«Химия» пәні білім алушылардың дүниетанымдық көзқарасын дамытуда, әлемнің тұтас ғылыми бейнесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бұл пән оқушыларға заттардың әртүрлілігі мен олардың өзгерістерінің маңыздылығын түсінуге көмектеседі. Жаңа заттарды алу мүмкіндіктерін аша отырып, оқушыларды қоршаған ортаның экологиялық жағдайын берілген мәліметтер негізінде нақты бағалауға үйретеді.
7-сыныпқа арналған «Химия» пәнінің жаңартылған мазмұндағы оқу мақсаттары оқушыларға заттар мен олардың айналымы, заттар қасиеттері, олардың құрамы мен құрылысына тәуелділігін түсіндіретін заңдар мен теориялар туралы білім жүйесін ұсыну, оқушыларға химиялық процестердіңң мағынасын, негізгі заңдар мен заңдылықтарды түсініп, оларды шынайы өмірде қауіпсіз қолдана алуға, ақпаратты сыни бағалауға және шешім қабылдауға мүмкiндiк беру.
Химияны меңгергеннен кейін білім алушылар:
атомдар мен заттар молекулаларының құрылысын, химиялық үдеріс барысында олардың қасиеттерінің өзгерісін;
химиялық реакциялар кезінде заттың жалпы массасы мен энергиясының сақталуын;
химиялық реакцияның жылдамдығының химиялық процесс шартының ауысуына байланысты өзгеруін;
техникалық қауіпсіздік ережесін сақтап, қоршаған ортаға қауіпсіз химиялық айналымдарды жүргізуге болатындығын;
ғылыми әдістер мен эксперименттерді жоспарлауға;
шығармашылық әдіс-тәсілдер арқылы химиялық ақпаратты пайдаланып, өмiр сапасын жақсартуға болатындығын түсінуге мүмкіндік береді.
Бағдарлама халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес білім алушылардың психологиялық және жас ерекшеліктерін ескеріліп әзірленген.
Оқу пәнінің мазмұны бес бөлімді қамтиды:
- «Заттардың бөлшектері»;
- «Химиялық реакциялардың жүру заңдылықтары»;
- «Химиядағы энергетика»;
- «Химия және қоршаған орта»;
- «Химия және өмір».
Білім алушылардың химиялық процестердің мәнін, заңдар мен заңдылықтардың мағынасын жетік түсінуге және оларды өмірде қауіпсіз қолдануға; проблемаларды шешуге, жағдайды сын тұрғысынан бағалауға және шешім қабылдауға, сондай-ақ, түрлі әдістермен тиімді коммуникация орнатуға мүмкіндік беру болып табылады.
Қоршаған ортада әртүрлі құбылыстар мен процестер болып жатады, олардың көпшілігі химия ғылымы түсіндіретін заңдар мен заңдылықтарға бағынады. Химия пәні оқушыларға Жерде адамның тiршiлiк әрекетiне өте маңызды көптеген табиғи заттар бар екендігін және табиғат байлықтарына ұқыпты қарау қажеттiлiгiн түсiнуге тәрбиелейтін мүмкiндiк бередi. Химияны оқу қоршаған ортада болып жатқан химиялық құбылыстардың мәнiн түсiнуге жетелейді.
Оқушылардың сыни және шығармашылықпен ойлауын, сонымен қатар көптеген эксперименттік және тәжірибелік дағдыларын дамыта отырып, проблеманы шешуде шығармашыл тәсілдерді қолдануды қолдайды. Бұл пәнді оқу барысында оқушылардың зетханалық құрал-жабдықтарды қолдану мен эксперимент жүргізу дағдылары дамиды.
Басты назар әлеуметтік және тұлғалық маңызы бар мәселелерді, ғылым жетістіктері мен ашылымдарды түсінуге қабілетті жан-жақты ақпараттанған, сын тұрғысынан ойлайтын азамат тәрбиелеуге, назар аудару қажет.
Жаңартылған оқу бағдарламасы оқушылардың келесі білігі мен дағдыларын дамытуға бағытталған:
қауіпсіздік техникасын пайдалана отырып құрылғылар мен құрал-жабдықтарды қолдану, тәжiрибе жүргізу, химиялық заттарды анықтау, есептеулер жүргізу, моделдерді жинау;
табиғи құбылыстар, үдерістер, заңдардың мәнін түсіну үшін лабораториялық тәжірибе және зерттеу жұмыстарын жүргізу, эксперименттік есептер шығару;
қоршаған ортада болатын өзгерістердің себеп-салдарын анықтау, оларды берілген жағдаятты шешу үшін түсіндіру және әдістерді ұсыну.
Бұл оқу бағдарламасы табиғаттағы, адамзаттың іс-әрекетіндегі химиялық үдерістерді, экологиялық проблемаларды шешудегi химиялық технологиялардың мүмкiндiктерi, химиялық өнімдер өндірісінің принциптері мен қоршаған ортаның сақталу тепе-теңдігі туралы білім береді.
Химияның оқу бағдарламасы оқушыларға:
атомдар мен заттар молекулаларының құрылысын, химиялық үдеріс барысында олардың қасиеттерінің өзгерісін;
химиялық реакциялар кезінде заттың жалпы массасы мен энергиясының сақталуын;
химиялық реакцияның жылдамдығының химиялық процесс шартының ауысуына байланысты өзгеруін;
ғылыми әдістер мен эксперименттерді жоспарлауға;
қоғам үшін химияның кең ауқымды мүмкіндіктерін бағалауға;
жағдайды шынайы бағалау, нәтижелерді қорытындылау, эксперименталды жұмыстар жүргізу кезінде қорытынды жасау маңыздылығын;
техникалық қауіпсіздік ережесін сақтап, қоршаған ортаға қауіпсіз химиялық айналымдарды жүргізуге болатындығын;
химияның маңызды заңдылықтарын пайдаланып химиялық процестер мен заңдылықтарды болжауға және түсіндіруге болатындығын;
шығармашылық әдіс-тәсілдер арқылы химиялық ақпаратты пайдаланып, өмiр сапасын жақсартуға болатындығын түсінуге мүмкіндік береді.
Оқушылар «Химия» пәнін 7-сыныптан бастап оқитын болғандықтан, оқушыларда негіз қалаушы түсініктерді, заңдар мен заңдылықтарды дұрыс түсіндіруді қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет. Оқушылардың кейінгі сыныптарда осы пәнді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру үшін барынша әртүрлі практикалық және лабораториялық жұмыстар жүргізу ұсынылады.
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқу бағдарламаларын тиімді жүзеге асыру үшін оқу мақсаттарымен анықталған, сәйкесінше сыныптарда оқытудың күтілетін нәтижелеріне ерекше назар аудару қажет.
Мысалы: «Заттардың агрегаттық күйінің өзгеруі» тақырыбы бойынша заттардың бір агрегаттық күйден екіншісіне өтуі бойынша білім негізін салу қажет. Оқушылар графикалық бейнелердегі өзгерістерді көрсете білуі, өзгерістерді анықтауы, қисықтың өзгеру немесе өзгермеу себебін түсіндіруі тиіс. Физикалық және химиялық құбылыстардың өту ерекшеліктерін бөлшектердің кинетикалық теориясы тұрғысынан терең түсінуді қалыптастыру үшін оқушылардың оқу жоспарларында ұсынылатын барлық практикалық жұмыстарды немесе олардың баламаларын орындауы міндетті. Бұл жоғары мектепте оқушыларға қоршаған ортада, сондай-ақ тірі ағзаларда өтетін үдерістердің себептері мен салдарын түсіндіруге бағытталған «Термодинамика», «Энергетика», «Кинетика», «Тепе-теңдік» бөлімдерін тиімді меңгеруге мүмкіндік береді.
Бағдарламада Блум таксономиясында белгіленген барлық дағдыларды дамыту көзделген. Дағдыларды таксономиялық әдістемеге сәйкес жеңілден күрделіге қарай дамыту нақты оқу мақсаттарында, сонымен қатар оқу жоспарларындағы мұғалімге арналған оқу үдерісін ұйымдастыруға байланысты ұсыныстар беріледі.
Әртүрлі сыныптарға жататын қосылыстардың қасиеттерін түсінуді жақсарту үшін 7-сыныпта барлық химиялық реакция теңдеулері сөзбен жазылады. Оқушылар жиі кездесетін қосылыстардың химиялық формулаларын олардың химиялық және физикалық қасиеттерімен танысу кезінде жаттайды.
«Ерітінділер және ерігіштік» тақырыбы бойынша 7-сыныптың оқушылары заттардың суда ерігіштігін анықтай білуі тиіс. Оқу бағдарламасы қауіпсіз зертханалық тәжірибелер, практикалық жұмыстар, көрсетілімдер, үй эксперименттерін жүргізіу және ұйымдастыру арқылы зерттеу дағдыларын қалыптастырады.
7-сыныптарға арналған «Химия» пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы 4-практикалық жұмыс, 12 зертханалық тәжірибелер мен көрсетілімдерден тұрады.
«Химия» оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі 7 сыныпта – аптасына 2 сағатты, оқу жылында 68 сағатты құрайды.