Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, таңдау курстарының және факультативтердің үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы


Оқу пәнінің 5-сыныптағы базалық білім мазмұны



бет23/76
Дата23.10.2016
өлшемі12,18 Mb.
#77
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   76

2. Оқу пәнінің 5-сыныптағы базалық білім мазмұны

      10. Пәнді оқытуға аптасына 3 сағаттан, барлығы 102 сағат берілген.


      11. Оқу пәнінің базалық білім мазмұны төмендегідей тақырыптарды қамтиды:
      12. «Кіріспе»: Ана тілінің қызметі (1 сағат).
      13. «Әдеби тіл және мәтін» (8 сағат):
      1) қазақ тілінде «әдеби» сөзі «әдебиет» деген сөздің негізінде жасалып, қалыптасқандығы. Әдеби тілдің сөйлеу тілінен жоғары тұрған көркем тіл екендігі, халықтың бәріне бірдей ортақ әрі бәріне бірдей түсінікті болып келетіндігі. Әдеби тіл екі түрлі формада өмір сүреді, олар: ауызша және жазбаша тіл;
      2) «Мәтін». Мәтіннің «байланысу, бірігу» деген мағынаны білдіруі. Мәтіндер бойынша жазба әдеби тіл мен ауызша әдеби тілдің ерекшеліктерін аңғарту. Мәтіннің түрлері. Ауызекі сөйлеуге қатысты мәтіндер, ондағы тақырыптық ерекшеліктер. Оның берілу формалары, сөйлем құрау жүйесі. Мәтіннің құрылысы;
      3) «Жазбаша мәтіндер». Тақырыбы, негізгі идеясы. Ойдың берілу тәсілдері: әңгімелеу, баяндау, сипаттау, талқылау, мінездеу және т.б. Мәтіннің құрылысы. Абзац. Сөйлем. Сөйлемдердің байланысы. Әр абзацтағы, әр сөйлемдегі тірек сөздер.
      14. «Лексика» (48 сағат).
      1) «Сөз және оның мағынасы» (28 сағат):
      2) сөз мағыналары мен тіл байлығы – лексиканың қарастыратын мәселелері. Дыбысталу – сөздің сыртқы қабығы, мағына – сөздің ішкі мазмұны болатындығы. Сөздің негізі мағынасы – лексикалық мағына. Сөздің бір мағыналы және көп мағыналы болатындығы. Сөздің негізгі қызметі – атау, яғни зат, құбылыс, әрекетті, олардың белгілерін атап білдіруі. Сөздің қосымша мағынасы – грамматикалық мағына. Сөздің грамматикалық мағынасының сөйлемдегі сөздердің өзара қатынасынан туындайтындығы;
      2) «Сөздің тура және ауыспалы мағынасы». Сөздің атауыш мағынасы тура мағына деп аталатындығы. Сөздің тура мағыналары толық мағыналы дербес сөздердің бәріне де қатысты болатындығы. Бірнеше лексикалық мағынасы бар сөздердің алғашқы, бастапқы мағыналары тура мағыналары болса, кейінгі мағыналары ауыспалы мағыналары болып табылатындығы;
      3) «Ауыспалы мағына» деген ұғымның екі түрлі ұғынылатындығы: жүре келе пайда болған кейінгі атауыш мағынаны да білдіретіндігі және сөздің көркемдеп қолданудан сөйлеу үстінде туатын «жаңа» мағынасын да білдіретіндігі;
      4) «Сөздің ауыспалы мағынасы». Сөздің ауыспалы мағынасыда қолданылуы көп мағыналы сөздердің тууына себепші болатындығы;
      5) «Көп мағыналық». Тіліміздегі байырғы сөздер жаңа мағыналар жасауға ұйтқы болатындығы. Олар бұрынғы тура мағынаның үстіне жаңадан бір не бірнеше қосымша, яғни туынды мағыналарға ие екендігі. Көп мағыналы сөздердің екі я одан да көп мағынасы болатындығы. Бұлардың бір сөз табына қатысты екендігі. Көп мағыналы сөздердің бір негізден шығатындығы;
      6) «Сөздердің мағыналық топтары. Омонимдер». Омоним сөздердің анықтамасы. Омоним сөздердің көп мағыналы сөздермен ұқсастығы және айырмашылығы. Омонимдердің бір сөз табынан да, әртүрлі сөз табынан да болатындығы. Омонимдер сөздігі;
      7) «Синонимдер». Синонимдердің анықтамасы. Синонимдердің тіл байлығы мен сөз оралымдылығының көрсеткіші екендігі. Синонимдік қатар, ондағы сөздердің мағыналық, реңктік ерекшеліктері, оларды мақсатқа сай талғап, саралап қолданудың мәні. Синонимдік қатарлардың әр сөз табының құрамында кездесуі. Синонимдер мәтінде бірін-бірі алмастырған жағдайда бір ғана сөйлем мүшесі қызметін атқаратындығы. Синонимдік қатарға енетін сөздердің бәрі бірдей бірінің орнына бірі жұмсала бермейтіндігі. Кейбіреуінің басқа сөздермен тіркесу қабілеті шектеулі болатындығы. Синонимдердің мағыналық айырмашылығын ажыратудың жолдары. Синоним сөздердің бір ғана сөз табына қатыстылығы. Синонимдер сөздігі;
      8) «Антонимдер». Антонимдердің жұпталған қарсы мәндес сөздерден тұратындығы. Антонимдердің ойды әсерлі, бейнелі түрде жеткізудің оңтайлы құралы екендігі. Мақал-мәтелдердің, жұмбақтардың құрамында антоним сөздердің жарыса қолданылуы. Антонимдердің ойды анықтап, көркемдеп, әсерлі жеткізудегі мәні. Антонимдер сөздігі;
      9) «Табу». Халықтың наным-сенімі мен салт-дәстүріне байланысты кейбір зат-құбылыстардың атауын тура айтуға тыйым салынған сөздер екендігі. Қазақ тіліндегі табу сөздердің туу себептері;
      10) «Эвфемизмдер мен дисфемизмдер». Эвфемизмдер ойды бейнелеп, көркемдеп жеткізудің тәсілі екендігі. Эвфемизмнің табу сөздерден айырмашылығы, қолданылу жағдайлары. Дисфемизмнің анықтамасы, оның эвфемизмге қарама-қарсы құбылыс екендігі. Қолданылу жағдайлары, әдеби тілге жатпайтындығы. Дисфемизмдердің көркем шығармада ұнамсыз кейіпкерлердің тілінде ұшырасуы;
      11) «Фразеологизмдер (тұрақты тіркестер)». Тұрақты тіркестердің өзіндік ерекшеліктері: екі не одан да көп сөздерден құралатындығы, бір ғана мағына білдіруі, құрамындағы сөздердің орын тәртібінің тұрақты болуы, даяр қалпында жұмсалып, сөйлемнің бір ғана мүшесі қызметін атқаратындығы. Фразеологизмдердің ойды әсерлі берудегі мәні. Тұрақты тіркестердің синонимдік баламалары болатындығы. Тұрақты тіркестердің ойды көркемдеп, әсерлі жеткізудің құралы екендігі. Фразеологизмдердің емлесі. Фразеологиялық сөздік;
      12) «Мақал-мәтелдер». Мақал-мәтелдердің халықтық рухани қазына екендігі, тіл байлығының көрсеткіші болатындығы. Мақал-мәтелдердің тақырыптық жағынан алуан түрлі болып келетіндігі және олардың қолданыстағы ерекшеліктері. Мақал мен мәтелдердің өзара ұқсастығы мен өзгешелігі. Мақал-мәтелдердің тағылымдық, тәрбиелік мәні. Мақалдардың құрылысына қарай сөйлемге ұқсастығы. Мәтелдің ишара, меңзеу тұрғысында қолданылатындығы. Мәтелдердің фразеологизмдермен ұқсастығы.
      15. «Тілдің сөздік құрамы» (20 сағат):
      1) «Сөздік қор және сөздік құрам». Тілдің сөз байлығын құрайтын сөздік қор және сөздік құрам жөнінде түсінік. Сөздік құрамның қоғаммен бірге дамып, өзгеріп отыратындығы. Қазақ тілінің сөздік құрамы байырғы сөздер, кірме сөздер, жаңа сөздер, термин сөздер, ауызекі тілге тән қарапайым сөздер және диалектизмдер мен кәсіби сөздерден тұратындығы. Сөздік құрамдағы сөздер қолданылу жиілігіне қарай актив (жиі қолданылатын сөздер) және пассив (сирек қолданылатын сөздер) болып бөлінетіндігі;
      2) «Қазақтың байырғы төл сөздері және басқа тілден енген сөздер». Тілдің негізгі сөздік қорын байырғы сөздер құрайтындығы, оның тіл дамуының қайнар көзі екендігі;
      3) «Басқа тілден енген сөздердің тілге сіңісу жолдары (сол қалпында және дыбыстық өзгеріске ұшырап енуі)». Олардың сөздік құрамнан алатын орны. Басқа тілден енген сөздердің емлесі, орфоэпиялық нормасы;
      4) «Көнерген сөздер мен жаңа сөздер». Көнерген сөздердің тарихи сөздер және архаизмдер болып бөлінетіндігі. Тарихи сөздердің қоғамдық-әлеуметтік атауларға, ал архаизмдердің халықтық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптық атауларға қатыстылығы. Қазіргі қазақ тіліндегі кейбір көнерген сөздердің «жаңғыру» үрдісі, этнолингвистикалық атаулардың қайта жандануы;
      5) «Жаңа сөздердің жасалуы». Жаңа сөздердің тууының себептері. Қоғамның дамуымен бірге енген жаңа ұғымдарға сай жаңа сөздердің пайда болуы. Тілдің қолданыс аясының кеңеюіне байланысты тілімізде бұрыннан қалыптасқан кірме сөздердің орнына жаңа аталымдардың қолданылуы. Жаңа сөздердің ең әуелі баспасөз, ақпарат құралдары арқылы таралып, тілге сіңісетіндігі, бірте-бірте жалпылама лексикаға ауысатыны. Жаңа сөздердің емлесі;
      6) «Сөздердің қолданылу өрісіне байланысты түрлері». Жалпылама лексика. Жалпылама лексикаға жататын сөздердің жалпы халыққа түсініктілігімен, анықтығымен, қарапайымдылығымен ерекшеленетіндігі. Жалпы халықтық лексикаға қолданылу жағынан шек қойылмайтындығы, барлық стильге бірдей ортақ қызмет атқаратындығы. Жалпылама лексика әдеби тілдің негізгі қоры болып табылатындығы;
      7) «Диалект сөздер». Диалект сөздердің өзіндік белгілері. Диалектінің аймақтық ерекшеліктермен байланысы. Диалект сөздердің тіл мәдениетіне қатысы. Диалект сөздердің қолданылу өрісі. Диалект сөздердің әдеби тілде баламаларының болуы. Диалект сөздердің әдеби тілге еніп, жалпыхалықтық сипат алатындығы. Диалектологиялық сөздік;
      8) «Кәсіби сөздер және терминдер». Кәсіби сөздердің өзіндік белгілері: белгілі бір кәсіпке байланысты қолданылатындығы, сол кәсіппен айналысатындарға ғана түсініктілігі. Кәсіби сөздердің екі үлкен салаға бөлінетіндігі: қолөнер кәсібіне, ауыл шаруашылығына байланыстылығы. Кәсіби сөздердің термин сөздерге ұқсастығы. Диалект сөздерден айырмашылығы;
      9) «Термин сөздердің ғылым, техника саласымен байланыстылығы». Терминнің қолдану аясының тарлығы, бір ғана ұғымды білдіретіндігі. Терминдердің жасалу жолдары. Басқа тілден қазақ тіліне аударылған терминдердің төл терминдер деп аталатындығы. Басқа тілден өзгертілмей, сол қалпында алынған терминдердің интернационалдық терминдер деп аталатындығы. Терминдер сөздігі.
      16. «Фонетика» (28 сағат):
      1) «Фонетика». Фонетиканың қарастыратын мәселелері. Тіл дыбыстары туралы жалпы ұғым. Тіл дыбыстарының сөз мағынасымен арақатынасы. Тіл дыбыстарының жасалу жолдары;
      2) «Қазақ әліпбиі». Қазақ әліпбиінің құрамы және әріптер ретін білудің мәні. Әліпбидегі әріптер атауының тілдік жүйеге сәйкес аталу ерекшелігі (әріп атауы – ты, сы, ый, ұу, ыл және т.б.);
      3) «Дауысты дыбыстар». Дауысты дыбыстардың өзіндік белгілері: үннен тұратындығы, созылып айтылатындығы, буын құрайтындығы. Орфоэпиясы бойынша бір сөздің ішінде дауысты дыбыстардың қатар тұра алмайтындығы;
      4) «Дауысты дыбыстардың жіктелуі». Дауысты дыбыстардың сөйлеу мүшелерінің қатысына қарай жіктелуі: а) тіл қатынасына қарай: жуан, жіңішке; ә) ерін қатынасы қарай: еріндік, езулік; б) жақ қатынасы қарай: ашық, қысаң болып бөлінетіндігі. Қазақтың төл сөздеріндегі дауысты дыбыстардың негізінен не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болатындығы. Дауысты дыбыстардың емлесі. Ашық дауысты дыбыстардың жазылуы. Қысаң дауысты дыбыстардың жазылуы. Еріндік және езулік дауысты дыбыстардың жазылуы;
      5) «Дауыссыз дыбыстар». Дауыссыз дыбыстардың өзіндік белгілері: үн мен салдырдан тұратындығы, созуға келмейтіндігі, дербес тұрып буын құрай алмайтындығы. Оларды тек дауысты дыбыстарды селбестіріп немесе тіркестіріп барып қана дыбыстауға болатындығы. Дауыссыз дыбыстардағы үн мен салдыр мөлшерінің қатынасына қарай жіктелуі: а) қатаң дауыссыз дыбыстар (тек салдырдан тұратыны); ә) ұяң дауыссыз дыбыстар (салдыр басым, үн аз қатысатыны); б) үнді дауыссыз дыбыстар (үн басым, салдыр аз қатысатыны);
      6) «Дауыссыз дыбыстардың емлесі». Қазақтың төл сөздеріндегі дауыссыз дыбыстардың қолданысы, сөздің басы мен соңында қолданылу ерекшеліктері;
      7) «Басқа тілден енген сөздердің жазылуы». б, в, г, д әріптерінің емлесі; қосарлы дауыссыз дыбыстарға аяқталған сөздердің емлесі;
      8) «Үндестік заңы». Буын және дыбыс үндестігінің мәні. Сингармонизм заңының қазақ тілінің халықтық сипатын танытатындығы. Қазақ сөздерінде буын үндестігінің сақталуы тілдік заңдылық екендігі. Сөз құрамындағы дауысты дыбыстардың бірыңғай жуан не жіңішке болып келетіндігі (мысалы: балалар (балалер емес); үйлер (үйлар емес). Еріндік, езулік дауыстылар арасындағы үндестік: о-ы, ө-і, ұ-ы, ү-і әріптерінің емлесі. Тіл және ерін үндестігінің орфоэпиялық нормаларды сақтаудағы маңызы;
      9) басқа тілден енген сөздердің құрамындағы дауысты дыбыстардың аралас келе беретіндігі, буын үндестігінің сақталмайтындығы. Кейбір кірме сөздердің айтылуы бойынша буын үндестігіне бағынатындығы;
      10) буын үндестігіне бағынбайтын қосымшалар, олардың емлесі;
      11) «Дыбыс үндестігі». Дыбыс үндестігі – қазақ тілінің тұрақты сипаты. Сөз қолданысындағы дауыссыз дыбыстардың өзара үндесетіндігі, дауысты дыбыстардың дауыссыз дыбыстарға әсер ететіндігі;
      12) «Ілгерінді ықпал». Оның ерекшелігі, қолданылатын орындары;
      13) «Кейінді ықпал». Оның ерекшелігі, қолданылатын орындары;
      14) «Тоғыспалы ықпал». Оның ерекшелігі, қолданылатын орындары;
      15) сөз құрамындағы, сөз тіркестеріндегі дыбыстардың үндестігін сақтап айтудың тіл мәдениетімен байланысы;
      16) «Орфоэпия және орфография». Сөйлем құрамындағы сөздерді, сөз тіркестерін, мағыналы бөлшектерін дұрыс айту мен дұрыс жазудың нормалары. Олардың тіл мәдениетіне қатысы, қолданылатын орындары. Орфоэпиялық және орфографиялық нормалардың арнаулы сөздіктерде берілуі. Оларды пайдалану тетіктері;
      17) «Буын». Буынның анықтамасы. Буынның түрлері: ашық буын, тұйық буын, бітеу буын;
      18) «Тасымал». Сөздерді тасымалдау тәсілдері. Қазақ тілінде сөздер айтылуы бойынша буынға бөлінетіндігі, ал жазылуы бойынша тасымалданатындығы;
      19) «Екпін». Қазақ тіліндегі екпіннің тиянақтылығы. Екпіннің түрлері: сөз екпіні, тіркес екпіні, логикалық екпін және олардың қолданылатын орындары;
      20) «Сөйлеу тіліндегі интонация, кідіріс, логикалық екпіннің мәні». Олардың тілдік этикетпен байланысты болатындығы. Сөйлемдегі ойдың дұрыс берілуіндегі интонация мен дауыс кідірісінің, екпіннің атқаратын рөлі, сөйлеу мақсатымен бірлігі;
      21) «Интонация және оның құрамдас бөліктері». Сөйлеу ағымындағы әуен, әуез, тембрі, қарқын, кідіріс. Сөйлеу мәнері.
      17. «Сөзжасам» (10 сағат):
      1) Сөздің жасалуы туралы: сөздердің түрлі жолдармен жасалатындығы. Жұрнақ арқылы, мағыналарының өзгеруі, тіркесуі арқылы жасалуы;
      2) «Сөздердің лексикалық тәсіл арқылы жасалуы». Сөздердің морфологиялық тәсіл арқылы жасалуы. Сөздердің синтаксистік тәсіл арқылы жасалуы;
      3) қазақ тіліндегі негізгі сөздер түбір сөз және туынды сөз болып бөлінетіндігі;
      4) түбір күйінде тұрып жаңа лексикалық мағынаға ие болған сөздер. Олардың көп мағыналық пен омонимге қатыстылығы;
      5) «Туынды сөздер». Жұрнақтар арқылы жасалған туынды сөздер. Туынды сөздер заттың атын, сынын, қимыл-қозғалысын білдіретін сөздер табына қатыстылығы;
      6) «Бірігу арқылы жасалған жаңа сөздер. Түбірлердің қосарлануы арқылы жасалған жаңа сөздер. Түбірлердің тіркесуі арқылы жасалған жаңа сөздер». Бірігу, қосарлану, тіркесу жолымен жасалған сөздердің де туынды сөздердің қатарына жататындығы: мағыналық тұтастығы, сұрақтары, қолданылуы.
      18. «Тіл мәдениеті» (7 сағат):
      1) тіл мәдениеті екі үлкен саланы - ауызша сөйлеу мәдениеті мен жазба тіл мәдениетін қамтитындығы, осы екі бағытқа дағдыландыратын жұмыстар жүргізу;
      2) ауызекі сөйлеу тілінің ерекшеліктерін мұғалімнің және оқушылардың өзара сөйлесуіне көңіл бөлгізіп талдату. Ауызша сөйлеу және ауызекі сөйлеу тілі болып бөлінетіндігіне мысал келтіру. Сөз сазы заңдылықтарының қолданылатын орындарын меңгерту. Оқушылардың айналасындағы адамдардың, үй-ішінің ауызекі сөйлеуіндегі қателерді тапқызып, әдеби тілде сөйлеудің үлгісін келтіру. Ауызекі сөйлеу тілі мен әдеби тілдің аражігін ажырата білу дағдыларын қалыптастыру. Ауызша сөйлеу мәдениеті орфоэпия қағидаларын сақтап, мәнерлеп сөйлеумен де байланысты екендігін түсіндіру мақсатында ауыз әдебиеті үлгілерін, шешендік сөздерді әуезді, мәнерлі, құлаққа жағымды етіп айтқызу. Әсіресе, дыбыстарды сындырып айтуға төселдіру. Үнтаспадан немесе арнайы дискілерден, электронды тасымалдағыштардан әртістер мен дикторлардың көркем оқыған үзінділерін тыңдатқызып, салыстыра талдау жасату;
      3) сөз қолдану мәдениеті, ең алдымен, сөздің емле ережесіне сай жазылуымен байланысты екендігіне бағытталған жазба жұмыстарын жүргізу;
      4) жазба жұмыстарында терминдердің, аң-құс, жан-жануар, өсімдік атауларының, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер салаларына қатысты құрал-жабдық, ұғым атауларының, мамандық, кәсіп атауларының бірде бөлек, бірде бірге жазылуына көңіл бөлгізу;
      5) жыл бойы өткен тілдік тақырыптар мен пайдаланған оқу материалдары бойынша әртүрлі топқа жататын сөздердің мағыналық реңктерін ескеріп, әңгімелеу, баяндау, сипаттау, мінездеу, талқылау бағытында мәтіндер құрату. Балалардың жас ерекшелігі, қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес мынадай тақырыптар ұсынылады: отбасы, сынып, дос-жаран, табиғат, ауыл, қала тұрмысы, өнер, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып және т.б.

3. Оқу пәнінің 6-сыныптағы базалық білім мазмұны

      19. Пәнді оқытуға аптасына 3 сағаттан, барлығы 102 сағат бөлінген.


      20. Базалық білім мазмұны төмендегідей тақырыптарды қамтиды:
      21. «Әдеби тіл және мәтін» (10 сағат):
      1) «Қазақ тілінің әдеби тіл ретіндегі қызметі»;
      2) «Әдеби тіл нормалары». Орфографиялық, орфоэпиялық нормалар. Әдеби тілдің ауызша және жазбаша түрлерінде тіл нормаларын сақтаудың маңызы;
      3) «Мәтін». Ауызша әдеби тілге қатысты мәтіндердің үлгілері. Жазба әдеби тілдік мәтіндер: түрлері, тақырыптары, идеясы, мазмұны, ой бөліктері, стильдік сипаты. Мәтіндерге тілдік талдау. Мәтіннің түрлерінде әдеби тіл нормаларының сақталу қалпы. Орфографиялық нормадан ауытқу амалдары;
      4) орфоэпиялық нормалардың қолданылатын орындары. Ән, өлең және жыр шумақтарындағы, шешендік сөздер мен көркем образдар тіліндегі орфоэпиялық нормаларды іске асырудың жолдары.
      22. «Сөз құрамы» (10 сағат):
      1) «Түбір мен қосымша. Сөз тұлғасы». Дара және күрделі сөздер. Күрделі сөздердің түрлері. Біріккен сөздер мен кіріккен сөздер: анықтамасы, жасалу жолдары. Негізгі түбір және туынды түбір. Бірігетін сөз таптары және олардың жазылуы, емлесі. Қос сөздердің қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер болып бөлінуі. Олардың анықтамасы, жасалу жолдары. Қосарланатын сөз таптары және олардың жазылу емлесі. Күрделі сөздер мен сөз тіркестерінің ұқсастығы мен айырмашылығы. Тіркес сөздер: анықтамасы, мағыналық тұтастығы, жасалу жолдары;
      2) тіркесіп күрделі сөз болатын сөз таптары және олардың жазылу емлесі. Қысқарған сөздер: анықтамасы, жасалу жолдары. Қысқарған сөз болатын сөз таптары және олардың жазылуы емлесі;
      3) көне түркі ескерткіштеріндегі сөзжасам тәсілдері.
      23. «Морфология» (72 сағат):
      1) «Сөздің топтары» (2 сағат). Қазақ тіліндегі сөздердің мағынасы жағынан және тілдегі қызметі жағынан негізгі (атауыш) сөздер, көмекші сөздер, одағай сөздер болып үшке бөлінетіндігі;
      2) Атауыш сөздер. Анықтамасы, негізгі белгілері. Көмекші сөздер, анықтамасы, негізгі белгілері. Одағай сөздер, анықтамасы, негізгі белгілері;
      3) «Сөз таптары. Зат есім» (68 сағат). Зат есімдердің түрлері. Дара және күрделі зат есімдер. Зат есімнің сұрақтары, зат есім болатын сөздердің мағыналары. Деректі және дерексіз зат есімдер. Дара және жинақтау зат есімдер. Зат есімдер атаулық жағынан жинақтау зат есім, дара зат есім болатындығы, олардың өзіндік белгілері. Жалқы және жалпы есім. Зат есімдер мағынасы мен атаулық жағынан жалқы есім және жалпы есім болып жіктелетіндігі. Жалқы есім болатын атаулар. Жалпы есімге дара зат есімдер мен жинақтау зат есімдердің жататындығы;
      4) «Сын есім». Дара және күрделі сын есімдер. Сын есімнің сұраулары;
      5) «Сапалық сын есімдер». Сапалық сын есім жасайтын сындық сапалық қасиеттер (түсі, дәмі, көркі, көлемі және т.б.). Олардың негізінен түбір сын есім болатындығы;
      6) «Қатыстық сын есімдер». Қатыстық сын есімдердің басқа сөз таптарының қатысуымен жұрнақтар арқылы жасалуы;
      7) сын есімдердің зат есімдермен байланысында заттың сапасын көрсететіндігі. Етістікпен байланысқанда іс-әрекеттің өту сипатын көрсететіндігі;
      8) сөйлемдегі сын есімдердің түрлеріне талдау жасатып жұрнақтардың беретін мағыналары мен қызметтерін үйрету;
      9) «Сан есім». Сан есім заттың санын, мөлшерін, бөлшегін білдіретін сөз табы екендігі. Сан есімнің сұрақтары. Дара және күрделі сан есімдер. Сан есімнің зат есіммен байланыстылығы;
      10) «Сан есімнің түрлері»;
      11) «Есептік сан есім». Дара есептік сан есімдер. Күрделі есептік сан есімдер. Есептік сан есімдердің қолданылатын орындары;
      12) «Реттік сан есімдер». Реттік сан есімдердің жасалу жолдары. Реттік сан есімдердің қолданылатын орындары, жазылу емлесі;
      13) «Жинақтық сан есімдер». Олардың жасалу жолдары. Жинақтық сан есімдердің қолданылатын орындары;
      14) «Топтық сан есімдер». Олардың жасалу жолдары. Топтық сан есімдердің қолданылатын орындары, емлесі;
      15) «Болжалдық сан есімдер». Болжалдық сан есімдердің жұрнақ арқылы жасалуы. Болжалдық сан есімдердің қосарланып, тіркесіп жасалуы. Болжалдық сан есімдердің қолданылатын орындары, жазылу емлесі;
      16) «Бөлшектік сан есімдер». Олардың жасалу жолдары. Бөлшектік сан есімдердің қолданылатын орындары;
      17) «Сан есімнің емлесі»;
      18) «Есімдік». Сөз табының есімдік деп аталу себебі. Есімдіктің зат, сын, сан есімдердің орнына жүретіндігі, қай сөз табының орнына жүрсе, сол сөз табының сұрағына жауап беретіндігі. Есімдіктердің кейде орынбасар сөздер аталуы;
      19) «Есімдіктің түрлері»;
      20) «Жіктеу есімдіктері». Олардың қолданылатын орындары, сұрақтары;
      21) «Сілтеу есімдіктері». Олардың мағыналық ерекшеліктері, қолданылатын орындары, сұрақтары;
      22) «Сұрау есімдіктері». Олардың қолданылатын орындары;
      23) «Өздік есімдіктері». Олардың қолданылатын орындары, сұрақтары;
      24) «Жалпылау есімдіктері». Олардың қолданылатын орындары, сұрақтары. Жалпылау есімдігінің сызықшамен жазылуы;
      25) «Белгісіздік есімдіктері». Олардың қолданылатын орындары, сұрақтары. Белгісіздік есімдіктерінің жазылу емлесі;
      26) «Болымсыздық есімдіктер». Олардың қолданылатын орындары, сұрақтары.Болымсыз есімдіктердің жазылу емлесі;
      27) «Көне түркі ескерткіштеріндегі есімдіктер»;
      28) «Есімдіктердің емлесі»;
      29) «Етістік». Заттың қимылын, амалын, жай-күйін білдіретін сөздер етістік деп аталатындығы. Етістіктің тұлғасына қарай негізгі, туынды етістік болып бөлінетіндігі. Көмекші етістік. Етістіктің сұраулары. Дара және күрделі етістіктер, олардың мағыналық бірлігі, жасалу жолдары;
      30) «Болымды және болымсыз етістіктер». Болымсыз етістіктердің жасалу жолдары. Болымды және болымсыз етістіктердің мағыналық айырмашылығы;
      31) «Салт және сабақты етістіктер». Олардың субъекті мен объектіге қарым-қатынасы;
      32) «Етістіктің түрлері»;
      33) «Етістер». Етістердің етістіктің өзге түрлерінен ерекшелейтін сипаттары. Етістердің субъекті мен объектінің амалға қатысын, керісінше, амалдың субъекті мен объектіге қатысын білдіретін грамматикалық сипаты. Етіс жұрнақтарының мағыналары мен қызметіне қарай бірнеше түрге бөлінетіндігі;
      34) «Ортақ етіс, жұрнақтары». Ортақ етіс жұрнақтарының беретін грамматикалық мағынасы мен қызметі;
      35) «Өзгелік етіс, жұрнақтары». Өзгелік етіс жұрнақтарының беретін мағынасы мен қызметі;
      36) «Ырықсыз етіс, жұрнақтары». Ырықсыз етіс жұрнақтарының беретін мағынасы мен қызметі;
      37) «Өздік етіс, жұрнақтары». Өздік етіс жұрнақтарының беретін мағынасы мен қызметі;
      38) «Есімше». Есімшелердің етістіктен қосымшалар арқылы жасалатындығы. Есімшенің етістікке де, сын есімге де қатыстылығы (ұқсастығы) жайында мағлұмат беру. Есімшенің түрлері, олардың беретін мағыналары. Есімшенің жасалуы;
      39) «Көсемше». Көсемше етістіктің ерекше түрі екендігі. Көсемшенің жасалу жолдары;
      40) «Тұйық етістік». Тұйық етістіктің өзіндік ерекшеліктері;
      41) «Қимыл есімдерін жасайтын қосымшалар». Қимыл есімдерінің іс-қимыл процесінің атауын білдіретіндігі;
      42) «Үстеу». Үстеулердің мағына жағынан заттың қимылының, іс-әрекетінің және заттың сынының әр алуан белгілерін білдіру үшін қолданылатындығы. Үстеулердің сөйлемде етістікті сипаттайтындығы, яғни істің, қимылдың мән-жайын, амалын, мезгілін, мекенін білдіретіндігі. Үстеудің сұрақтары. Дара және күрделі үстеулердің құрылысы мен құрамы. Үстеулердің құрамына қарай негізгі түбір үстеулер, туынды түбір үстеулер, күрделі үстеулер болып бөлінуі. Түбірге сіңісіп, көнеленіп үстеу тудыратын септік жалғаулары;
      43) «Үстеудің түрлері». Үстеудің түрлері үстеу болатын сөздердің мағыналарынан келіп шығады;
      44) «Мезгіл үстеулері». Олардың мағыналары, сұрақтары. Мезгіл үстеулердің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
      45) «Мекен үстеулері». Олардың мағыналары, сұрақтары. Мекен үстеулердің қолданылатын орындары;
      46) «Мөлшер үстеулері». Олардың білдіретін мағыналары, сұрақтары. Мөлшер үстеулерінің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
      47) «Қимыл-сын үстеулері». Олардың мағыналық ерекшеліктері, сұрақтары. Қимыл-сын үстеулерінің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
      48) «Күшейту үстеулері». Олардың білдіретін мағыналары, сұрақтары. Күшейту үстеулерінің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
      49) «Мақсат үстеулері». Олардың білдіретін мағыналары, сұрақтары. Мақсат үстеулерінің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
      50) «Себеп-салдар үстеулері». Олардың білдіретін мағыналары, сұрақтары. Себеп-салдар үстеулерінің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
      51) «Топтау үстеулері». Олардың мағыналық белгілері сұрақтары. Топтау үстеулерінің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
      52) «Көне түркі ескерткішіндегі үстеулер»;
      53) «Үстеудің емлесі». Үстеудің сөйлемдегі қызметі;
      54) «Еліктеуіш сөздер». Еліктеу жайында алғашқы ұғымдарды қалыптастыру. Еліктеу деп аталатын атаудың мәні. Еліктеу сөздер табиғат құбылыстарының дыбыстарына және айналадағы заттардың қозғалуына байланысты белгілерге, түрлі аң-құстардың дыбыстары мен адамның сөйлеу мүшелерінен шыққан дыбыстарына еліктеуден пайда болатыны, мұнымен қоса, адамның, заттың сыртқы тұлғасын сипаттап көрсететіндігі. Сұрақтары. Еліктеудің құрамы, жасалу жолдары;
      55) «Еліктеуіш сөздің түрлері». Еліктеу сөздер және бейнелеуіш сөздер. Бұл екеуінің арасындағы мағыналық жақындықтар мен айырмашылықтар;
      56) еліктеуіш сөздер мен бейнелеуіш сөздердің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты. Еліктеу сөздердің сөйлемде көбінесе етістікпен тіркесіп келетіндігі. Еліктеуіш сөздердің сөйлемдегі қызметі;
      57) «Шылау». Шылаудың өз алдында сөз табы екендігі. Шылаудың көмекшілік сипаты және басқа көмекші сөздерден айырмашылығы мен ұқсастығы, жалпы қызметі жайында түсінік қалыптастыру. Шылаудың түрлері: Жалғаулық шылау. Септеулік шылау. Демеулік шылау. Олардың қызметі, емлесі;
      58) «Көне түркі ескерткіштеріндегі шылаулар»;
      59) «Одағай». Одағайлардың басқа сөз таптары сияқты мағына жағынан ешбір ұғымды білдірмейтіндігі. Олардың мағыналары адамның әртүрлі сезіміне, көңіл күйіне қатысты болатындығы;
      60) «Одағайдың түрлері»;
      61) «Көңіл күй одағайлары». Жағымды көңіл күйді білдіретін одағайлар. Жағымсыз көңіл күйді білдіретін одағайлар. Көңіл күй одағайларының қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
      62) «Ишарат одағайлары». Бұған адамға арнайы айтылатын мағыналары бұйыру, жекіру, тыйым салу одағайлары жататындығы. Ишарат одағайларының қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
      63) «Шақыру одағайлары». Бұған төрт түлік малға, ит, мысық сияқты үй хайуандарына арнап айтылатын одағайлар жататындығы. Шақыру одағайларының қолданылуы. Орындары, қолданылу мақсаты;
      64) «Одағайлардың емлесі»;
      65) «Көне түркі ескерткіштеріндегі одағайлар»;
      66) «Көмекші сөздер» (2 сағат). Көмекші сөздердің тілдік табиғаты, олардың дербес толық мағынаға ие бола алмайтындықтан, негізгі сөздердің шылауында тіркесіп, көмекшілік қызмет атқаратындығы. Көмекші сөздердің түрлерінен мәлімет беру;
      67) «Көмекші есім». Көмекші есімдердің мағынасы. Көмекші есімдердің зат есімдермен тіркесіп берілетіндігі;
      68) «Көмекші етістік». Көмекші етістіктің түрлері. Көмекші етістіктің сөйлемде негізгі етістікпен тіркесіп жұмсалатындығы. Етістіктің негізгі және көмекші қызмет атқара беретіндігі.
      24. «Тіл мәдениеті» (10 сағат):
      1) сөз мәдениетінің ауызша сөйлеу мәдениеті мен жазба тіл мәдениетінің астасып жатуын талап етуі. Сөйлеу тілі де, жазба тілі де адам ойын жеткізуге қызмет ететіні. Сөйлеу мәдениеті. Ойды жеткізудің тілден тыс көмекші құралдары (ым-ишара, дауыс ырғағы, күші, қимыл қозғалысы). Көпшілік алдында айтылатын ауызша сөздің жазба сөзге қарағанда құрылысы жағынан ықшам келетіндігі. Қаратпа, қыстырма, одағай сөздердің жиі қолданылатындығы. Жазба тілде қойылатын тыныс белгілері. Ойды жеткізудегі дауыс ырғағы, дауыс кідірісінің мәні;
      2) «Жазудың маңызы». Сөзді дұрыс жазу мәдениеті. Орфографиялық нормадан ауытқуға болмайтындығы, оны сақтаудың міндеттілігі. Емле ережесіндегі соңғы толықтырулар мен өзгерістер тіл фактілері негізінде талқыланып, олардың дағдыға айналуы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   76




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет