Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шығыстану факультеті
Қиыр Шығыс кафедрасының
аға оқытушысы М.Т. Шадаева
Жапон тілі пәні бойынша студенттің өзіндік жұмысында (СӨЖ) адами ресурстарды қолдану тәжірибесі
Қазіргі ғаламтор заманында шет тілін оқып-үйрену кезінде қолданылатын тілдік материалдар түрінің байи түскені, оларға оңай қол жеткізе алатындығымыз кімге де болсын анық жайт. Native speakerлермен, яғни сол тілдің өкілдерімен тілдік қарым-қатынасқа түсу тілді меңгеру деңгейін арттыруда маңызды роль атқаратын болса, оның түрлі мүмкіндіктерін қарастыру қазіргідей жағдайда көп қиындық тудыра қоймайтыны тағы да белгілі. Тіл үйренушілер, яғни біздің жағдайымызда - студенттер, native speakerлермен сабақтан тыс уақытта түрлі жағдайда, түрлі мақсатта қарым-қатынас жасауы мүмкін: университет қабырғасында және одан тыс жерлерде өтетін ресми кездесулер мен мәдени іс-шаралар, жеке достық қарым-қатынас, әлеуметтік желідегі достастық, жеке хат алмасу, т.б. Ал осы native speakerлерді сабақ барысында да қолданудың әртүрлі жолдары бар. Төменде соның бір мысалын нақты тәжірибемізден келтірмекпіз.
Жапон тілі пәнінің орта деңгейінде (бұл бакалавриаттың 3-курсына тұс келеді) студенттің өзіндік жұмысының (СӨЖ) бір тапсырмасы ретінде жапондықтардан сұхбат алу ұйымдастырылды. Орта деңгей дейтініміз, шет тілінде сол тіл өкілінен сұхбат алу үшін студентте біршама бір деңгей болуы шарт, яғни студент салмақты бір тақырып төңірегінде сол тілде сөз өрбіте алатындай болуы керек. Бұған қоса, Шығыстану факультетінде оқытылатын үш мамандық бойынша жапон тілі пәні үш түрлі аталатынын да ескерте кетейік. 3-курста жапон тілінің орта деңгейі оқытылатын пәндер «шығыстану» мамандығы бойынша «Қазіргі шығыс тілі», «шетел филологиясы» мамандығында «Арнайы шетел тілі - арнайы-кәсіби(С2 деңгейі)», ал «аударма ісі» мамандығында «Кәсіби мақсаттағы негізгі шығыс тілі» деп аталады. Сондықтан да мақала тақырыбында пән аты жалпылап берілген.
СӨЖ тапсырмасы ретінде жапон азаматтарынан сұхбат алу төмендегідей келісілген ретпен, төмендегідей тәртіппен жүргізілді:
Сұхбат беретін кісіні әр студент өзі таңдайды, студенттің өз таңдауы болмаған жағдайда оны оқытушы ұсынады. Сұхбат беретін кісінің мамандығына, әлеуметтік статусына, сондай-ақ студенттің өз қызығушылығына қарай сұхбаттың тақырыбын студент өзі белгілейді.
Студент сұхбат беретін кісіден алдын-ала келісім-рұқсат алып, сұхбат алатын уақыт пен орынды, т.б. белгілейді. Бұл кезде сұхбаттың тек университеттегі сабақ мақсатында ғана алынатындығын, ешқандай басылым бетіне жарияланбайтынын ескерте кеткен абзал.
Сұхбат алу кезінде қолданылатын сөздер мен сөз оралымдары алдын-ала сабақта қарастырылады.
Белгіленген тақырып бойынша студент сұхбат берушіге алдын-ала 7-10 сұрақ дайындайды. Сұхбат алу барысында қосымша сұрақтардың туу мүмкіндігі де ескеріледі.
Келісілген уақытта студент сол кісіден сұхбат алады. Мүмкіндігінше сұхбатты үнтаспаға жазып алу міндеттеледі.
Үнтаспаға жазылған сұхбатты түгел қағаз бетіне түсіреді.
Алынған сұхбат бойынша студент сабақ үстінде презентация жасайды. Презентацияда сұхбаттың тақырыбы, мақсаты мен мазмұны таныстырылумен қатар, сұхбат берген кісі жайлы да толықтай мәлімет берілу керек.
Оқытушы және басқа студенттер тарапынан сұхбат мазмұны мен сұхбат тақырыбына қатысты сауалдарға жауап беріп, сұхбатты қорытындылайды.
Ең соңынан сұхбат берген кісіге жапондардың әдебі бойынша тағы да бір алғыс айтып хат жолдайды.
Осы орайда 3 курс студенттерінің бір тобы таңдаған сұхбат беруші кісілердің мысалын келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Олар:
Алматы қаласындағы жапон ресторанының басшысы
Факультетімізге Жапония Халықаралық байланыстар Қорынан жіберілген жапон тілі маманы
Студенттің өзінен скайп арқылы орыс тілін үйреніп жүрген Жапонияда тұратын жапондық студент
Алматы қаласында тағылымдамадан өтіп жүрген жапондық докторант.
Ал енді осыған байланысты студенттердің таңдаған тақырыптарына тоқталсақ, олар мынадай:
Қазақстандағы ресторан бизнесі
Жапон тілінде шектен тыс көп кірме сөздер мәселесі
Тіл үйренудің қыр-сыры
Жапон жастары мен қазақ жастарының ұқсастықтары мен айырмашылықтары.
Қай топтың студенттері болсын, бұл тапсырманы асқан қызығушылықпен, үлкен ықыласпен орындап, бұл тапсырмадан көп нәрсе үйренгендерін, тілдерін жаттықтыруда жақсы бір сабақ болғанын айтып өтті. Студенттер ғана емес, тіпті оқытушы үшін де қызықты тапсырма болғанын жасырмаймыз.
Аталмыш СӨЖ тапсырмасының студенттерге не беретінін саралап, зерделеп көрсек, төмендегідей жайттарды түйіндеуге болады:
Сұхбат алуға дейінгі дайындық, сұхбат алу, сұхбат алғаннан кейінгі қорытындылау жұмысы - осы үш деңгейлік процесс кезінде студент жазу, тыңдау, сөйлеу дағдылары бойынша белгілі бір дәрежеде жаттығудан өтеді.
Студент сұхбат берушінің келісімін не телефон арқылы ауызша, не хат арқылы жазбаша алуы мүмкін. Хат арқылы болған жағдайда, жауаптың жазбаша келетінін ескерсек, онда жазумен қоса оқу дағдысы да қамтылатыны белгілі.
Студенттің белгілі бір тақырып бойынша сөздік қоры молаяды. Сұхбатта қойылатын сұрақтарды дайындау, шын мәнінде сұхбат алу және оны үнтаспадан тыңдап, қағаз бетіне түсіру, сондай-ақ алынған сұхбатты сабақ кезінде презентациялап, қорытындылау барысында студент сол сөздерді сан мәрте қайталап, әбден бекітеді.
Сұхбат берушімен келісім жасау кезінде де, сұхбат алу кезінде де, сұхбатты қорытындылап, басқалардың сұрағына жауап беру кезінде де студент белгілі бір коммуникативтік қарым-қатынасқа түсіп, қандай да бір коммуникативтік дағдыларды шыңдайды.
Бұл тапсырма, сонымен қатар, студенттердің сол тілде презентация жасау шеберлігін арттыруына да бір мүмкіндік бола алады.
Native speakerлермен тікелей қарым-қатынас жасау студенттердің тіл үйренудегі мотивациясын көтеріп, үлкен бір стимул береді.
Студент өзі алған сұхбатынан бөлек басқа студенттердің де сұхбатын тыңдап, әртүрлі тақырыпты қозғаған сұхбаттар арқылы өзінің таным көкжиегін кеңейтеді.
Біз жоғарыда тіл үйрену сабақтарында адами ресурстарды, яғни, негізінен алғанда native speakerлерді қолданудың тәжірибеден өткен бір мысалын ғана келтірдік. Сондай-ақ, түрлі қызметтегі, түрлі әлеуметтік топтағы native speakerлерді белгілі бір уақыт аралығында сабаққа қонаққа шақырып, нақты бір тақырыпта студенттермен әңгіме-дүкен, пікірталас құрғызу (мұны скайп арқылы да жүзеге асыруға болады), native speakerлерден белгілі бір тақырыпта сауалнама алу, native speakerлерден қандай да бір тақырыпта бейне-сұхбат алу сынды өзге де жолдары бар екенін айта кеткіміз келеді. Бірақ, мұндай жағдайларда native speakerлерге көп күш түсетіндігін, олардың мүмкіндіктерімен санасу керектігін ескеруіміз қажет. Негізінен көп жағдайда native speakerлердің мұндай ұсыныстарды түсіністікпен қабылдап, қуана-қуана келісетінін және ықыластана орындайтынына сенімдіміз.
Достарыңызбен бөлісу: |