3.3. Күннің радиосәулеленуі
Күннің радиосәулеленуі жүйелі түрде 1946-1947 жылдардан бастап ең алғашқы нәтижелі бақылаулардан кейін зерттеле бастады. Алғашқы бақылауды 1942ж. ғалым Саусворт 3 және 10 см. толқын ұзындықтарындағы Күннің жылулық сәулеленуін зерттеу мақсатында жүргізді. 1943ж. Ребер 1.9 м. толқын ұзындығындағы Күн тәжінің радиосәулеленуін бақылады. Бұл екі жағдайда да Күннен келетін ағын шамасы оның көрінетін бетіндегі жылу ағынының шамасынан (Т=6000° К) анағұрлым жоғары болды. Осы кезден бастап Күннің радиоаймақтағы жарықтық температурасының жоғары болуын оның сыртқы ыстық атмосферасының жылулық сәулеленуімен байланыстыра бастады.
Күннің радиосәулеленуінің зерттелуі біздің хромосфера және күн тәжінің физикалық күйлері мен ірімасштабты құрылымы тұрғысындағы түсініктерімізге елеулі өзгерістер енгізді.
1942ж. тағы бір ірі жаңалық ашылды: ағылшынның радиолокациялық станциялар тобы 4-6м. толқын ұзындықтары аймағында Күннен келген қатты шуылды тіркеді. Оның интенсивтілігі уақыт өтуімен өзгеріп отырды, бірақ 2 (екі) күнннен көп уақыт бойында оның шамасы жоғары деңгейде сақталғандығы бақыланды. Хей осы аталған бақылауларды салыстыра отырып, оларды Күндегі жоғары белсенділікпен (әсіресе Күн жарқылымен) байланыстырды. Күн жарқылы мен радиосәулеленуі ашылуының күн белсенділігін зерттеуде маңызы өте зор болды.
Достарыңызбен бөлісу: |