Жантлекова Динара Хубайдуллаевна Биология пәні мұғалімі



Дата17.10.2023
өлшемі18,35 Kb.
#186071
Байланысты:
эссе Динара (1)


Жантлекова Динара Хубайдуллаевна
Биология пәні мұғалімі
Атырау қаласы, № 38 мектеп-лицейі


Менің сүйікті мамандығым және инновациялық әдіс-тәсілдерім...
Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек!
Нұрсұлтан Әбішұлы


Жаһандануға қабілетті жаңашыл ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі заманның басты талабы. Біліммен қаруланған сол талаптың белгілі бір тәртіпке бағынып, төбе асып, тас жаруы, әрине, ол – ұстаздың тың жаратылысы мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Бала кезімде дәрігер болуды армандадым. Дәрігерліктің қандай жауапты мамандық екенін ойын баласы қайдан ойласын? Шамасы, бетін қыртыс шалмаған ақ форма мен қабағы тыртыс тартпаған күлімдеген сұлу жүздерге қызықсам керек-ті. Бала арманның барлығы ақиқатқа айналмайтыны рас. Арада 10 жыл өтті. Ой түзелді. Бүгін мен – ұстазбын.
Мамандығымның дәрігерліктен ұстазға ойысуына өмірдегі келеңсіз жағдайлар мен сәтсіздіктердің еш қатысы болмады (грантқа балл жетпеу, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, т.б.). Ұстаздық ұлы жолға көш бастаушы және бағыт беруші – биология пәнінің мұғалімі Кәлима Қалимолдақызы.
Талай менмұндалаған ұстаздың алдынан өттік. Білікті, білімді. «Биология десе, ішкен асын жерге қояды», «өз пәніне адал» секілді әріптестерінің пікірлері Кәлима Қалимолдақызының кәсіби қабілетін дәйектейді. Десек те, мені ұстаздық жолға итермелеген бұл емес. Ұстазымның тың жаратылысы. Сөйлегені, жүріс-тұрысы бөлек бір мәдениет. Сыныпқа кірген сәтінен-ақ айналамызды әдемі атмосфера қоршайтын. Ұрыспайтын. Ұятпен тәрбиелейтін. Содан да болар біраз бұзық балалар биология сабағында өз бабына келетін. Әріге бармайтын. Сабаққа әзір болмасақ әзілдеп, алыстан орағытатыны бар. Биология пәніне тісі аса бата бермейтін біздер дәл сол жылы сабаққа ерекше ынталы болып, белсенділік таныттық. Осылай жүректе алғаш ұстазға деген, ұстаздыққа деген махаббат орнады. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген осы болар, сірә...
Ұстаздың әр күні – ерен еңбек. Білімге бәсеке әлем бойынша күн санап өсуде. «Біз «білім ғылым инновациялар» үштігі билеген постиндустриялық әлемге қарай жылжып келеміз». Бүгінгі таңда оқушыларды сабаққа ынталандыру мұғалімдер тарапынан үлкен күшті, қажырлы еңбекті, жаңаша көқарасты қажет етеді. Білім индустриясында жаңашылдыққа шек жоқ. Осы орайда жоғары білім мен кәсіби біліктілікті біріктіретін, оларды тиімді басқаратын ұйымдастырушылық қабілеттің маңызы зор.
Биология пәнін тиімді оқытудың қоғамда салмағы басым. Тіршілік туралы күрделі жүйені қалай қарапайым, әрі практикалық тұрғыда түсінуге жеңіл, қызықты етіп жеткізуге болады?
ХХІ ғасыр білім индустриясындағы ең үлкен жаңалық – «инновация» ұғымы. Инновация – жаңашылдыққа бағытталған жаңа идеяларды жүзеге асырудағы тиімді тәсіл. Кез келген пәнді оқытудың өзіндік инновациялық әдіс-тәсілдері болады. Тиімді тұсы – инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану барысында қатып қалған аксиомалық қағида жоқ. Оқытушы өзіне қажет/қажет емес қағидаларды өзгертуге немесе қолданбауға құқылы.
Биология пәнін оқытудағы басты қағидам – тіршілік туралы жинақталған білімдерді саралау және қалыптасқан жаңа білімдерді даралау арқылы зерек тұлға қалыптасытру (smart student). Аталмыш пәнді игертуде білімдер жүйесін 3 топқа саралап оқытуға болады: 1) сөздік; 2) танымдық; 3) практикалық. Сөздік әдісі арқылы оқушылармен қандай да бір тақырып аясында әңгімелесу, сұрақ-жауап арқылы көзделген мақсатта қарапайым қол жеткізуге болады. Көру (сызба, слайд, статистикалық диаграмма) арқылы жүзеге асатын танымдық әдіс тақырыпты нақты әрі ғылыми сипатта меңгеруге мүмкіндік береді. Білімді игеруде мол эффектке ие – практикалық әдіс. Бұл әдіске немқұрайлы қарауға өз басым қарсымын. Меңгерілген теорияларды лабороторияда жүзеге асыру үйренушіге ерекше әсер береді. Лабороторияда оқушы мен оқытушы еркін болып, бір мақсатта жұмылады. Оқушының түсінбеген кейбір теорияларын практикада қайта толықтыруы абсолютті болжам.
Әр тақырыптың оқу мақсаты болады. Бір немесе бірнеше инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы көзделген мақсатқа жетуге мүмкіндік бар. Жеке тәжірибемде дебат, жоба қорғау, дидактикалық ойындар, зейіндік ойындарды жиі қолданамын. Солардың кейбіріне кеңінен тоқталып өтсем.
Дамыта отырып оқыту технологиясы қандай да бір тақырыпты игеруде білім алушыны қызықтыратын, жігерлендіретін, ізденуге жұмыстандыратын қозғаушы күш. Мәселен, «Тірі және өлі табиғаттар үдерісі» бөлімі бойынша «Fast food/ПП» тақырыбы бойынша 40 минутқа жоспарланға дебат өткізуге болады. Оқушылар адамдарда жиі қайталанатын актуалды тақырыптар төңірегінде сөз жарыстарда сөзсіз белсенділік танытады. Бұл үдерісте оқушылар өздерінің ойларын ортаға салып, сөз саптау шеберліктерін іске қосады.
Ынтымақтастық оқыту технологиясы ұсынатын әдіс-тәсілдердің биология пәнін оқытуда маңызы зор. Биологияда ешқандай эмоция, эффектсіз ұзақ мәміле, әңгіме арқылы түсіндірілетін тақырыптар кездеседі. Мұндай жағдайда қарым-қатынас шеберлігін пайдалану қажет.
Қазіргі әлемді індет жаулаған сын уақыттарда қашықтықтан оқыту технологиясы кең етек алды. Елімізде білім алудың жаңа бір қыры ашылды. Әртүрлі білім платформалары іске қосылды. Қанша технология дамығанымен, онлайн оқытудың да өзіндік шеберліктерін байқадық. Топқа бөлу, қосымша IT технологияларын қолдану, уақытты тиімді басқаруда «Zoom», «Edupage», «Bilimland» жүйелері тиімді.
Оқыту материалдарын ойын әдісі арқылы да меңгеруге болады. Бұл әдіс ақпаратты эмоционалды, қарапайым, жеңіл қабылдауға мүмкіндік береді. «Kahoot» секілді бала танымындағы форматқа негізделген ойындар оқушылар тарапынан сұранысқа ие. Одан бөлек әртүрлі зейіндік, әрі физологиялық бағытта жүзеге асатын ойындардың да оң әсері мол.
Оқыту жүйесінде орын алатын олқылықтардың бірі – біз, мұғалімдер қауымы үнемі өзімізді бір қырында (мұғалім рөлінде) көру. Мұғалім мамандығының ерекшелігі осыда, олар әр күн – үйренуші. Яғни оқыту арқылы өздері де оқушы рөлінде бола алады. Сондықтан кейде жаңа тақырыпты меңгеруде PBL сабақтары арқылы (оқушылар бір-біріне сабақ түсіндіреді) оқушыларға да мүмкіндік берген жөн деп ойлаймын.
Ұстаз болу – махаббат пен машақатқа құрылған кең жүректілік. ХХІ ғасыр ұстазы білімді, кәсіби біліктілігімен қатар, жаңалықты тез қабылдайтын, жаңашылдыққа бет бұрған, креативті, интелектті, эмоционалды болуы шарт. Осы қабілеттерді біріктіретін үлкен байлық бар. Абайша айтқанда, ақыл мен ғылымды сақтайтын мінез деген сауыт.
Ұстаз – ғасырлар бойы күллі ұлтты сақтаушы рухани күш. Сол үшін де мен өз мамандығымды сүйемін!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет