4-тоқсан бойынша жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар 1-бөлім «Жеңіс күні. Ұлы ерлікке тағзым. Морфология»
1-НҰСҚА
Оқу мақсаты:
|
7.1.5.1 -проблемалық сұрақтарға тыңдалған мәтіннен деректер келтіре отырып, дәлелді жауап беру, өз жауабын өзгенің жауабымен салыстыру, талқылау.
|
Бағалау критерийі:
|
Білім алушы
Проблемалық сұрақтарға мәтіннен деректер келтіре отырып жауап береді
Жауабын өзгенің жауабымен салыстырады
|
Ойлау дағдыларының деңгейі:
Орындау уақыты:
|
Жоғары деңгей дағдылары
15-20 минут
|
Тапсырма
1. Мәтін үзіндісін мұқият тыңдап, жұпта сұрақтарға дәлелді жауап беріңіз.
Cұрақтар:
1) Қалай ойлайсыз, командирдің шешімі дұрыс болды ма? Неліктен?
2) Берілген үзіндідегі жауынгердің тұлғасын қалайша сипаттай аласыздар?
3) "Ет жемесе де, сорпа ішкендей болды", "тиісті сыбағасын беріп" деген тіркестер кімдерге қатысты айтылған сөздер? Қандай мағынада жұмсалған?
4) Қарт генералдың түйіндеген ойынан командир туралы қандай ой түюге болады?
— Болған оқиғаны толығынан баяндаңызшы, мен тек шет жағасын ғана естіп едім, — деді генерал.
— Кеше неміс бізге үш рет шабуыл жасады, онысына біздің жігіттер тиісті сыбағасын беріп тойтарды. Жау ет жемесе де, сорпа ішкендей болып, беті қайтып, өршуі басылып, ымырт жабыла шабуылын тоқтатты. Ол туралы полк командирі сізге айтқан болар, мен оған толығынан айтқам. Сағат кешкі тоғызда менің бақылаушыларым десятидворканың әр үйіне 20-30-дан неміс даланың суығына шыдай алмай, қонуға барды деген хабарды жеткізді маған.
Батальонды орынбасарыма тапсырып, бетінен барсақ сезіп қояр деген оймен, қасыма 10 жігіт ертіп, бір пулемет, бір миномет, бір кішкене зеңбіректі шанаға тиеп, 12 километр орайлап айналма жолға салып, түнгі сағат екі шамасында немістер жатқан қыстақтың дәл артынан шықтық. 500-600 метрдей жақындағанда қару-жарақтарды қыстаққа кезеп, орналастырдық. Әбден ұйықтап жатқан немістер шошып оянып, оларды опыр-топыр үйден далаға шығару мақсатымен зеңбіректің болат тесетін он оғын жарқыратып, бірінің артынан бірін дамылдата жібердік.
Күтпеген жерден шүйдеден соққан қандай жаман, кешікпей-ақ немістер орындарынан қарғып тұрып, у-шу болып көшеге шыға келгенде, кезеп қойған пулеметке сөз беріп, 500 оқ шығардық. Оның үстіне миномет құрбақаша бақылдатып 70 минаны «қайдан шықсаң, онан шық» деп немістерге сәлемдеме жіберді.
Біз келген жолымызбен қайта сызып тұрдық. Қыстақтан біз екі километрдей ұзағанда, баяғы біз тұрған жерге немістің барлық ауыр минометтері таң атқанша әупілдеп атып, мина жаудырумен болды.
Батальонға келе салып 20 шақты автоматчиктер жіберіп едім, олар барып 120 немістің өлігін санап, документтерін алып келді. Оны полктің штабына тапсырдық… Бұл істі басқаруға қарамағымдағы командирдің біреуін жіберуге, әлде көңілдегідей істей алар ма екен деген қауіппен батылым бармай, өзім бардым.
Кейінгі сөзіме күліп:
— Иә, жазықтысыз, аға лейтенант жолдас, — деді, — дұрыс – дұрыс, сәті түскен жұмыс болып, түнде жолыңыз болған екен. Сіздің мұныңыздан үш пайда тауып отырмыз: бірінші — немістердің саны 120-ға кеміді, екінші — олар таң атқанша бірнеше жүз ауыр минасын айдалаға атып, бекерге шығын болды, енді шабуыл жасаса, ол атылған миналар біздің жігіттердің басына түспейді, оның мина қоры азайды. Үшінші — маңдайдан тимей, шүйдеден тиген соң, немістер артымызда дұспан жүр екен деп, үрейленіп, көп ойға қалып, тыныш ұйықтамай, желкесін қорғауға күшін бөліп алақтайды — ол да бізге үлкен олжаның бірі, — деп қорытты қарт генерал…
2. Жұбыңыздың сұрақтарға жауабын өз жауабыңызбен салыстырып, кері байланыс беріңіз. Келісетін не келіспейтін тұстары бар ма?
|
Достарыңызбен бөлісу: |