Сөйлемдерді болымды, болымсыз деп бөлу - болмыс пен ақиқат шындықтың қарым-қатынасының көрінісіне, грамматикалық сипатына байланысты. Осыған орай, тіл ғылымында ғалымдардың бір тобы мұны модальдіктің көрінісі деп түсіндірсе. (Галкина-Федерук, Пешковский, Шапиро, Адмони, Төлегенов, Балақаев) бір тобы сөйлемдердің болымды, болымсыз болып бөлінуін дербес грамматикалық-семантикалық дәрежедегі бөлініс деп түсіндіреді (Кононов, Шендельс И. Е., Р. Әміров т. б.).
Болымды сөйлемдерде істің болатындығы хабарланса, болымсыз сөйлемдерде істің болмайтындығы айтылады. Тіліміздегі барлық сөйлемдер осы сияқты екі түрлі синтаксистік құрылымның бірінде беріледі. Болымсыз сөйлемнің айырмашылығы – оның баяндауышының грамматикалық формасында. Болымсыздық мағына білдіру үшін сөйлем баяндауышы арнайы грамматикалық өзгеріске түседі. Мен келдім-келмедім. Мен келген жоқпын.
Болымсыз сөйлемдер төмендегідей грамматикалық формалар арқылы жасалады.
Баяндауыштары -ма/-ме тұлғалы болымсыз етістіктерден жасалады.
Есім, есімдерден болған баяндауыштар құрамында емес деген көмекші етістік жұмсалады.
Жоқ сөзі баяндауыш қызметінде күрделі баяндауыш құрамында айтылу арқылы да болымсыз сөйлем жасалады.
–сыз, -сіз тұлғалы сын есімдер баяндауыш қызметінде жұмсалғанда сөйлемнің мазмұны болымсыз болады.
Кейбір сөйлемнің тұлғасы болымды, мазмұны болымсыз ыңғайда айтылады. М. – Үйге келуді қойды – келмейді. Мұнда сөйлемдерді О. Төлегенов 1) риторикалық сұрақты болымсыз сөйлемдер, 2) айрықша интонация арқылы қалыптасқан хабар лепті сөйлемдер деп бөліп қарастырады.
Мысалы: Өлең табылса да, көңіл табыла бере ме? Тынығу қайда?
Мыналар сені, тыныш жатқызар.
Шыныңды айт!
Айтқызарсың!
Болымсыз тұлғадағы сөйлемдердің барлығы болымсыздық мағына бере бермейді, болымсыз сөйлемге тән дейтін тұлғалар арқылы да болымды сөйлемдер жасалады.
Мысалы: Ендеше, қорықпаңыздар. Қуанышын жасырып тұра алмады. Өміріңде ерінген емес. Әдемі қыздар да аз болған жоқ.