Әзірет Әлі хақында
Төртінші дос – жар болған Алла шері Әли-дүр,
Миғражда бар болған Алла шері Әли-дүр.
Хақ әмірін жүргізді,
кәпірлерді кіргізді,
Ай дидарлы, нұр жүзді Алла шері Әли-дүр.
Көрген адам пір тұтар,
тек зікірді тіл тұтар,
Қолында бар – зұлпықар Алла шері Әли-дүр.
Мінсе дүлдүл – нұрлана,
жерге кірер зілзала,
Кәпірлерге мұң-нала Алла шері Әли-дүр.
Дұшпан ықты не күшті,
кәпірге ашты соғысты,
Оңға бұрған терісті Алла шері Әли-дүр.
Нығмет сенде, Бір мен Бар,
Төгем саған тілден зар,
Құл Қожа Ахмет білген жар – Алла шері Әли-дүр.
Опасыз фӘни
Опасыз фәни – бұл жалған
Жұтады жуан-жұқаны.
Малыңа сенбе құлданған,
Қурайдың ол бір бұтағы.
Қай жаққа кетті аттанып,
Пікір қыл, сонау көп халық?
Жетеді қуып ат-табыт,
Кигізіп жеңсіз лыпаны.
Аңдыма дүние қапысын,
Тірлік қыл Тәңір хақы үшін.
Жей гөрме жанның ақысын,
Қылкөпір ертең тұтады.
Ұл-қызың, досың жорықтас,
Ешбірі жебеп жарытпас.
Жігерлен, сілкін, ғаріп бас,
Ғұмырың желдей зытады.
Құл Қожа Ахмет, тағат қыл,
Ғұмырыңды қай жан санап тұр?
Топырақ пен судан жаратты –
Топырақ қайта жұтады.
ДӘріл бақиға Өту
Күн байқалмас Әзірейіл келіп қалған,
Ыстық тәннен әзиз жанды беру керек.
Бес-ақ күндік ғұмырыңды беріп қолдан,
Шара таппай ақыр бір күн өлу керек.
Ұлың-қызың жылар сонда еңіреп кіл,
Мүлкің қалар, малың тұрар мөңіреп тұл.
Дұшпандарың қуанысып жолы боп тұр,
Мойынсұнып сұлап түсіп көну керек.
Бар мұраң сол – аяқ пенен бастан байлап,
Ыстық суды құйып байқар шаштан жайлап,
Айналаңды алар сонда достар жайлап,
Алты кез-ақ бөзден кебін кию керек.
Жаназаңа үлкен-кіші тегіс келер,
Көрстанда көптен бөлек сен ішке енер –
Жетпіс жерде сұрақ сұрар періштелер,
Бір-біріндеп жауаптарын беру керек.
Ғимаратты мазарында підә-көптің
Түрлі-түрлі ғаламатты қиял еткін.
Лахат атты есігі бар қияметтің,
Саясаттық үйге барып ену керек.
Кіріп көрсең, бір сәуле жоқ – қараңғы ерек,
Толған қайғы. Жан табылмас алар дерек.
Сол сағатта кім қылады саған көмек? –
Қиямет таңы атқанша оған төзу керек!
Ақыры, сөйтіп, болған күні бар іс тәмәм,
Осы ісіңмен барсаң егер Дәрис-сәлам*,
Халал емес, жеген болсаң нәжіс-харам,
Дәл сол жерден жемісіңді теру керек.
Құл Қожа Ахмет, тоба қылғын өлмес бұрын,
Қызыл жүзің көрде жатып сембес бұрын,
Жылан, шаян көр ішіне енбес бұрын,
Қаза жетсе риза болып еру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |