II. Әңгіме – бұл мүғалімнің материалды дәйектілікпен, бейнелі түрде, диалогпен үзбектемей, баяндап беруі, оның қолданылатын мақсаты мынандай:
1) оқушыларды өнер-табыстардың және физикалық заңдарды ашудың тарихымен аса көрнекті ғалымдар мен өнертапқыштардың өмірбаянын айтқанда;
2) ғылым мен техниканың жетістіктерімен және даму болашағымен таныстырған кезде;
3) оқып үйренілетін физикалық құбылыстармен заңдардың, приборлар мен техникалық құрылғылардың ғылымда, техникада қолданылуын оқып үйренгенде;
4) табиғат пен техникалық қондырғыларда бақыланатын құбылыстарды сипаттағанда.
Жоғарыда санап өтілген жағдайлардың алғашқы екеуінде әңгіме – материалды ауызша баяндаудың бірден-бір мүмкін болатын тәсілі. Бұл арада әңгімелесу әдісін қолдануға болмайды, өйткені оқушыларда әңгіменің өрісін кеңейтуге негіз боларлық білім қоры жоқ. Бұл жағдайда әңгіме әдісі оқушыларға оқып үйренілетін мәселе жөнінде тұтас түсінік беруге және оған ғылыми көпшілік әдебиеттен қосымша мәліметтер алуға ынталандырады. Одан кейінгі екі жағдайда әңгіме көбінесе әңгімелесу әдісімен ұштастырылады. Әңгімелесу үрдісінің барысында мұғалім оқушылардың сол мәселе бойынша не білетінін анықтайды. Одан кейін оқушылардағы бар білімдерді жүйеге келтіріп, мұғалім оларды өз әңгімесімен толықтырады әрі тереңдетеді. Әңгіме әдісін тәжірибе жасап, көрнекі құралдарды көрсетумен ұштастырып қолданады.
Әңгіме айқын, логикалық жағынан дәйекті, бейнелі, эмоциялы болуға тиіс. Баяндаудың дәйектілігі мен айқындығы ұқыпты ойластырған жоспар немесе конспект арқылы қамтамасыз етіледі, ал бейнелік пен эмоцияның елеулі дәрежеде мұғалімнің эрудициясына, оның сөз мәні мен сөйлесу өнерін қалай меңгергеніне байланысты, әңгіме барлық сыныптарда қолданылады.
III. Түсіндіру– бұл мұғалімнің курстың неғұрлым күрделі мәселелерін дәйектілікпен, қатаң логикалық тұрғыда баяндап беруі.
Түсіндіруге пайымдау, ой қорыту, дәлелдеу сияқты белгілер тән. Бұл әдісті дәлелдеу, түсіндіру, негіздеу қажет болғанда пайдаланылады. Оқушылардың оқып-үйренетін мәселе жөнінде мұғалімнің әңгімелесу әдісімен материалды баяндауына негіз боларлық жеткілікті білімдері мен байқап-бағдарлағандары жоқ жағдайда әдістің орны бөлек.
Физиканы оқытуда түсіндіру әдісін төменгідей оқу міндеттерін шешу кезінде қолданады:
1) физикалық құрал-жабдықтар мен машиналардың құрылысын және жұмыс істеу принциптерін оқып үйренген кезде;
2) физикалық құбылыстардың мәнін неғұрлым жалпы физикалық теориялар негізінде түсіндірген кезде;
3) денелердің физикалық қасиеттерін заттардың атомдық – молекулалық құрылысы туралы түсініктер мен электрондық теориялар негізінде ашқан кезде;
4) физикалық заңдардың мәнін оқып үйрену мен олардың арасындағы байланысты қарастырғанда;
5) физикалық құбылыстар мен заңдарға негізделген технологиялық процестердің мәнін оқып үйренген кезде;
6) физикалық теорияның мазмұнын айтып берген кезде.
Түсіндіруді көрнекілік құралдарын қолданумен қоса қабат жүргізілген жағдайда ғана, ол материалды оқушылардың терең де берік меңгеруін қамтамасыз етеді.
Түсіндіру үдерісінде мұғалімнің логика заңдарын сақтауы, әрбір жаңа мәселені айқын етіп қоюы, дәлелдерді қатаң логикалық дәйектілікпен баяндауы ерекше зор маңызға ие.
Түсіндіру көбінесе әңгімелесу әдісімен ұштастырылып отырады. Мұғалім оқушыларға өз пікірлерін айтып, өзінше түсінік беруді ұсынады. Ол оқушылардың зейінін аудару, ойлау барысында түсіндірілетін нәрсені қалай ұғатынын тексеру үшін оларға сұрақтар қояды.
IV. Дәріс. Дәріс әңгіме және түсіндірумен салыстырғанда баяндаудың үлкен ғылыми қатаңдығымен және едәуір ұзаққа созылатындығымен сипатталады. Әдетте ол тұтас сабаққа арнап мөлшерленеді. Дәріс әдісін негізінен жоғарғы сыныптарда қолдануға болады, өйткені ол оқушылардан ұзақ уақыт бойы тұрақты зейін қоюды, жоғары дәрежеде дамыған абстрактілі ойлауды, дәріс барысында негізгі идеяларды, қорытындыларды, заңдардың тұжырымдарын, формулаларды жазып отыру шеберлігін талап етеді.