Білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі Білім беру мазмұнын жаңарту аясында критериалды бағалау жүйесіне көшу қарастырылған. 2017-2018 оқу жылында жаңа бағалау жүйесіне 1, 5, 7- сыныптар көшеді. 2-сыныптарда критериалды бағалау жүйесін енгізу жалғасатын болады, негізгі мақсаты сапалы бағалау мен тұлғаны дамытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, қоршаған әлеммен тиімді өзара әрекет етуге, өздігінен білім алуға және дамуға дайын, алдына ала белгілі және нақты критерийлер бойынша объективті бағалау болып табылады.
Жаңа бағалау жүйесі білім алушыда өз әрекетін бақылау мен бағалау, туындаған қиындықтардың себептерін анықтау мен қалпына келтіру қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оқыту процесі білім алушылардың бойында функционалдық сауаттылықты және кең ауқымды дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Бұл оқыту процесінде оқу процесін дәстүрлі ұйымдастырудан алшақтап, білім берудің 6 саласы бойынша айқындалып күтілетін нәтижелерге негізделеді және білім алушылар «біледі», «түсінеді», «қолданады», «талдайды», «жинақтайды», «бағалайды», яғни іс-әрекеттік аспектіні болжайтынын ескеру маңызды.
Оқыту мақсаттары күтілетін нәтижелер түрінде ұсынылып отыр. Әрбір бөлімшелерге дәйекті түрде енгізілген оқыту мақсаттары, мұғалімдерге өз жұмысын жоспарлауға және білім алушылардың жетістіктерін бағалауға мүмкіндік береді.
Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау оқыту мақсаттарымен жоспарланған, қол жеткізген нәтижелері дәрежесіне сай алдын ала белгіленген нақты критерийлерге сәйкес жүзеге асырылады.
Осыған байланысты, білім алушының жеке тұлғасы емес, оның жұмысы ғана бағаланады; білім алушының жұмысы басқа білім алушылардың жұмыстарымен емес, оларға алдын ала белгілі (өте жақсы орындалған жұмыс түрінде) эталонымен салыстырылады. Не нәрсеге үйретеді, соны ғана бағалауға болады, сондықтан бағалау критерийі – оқу мақсаттарының нақты көрсетілуі.
Мұғалімге критериалды бағалауды оқу процесін барынша тиімді ұйымдастыруға болатындай түрде пайдалану, білім алушыларға дер кезінде қолдау көрсету және олардың оқудағы алға жылжуын қамтамасыз ету, мүдделі тараптарға оқу нәтижелері туралы ақпаратты беріп отыру ұсынылады. Мұндай бағалау жүйесі алдымен білім алушыларды табысты оқуға ынталандыруға, білімдегі олқылықтарын анықтауға және олардың өсуін көрнекі түрде көрсетіп отыруға бағытталған.
Критериалды бағалау жүйесі қалыптастырушы бағалау мен ішкі жиынтық бағалаудан тұрады.
Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа жүйесін педагогтер мен ата-аналар әртүрлі қабылдады. Сол себепті, жыл бойы сұрақтар туындады.
Білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі:
- оқыту мен бағалаудың біртұтастығына негізделеді;
- білім алушылардың ілгерілеушілігі мен үлгерімін қамтамасыз етуде біртұтас тәсілді қалыптастыруға бағытталады;
- оқу бағдарламаларына сәйкес дағдыларды дамыту және білім алуға дәлелдемелер жинақтау мен оқыту мақсаттарын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
- әрбір сынып үшін пән бойынша оқу бағдарламасының мазмұны негізінде бағалау түрлері мен әдіс-тәсілдерінің алуан түрлерін қамтиды.
Критериалды бағалау жүйесі оқыту, оқу мен бағалаудың өзара байланысына негізделгенін есте сақтау маңызды. Критериалды бағалаудың нәтижелері білім беру процесін тиімді жоспарлау мен ұйымдастыру үшін пайдаланылады.
Критериалды бағалау білім алушылардың дағдыларының даму дәрежесін бағалауға мүмкіндік береді.
Әрбір сабақ оқыту мақсаттары мен оларға жету критерийлерін айту/көрсетуден басталуы керек. Білім алушы қойылған оқу мақсатын түсінуі, ұғынуы және оған қалай қол жеткізуге болатынын білуі тиіс.
Критериалды бағалау технологиясын пайдалану қандай да бір практикалық дағдының қалыптастырылғанын, оқу материалының қаншалықты табысты меңгерілгенін анықтауға мүмкіндік беретін анық айқындалған, алдын ала белгілі критерийлермен білім алушылардың жетістіктерін салыстыру. Осыған сәйкес, әрбір білім алушының жалпы дайындық деңгейінің өзгерістері сияқты, оның алдыңғы жетістіктерімен салыстырғандағы табыстарының динамикасын да тіркеуге мүмкіндік бар.
Мұғалімге критериалды бағалауды оқу процесін неғұрлым тиімді ұымдастыру, білім алушыларға уақытылы қолдау көрсету және олардың оқудағы жетістіктерін қамтамасыз ету, мүдделі тараптарға оқытудың нәтижелері туралы ақпарат ұсыну үшін қолдану ұсынылады. Бағалаудың бұндай жүйесі біріншіден балаларды табысты оқуға ынталандыруға, біліміндегі олқылықтарды анықтауға және олардың өсуін көрнекті түрде көрсетуге бағытталған
Критериалды бағалау жүйесінің үлкен артықшылығы білім алушыға түсетін күйзеліс жүктемесінің төмендеуі болып табылады. Бірлескен ынтымақтастықта өзіндік, жұптық, топтық жұмыс дағдыларын иелену процесі белгісінен, маңызды әлеуметтік құзыреттілікті дамытуға өзгереді.
Критериалды бағалау білім алушылардың оқуға деген қызығушылығын дамыту, оқытудың ізгілікті, достық ортасын құру, оқу процесінде білім алушыларды қолдау, білім алушылардың оқуға деген ынтасын одан әрі нығайту, зерттеу, шығармашылық іс-әрекеттерге қатысу үшін пайдаланылады.
Бағалаудың жаңа жүйесі мұғалімнің ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және ата-аналармен тығыз байланыс орнатуды талап етеді.
Білім алушылардың ата-аналарына бағалаудың жаңа жүйесінің мақсаты мен негізгі принциптері түсіндіріледі, ата-аналар үшін практикалық тренинг немесе шеберлік сыныптары өткізіледі.
Мұғалім ата-аналар жиналысын критерийлері алдын-ала белгілі тапсырмалар тарату, дескрипторларды талқылау және ата-аналармен топтық немесе жұптық жұмыс жүргізу арқылы, сабақ түрінде өткізуіне болады. Сабақта ата-аналарға да олардың балаларына берілген сияқты өзін-өзі бағалауға, өзара бағалауға, нәтижелерді талқылауға мүмкіндіктер беріледі. Мұндай жағдайда, ата-аналар жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша оқу процесімен танысады, бағалау механизмдерін түсінеді, өз балаларының жетістіктерімен бөліседі, жаңартылған бағдарлама туралы практикаға бағытталған нақты ақпарат алады. Бұл тәжірибе жаңа білім стандартын ата-аналардың түсінуі мен қанағаттануын қамтамасыз етудің үлгісі болып табылады.
Ата-аналарға бағалаудың жаңа жүйесі білім алушылар үшін қолайлы білім ортасын құруға ықпал ететінін түсіндірудің маңызы зор.
Мұғалім бағалауды өткізу кезінде тек мұғалімдерге ғана емес, сонымен қатар ата-аналар мен білім алушыларға да көмек ретінде әзірленген кешенді әдістемелік материалдарды міндетті түрде пайдалануы керек:
Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік қағидалары (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығына қосымша, 2017 жылғы сәуір);
«2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хат;
Бастауыш мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық;
Сыныптар, пәндер және тілдер бөлінісінде қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағы;
Сыныптар, пәндер және тілдер бөлінісінде жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар жинағы;
Сыныптар, пәндер және тілдер бөлінісінде жиынтық бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдама.
Әдістемелік нұсқаулықтар, жинақтар мен басқа да материалдар мектеп кітапханаларында бар, олардың nao.kz, smk.edu.kz сайттарынан табуға болады. Барлық туындаған мәселелер бойынша өз басшыларыңызға, әдіскерлеріңізге, критериалды бағалау бойынша үйлестірушілеріңізге хабарласып әрқашан жауап алуға, көрсетілген сайттардағы қолданыстағы айдарларға сұрақ жолдауларыңызға болады.
Оқытудағы ілгерілік туралы деректер жинау үшін әр сабақ барысында қалыптастырушы бағалау жүзеге асырылады. Оны ағымдағы немесе қалыптастырушы бағалау деп те атауға болады.
Қалыптастырушы бағалау оқу процесінде білім алушылардың білімді меңгеруі мен дағдылары қалыптасуы деңгейін анықтау үшін қызмет атқарады, білім беру процесін түзетуге мүмкіндік береді, мұғаліммен кері байланысты жүзеге асыру үшін жүргізіледі. Кері байланыстың формаларын, түрлерін мұғалім өзінің жинақтаған тәжірибесін пайдаланып өз қалауы бойынша таңдайды. Осыған байланысты, кері байланыс ұсынуда тиімді және дұрыс түрлеріне көңіл аударған жөн.
Қалыптастырушы бағалауды өткізер алдында білім алушыларды оқыту мақсаттары және бағалау критерийлерімен таныстыру маңызды. Тапсырманы орындау кезінде неге назар аудару қажет екенін білім алушыларға түсінікті болу үшін бағалау критерийлерінің мағынасын түсіндіру қажет.
Оқыту процесінде білім алушының қойылған оқыту мақсаттарын түсінгендігін растау ретінде басқа да оқу міндеттері қойылып және тиімді сыныптық пікірталас қалыптасқаны маңызды. Мұғалімнің тұрақты түрде кері байланыс жасауы білім алушыларды алға қарай жылжуға, жақсы нәтижеге жетуге ынталандыратын болады.
Ойлау дағдыларының деңгейін дәл бағалай білу критериалды бағалаудың маңызды аспектісі болып табылады. Кестеде оқу бағдарламасына енгізілген ойлау дағдыларының деңгейлері және қалыптастырушы және жиынтық бағалау барысында қарастырылған даму немесе қалыптасу дәрежесі берілген.
Білім алушылардың дайындық деңгейі әрбір білім беру саласы бойынша жобаланған оқытудың күтілетін нәтижелері арқылы анықталады.
Төмендегі кестеде ойлау дағдыларының барлық деңгейлері бойынша күтілетін нәтижелерді анықтауға арналған етістіктерді қолдану үлгілері берілген (3-кесте).
Мұғалім білім алушылармен бірлесе отырып оқу мақсатына жетудің табыс критерийлерін талқылай алады және қажет болған жағдайда оларды толықтырады.
Қалыптастырушы бағалау барысында мұғалім белгілі дағдыларды бағалаудың тиімді тәсілі ретінде топтық жұмыстарды қолдана алады.
Топтық жұмыс барысында мұғалім әрбір топтағы білім алушылардың талқылауын тыңдайды және бақылайды: кейбір білім алушылар бағалау критерийлеріне сәйкес оқу мақсатына жеткендігін жылдам көрсете алады.
Мұғалім одан әрі оқу мақсатына жетуге ұмтылған білім алушылардың іс-әрекетін бақылауы және қосымша сұрақтар қоюы тиіс:
Бұл туралы не ойлайсыздар?
Сіздің топта не талқыланғаны туралы түсінік бере аласыз ба?
Егер білім алушылар практикалық жұмыс орындаса, онда сұрақты әр тапсырма бойынша қоюға болады:
Сіздер қазір не істеп жатырсыздар?
Сіздің ойыңызша бұдан әрі не болады?
Сіз бұл тапсырманы орындау барысында ерекше бірдеңені байқадыңыз ба?
Топтық жұмыс барысында мұғалім барлық топтардың жұмысын бақылауы тиіс. Топты бақылауды тапсырманы орындауға қатысумен бірге жүргізуге де болады.
Жауаптарды бағалаудан кейін мұғалім оқу мақсатына жетуге ұмтылған топтарға қайтадан келіп, олардың оқу мақсатына жетулеріне тағы бір мүмкіндік беруіне болады. Бұл жағдайда білім алушыларға:
жаңа идеяны тұжырымдауды;
екі (немесе одан да көп) идеяны салыстыруды;
идеяларды бағалауды;
топтық талқылаулар негізінде қорытынды жасауды;
сұрақтарға жауап беруді ұсынады.
Жоғарыда айтылған барлық тармақтар оқытудың нақты мақсатына жетудің дәлелі болады.
Осылайша, қалыптастырушы бағалау негізгі бес стратегиядан тұрады:
күтілетін нәтижелерді және бағалау критерийлерін түсіндіру;
білім алушылардың түсінігі туралы дәлел беретін сыныптағы тиімді талқылау және қарым-қатынасты қалыптастыру;
білім алушыларды нәтижеге жетуге ынталандыратын кері байланыс орнату;
білім алушыларды өзара оқытудың дереккөзі және ресурсы ретінде қатыстыру;
білім алушының өз білімінің «негізін қалаушы» ретінде қалыптасуы.
Қалыптастырушы бағалау барысында мұғалім бағалаудың жекелеген тәсілін қолдануы тиіс. Егер мұғалім кейбір білім алушыларға қандайда бір дағдыны дамыту үшін көп уақыт қажеттігін байқаса, онда оқудың бұл мақсатын бағалау туралы шешім қабылдауы және білім алушылардың жетістіктерін бағалау критерийлерін әзірлеу барысында түзетулар енгізуі тиіс.
Сонымен қатар мұғалім тілдік пәндер бойынша сөйлеу әрекетінің 4 түрін бағалауы тиіс екенін есте сақтауы қажет: тыңдалым, айтылым, жазылым және оқылым. Кестеде оқыту процесінде білім алушылардың жетуі тиіс тілдік дағдылар сипатталған.
Қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырманы мұғалім өздігінен құрастыра алады немесе қалыптастырушы бағалау бойынша ұсынылған тапсырмалар жинағын қолданады. Қалыптастырушы бағалау бойынша есептік құжаттама талап етілмейді. Қалыптастырушы бағалаудың нәтижелерін тіркеу нысанын мұғалімнің өзі анықтайды (сандық, графикалық, балдық). Қалыптастырушы бағалаудың нәтижелері мұғалімнің есеп беру құжаттамасы болып саналмайды.
Тоқсандық және жылдық жиынтық бағалау өз кезегінде, бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тәртібін қамтиды.
Жиынтық бағалау оқу бағдарламасындағы бөлім/ортақ тақырыптарды оқуды аяқтағаннан кейін және тоқсан соңында білім алушылардың ілгерілеуі туралы ақпаратты балл және баға қоя отырып, мұғалімдерге, білім алушыларға және ата-аналарға (білім алушыларды жетістіктерін бағалау 3-тоқсанда басталатын 1-сыныптан басқаларында) жеткізу мақсатында өткізіледі. Белгілеу процесінде білім алушылардың оқу бағдарламасы мазмұнына сәйкес білімдері мен дағдыларын көрсететін дәлелдер жинау жүзеге асырылады.
Бағалау тәсілдері пәннің мазмұнына және критериалды бағалаудың түріне байланысты ерекшеленуі мүмкін.
«Өзін-өзі тану», «Музыка», «Көркем еңбек», «Дене шынықтыру» пәндері бойынша қалыптастырушы бағалау өткізіледі. Оның қорытындысы бойынша«есептелінді»/«есептелінген жоқ» бағасы қойылады. Дене шынықтыру пәнінен әр тоқсанның және оқу жылының соңында, ал қалған үш пәннен жартыжылдықтың және оқу жылының соңында «есептелінді»/«есептелінген жоқ» бағасы журналға қойылады. Бөлім/ортақ тақырыптар және тоқсан бойынша жиынтық бағалаудың тапсырмалары білім алушылардың оқу бағдарламаларындағы тек өткен материалдарын қамтуы тиіс.
Жиынтық бағалау бойынша жұмыстарды орындау барлық білім алушылар үшін міндетті.
Бөлім/ортақ тақырыптар және тоқсан бойынша жиынтық бағалауды қайта орындауға рұқсат етілмейді.
Тоқсан бойынша жиынтық бағалаудың тапсырмалары тоқсандық жиынтық бағалаудың ерекшеліктері негізінде әзірленеді. Ерекшеліктер барлық орта білім беру ұйымдары үшін тоқсандық жиынтық бағалаудың құрылымы мен мазмұнына және оны өткізуге қойылатын бірыңғай талаптар түрінде беріледі.
Ерекшеліктерде тоқсандық жиынтық бағалаудың мақсаты, шолу, өткізу бойынша нұсқаулық, тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмаларының үлгілері, тапсырмалардың орындалуына қойылатын балдардың кестесі қамтылады.
Жиынтық бағалаудың тапсырмаларын мұғалім өз бетінше дайындайды немесе «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ әзірлеген Жиынтық бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдамаларда ұсынылған тапсырмаларды пайдаланады. Мұғалім жиынтық жұмыстардың бірнеше нұсқаларын пайдалана алады.
Тілдік пәндер бойынша жиынтық бағалау сөйлеу әрекетінің төрт түрі (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) бойынша өткізіледі. Тыңдалым мен айтылымды бағалау жиынтық бағалауды өткізу жоспарланған апта ішінде сабақ барысында жүргізіледі.
Білім берудің барлық деңгейлеріндегі мұғалімдер үшін әзірленген Жиынтық бағалау бойынша әдістемелік ұсынымдама (НЗМ мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сайтына орналастырылған) бөлімдер/ортақ тақырыптар және тоқсандық жиынтық бағалауды ұйымдастыру мен өткізудің тәсілдерін көрсетеді. Құжаттан келесі ақпаратты табуға болады:
бөлім/ортақ тақырыптар үшін жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу бойынша ұсынымдар;
дескрипторлары мен балдары берілген бөлім/ортақ тақырыптардан жиынтық бағалауға арналған тапсырмалардың үлгілері;
тоқсандық жиынтық бағалаудың тапсырмаларын әзірлеу және рәсімді өткізуге арналған ерекшелік;
балды қою кестесі берілген тоқсандық жиынтық бағалауға арналған тапсырмалардың үлгілері.
Тоқсандық жиынтық бағалау бойынша білім алушылардың оқу нәтижелерін бағалаудың анықтығы мен дәлдігін қамтамасыз ету үшін мұғалімдер модерация процесін өткізеді.
Модерацияны бағалауды стандарттау мақсатында бір пән және параллель сыныптар бойынша білім алушылардың жиынтық жұмысының нәтижелерін талқылау үшін мұғалімдер жүргізеді.
Модерация процесін пән мұғалімдері бір пәннің және бір сыныптың ішінде бағаны стандарттау мақсатында жартыжылдықтың соңында және жылдық қорытынды баға қоюдың алдында өткізеді. Жиынтық бағалауды өткізу мен модерацияны өткізудің арасындағы уақыт 3 жұмыс күнінен артық болмауы тиіс.
Модерация нәтиже мен білім беру процесінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Модерация бойынша өткізілетін отырыста мұғалімдер балл қою кестесіне сәйкес жиынтық жұмыстарды талқылайды, қажет болған жағдайда балл қою кестесіне ұжымдық түрде өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізеді. Модерация аяқталған соң хаттама толтырылады.
Модерация қорытындысы бойынша балдарын өзгертуге жататын білім алушылардың жиынтық жұмыстары қайта тексеріледі. Модерация қорытындысы бойынша жиынтық жұмысқа қойылған балл жоғары балға, сондай-ақ, төмен балға да өзгертілуі мүмкін.
Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік қағидаларына сәйкес жиынтық бағалауды өткізу күні белгілі себептермен (ауыруына, жақын туыстарының қайтыс болуына, конференцияға, олимпиадаға және ғылыми жарыстарға қатысуына байланысты) келмеген білім алушы мектепке келген соң екі апта ішінде жиынтық бағалаудан өтуі тиіс.
Білім алушы екі аптадан артық белгілі себептермен (ауыруына, жақын туыстарының қайтыс болуына, конференцияға, олимпиадаға және ғылыми жарыстарға қатысуына байланысты) болмаған жағдайда, мектеп құрған жеке кестеге сәйкес жиынтық бағалаудан өтуі тиіс.
Бөлім (ортақ тақырып) және тоқсан бойынша жиынтық бағалаудың нәтижелері болмаған жағдайда білім алушы уақытша аттестатталмаған болып есептеледі.
Үлгерім бойынша есеп беру кезінде уақытша аттестатталмаған білім алушылар ескерілмейді, олардың үлгерімі бойынша есеп қосымша тапсырылады.
Білім алушылардың жиынтық бағалау бойынша балл түріндегі нәтижелері балдарды бағаға ауыстыру шкаласына сәйкес тоқсандық және жылдық бағаға ауыстырылады.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау нәтижелері туралы ақпарат білім алушылар мен ата-аналарына немесе олардың өзге де заңды өкілдеріне қағаз немесе электрондық түрде беріледі (айдарлар, шолулар және т.б.).
1-сыныпта бірінші жартыжылдықтың оқу материалын меңгеру деңгейіне жиынтық бағалау жүргізілмейді, тиісінше тоқсандық бағалар тек 3-ші және 4-ші тоқсандарда қойылады.