2 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес білім берудің зайырлы, гуманистік және даму сипаты, азаматтық және ұлттық құндылықтардың басымдығы, адамның өмірі мен денсаулығы, жеке адамның еркін дамуы, адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, тұлғаны білімділікке ынталандыру және дарындылықты жетілдіру, білім берудің бірлігі, тәрбиелеу және дамыту білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидалары болып табылады.
Қазақстан Республикасының жалпы білім беру жүйесі алдында ұлттық сана-сезім мен отаншылдықтың дамуының жоғары деңгейіндегі, инновациялық экономика жағдайында табысты еңбек ететін, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, елінің тағдыры үшін жауапкершілік сезімі бар қоғамның әлеуметтік белсенді мүшелерін тәрбиелеу міндеті тұр.
Республикадатәрбие беру үдерісінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі № 227 бұйрығымен бекітілген Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері жүзеге асырылады.
2018-2019 оқу жылында республикадағы жалпы білім беру мектептерінде балаларды тәрбиелеу жұмысының ерекшелігі – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қоғамды рухани жаңғыртудың ауқымды идеялары мен тұжырымдамалық тәсілдерін жүзеге асыру талап етіледі.
Бұл талаптың өзектілігін Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – деп атап көрсетті.
Жалпыұлттық қоғамдық сананы жаңғырту идеялары мектеп мазмұнына академиялық пәндер, зерттеушілік және сабақтан тыс іс-әрекет, қосымша білім, элективті курстар арқылы енеді.
Бастауыш білім деңгейінің 1-4 сыныптарына арналған барлық пәндер бойынша үлгілік оқу бағдарламаларының «Оқыту мақсаттарының жүйесі» атты 3 тарауы «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық идеяларының құндылықтарын қамтиды. Бұл құндылықтарға: қазақстандық патриотизм, қоғамдық сананы жаңғырту және ұлттық бірегейлікті сақтау,бәсекеге қабілеттілік және прагматизм,сананың ашықтығы және білімнің салтанат құруы.
Жалпыұлттық негізгі мақсат - мықты әрі жауапты адамдардан тұратын Біртұтас Ұлт құру.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев бағдарламалық құжатында тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтеді.
Бәсекелік қабілет – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.
2. Прагматизм - нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.
3. Ұлттық бірегейлікті сақтау - Ұлттық мәдениетті сақтау және ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.
4. Білімнің салтанат құруы. Әрбір қазақстандық табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы керек..
5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы.
Бүгінде революцияның болмысы өзгерді. Олар ұлттық, діни, мәдени немесе сепаратистік сипатқа ие болды. Бірақ түптеп келгенде көптеген жағдайда бәрі де қантөгіспен экономикалық құлдыраумен аяқталғанын білеміз. «Сондықтан, - деп жазады Н. Ә. Назарбаев - әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі».
6. Сананың ашықтығы - дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз.
Достарыңызбен бөлісу: |