Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағаты Тараз. 2014 жыл



бет2/7
Дата24.06.2018
өлшемі1,37 Mb.
#44159
1   2   3   4   5   6   7


Тараз. 2014 жыл.

Бұл бетке

ISBN

және кітаптің Кітап палатасында тіркелгенін айқындайтын номерлер, сонымен бірге аннотоция беріледі.

Журналист-мұрағатшы Мақұлбек Рысдәулеттің жинақтауымен және жетекшілігімен дайындалған бұл кітапта Жамбыл жерінде туған, еңбек еткен, жазықсыз жазаланған, кейін ақталған азаматтар туралы қысқаша мәліметтер берілген. Бұған дейін де қаралы, азалы тізім республикалық, облыстық басылымдарда және жекелеген кітаптарда жарияланған. Соңғы кездері жаңа деректердің көзі ашылғандықтан сол тізім толықтырылып, жарияланып отыр.




-ХХ ғасырдағы қуғын-сүргін –

мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады.

Әкімшілік-жазалаушы жүйе

еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де,

болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ.

Біздің ендігі жердегі борышымыз-осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.
Президент

Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ

2007 жылы 31 мамырда «Алжир» мемориалды мұражай кешенінің ашылуында сөйлеген сөзінен

Ел тарихындағы аса бір қасіретті кезеңнің жабық беттерін ашу тәуелсіздік таңы атқаннан кейін ерекше қарқынмен жүргізілді. 1993 жылдың 14 сәуірінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының қабылдануы бұл сауапты іске екпін бергені анық. Саяси қуғын-құрбандарын еске алу, оларды жазықсыз жағылған қара күйеден аршу бүгінгі ұрпақтың парызына айналды.

Сондықтан да қайта-қайта тарихқа үңіліп, құжаттарды парақтап, кімнің кім екенін анықтау бағытында зерделеу, іздестіру жұмыстары жүргізілді. Кітаптар шығарылып, мақалалар жазылды, ғылыми сараптаулар жасалынды. Елді мекендерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш орнату туралы шешімдер қабылданып, белгілер қойылды. Өкінішке орай осы үрдіс соңғы жылдары баяулап қалған сияқты. Сол олқылықтың орнын азда болса толтырар деген мақсатпен мұрағат құжаттарын ақтаруды тағы да қолға алдық.

Кейбір дерек көздері сұрқия саясаттың салдарынан Қазақстанда сол бір қасіретті жылдары 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңдайы атылғанын айтады.

Ал Жамбыл жерінде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар 5 мыңнан асады, оның 850-і атылды деген мәлімет айтылуда. Алайда осы деректі нақтылайтын құжаттар жеткіліксіз. Сондықтан да біз дерек көздерін сараптап, зерделегенімізде әртүрлі деректерді білдік. Кейбір дерек көздері әлі жабық екенін прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік басқармасынан білдік. Бұл облыс аумағында саяси қуғын-сүргінге қанша адам ұшырағандығы жөнінде әлі де толық әрі нақты дерек жоқ екендігін айғақтайды. Тіпті кейбір «халық жауларының» туған -туыстары жазықсыз жапа шеккен жақынының қашан сотталғанын да, одан кейін ақталғанын да біле бермейді. Бұған көп мысал келтіруіме болады. Бүгінгі айтпағымыз бұл емес, айтпағымыз- жазықсыз сотталып,халқымыздың қаймағы «халық жауы» атанғанын, оларға нақақтан нақақ жала жабылғанын, жан азабын тартқанын тағы да еске салу және еске алу.

Кезінде, дәлірек айтқанда, 1989-1991 жылдары облыстық «Еңбек туы» («Ақ жол») газетінде және 2010 жылы «Сенім» баспасынан жарық көрген «Зерде» кітабінде Жамбыл облысынан қызыл империяның қырғын саясатына ілігіп, жазықсыз құрбан болғандардың тізімі жарияланған болатын. Біз сол азаматтардың тағдырынан елес беретін құжаттарды Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатынан іздестіріп көргенімізде біздің назарымызға «халық жауы» болып, кейін ақталған коммунистердің ғана құжаттары түсті. Сондықтан да алдымен 1989-1991 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің сотталған коммунистердің партиялығын қалпына келтіру құжаттарын зерделедік. Ал партияда жоқтардың құжаттары өзге заң органдарында сақтаулы екеніне көзіміз жетті. Қолда бар құжаттарды зерделей отырып, қанқұйлы заманның запыранын тағы да саралау, ой елегінен өткізуді мақсат еттік.

Саяси қуған-сүргіннің халыққа қандай қасірет әкелгені туралы жүрек тербеп ұзақ айтудан аулақпын. Мәңгі ұмытылмас қасірет туралы талай ой айтылып, кітап жазылғанын жақсы білесіздер. Қанқұйлы саясаттың салдарынан қаншама адам жапа шегіп, әділдіктің бар екеніне күмән келтіріп, ертеңгі күнге деген сенімдерін жоғалтқаны анық. Бір отбасы, әулет, бүкіл халық қаншама асыраушысынан, сөз бастар ақылшысынан, көш бастар көсемінен айырылды десеңізші?! Жүрекке нұр емес, қасірет құятын осы тектес ойды сабақтастырып бұған дейін талайлар айтқан. Дегенмен де қуғын-сүргіннің қасіретін қанша айтса да, жазса да ол таусылмайды, жан азабы ортаймайды.

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында болған жылымықтың соңы лагерлерде жазықсыз азапты күндерін өткізгендер мен атылғандарды ақтаудың басы болғаны белгілі. Ал сол қасіреттің басында тұрған коммунистік партияның мүшелерін ақтау, партиялығын қалпына келтіру жұмысы тағы отыз жыл өткен соң ғана қолға алынды. Олардың кейбіреулерін заң ақтағанымен партия ақтамауға ұмтылған сәттер де болды. Жоғарыда айтылған үш жылда облыста үш жүздей адамның не үшін сотталғаны және ақталғаны сараланып, партиялылығы қалпына келтірлеген.



Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 282-қорының 75- тізімдемесіндегі 187-бумасындағы құжаттарды ақтарып отырып, сол заманның билік басындағыларға қарғыс айтпау мүмкін емес. Құжаттарды зерделей отырып, ой түйсеңіз адамға қара күйе жағу тіпті оңай екеніне көз жетеді. Айтқан ашық ойы, ғылыми дәлелі, сенімі, пікірі, арманы үшін сотпен емес, «үштіктің» шешімімен, ашығын айтқанда, сол үштікті жасақтаған НКВД –нің бір ғана қызметкерінің қалауымен сотталған, атылған.

Осы кесапатқа алдымен ел басқарғандар, көзі ашық, көңілі ояулар, іскер азаматтар, білімділер мен біліктілер ұшырады. Бір сөзбен айтқанда, алдымен мылтықтың мүштігіне атпал азаматтар ілінді. Халқымыздың алтын тамыры- тектіліктілікті аяусыз балталау үшін оқиғаны қолдан қоюландырды, «жауды» қолдан жасады. Осылайша халықтың санасын салқындатты, рухын өшірді, басын иіп, қалыпқа тықты, тіпті, көрге кіргізгенше үнін шығармады. Ашығын айтқанда, ұлт зиялылары совет өкіметі орнасымен-ақ қудалауға түскен. Бұл кесапат 1938 жылы аяқталмаған. Үнемі жалғаса берген, жалғаса берген. Бұған дейін де көптеген атпал азаматтар жазықсыз жазаланды.Бұл пікірімізді дәлелдеп жатудың өзі артық. Ол белгілі де анық жәйт. Сондықтан да Жамбыл жерінде туған, осында еңбек еткен жазықсыз жапа шеккендердің төмендегі тізімі толық деп айту қиын. Мәселен марқұм, тарихшы Әбдіқадыр Жүргенов «Ақ жол» газетінің 1997 жылғы 31- мамыр күнгі санында жазықсыз жазаланған бірнеше азаматтардың өмірбаяндарынан оқырмандарды хабардар етеді. Олар- Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сармолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Сыдық Абланов, Намазбай Ақшабаев, Кененбай Бармақов, Бекбосын Құлжабаев, Даут Абдулаев, Исқақ Әсимов. Бұл азаматтардың біразы Жамбыл жерінде халық үшін маңдай терлерін төккен қоғам қайраткерлері. Осы азаматтардың біразының есімдері төмендегі тізімде жоқ. Сонымен бірге «Егемен Қазақстан» газетінің 1997 жылғы 31- мамырында белгілі саясаттанушы, демограф Мақаш Тәтімовтың «Қаралы тізім» мақаласында 1938 жылдың 25-ақпанынан 13-наурыз аралығында Алматыда, Ақтөбеде, Шымкентте атылған азаматтардың қаралы тізімін оқырмандарға ұсынған еді. Сол тізімнен Әулиеата уездік-қалалық солдат және жұмысшы депутаттар советі атқару комитетінің алғашқы төрағасы Қабылбек Сармолдаев Мәскеуден арнайы келген А. Д. Горячев, А. И. Микляев, Н.И. Шапошниковтың шешімімен 1938 жылы 25-ақпанда Алматыда атылғанын білдік. Сонымен бірге осы қаралы тізімде 26-ақпанда меркілік, Тұрар Рысқұловтың сенімді серігі болған, елімізде жоғары қызметтер істеген Мақсұт Жылысбаев, 28-ақпанда байзақтық, ағартушы Сыдық Абланов пен сарысулық ғалым-ағартушы Әшір Бүркітбаев, 3-наурызда қордайлық, полк, бригада сардары болған Мағаз Масанчы, Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Сақып-Керей Құрамысов, 11-наурызда Әулиеата уездік комитетінде басшы қызметтер атқарған, ашаршылық зардаптарын жоюда белсене күрескен Үсіпәлі Нұршанов, 19- ақпанда 1936 жылдан 1938 жылға дейін Мирзоян (Тараз) қаласының оқу-ағарту бөлімін басқарған Сабыр Айтқожин мен тараздық, ауыл шарушылығының қайраткері Бекбосын Құлжабаев атылыпты. Әрине, халық ұлдарын ату бұдан бұрын да, одан кейін де болған. Мәселен, Талас ауданы Үшарал ауылының тумасы, соңғы қызметі Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған Жүнісбек Дүрімбетов 1938 жылдың 15-ақпанында атылған. Жоғарыда есімдері аталған азаматтардың біразының аты-жөні Жамбыл облысы бойынша ақталған коммунистердің де, партияда жоқтардың да тізімінде жоқ. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысына дейін облыс аумағына он бір мыңнан аса адам өзге жақтан көшіріліп әкелінді. Оған бес мыңнан аса адамның біздің облысымызға жер аударылғанын қосыңыз. Бұларды да «саяси қуғын – сүргінге ұшырағандар» деп айтуға болады. 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін де, одан кейін де қазақ жеріне зорлықпен көшіліп әкелінгендер көп болды. Саяси-қуғын сүргін жылдары қазақтармен бірге олардың біразы атылды, сотталды. Сұрқия саясат ешкімді аямады.Тіпті бір отбасынан бірнеше адам жазаға тартылды.

Жоғарыда аты аталған біраз азаматтар туралы Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатының 1111- қорында деректер жинақталған. Осы қордағы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Әулиеата қалалық атқару комитетінде жауапты қызметтер атқарған, кезінде Меркідегі орыс-бұратана мектебінде Тұрар Рысқұловпен бірге оқыған Үсіп Сатыбалдиновтың өмірбаянынан біраз деректерге қанық боласыз. Үсіп Сатыбалдинов Меркі орыс-бұратана мектебінде Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сармолдаев, Тұрдалы Тоқбаев, Рахманқұл Орынтаев (Урынтаев), Сәдуақас Жамансартов, Қалыш Ходжабергенов оқығанын анық жазады. Міне осы азаматтардың барлығына дерлігі Тұрар Рысқұлов пен Қабылбек Сармолдаевтың ықпалымен 1917 жылғы қазан көтерілісіне белсене қатысқан. Олар Әулиеата уезінде совет өкіметінің орнауына белсене қатысып, жауапты қызметтер атқарды. Кейін олардың көпшілігі саяси қуғын – сүргінге ұшырады. Өкінішке орай олардың да кейбіреулерінің аты-жөні ақталғандардың арасында жоқ.

Сондықтан да тарихшылар, өлкетанушылар бұл бағытта мақсатты іздестіру жұмыстарын жүргізуі керек. Бір өкініштісі жергілікті тарихшылар осындай нақты тақырыптар бойынша ғылыми-іздестіру жұмыстарына бара бермейді. Бүкіл еліміздің тарихын білу үшін алдымен туған жердің, өскен елдің тарихын зерделеу, білу қажет. Алайда осы бағытта ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатындар шамалы. Соның салдарынан бүкіл Жамбыл жерінің, оның ішінде саяси қуғын-сүргін зұлматы, оның кесепатын тартқандар туралы толық білмейтініміз анық. Ең бастысы «Саяси қуғын-сүргін 1937-1938 жылдары ғана болды» деген пікірдің орнықпағаны дұрыс. Бұл жылдары қуғын-сүргін жаппай болса, одан бұрын да, кейін де жазықсыз «халық жауы» атанғандар аз болған жоқ. Мәселен бұкіл қазақ халқына аты мәшһұр, ақын, жыршы, сазгер, сал-серінің соңғы тұяғының бірі Иманжүсіп Құтпанұлы 1931 жылдың 20 - наурызында ату жазасына кесілген. НКВД-нің үштігінің шешімімен атылған ақиық ақын 1930 жылғы Созақ-Сарысу көтерілісіне қатысқан деген деректер қылаң бергенімен нақты құжатты көргенім жоқ. Бұл көтеріліске бір белдеуде жатқан Созақ, Сарысу, Мойынқұм өңірлерінің тұрғындары белсене қатысты. Көтерілісшілер бас көтерген кезде Иманжүсіп Мойынқұмда диқаншылықпен айналысып жүрген. Әкесі Құтпан Кенесарының ұлт–азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Сондықтан да Иманжүсіптің әулетін Жетісу мен Шығыс Қазақстанға жер аударады. Қуғын-сүргінді ақ патшадан да, совет өкіметінен де көрген ақын-сазгер Жамбыл жерінде біраз уақыт тұрақтап қалады. Оның не үшін атылғандығы туралы құжат тиісті органдарда бар екені анық. Алайда олар туралы мәлімет тек туысына ғана беріледі дегенді ұстанған әлеуетті органдар оны зерттеушілер мен тарихшыларға әліде көрсетпейді. Сондықтан да Иманжүсіптің не үшін сотталғаны туралы біз көп дерек келтіре алмаймыз. Алайда ақынның Жамбылда атылғаны анық. Сондықтан да оны 1960 жылы 25 -ақпанда Жамбыл облыстық прокуратурасы ішінара, одан соң 1990 жылы толық ақтаған.

«СССР» деп аталатын елде өткен ғасырдың отызыншы жылдары түрмелер көптеп салынды. «Карлаг», «Степлаг», «АЛЖИР» деп аталатын лагерлерде талай тағдыр талықсыды. Солардың ең үлкені де, қатыгездігімен ерекшеленгені Карлаг- Қарағанды лагері болды. Лагерлер жойылғаннан кейін оның орнында бірнеше ірі-ірі шаруашылықтар бой көтерді. Бұл лагерлердің пұшпағы Жамбыл жерімен де шектесіп жатты. Сарысу ауданының Қуарал деген жерінде лагерь малы бағылғанынан да хабардармыз. «Халық жаулары» тұрған жертөлелердің сілемін бір емес бірнеше рет көргенім бар. Қарағанды облысының Шет, Жаңаарқа, Абай, Нұра аудандарындағы шаруашылықтарды аралап, бұрынғы тұтқындармен сөйлесіп, пікірлескен кезім де болған. Бірақ ол кезде олар ашылып мәнді деректерді айтпаған еді. Олардың азапты күндерді бастарынан өткізгені ашып айтпасада белгілі болатын.

Қарағанды лагері сияқты абақтылар 1939 жылы СССР-да 42-і болыпты, оларда 4 миллиондай адам азап шеккен.

Қызыл империя қазақ зиялыларына Ұлы Отан соғысынан кейін шүйілгені тарихтан белгілі. Солардың бірі академик Түймебай Әшімбаев. Көпшілік белгілі экономист, қаржыгер, 1973 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ ССР Ғылым Академиясының Экономика институтын басқарған Түймебай Әшімбаевты жақсы біледі. Ал бірақ Әшімбаевтың РСФСР-дың Қылмысты істер кодексінің 58-бабы бойынша сотталғанын екінің бірі біле бермейді. Шу ауданының түлегі екінші дүниежүзілік соғысы басталар тұста Ленинград қаржы инистутына оқуға түсіп, сонда коммунистік партияның қатарына қабылданады. Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинградтағы «На страже Родины» газетінде аудармашы болады. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, Ұлы Отан соғысы жылдарында 1941-1945 жылдары «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Аға лейтенант әскери шені болған. Міне осы шен-шекпендерінен 1945 жылы тыңшылардың жеткізген хабарлары бойынша айырып, Ленинград әскери округінің әскери трибуналы оны алты жылға соттайды. Түймебай Әшімбаевқа СССР-дың ұлт саясатына жала жапты, «халық жауларын» мақтап,

Абақтыдан босап шыққаннан кейін еңбек жолын Алматы қаласындағы отын базасында экономист болудан бастап, Ленинградта аяқтай алмаған оқуын Қазақ Мемлекеттік университетінде жалғастырып, оны 1957 жылы (ол осы жылдың 12 сәуірінде СССР Жоғарғы соты пленумының қаулысымен ақталады) бітіріп шығады. Міне сол жылдан бастап ол ғылыми еңбек жолын Экономика институтымен сабақтастырады. Осы жылдары 17 монография, 350 ғылыми мақалалар жазды. 1994 жылы «Қазақстан экономикасы рынок жолында» атты еңбегі тәуелсіз елдің экономикасын қалыптастырудағы үлкен еңбек еді. Ол ешқашанда өзінің пікірінен қайтқан емес. Айтқандарының ақиқат екенін өмірдің өзі дәлелдеді.

1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін жаңа өкімет халық шаруашылығын жүргізу жолдарын табуда көптеген қателіктерге бой ұрғаны тарихтан белгілі. Әсіресе ауылдарда еңбек ұйымдастыруда өрескел қателіктер болып, халық аштыққа ұшырады. Мұны қазақ елі мен жері де басынан өткізді. Бұл жағдайды ауылда өскен Түймебай жақсы білетін. Жансақтау үшін бауырлары мен туыстары қырғыз жеріне қарай ойысқан еді. Халықты зорлап, ұжымдық шаруашылыққа қауымдастыру елді аштыққа ұрындырды. Сондықтан да көзі ашық, көкірегі ояу Түймебай Әшімбаев Қазақстанда колхоз құрылысының дұрыс жүргізілмей жатқанын жасқанбай айтқандардың бірі. Ол зорлықпен колхоздастыру халықты аштыққа әкеп соққанын, соның салдарынан мыңдаған, жүздеген, миллиондаған адам қырылғанын айтқан.

Халық жауы атанып, сотталғанға дейін ауылдарда еңбек еткендердің барлығына дерлігі социалистік еңбекті ұйымдастырудағы кемшіліктердің салдарынан істі болды. Билік еңбек ұйымдастырудағы кемшілікті көрмей, малдың өлім -жітімі мен шаруашылықтың жүрмеуін жекелеген адамдардан көрді. Барлық кемшіліктерді солардың басына үйді. «Қастандық жасады» деген желеумен басты себепті анықтамай, шаруаның басынан аяғына дейін қара күйені жаға салды. Біз ақтарған құжаттардан осыны анық байқауға болады. Түймедейді түйедей етіп, малдың шығын болу салдарын сол салада еңбек еткендерден іздеді. «Революцияға қарсы, ұлтшыл, көтерісшіл, жансыз, тәуелсіз буржуазиялық мемлекет құруды аңсағандар» деген кінә тағылды.

Шын мәнінде экономикалық қатынастардың жүйесіздігі, уақыт, қоғам талабына сай келмеуі толқулар мен қарсылықтар туындатты. Экономиканың алға жылжуы қиындап, жағдай шиеленісті. Мұның бәрі сол салада еңбек етушілерге қолайсыздық тудырды. Сондықтан да олар құрылымдағы кемшілікті түзету жөнінде өз пікірлерін ашық білдіре бастады. Ал бұл олардың басына қасірет болып жабысты. Ашығын айтқанда, колхоз құрылысының дұрыс ұйымдастырылмауы көптеген азаматтардың басын жұтты. Шаруашылықтың алға дамымай жатқанына жекелеген адамдар емес, ұйымдастыру жұмысындағы кемшіліктер екенін билік мойындағысы келмеді. Болашақ академик міне осы мәселелердің мәнісін айтты. Бұған 1937-1938 жылдары облыс аумағындағы «Майтөбе» және «Билікөл» совхоздарының бүкіл атқа мінерлері мен орта буын мамандары, бақташыларының сотталуы дәлел. Шаруашылықты жүргізудегі кемшіліктің салдарынан болған оралымсыздықтарды еске алмай, сол салада еңбек етіп жүрген қарапайым азаматтарға дейін жазаға тартты. Ешкімді аямады, ең ауыр жазалар берді. Бұл өткен ғасырдың елуінші жылдары қайта жалғасын тапты. 1952 жылы Жамбыл ауданындағы «Қызыл жұлдыз» колхозының бір топ азаматтары сотталды. Олардың арасында атақты өндіріс басшысы да, қатардағы қызылшашы да болды. Тоқсан жыл өмір сүрген, күні кешегіге дейін ортамызда болған, ел қадірлісі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президум мүшесі болған Дариға Жантоқова жазықсыз, 15 жылға сотталып, Карлагтағы абақтыда 3 жыл жазықсыз жапа шекті. Қайраткерлігімен, қайрат-жігерлігімен ерекшеленетін қарт ана Карлагта өткізген азапты күндерін еске алғанда қолқасы өксүкке толып, көзіне жас алатын. Кеш болса да ешқандай саясатқа қатысы жоқ екені және жазықсыз сотталғаны анықталып, ақталып, барлық атақ-даңқы қайтарылды. Қызылжұлдыздық еңбеккерлердің сотталуы да елде еңбек қатынасының дұрыс ұйымдастырылмауынан еді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Біз қолымызға алған Ибрагим Керейбаев, Төлебай Ерімбетов, Садық Ахметов, Абдулла Асанов, Сапарбек Қалдарбеков, Тастамбек Бегімбеков, Аяп Ахметов, Жанұзақ Дүзенов, тағы да басқалардың құжаттарын зерделегенімізде осыған көзіміз анық жетті. Кінәліні «тапқан» билік жаза берудің жолын да, жөнін де, олардың басшыларын да тез көрді. Олардың мекендеріне қарай қылмыстық топтың жетекшілерінің аттарын атап, түрін түстеу әдеті дамытылды. Мәселен, Шу ауданы ауылшаруашылығында еңбек етіп, жазықты болғандарды бұрынғы аудан басшылары, «халық жаулары» Құрамысов пен Жанаевтың басшылығымен қастандық жұмыстарын жүргізді десе, Сарысу ауданынан жазықты болған, «бүлікшіл», «зиянкес» деп танылғандарды ауданның бұрынғы басшылары, жау ретінде ұсталған «Данияров пен Латыповтың арбауында болды» дегенді айтты. Облыс аумағында қылмысты деп танылғандардың біразын Ораз Жандосов пен Қожановқа, Сәкеннің серігі Жанайдар Сәдуақасовқа теліді, солардың нұсқауымен, басшылығымен зиянкестік жасады дегенді де айтты, дәлелдеуге тырысты.

Ибрагим Керейбаев сол кездегі Мирзоян ауданыдағы «Майтөбе» совхозының директоры қызметін атқарып жүргенде үштіктің шешімімен қамауға алынады.Партия қатарын тазалау науқанында әкесінің болыс болғанын жасырғаны үшін партия қатарынан шығарғанымен республикалық орган оның партиялығын қайта қалпына келтірген. Алайда бір жыл өткеннен кейін шаруашылықтағы зиянкестігі үшін деген айыппен қамалып, он жылға сотталады.

Семей өңіріндегі Қызыл-су ауылында дүниеге келген ол еліміздің шығысында және Жетісуда еңбек етеді.1933 жылы №341 «Майтөбе» совхозына директор болып тағайындалады. Аз уақытта шарушылықтың табысы еселене түседі. Барлық жоспарлар орындалады. Тіпті ХҮІІ партия съезі атындағы өлкелік қызыл тақтаға шарушылықтың аты жазылады.Совхоздың саяси бөлімінің бастығы Арыстановқа шаруашылықтың қол жеткен жетістігін алға тартып, оны Ленин орденімен марапаттайды. Алайда Ибрагимнің бай баласы болғаны алдынан шығып, революцияға қарсы қастандық жұмыстарын жүргізуге әрекеттенді деген айыппен қамауға алынған. Өзінің жоғарыға жолдаған өтінішінде ол әкесі болыс болғанда он бестегі жеткіншек және совет өкіметі орнаған кезде олардың отбасы қатардағы кедей шаруа болғанын алға тартады. Соған қарамастан үштік ол партия қатарына алдау жолымен кіріп, қоғамды іштен бүлдірмек болды деген кінә таққан.

Төлебай Ерімбетов Шу аудандық жер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып жүргенде НКВД-ның «үштігінің» шешімімен қамауға алынған. (282- қор, 78- тізімдеме, 76- іс, 187- бума). 1937 жылдың 9- қазанында Шу аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде аудандық НКВД бастығы Ерімбетов туралы мынандай мәлімет берген: «Ерімбетов аудандық тұтынушылар одағының басқарма мүшесі болған кезде жұмысты қиратып, 10000 рубльді талан – таражға ұшыратқан. Бұдан кейін халық жауы Құрамысов оны «Гуляев» колхозына жібереді. Ол онда бассыздыққа жол беріп, колхозшыны өлтіріп, Құрамысовтың тапсырмасы бойынша жылқыны талан-таражға ұшыратып, колхозды қиратты. Сонымен бірге ол халық жаулары Құрамысовпен және басқалармен бірге «Авангард» артелін ішіп, жеді. Революцияға қарсы топ ұйымдастырды, жағдайдың қиын екенін үш күн бойы сезіп, қамалатын күнін күткен». НКВД-ның тағы бір анықтамасында Ерімбетов революцияға қарсы ұлтшыл ұйымның мүшесі ретінде Шу ауданына қарасты «Семиөзек» колхозын қиратқанын, шаруашлықтағы қоян, шошқа фермаларын жойып, орыстар мен қазақтар арасында өшпенділік тудырғанын айтады. Сонымен бірге А. Мәмбетаевтың үйінде жасырын жиналып, ұлтшыл-фашист Джантелеуовтің колхоздарда қастандық жұмыстарын ұйымдастыру туралы нұсқауын талқылаған дегенді алға тартқан.

Төлебай Ерімбетовке бұдан да басқа кінәлар тағылды. Шу аудандық НКВД бастығы мемлекеттік қауіпсіздігінің кіші лейтенаты Дутовтың Алматы облысы бойынша совет өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым туралы №11384- іс бойынша айыптау қорытындысында біраз деректер бар. (Сол жылдары Шу ауданы Алматы облысына бағыныста болған). Бұл айыптау қорытындысында Ораз Жандосовтың басшылығымен құрылған ұлтшыл ұйымның Алматы облысындағы филиалы әшкерленгенін басшыларына жеткізе келіп, мынандай қорытынды жасаған. Ұйымның басты мақсаты совет өкіметін құлатып, тәуелсіз буржуазиялық – демократиялық Қазақ мемлекетін құру екендігін атап көрсеткен. Қожанов пен Жандосовтың алға қойған міндеттерін орындау үшін Сақып-Керей Құрамысовты жақтаған Төлебай Ерімбетовтің осы ұйымның белсенді мүшесі болғанын айтады. Ол 1926 жылдан қамаққа алынғанға дейін совет өкіметіне қарсы қастандық жұмыстарын жүргізген, бұл ісі «Семиөзек» колхозының төрағасы болған кезінде анық байқалды, сонымен бірге ол теракт жасайтын кадрларды даярлаған деген айып таққан. Тергеу кезінде Төлебай өз қылмысын мойындады деп жазылған айыптау қорытындысында. Мұрағат құжатында Алматы облыстық НКВД басқармасы үштігі отырысының хаттамасы мен Т. Ерімбетовтің 1937 жылы 11- қарашасында атылғаны туралы актының көшірмесі де бар.

Ақталғандардың мұрағаттағы құжаттарын зерделеген сайын жүректі сыздатар мәліметтерге тап боласыз. Бәріне жағылған күйе де, жапқан жала да өте ұқсас. Сондай сор маңдайлардың бірі Садық Ахметов. Ол 1937 жылы Мирзоян ауданаралық сауда инпекторы кезінде НКВД шешімімен ұсталып, он жылға халық жауы ретінде сотталған. «Малдың орынсыз өлім-жітіміне жол берген,ауданда мақта егуге қарсы болған» деген сияқты айып таққан. Оның жерлестері Сапарбек Қалдарбеков пен Абдулла Асановқа да осыған ұқсас кінә тағылған. Сапарбек «Билікөл» совхозында ферма меңгерушісі болған. Он бес жылға сотталған. Ал оның жерлесі әрі әріптесі Абдулла Асановқа кесілген жаза өте ауыр болған. «Билікөл» совхозында аға бақташы болған оған ұлтшыл фашистік топтың мүшесі ретінде малды әдейі қырып, қаскөйлік жасаған деген кінә тағып, ату жазасына кесілген. Оның 1938 жылдың 4-наурызда атылғандығы туралы анықтама көшірмесі мұрағатта сақтаулы.

Тастамбек Бегімбековтің де тағдыры осыларға ұқсас. Ол Шу ауданының Алға ауылында туған. Шу ауданының «Дулат» ауылдық советінің «Ерназар» колхозының председателі болған. 35 гектар кұнжұт, 80 бидай алқабының өнім бермеуіне тікелей кінәлі деп айып тағылған. Жазаны ауырлату үшін оған көктемгі егіс науқанында колхоз құрылымына қарсы пікір айтып, елдің қарсылығын туындатты деген айыпты да қосып қоюды ұмытпады. Үштіктің шешімімен он жылға сотталған Шу ауданынының Қызылтал ауылында туған Жанұзақ Дүзенов те жоғарыда аты аталған «Семиөзек» колхозының председателі болған. Оған тағылған айып жоғарыдағылардыкіне ұқсас. «Зиянкестікпен малды қырды, колхоз құрылысын жамандады. Үйі жоқтарға, жертөледе тұрғандарға отын берген, сөйтіп, колхозшылар арасында алауыздық тудырған» деп айыптаған. Он жылға 1937 жылы сотталған. Бірақ белгісіз бір себептермен іс қайта қаралып, ақталғандай. 1939 жылы 19 сәуірде НКВД оның «Севураллагынан» босатылғаны туралы анықтама берген. Іс қайта қаралғанда Шу ауданында Құрамысов пен Жанаев басқарған ұлтшылдар тобының 27 мүшесі болғаны айтылған. Орыстар мен қазақтар төбелескенде орыс ұлтты жұмысшының төрт тісі сынғаны айғақталыпты. Кейінгі сотта Жанұзақтың ешқандай өшпенділік отын тұтатпағаны да жазылған. Тек «Сақып-Керей Құрамысовтың арбауына түсіп қалған» дегенді алға тартады.

Қызыл империя саяси қуғын-сүргінді қанша бағытта жүргізгенін дөп басып айту қиын, дегенмен де мұрағат құжаттарынан: «совет өкіметіне қарсы», «ұлтшыл- фашист», «көтерісшіл», «колхоз құрылысына қарсы», «террорист», «қаскүнем», «троцкийдің құйыршығы», «шпион» және тағы да басқа айыптар тағылғанын аңғарасыз. Жоғарыда біз колхоз құрылысына қарсы «әрекет еткендер» туралы нақты мысалдар келтірдік. Енді «ұлтшылдар» мен «совет өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізгендердің», «тәуелсіз буржуазиялық Қазақ мемлекетін құруға ұмтылғандардың» құжаттарын саралап көрейік.

Бөлеген Жатқанбаев совет өкіметіне қарсы қазақ ұлтшылдары ұйымының мүшесі ретінде 1938 жылдың 11 ақпанында НКВД-нің «үштігінің» шешімімен ату жазасына кесілген. Бұл шешім бес күннен кейін, яғни, 16 - ақпанда орындалған.

1898 жылы Қордай ауданының Еңбекші ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген Бөлеген жастайынан алғырлығымен көзге түседі.Пішпек уезіне қарасты Қасық ауылында байдың малын баққан ол жаңа биліктің тұсында Қосшы одағының мүшесі болады, кейінірек милиционер қызметін де атқарады Екі айлық сауатсыздар мектебінде оқыған, одан кейін ол білімін өз бетінше жетілдіреді. Соның нәтижесінде еңбекшілер депутаттары советі атқару комитеті төрағасының орынбасары, ауыл шарушылығы банкісінің бастығы, партия ұйымының хатшысы, Красногор ауданыдағы «Ворошилов» колхозы төрағасының орынбасары әрі партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарады. 1936 жылдың алғашқы айында ол Красногор аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болады.

Красногор аудандық НКВД бастығы Дутовтың 1938 жылы 9 -ақпанда Алматы облыстық НКВД бастығына жолдаған Бөлеген Жатқанбаевты айыптау қорытындысында совет өкіметіне қарсы қазақ ұлтшылдар ұйымының белсенді мүшесі болғанын жазған. Оны аудандық атқару комиетінің бұрынғы басшысы Дәулеткерей Каженов (қамауға алынған) өз жағына шығарып алғандығыны да айтылған. Сонымен бірге айыптау қорытындысында: «Б. Жатқанбаев зиянкестікпен аудандағы «Ворошилов», «Шарбақты», «Ақтас», «Қазақстанның 15 жылдығы» колхоздарын қиратты, бай ұрпақтарынан совет өкіметін құлату үшін көтерісшіл кадрлар даярлады» деген сияқты айыптар таққан. Алайда тергеу кезінде бұл айыптардың барлығын да Бөлеген мойындамаған. Бөлеген Жатқанбаевтың сотталуына байланысты 1989 жылы 22-мамырда Жамбыл облыстық прокуратурасы істі қарағанда оны қаралайтын нақты құжаттың жоқ екендігі айтылған.

Құжаттарды зерделеп қарасаңыз сол кезде нақты дәлелсіз көзі ашық, көкірегі ояу ұлт кадрларын қамаққа алғаны байқалады. Тағы бір назар аударарлығы «үштікті» жасақтайтын да, оның жетекшісі де НКВД қызметкерлері болған. Олардың арасында қазақ болмаған, болса да саусақпен санарлық қана болуы көңілге күдік ұялатады. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы қудалаудан, ашаршылықтан аман қалған ұлт кадрларын осылайша жазықсыз жазалау арқылы жоюды көздеген билік ойына келгенін істеді. Кінәлі кім екенін айырып жатпай «орыс жұмысшысын балғамен ұрған» деп жазалаудың сырын да түсінгендейсіз.

Жетпіс жылдан аса уақыт де өтсе сол жылдардан елес беретін деректер өзегіңді өртейді, жүректі сыздатады. Мені «жазықсыз жапа шеккен азаматтардың жақындары әділет салтанат құрған кезде айыптау, ақтау құжаттармен танысты ма?» деген сауал толғандырады. Танысса қандай күй кешті екен деген ой әу баста мазалаған, қазір де мазалайды. Ата-бабаларының не үшін жазықты болғанынан хабардар, кім болғанын білсін деген ниетпен осы мақаланы жазып отырғанымды да жасырмаймын. Олардың отбасы қандай қасіретті бастарынан өткізді екен? Білмейміз. Мәселен Оңтүстік Қазақстан облыстық НКВД-ның мәліметіне сүйенген «тройканың» шешімімен революцияға қарсы ұлтшыл көтерісшіл ұйымның мүшесі ретінде он жылға сотталған Әбдіқадыр Бижановтың артында қалған қыздары Патима мен Нағиманың тағдыры қандай болды екен?

Қызылорда өңірінде сексеуіл дайындайтын тресте еңбек жолын бастаған ол Пахтааралда канал қазу жұмысына қатысып, сонда партияға өтеді. Дүкен меңгереді, кәсіподақта еңбек етеді. Қызылорда облыстық партия мектебін бітірген соң Талас аудандық партия комитетінің қызметкері болады. Осында ұсталып, сотталады. 1959 жылы 21- мамырда Жамбыл облыстық соты оны толық ақтады. Ал сарысулық Аяп Ахметов «Құлымбетов», «Ежов» колхоздарының председателі болған кезде «революцияға қарсы ұйымның мүшесі болған» деп ату жазасына кесілген. Сарысу аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болған Айымкүл Жүнісоваға ауданның бұрынғы басшылары Данияров пен Латыпов (екеуі де қамауға алынған) ұйымдастырған революцияға қарсы ұлтшыл ұйымның мүшесі болды деген кінә таққан. Ақыры «совет өкіметіне қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізген» деп, жеті жылға «халық жауы» ретінде соттаған. 1990 жылы 19- маусымда Қазақ ССР Жоғарғы соты алқасының шешімімен толық ақталған.Көшен Исабеков Шу болысының 2-ауылында туған. Оған «Сарысу аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүргенде Сәкен Сейфуллиннің айнымас серігі болған Жанайдар Сәдуақасовпен байланыста болған, алашордалық Байсейіт Әділовтің тамсырмасымен кедейлерді әдейі өлтірген» деген кінә тағылған. НКВД-нің «үштігінің» шешімімен ату жазасына кесілген. Оның сол кезде Сарысу ауданының 3-ауылында Вазипа (әлде Уәзипа) атты қызы қалған.Оның тағдыры не болды екен?! Анасының кім болғанын, не үшін жазықты болғанын білді ме? Көшеннің жерлесі Төреқұл Ерботаев Сарысу аудандық халық сотының судьясы қызметін атқарып жүргенде «ұлтшыл ұйымның мүшесі, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру жолында заң талаптарын бұзған» деген айыппен сегіз жылға сотталған. Ал Жүнісбек Жаубасаров Талас су шаруашылығы басқармасының гидротехнигінің көмекшісі болған. Зиянкестік жұмыстарымен айналысқанын, совет өкіметіне қарсы ұлтшыл ретінде көтерісшіл диверсиялық топта болғанын дәлелдеуге ұмтылған «үштік» оны он жылға соттаған. Жүнісбек Талас ауданының Жиенбет селолық советінің округінде туған. Қосшының төрағасы, мұрап, су шаруашылығын басқарған.

Қызыл империяның халық басына әкелген нәубеті шексіз. Жазықсыз жапа шеккендер арасында өзге ұлттың өкілдері де баршылық. Оларға көбінесе «шпион» деген айдар таққан. Олар туралы орайы келгенде тағы бірде жазармыз.

Әрине сотталғандардың арасында құрылымға қарсылар болды. Олар оны ашық та айтқан. Олар сөз жоқ тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруға ұмтылды. Солардың бірі әрі бірегейі Түймебай Әшімбаев. Ол ұлт саясатын сынап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтап, қазақ халқын қырғынға ұшыратқан колхоздастыру құрылымын сынаған. Мұны сол кезде көзі ашық, көкірегі ояу талай қазақ зиялылары айтты. Сол үшін, күйді, жанды, өмірі қиылды. Әрине олар сол кездегі билік үшін жау болды. Сенімі мен ар-ожданының бостандығы үшін күрескендерді «халық жауы» деп атау билік үшін сол кезде тиімді еді.

Ерекше назар аударарлығы сотталғандардың барлығының отбасы туралы толық мағлұматтың жинастырылғаны болса керек. Мұның өзі кейінірек оларды да жазаға тарту алдын ала қарастырылғанын аңғартады. Жоғарыда жазаланғандардың бірнешеуінің артында қалған отбасылары туралы деректер келтірдік. Тағы да санамалап көрейікші. Мәселен, Түймебай Әшімбаевтың жары Александра Константиновна, 1944 жылы туған қызы Наталья, бауырлары Өмірбай, Тұтқабай, Күлпаш туралы да деректер бар. Олардың біразы бой тасалап Қырғызстанға асыпты. Ал інісі Тұтқабай Ұлы Отан соғысына қатысып, кейін қоғам қайраткері болған. Оның 1973 жылы Маңғышлақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болғанын да айтсақ жеткілікті.Осы орайда тағы бір мәселені айта кеткен жөн сияқты. Бір емес бірнеше тармақтан тұратын айып тағылған Т.Әшімбаев Ленинградта алты жылға сотталса, Қазақстанда осындай кінәмен сотталғандарға ату жазасын берген. Солардың бірі, біз жоғарыда сөз еткен тәуелсіз мемлекет құру жолында күрескені үшін жазалы болған қордайлық Бөлеген Жатқанбаев. Ол атылғанда артында аңырап 63 жасар анасы Нүрия, 26 жасар әйелі Бибіш, балалары: 13 жасар Сұлтан, 7 жасар Рашат, 3 жасар Бекмұрат қалыпты.

Қазақстанда өте қатал жаза берілуінің басты себебі - айдауға көнбейтін, халқының тағдыры үшін ноқтаға басы симайтын ұлт зиялыларынан арылып, қазақ жерін еркін билеу мақсатына жету болса керек. Бұл жерде қызыл империя тек қазақ зиялыларын ғана қудалады деп айту орынсыз болар. Жергілікті халықтың сөзін сөйлеген, «барлық іс-әрекет коммунистік ілімнің өзегі болып табылатын әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан болу керек» деген атпал азаматтарды да аяусыз жазалады. Дегенмен де Советтік Қазақстанда биліктің тұтқасын ұстап отырғандар арасында ұлт өкілдері көп болғанына қарамастан жазаланғандардың арасында жергілікті ұлт өкілдері көп болды. Өздері «жау» деп таныған азаматтардың отбасын санаққа алып, әкесі, бауыры, отағасы үшін болашақта кек алуы мүмкін деген оймен олардың жақындарын қамап, өзегін жаншып, жанын мұрнының ұшына әкелген. Оларды «жау» деп таныған жақынынан бас тартуларына мәжбүрледі, соған көнбегендерді зорлық-зомбылықпен көндірді.

Кешегі өмір тынысы бүгін тарихқа айналған. Біз сол тарихқа айналғандардың өмірбаяндарын зерделей отырып, сабақ аламыз. Әділетсіздік, сатқындық, жала жабу, бір сөзбен айтқанда, имансыздық аяқ астында екенін білеміз. Сондықтан да біз қоғамымызда бассыздыққа жол бермеу үшін адамның құқын жан-жақты қорғайтын халықтық заңдар қабылдауда әділеттіліктің салтанат құруын естен шығармауымыз қажет!

Жазалап, жазғырып барып ақтаудың сотталғандар үшін құны төмен болуы әбден мүмкін. Бірақ та ұрпақ үшін кеш болса да жазықсыздардың ақталуы қымбат. Сондықтан да Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағаты ақталғандар туралы жеке кітапша шығаруды жөн деп тапты. Бұл тізімнің біраз бөлігі кезінде облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде, 1998 жылы «Әділет» тарихи- ағартушылық қоғамы саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы шығарған «Азалы кітапта» жарияланған болатын. Оған Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облысы бойынша қайғылы қасіретке тап болғандардың тізімі 1000 данамен, тек орыс тілінде жарияланған еді. Ал 2010 жылы «Сенім» баспасынан Жамбыл облысы әкімдігінің бастамасымен 500 данамен «Зерде» кітабі жарық көрді. Кітапқа 937 адамның тізімі енгізілген. Осы мәліметтерді назарға ала отырып, біз мұрағатта сақтаулы өзге де тарихи құжаттарды зерделеп, бұрын жарияланған материалдарды толықтырып, 1896 адамның тағдыры жөнінде мәлімет жинастырдық. Жоғарыда айтқандай тоталитаризм құрбандары туралы Жамбыл облысы бойынша толық мәлімет жинастырдық деп айта алмаймыз. Себебі саяси қуғын-сүргін тек 1937-1938 жылдары ғана болған жоқ. Одан бұрын да, кейін де бұл зұлмат еліміз де, жеріміз де орын алған. Оған нақты мысалдар да келтірдік. Алдағы уақытта бұл бағытта зерделеу жұмысы қолға алынса, нақтылау жүйелі жүргізілер еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет