Рөлдік ойынның тиімділігінің үш міндетті элементі:
1) Тарихи деректерді талдау: оқушылардың тарихи дерекпен жұмыс істеуі олардың жас ерекшеліктері мен танымдық мүмкіндіктерін, сондай-ақ дайындық деңгейін ескере отырып біртіндеп күрделене береді.
2) Оқушыларға тарихи деректерден үзінді беруді жүйелі түрде жүргізу керек. Тарих сабақтарында сұрақтарды қою маңызды орын алуда, дұрыс әрі нақты құрастырылған сұрақтарға ғана орынды жауап алуға болады.
3) Сондықтан да мұғалімдерге «сатылап сұрақ қою» әдісін қолдану ұсынылады. Бұл әдісте дерекке немесе белгілі бір иллюстрацияға қойылатын
сұрақтар жеңілден қиынға қарай күрделенеді.
Оқушыларға елінің тарихын өз көзімен көріп, сезіну үшін мүмкіндігінше мұражайларға, тарихи ескерткіш орнатылған немесе тарихи-археологиялық орындарға экскурсия ұйымдастыру ұсынылады.
Түсіндіру және талдау дағдысын тереңдеп дамыту үшін жаңа стратегиялар мен техникалар ұсынылады. Деңгейлеп оқыту, сыни ойлауды қалыптастыру, тірек-сызба, салыстырмалы талдау және т.б.
Жазу дағдыларын дамыту мақсатында сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану ұсынылады.
РАФТ стратегиясының (Р – роль, А – аудитория, Ф – форма, Т – тақырып) басты мақсаты оқушыда, белгілі бір образға (рөлге) ену арқылы, өзінің ойын жазбаша түрде түсінікті әрі нақты жеткізе алу дағдысын қалыптастыру. Бұл стратегия қолдану арқылы оқушылар түрлі тақырыптарға әртүрлі аудиторияға арнап ақпарат (мәлімет, мәлімдеме, т.б.) жазуды үйренеді.
Нәтижелі деңгейде картамен жұмысты күшейту қажет. Бұл үшін тарихи карталардың мазмұнын басқа да дереккөздермен тарта отырып талдауға бағытталған, тапсырмаларды пайдалану керек.
Оқушылардың жазбаша жұмыстарды орындауына ерекше назар аудару ұсынылады: эссе, мақала, баяндама, хат, қысқаша ақпарат және т.б.
Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, презентация, интеллект карталар, диаграммалар жасау тапсырмаларын беру керек.
Кіріктірілген білім беру бағдарламасын табысты жүзеге асыру, белсенді оқыту, командалық оқыту, пәндік-тілдік кіріктірілген оқыту және т.б. озық педагогикалық әдістерді қолдану үшін оқытудың қазіргі заманғы әдістерін қолдану қажет. Отандық және жалпы тарихтың кейбір тақырыптарын кіріктіру мүмкін болады. Халықаралық қатынастар тарихы мен Қазақстанның сыртқы саясаты, әлемдік соғыстар тарихы, тарихтың жеке мәселелері, мәдениет т.б. тақырыптарын кіріктіруге болады.
Тарих пәндерін кіріктіре оқыту жүйесін қалыптастыру оқыту процесінің коммуникативтік әлеуетін анағұрлым ұлғайтады. Мәселен, әдебиет курстарын оқыту барысында оқушыларға рухани шығармашылық процесінің тарихи контекстін неғұрлым жоғары деңгейде игеруге мүмкіндік береді.
«Қазақстан тарихы» пәні бойынша ұсынылатын сайттар: http://www.tarih-begalinka.kz; http:// www.e-history.kz; http://bilimsite.kz/tarih/; http://testcenter.kz/entrants/for-ent/.
Үй жұмысы сыныптағы сабақтардан кейін мұғалімнің тапсырмасы бойынша оқу және тәжірибелік жұмысты оқушының өздігінен орындайтын оку процесінің құрамдас бөлігі. Үйге берілген тапсырмаларды оқушының үнемі орындап, дұрыс ұйымдастырып отыруы оның жақсы үлгеруіне керекті шарттың бірі болып табылады.
Үй жұмысы сынып деңгейіне және тақырыптың ауқымына қарай әртүрлі болуы мүмкін:
- ауызша (сұрақ-жауап, құзыреттілікке бағытталған тапсырмалар, пікірсайысқа дайындық, т.б.);
- қысқаша жазба жұмыстары (тезистер, конспектілер, буклеттер, эссе, тарихи шығарма, т.б.);
- тест тапсырмалары (жабық тест, ашық тест, реттік тест, сәйкестендіру тесті, мәтіндік тест, жағдаяттық тапсырма, құрама тест, балама тест, көпжауапты тест);
- шығармашылық жұмыстар (рөлдік ойындарға, сахналық көріністерге дайындық);
- өзара бақылау жұмыстары, өздік бақылау, қатемен жұмыс, жоба жұмысы.
Оқушыларға жобалық және шығармашылық (хабарлама, презентация, жобалар, коллаждар т.б.) тапсырмалар тақырыптарын алдын ала беру әдістемелік тұрғыдан дұрыс болады. Сонымен қатар мұғалім осы шығармашылық жұмыс түрінің талаптарымен таныстыруы керек. Оқушы хабарлама даярлаған кезде тек білімін ғана көрсетіп қоймай, хабарлама (презентация) дайындайтын батырға қатынасын, өз сезімдерін, күйзелісін білдіруі тиіс.
Құзыреттілікке бағытталған үй тапсырмаларының 4 түрі қолданылады: ақпараттық, коммуникативті, мәселе қою білу және рөлдік.
Шығармашылық үй тапсырмаларына қойылатын өлшемшарттар немесе талаптар:
- терминология мен ақпараттың күрделілігі оқушының жас ерекшеліктеріне сай болуы;
- әдебиет пен дереккөздерінің тізімін беру қажет;
- ақпараттың жүйелілігі және тартымдылығы т.б. ескеру керек.
«Тарих» пәні бойынша міндетті бітіру емтиханын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар.
Кешенді емтихан бағдарламалары принципімен айқындалатын тарихты зерделеудің оқиғалық-хронологиялық және проблемалық-теориялық деңгейімен үйлесетін болады. Білім алушылардың дайындық деңгейінің көрсеткіштері тарихи білімдерін теориялық, фактологиялық, хронологиялық, картографиялық және бағалау компоненттерін игеру мен оқу-танымдық әрекеттер тәсілдеріне сәйкес меңгеру болып табылады.
Емтихан тапсырмаларын құрастыру кезінде әртүрлі оқулықтар мен ОӘК-терді (ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен) қолдануға болады. Тапсырмаларды дайындау кезінде мұғалімдер толық сипатталмаған оқиғалар берілген ақпарат көздерін іріктеу ұсынылады. Осындай ақпарат көздері деректі материалдар (хрестоматиядан үзінділер, куәлік және естеліктер, тарихи оқиғалар туралы), статистикалық материалдар (кестелерде немесе мәтіндерде деректер әлеуметтік-экономикалық даму ұсынылған) болуы мүмкін. Білім алушыларды міндетті түрде мектеп бітіру емтиханына дайындау кезінде оқу бағдарламасы бойынша дайындалған оқулықтарды пайдалану керек.
Сыныптан тыс оқу-тәрбие жұмыстары білім алушыларды қоғамдық өмірге бейімдейтін, жұмыс тәжірибесін жинақтайтын, жаңа жағдайдағы қарым -қатынасқа үйрететін, қызығушылықтар мен талаптарды іске асыратын әлеуметтік ортаның бір бөлігі болып табылады.
«Тарих» пәні бойынша сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру және жоспарлау барысында 2016-2017 оқу жылында мерекеленетін мерейтойлық шараларға көңіл бөлу ұсынылады:
1) Алматы қаласының 1000 жылдығы (1016–2016);
2) Қазақ батыры, әскербасы Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлының 440 жылдығы (1576-1656);
3) Қазақ халқының XVII – XVIII-ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі Қазбек би Келдібекұлының 350 жылдығы (1667-1764);
4) Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресте әйгілі батырларының бірі Тама Есет Көкіұлының 350 жылдығы (1667-1749);
5) Қазақтың батыры, талантты қолбасшы Қабанбай батыр Қожақұлұлының 325 жылдығы (1692–1770);
6) Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен Сырым Датұлының 275 жылдығы (1753—1802);
7) Бөкей Ордасындағы халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы, халық батыры Исатай Тайманұлының 225 жылдығы (1791-1838);
8) Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, ұлттық мектебінің негізін қалаушы Ы. Алтынсариннің 175 жылдығы (1841—1889);
9) Бөкей Ордасында қазақтың тұңғыш мектебі ашылғанына 175 жыл (1841-2016);
10) ХХ ғасырдың басындағы Ұлт көшбасшысы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ә. Бөкейханның 150 жылдығы (1866-1937);
11) Қазақтың мемлекет және қоғам қайраткері, шығыстанушы, білімді заңгер Барлыбек Сыртановтың 150 жылдығы (1866-1914);
12) Қазақтың тұңғыш бейресми Конституциясы «Қазақ елінің Уставына» 105 жыл (1912-2017);
13) «Оян қазақ» өлеңінің жарық көргеніне 105 жыл (1911-2016);
14) 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы (1916–2016);
15) Алаш Орда үкіметі құрылғаны 100 жыл (1917-2017);
16) Қазақтың қаһарман батыры, ақын, жазушы Баубек Бұлқышевтың 100 жылдығы (1916–1944);
17) 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы (1986-2016);
18) Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы (1991-2016).
Мектепте сыныптан тыс жұмыстар төмендегі шаралар арқылы жүзеге асады:
-базалық кәсіпорындарда, табиғат аясында, мәдени мекемелерде, мұражайларда;
-таңдауы бойынша еркін сабақтар, оқу пәндері бойынша сайыстар мен олимпиадалар жүргізу;
-оқу бағдарламаларына сай қосымша арнаулы сабақтар өткізу;
-кіріктірілген және пәнаралық оқу сабақтарын жүргізу және т.б.
Сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, алған білімдерін тереңдетіп, өздігінен іздене білуге үйретеді. Сонымен қатар теориялық білімін кеңейтіп, толықтыра түседі және
оқушылардың жеке қабілетін дамыта түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |