік заттардың қимылдық сапасын білдіреді.
ә) Сын есім баяндауыштың қызметінде жұмсалып, сөйлемді тиянақтап тұруға бейімдеу. Мысалы, маған үлкен, Асаннан жас.
Меңгеру қабілеті бар есімдердің өзі кез келген сөздермен талғаусыз тіркесе бермейді.
Етістіктің меңгеруіне қарағанда есімдердің меңгеруінің өзіндік ерекшеліктері бар:
1.Дара күйінде тұрып табыс жалғаулы сөздермен есімдер тіркесе алмайтын болса, етістіктер тіркесе береді. Мысалы, Ол Жақыпты ертіп үйге кірді.
2.Егер етістік негізінен лексикалық мағынасына байланысты сөздердің белгілі бір септік жалғауда тұруын қажет етсе, есімдерде мұндай қасиет жоқ.
Сәтсіздікке//кінәлы, жәрдемін беруге//міндетті тіркестерде бағыныңқы сыңар басыңқы сыңармен берік байланысса, ал Сағида алдында//әлсіз, қашаннан//араз сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңары басыңқы сыңармен әлсіз байланысқан. Осыған байланысты меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестерін іштей берік байланысқан және әлсіз байланысқан сөз тіркестері деп бөлуге болады.
Берік меңгеріле байланысқан сөз тіркестері басыңқы сыңарларының лексикалық мағынасына байланысты.
Тарихи жағынан алып қарағанда есімдер өте ертеде жеке тұрып септік жалғаулы сөздерді меңгере алмаған.
Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері мақал-мәтелдерде жиі ұшырасады. Мысалы, білгенге маржан, білмеске арзан, бетегеден биік, жусаннан аласа т.б. Шығыс жалғаулы есімдер сын есімдердің жетегіне ергенде олардың байланысынан толықтауыштық және пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері жасалады. Толықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері қызметі жағынан жанама толықтауыштық мәндегі сөздер мен сын есімнің тіркесуі арқылы жасалады, яғни бағыныңқы сыңар толықтауыш болу керек. Мысалы, Дәндібай Дәркембайдан қартаңырақ, ашаңдау. Епті, берік, ауыр, ақ, таза, қымбат, биік т.б. сын есімдер шығыс жалғаулы есімдерді өзінің жетегіне алғанда, сын есімнің сындық, сапалық қасиетін күшейте түседі. Мысалы, күннен жарық, тастан ауыр Толықтауыштық және пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері құрамы жағынан біркелкі емес. Толықтауыштық қатынаста жұмсалатын шығыс жалғаулы сөз тіркестерінің мағыналары мынадай болады:
а)объектілік қатынаста жұмсалатын сөз тіркестерінің бірқатары кісінің я жан-жануардың өзіне тән сапалық қасиетін басқа бір сапамен салыстырғанда одан артық я кем екенін білдіреді. Мысалы, Ыбырайдан қу, сенен шебер ә)Заттың сыртқы тұлғасын басқа затпен салыстырғанда одан артықшылығын білдіреді: Мынау одан әлдеқайда тік, әлдеқайда биік. б)Жас мөлшері я өмір сүрген уақыты жағынан бір заттың басқа бір заттан ерекшелігін білдіреді: Ол жас жағынан Ақылбайдан көп үлкен. в)Белгілі бір заттан арылу мағынасында қолданылады: күнәдан пәк, сүттен таза г)Объектілік қатынастағы сөз тіркестерінің бірқатары заттың сындық сапасының басқа сапалардан артық я кем екенін білдіреді: Қажетіміз шашымыздан көп.
д) сан мөлшер мағынасында қолданылады: жүзден аз, елу мыңнан артық