Әзірет Әлі хақында
Төртінші дос – жар болған Алла шері Әли-дүр,
Миғражда бар болған Алла шері Әли-дүр.
Хақ әмірін жүргізді,
кәпірлерді кіргізді,
Ай дидарлы, нұр жүзді Алла шері Әли-дүр.
Көрген адам пір тұтар,
тек зікірді тіл тұтар,
Қолында бар – зұлпықар Алла шері Әли-дүр.
Мінсе дүлдүл – нұрлана,
жерге кірер зілзала,
Кәпірлерге мұң-нала Алла шері Әли-дүр.
Дұшпан ықты не күшті,
кәпірге ашты соғысты,
Оңға бұрған терісті Алла шері Әли-дүр.
Нығмет сенде, Бір мен Бар,
Төгем саған тілден зар,
Құл Қожа Ахмет білген жар – Алла шері Әли-дүр.
Опасыз фӘни
Опасыз фәни – бұл жалған
Жұтады жуан-жұқаны.
Малыңа сенбе құлданған,
Қурайдың ол бір бұтағы.
Қай жаққа кетті аттанып,
Пікір қыл, сонау көп халық?
Жетеді қуып ат-табыт,
Кигізіп жеңсіз лыпаны.
Аңдыма дүние қапысын,
Тірлік қыл Тәңір хақы үшін.
Жей гөрме жанның ақысын,
Қылкөпір ертең тұтады.
Ұл-қызың, досың жорықтас,
Ешбірі жебеп жарытпас.
Жігерлен, сілкін, ғаріп бас,
Ғұмырың желдей зытады.
Құл Қожа Ахмет, тағат қыл,
Ғұмырыңды қай жан санап тұр?
Топырақ пен судан жаратты –
Топырақ қайта жұтады.
Достарыңызбен бөлісу: |