Жанақ пен Абай арасын сабақтастырып тұрған үлкен рухани көпір ол - «Қозы көрпеш - Баян сұлу» жыры.ш
Әйгілі жырдың түркі тектес халықтардың өзінде қырыққа тарта нұсқасы бар. Орыс зерттеушілері XIX - ғасырдың басында-ақ басында бұл жырға аса қызығушылық танытып жырдың қазығы нұсқаларына аса ұқсамайтын мазмұнын (М. Файзулин 1807 жылы жазып алған) қағазға түсірген. Сонау XIX ғасырдың басынан орыс зерттеушілерін, ақындарын (А.С. Пушкиннің кітапханасынан жыр нұсқасының табылғанын еске алыңыз) қатты қызықтырған көне жырдың көркем нұсқалары Жанақ ақындікі, ал ертедегі қалпын сақтау тұрғысынан Шөженің нұсқасы, кейінгі үлгілі жыр ретінде Жанақ ізімен жырлаған Шәкір ақындікі екендігін зерттеуші ғалымдар дәлелдеген-ді.
Жырдың Жанақ нұсқасы туралы М.Ғабдулиннің: «Жанақ жыры тіл көркемдігі жағынан шебер жырдың бірі болып табылады... Жанақ айтқан жыр сюжет құруы, оқиға желісін тізбектей отырып баяндауы және адам образдарын айқын етіп жасауы жағынан өзі тектес басқа жырлардан әрі күрделі екендігін байқаймыз. Жанақ жырының ең алдымен көзге түсетін ерекшелігі - оқиғаны реалистік өмірден алуында. Егер жырдың басқа варианттарында ертегіге тән, фантазиялық халге құрылған әңгімелер басым келсе, Жанақта олай емес. Қозы мен Баян да, Қарабай мен Қодар да шындықта болған типтік бейне болып суреттеледі»/6,258/, - деген сипаттамасын құб аламыз (Қазақ халқының ауыз әдебиеті. - Алматы: Білім, 1992. 258-б.). Қазақ халқының өзінде сандық көрсеткіші 16-дан асатын (барлығын нұсқаға жатқызуға келмейді, әрине Б.Е.) бұл жырдың ішіндегі көркемі Жанақ нұсқасы болуының себебі, ең алдымен, көне жырды қайта жырлаған Жанақтың ақындық деңгейінде деп білген жөн. Әуезов: «Жанақ нұсқасының тілі «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» нұсқаларының көбінен көркем және бұл кезге дейін баспаға түсіп, жұртқа көбірек мәлім болған түрі», - деп бағалаған (Әдебиет туралы. О литературе. -Алматы: Санат, 1997. 64-б).
Жанақ жырына кезінде Құнанбай ерекше ықылас білдірген. Бұл туралы жырда бірден-бір зерттеуші ғалым Ә.Марғұлан Жанақ нұсқасының артықшылығын айта келіп, Өскенбай бидің асында «Қозы Көрпеш - Баян сұлуды» қобызға қосып жырлаған Жанаққа Құнанбай үлкен сый тартқан деген дерек келтіреді (Ежелгі жыр, аңыздар. - Алматы: Жазушы, 1985. 220-б.).
Жанақ ақынның «Қозы Көрпешін» Абай өз еліндегі Байкөкше ақынан естігені туралы дерек «Абай жолы» эпопеясында айтылған. Сондай-ақ Н.Абрамовтың «Каменная пирамида намогильный памятник Кузу Курпеч и Баян Сулу в Киргизской степи» деген мақаласында он екі жасар Абай, яғни 1857 жылы жас ақын Байкөкшеден «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» деген ұзақ жырды естігенін келтіреді (қараңыз: Абрамов Н. Каменная пирамида на могильный памятник Кузу Курпеч и Баян Сулу в Киргизской степи //Тобольские Губернские Ведомости. 1859. №40). Демек, Жанақ жырын Абай бала кезінде алғаш Байкөкшеден естіген. Жанақ - Байкөкше - Абай, одан маңындағы жас ақындар біліп, соның ішінде Бейсенбай арқылы, кейіннен Шәкірдің жырлауы арқылы көне жырдың көркем бір тармағы түлеп, түрленіп бүгінгі ұрпаққа жетті.
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын Жанақ нұсқасының негізінде Абай өзі жырлаған деген деректер бар. Бұл пікірдің бастау бұлағы академик Ә.Марғұланнан тарады. ««Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының Абай нұсқасы» деген мақаласында (мақала аз ғана өзгеріспен «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» (Абай жазып алған нұсқасы) деген кітаптың (Жазушы, 1988) кіріспесіне де берілген Б.Е.): «Бұл жырды Абай 1884 жылы өз шабытымен жазып, оған орыс әрпімен Қозы Көрпеш Баян сұлу» деп ат береді. Жырды сол кездегі аяулы ғалым Г.Н.Потанинге сыйға тартады, қасына «Жаңа закон» деген жаңа поэмасын қоса жібереді. Адресін орысша жазып, «Семипалатинского уезда, Чингизской волости, А.К.», - деп көрсетеді. Абай нұсқасының бір көшірмесі Н.Я.Коншин жинап тапсырған Абай жырларының жинағында Омбыдағы географиялық қоғамының архивінде сақтаулы. Ол өте көлемді, екі мың алты жүз жол. Абай мұны жас кезінде әдемі араб әрпімен жазған»,- деп (Марғұлан Әлкей. "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырының Абай нұсқасы //Қазақстан мектебі. 1982. № 3) жырдың Абай стиліне жақындығын дәлелдеу мақсатында нұсқаның көркемдігін тарата талдайды. Жырдың Абай жазған нұсқасы деген жалпы абайтануға қосылған қомақты үлес болып көрінгенмен, әр уақытта Абай шығармаларына үлкен зерделілікпен, терең ғылыми дайындықпен келген ғалымдар тарапынан «Қозы Көрпештің» Абай жазған деген нұсқасы бірауыздан қабылдана қойған жоқ. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры туралы сонау 1925 жылдан назарға алып келе жатқан негізгі абайтанушы Әуезовтің өзі Абай нұсқасы дегенді айтпайды. Әуезовтің пікірінше «Қозы Көрпешті» жырлау үлесі Абайдың шәкірттері Бейсенбай Жәнібекұлының үлесіне (1857-1917) тиген. Бейсенбайға Ақылбай мен Мағауия көмектескен. Кейіннен Абайдың шәкірті Уәйіс ақыннан Әуезов жазып алып жариялайды.
Бұл арада Ақылбай мен Мағауияның да осы жырдың өңделе түсуіне қатысы бар болуы әбден ықтимал. «Томск архивінде сақталған қолжазбадағы «А.Қ.» Ақылбай Құнанбаев болар»,- деген жорамалға да (қараңыз: «Қозы Көрпеш - Баян сұлу». -Астана: Фолиант. 2002. 685-б.) Ақылбайдың қолжазбасы сақталмағандықтан толық қосыла кету асығыстық болады. Жырдың 1500 жылдығына орай шығарылған кітапта Абай нұсқасы деген пікірлерге қатысты: «Өкінішке қарай, осы нұсқаны кейбір зерттеушілер Абайдың өзі жазған деп жүр. Олай емес. Дұрысында, ол Абайдың тапсырмасымен қайта жырланып, жазылып алынған. Қанша әдемі дегенмен бұл жыр Абайдың стиліне келмейді»,- дейді ғалымдар М.Жолдасбеков, С.Қасқабасов (сонда, 16-б.). Осы бағыттағы пікірді абайтанушы ғалым З.Ахметов те ұстанады (қараңыз: Абайдың ақындық әлемі. -Алматы: Ана тілі, 1995. 269-б).
«Жаңа закон» деген жүз қырық жолдық ұзақ өлеңнің де Абай шығармасы емес екендігін ғалым Ы.Дүйсенбаев кезінде дәлелдеп көрсеткен болатын-ды. Осы пікірді абайтанушы Б.Байгалиев те қостай отырып көңілге қонымды дәлелдер айтады. Жырдың бұл нұсқасы Абайдың шығармасы емес, қазақ халық әдебиетінің нұсқалары түрінде Потанинге жолданғанын айта келіп, Әлкей Марғұланның пікіріне қатысты былай дейді: "...ғалым жариялаған жырдың қолжазбасына қарап мұны Абай жазды деп тануға да негіз жоқ. Өйткені жырдың фотокөшірмесі (бір беті) Абайдың бірден-бір қолтаңбасы (автографы) ретінде танылып жүрген «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы" деген ғылыми еңбегінің жазуына ұқсамайды. Сондай-ақ, бұл автограф Абай өз қолымен жазды деп ғалым дәлелдеген В.Кудашев дәптеріндегі жазуға да ұқсамайды» (Абай өмірбаяны архив деректерінде. -Алматы: Арыс, 2001. 16-б.).
Біз осы пікірлерге толық қосыламыз. Бірақ бұл «Қозы Көрпеш» жырына Абайдың мүлде қатысы жоқ деген сөз емес. Абай жасынан қызыққан әйгілі жырдың Жанақ нұсқасын өзінің шәкірттеріне жырлауға тапсырма бергені анық. Оның ішінде Бейсенбай, оған көмектескен Абай балалары, кейіннен Уәйістер жырлап қана қоймай ел ішіне он-он бес түрлі әуенмен әнге қосып таратқан да.
Жанақ нұсқасы, бірде Жанақ - Бейсенбай немесе Абай немесе Потанин нұсқаларының өз ішінде үлкенді-кішілі өзгерістер болғанымен бір түбірден -Жанақтың айтуынан тарағаны анық. Ал, жыр нұсқаларындағы өзгерістерге келсек, Жанақ күшті ақын. Ол дәл осы жырды қалың жұрттың алдында бірнеше рет жырлағаны тағы бар. Әр жырлағанда ақынның көңіл-күйі, шабыты, көрерменнің ықыласы дегендей бір Жанақтың жырлауының өзі азды-көпті өзгеріске түсуі әбден ықтимал. Ал оны қайта жырлаған Бейсенбайдың жыр аяғын өзінше тұйықтауын алсаңыз, немесе кейінгі Шәкірдің Қозы - Көрпеші жыр нұсқасынан гөрі назиралық ретпен жырланған авторлардың төл туындысына көбірек келеді.
Сондықтан да, бұл арада айтарымыз Жанақ нұсқасының өңделіп, халыққа таралуына Абайдың және оның маңындағы ақын шәкірттердің үлес салмағы мол. Ал, жырдың қай тұсына қай ақынның қаламы тиді деген мәселеге нақты жауап беру қиын. Шәкірттерінің жырлауынан шыққан дүниені үстінен бір қарап, жөндемеуі мүмкін емес Абайдың. Өзі жазбаса да, жазғандарға көңілі толып, бір нұсқасын орыс зерттеушісіне жіберген. Ал, қолжазбаның Абайдікі болмауы да заңды. Жырға қатысы бар кез-келген шәкірттері - Ақылбай, Мағауия, Бейсенбай, Уәйістерге немесе жазуы әдемі басқасына жырды көшіртіп, «Семипалатинского уезда, Чингизской волости, А.К.» деп жіберуіне ұстаз Абайдың хақысы бар.
Демек, бүкіл түркі халқына ортақ әйгілі жырдың бір тармағы - Жанақ, Байкөкше, Шөже сынды Абайдың өзі нәр алған ақындар мен Бейсенбай, Уәйіс сынды шәкірттерінің, одан кейінгі Абай дәстүрін жалғастырушы Шәкір сынды халық ақындарының арасын жалғап, Абайдың ақындық ортасы сынды үлкен тақырыптың өзегін сабақтастырып жатқан рухани желі.
Достарыңызбен бөлісу: |