17-лекция. Тақырыбы:Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай түрлері
Жоспар: 1. Хабарлы сөйлем, хабарлы сөйлемге тән интонация
2.Сұраулы сөйлем, түрлері
3. Бұйрықты сөйлем, түрлері
4. Лепті сөйлем, түрлері
Сөйлем – синтаксис зерттейтін басты тіл бірліктерінің бірі. Ол атқаратын қызметі жағынан да, мазмұны жағынан да, грамматикалық белгілері тұрғысынан да өзге синтаксистік формалардан (сөз тіркесі) ерекше синтаксистік категория болып саналады.
Сөйлемнің сөз бен сөз тіркесінен басты айырмашылығы оның коммуникативтілік қызметінде. Сөз номинативтік қызмет атқарады, яғни заттың, құбылыстың не солардың белгілерінің, қасиеттерінің атаулары ретінде қолданылады. Ал белгілі бір хабарды жеткізу, әлдене жайында сұрау т. б. біршама тиянақталған ойды білдіру қасиеті тек сөйлемге ғана тән.
Сөйлемнің белгілері туралы ғалымдар арасында түрліше пікірлер бар.
В. В. Бабайцева сөйлемнің негізгі белгісі ретінде предикативтілік және интонацияны жатқызса, Н. А. Чахоян предикативтілік пен модальділікті, Н. С. Валгина оған предикативтілік, модальділік пен интонация үшеуін жатқызады. Р. Әміров, Т. Сайрамбаевтың пікірлері де соңғы пікірімен сәйкеседі.
Сөйлемге тән қасиет, ең алдымен – предикативтілік. Предикативтілік сөйлемнің негізгі қасиетін айқындайтын синтаксистік категория. Бірдей ұғымды білдіретін синтаксистік құрылымдарын: Мыс: «болған той», «тойдың болуы», «той болды» соңғысына ғана айрықша функционалды сапаға – предикативтілікке ие. Предикативтілік сөйлемде жақ, шақ тұлғалары арқылы жүзеге асады. «Жалпы сөйлем бір бас мүшелі, екі бас мүшелі немесе мүшеленбейтін сөйлемдерден құралса, предикативтіліктің ең жоғары түрі екі бас мүшелі сөйлемдерде нақты, ал бір бас мүшелі сөйлемдерде жартылай, ал мүшеленбейтін сөйлемдерде болмайды да. Міне, бұған қарағанда, предикативтілік тек бастауыш пен баяндауыш арасындағы таза грамматикалық құбылыс», - деп түсіндіреді Т. Сайрамбаев.
Предикативтілікте білдіретін тілімізде ең көп жұмсалатындар – бастауыш – баяндауыш құрамындағы сөйлемдер. Сөйлемді құрау үшін ең аз болғанда екі мүше қатысуы керек – ойдың кім, не туралы екенін білдіретін мүше, яғни бастауыш; сондай-ақ ол туралы не айтатынын білдіретін мүше, яғни баяндауыш мүше қатысады. Осы екі мүшенің грамматикалық қатынасы сөйлем құрауға негіз болады. Өйткені сөйлем пікірді, яғни болмыстағы, заттардың өзара қатынасын білдіру үшін жұмсалады.
Бастауыш – баяндауыштың қатынасы предикативтік қатынас деп аталады. Тілде осы предикативтік қатынасқа ілесіп жүретін грамматикалық формалар болады. Олар баяндауыш құрамынан орын алатын шақ, жақ және рай формалары.
Шақтық форма сөйлемде айтылған пікірдің болмысқа шақ, мезгіл жағынан, қандай қатынаста тұрғанын білдіру үшін қызмет етеді. (Жаңбыр жауды – Жаңбыр жауып тұр – Жаңбыр жауады).
Жақтық форма іс-қимылдың және оның субъектісінің сөйлеушіге қатынасын білдіреді: сөйлеушінің өзі не соның тобына (мен, біз), тыңдаушы ма не сөздің адресаты ма (сен, сендер), сырттағы кісі, яғни пікір алысу процесінен сырттағы субъекті ме (ол, олар).
Шақ, рай, жақ формалары – сөйлем арқылы айтылған пікірдің болмысқа байланысын, қатынасын білдіретін формалар. Баяндауыш мүше осы формаларды бойына жиып предикативті білдіретін мүше сапасына көтеріледі. Предикативтік дегеніміз – пікірдің болмысқа қатысын білдіру. Сөйлемде бұл мағына баяндауыш мүше арқылы көрінетін болғандықтан баяндауышты предикат мүше деп атаймыз. Ал бастауыш пен баяндауышты предикат мүше деп атаймыз. Ал бастауыш пен баяндауыштың грамматикалық байланысы предикаттық қатынас деп аталады.
Сөйлем тән негізгі белгілердің бірі – модальділік. Сөйлем пікірді болмысқа қатынасы тұрғысынан ғана айтып қоймайды, ол пікірге сөйлеушінің қатысын, көзқарасын да қоса білдіреді. Сөйлеушінің сөйлемде айтылған ойды құптауы, құптамауы, сенуі, жормалдауы, мүмкіндік, керектілік, болжамдық т. б. қасиеттердің барлығы да модальділік белгісі арқылы беріледі де, олардың негізгі көрсеткіштері рай категориясы, модаль сөздер мен демеулер болады.
Рай формалары пікірді болмысқа қатынастыру ерекшеліктерін танытады. (келді, келеді – ашық рай, бұл форма іс-қимылдың анық болғанын, болатынын, кел-бұйрық рай, іске қосу, жұмсау талабын білдіреді). Ал демеуліктер ол сөздерге әр түрлі қосымша реңктер үстейді. (сұраулық, күшейткіштік, нақтылық, шектік).
Сөйлемге тән негізгі белгілердің бірі – интонация. Тиянақталған интонацияның болуы оның сөзден де сөз тіркесінен ерекше қасиеті. Интонация тілдің грамматикалық құрамы мен сөз тіркестері, сөйлеммен тығыз байланысты. Себебі сөз тіркестері мен сөйлем мүшелерінің, бүтіндей сөйлемнің мазмұны мен мағынасы көп жағдайда интонация арқылы ажыратылады. А. Шахматов интонация арқылы тек бір сөздің өзі де сөйлем бола алатындығын, осы сөздің не сөз тіркесінің сөйлем болуы үшін ондағы ойдың аяқталмағандығы анықталуы қажеттігін, ал ойдың аяқталуы интонация арқылы жүзеге асатындығын көрсетеді. Жеке сөздер мен сөз тіркестері сөйлем түрінде жұмсалғанда міндетті түрде сөйлемге тән тиянақталған интонациямен айтылуы шарт (Түн. Ауыл маңы).
Тіл білімінде сөйлемдерді таптастыру синхронды және диахронды таптастыру бойынша жүргізіледі. Диахронды классификация бойынша сөйлемнің қалыптасып, даму жолы тарихи тұрғыдан сараланса, синхронды классификация бойынша сөйлем тілдегі қазіргі қолданылуы қалпында бірнеше ұстанымға сәйкес іштей сараланады. Предикатив тұлғаларының санына қарай сөйлем жай және құрмалас болып жіктелсе, айтылу мақсатына қарай хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті болып жіктеледі.
Сөйлем өзінің мазмұны мен грамматикалық белгілеріне қарай бірнеше топқа бөлінеді:
Айтылу мақсатына қарай: хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті;
Сөйлем құрылысына қатысты мүшелерінің түсу-түспеуіне қарай: ықшамдалған/ ықшамдалмаған сөйлемдер.
Сонымен қатар эмоционалдық бояуы жағынан сөйлемдерді лепті, лепсіз сөйлемдер деп қарастыру дәстүрі де бар.
Бастауыш пен баяндауыштан құралған не бір ғана тұрлаулы мүшеден болған сөйлемді жалаң сөйлем дейміз. Түн қараңғы. Жұлдыздар көрінбейді. Асығуға тура келді.
Тұрлаулы мүшемен қатар тұрлаусыз мүшелері де бар сөйлемді жайылма сөйлем дейміз. Алуан түрлі бала бар. Сен ауылға қайт.