Жасөспірімдер үйіндегі тәрбиеленушілерді әлеуметтендірудің ерекшеліктері



Дата26.02.2023
өлшемі17,93 Kb.
#170227
Байланысты:
Балтабаева Арайлым педагогика


Жасөспірімдер үйіндегі тәрбиеленушілерді әлеуметтендірудің ерекшеліктері
Балтабаева Арайлым Айдаровна
Baltabayevaarailym@gmail.com
Астана Халықаралық Университеті
Ғылыми жетекші – Қожаева Сәнім Қожаевна
Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға жасөспірімдер үйі жағдайында әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету тәжірибесінде, әлеуметтік психология теориясына кереғар, бірнеше елеулі қайшылықтарды атап көрсетуге болады. Олар:
· қазіргі заманғы Қазақстанда жетім балалардың көбеюі мен мұндай балаларды әлеуметтендірудің (өмірге бейімдеудің) нәтижелілігін қамтамасыз ететін оңтайлы жағдайлар мен амалдардың жеткіліксіздігі арасындағы қайшылықтар;
· жасөспірімдер үйінде тәрбиеленушілердің әлеуметтенуіне көмектесетін тиімді технологияларға деген мұқтаждық пен бұл саладағы әдістемелік әзірлемелердің аздығы аралығындағы қайшылық;
· жасөспірімдер үйі жағдайында жетім балаларды қолдау мен оларға жәрдемдесудің кешенді тәсілдерінің қажеттілігі және мұндай әдістемелік технологияның жеткіліксіздігінің арасындағы қайшылық; 
· жасөспірімдер үйіндегі жағдайдың ұйымдастырылуы мен балалармен жұмыс істейтін мамандардың әлеуметтендіру үдерісін қамтамасыз етуде ол жағдайларды тиімсіз пайдалану аралығындағы қайшылықтар (2). 
Толғағы жеткен осынау проблемалар зерттеу мәселелерінің маңыздылығын – балалар үйі жағдайында әлеуметтендіру, өмірге бейімдеу үдерісінде жетім балаларға қолдау көрсетудің психологиялық жағдайларды жетілдірілудің өзектілігін арттырады. 
Жалпы, «Жетім балаларды әлеуметтендіру» сөзінің мағынасын Қазақстандағы балалар үйі мен ондағы жетім балаларды әлеуметтендірудің жай-күйін сараптау арқылы түсіндіруге болады. Қоғамнан ауқымды орын алып отырған ең өзекті мәселелердің бірі – жетім балалар мәселесі. Олардың өмірге даярлық процесі тар шеңберде өтетіндіктен, бұл балалардың әлеуметтенуі де өзіндік ерекшелікке ие.
Жетім ұғымымен қатар кейінгі кезде «Әлеуметтік жетім» ұғымы қолданыста бар. “Әлеуметтік жетімдер” дегеніміз белгілі бір себептерге байланысты ата-аналары құқығынан айырылғандардың балалары және тастанды балалар. Әлеуметтік жетімдер балалардың ерекше категориясы. Олардың рухани және адамгершілік құндылықтары, тәртіп мәдениеті туралы түсініктері теріс, себебі олар толық жанұялық тәрбие көрмеген. Оларға тән қасиеттер: агрессия, алаңдаушылық, мінездегі жат қылықтар. Аталып отырған мәселе қоғамда кеңінен орын алуда, сондықтан да одан сырт айналу қажет емес. Бұл мәселе жөнінде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларды жүздеген мектеп-интернаттардың, балалар үйі мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекемелердің және т.б. ұйымдардың жұмысынан байқай аламыз. Жетім балалар мәселесіне байланысты қабылдаған бірқатар норматив-тік құжаттарда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың уақытша, түпкілікті отбасында тәрбиеленулері, рухани-адамгершілік, еңбек тұрғысынан жан-жақты дамуы, білім алуы және әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілуі қадағаланады (3).
ҚР интернаттық білім беруді ұйымдастыру тәртібі туралы ережесінде интернаттық ұйымдар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, жетім, панасыз балалар мәселесі көтерілген. Атап айтқанда онда «Интернаттық ұйымдар – белгілі бір категориядағы азаматтарға тұратын орын беріп, білім алу құқығына мемлекеттік кепілдікті қамтамасыз ететін орта, білім беру жүйесінің мекемелері» – деп анықтама беріледі. Бұл интернаттардың қазіргі кезде бес түрі бар: жалпы типті мектеп-интернат, яғни ол ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған және жетім балалардың, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылары, жалғыз басты аналар (әкелер) мен денсаулық жағдайы, еңбегі, өмір жағдайына байланысты қоғамдық тәрбиені қажет ететін ата-аналарының (олардың орнын ауыстырушылар) балаларына тұратын орын беріп, білім алу құқығына мемлекеттік кепілдікті қамтамасыз ететін орта, білім беру жүйесінің мекемесі; санаториялық типтегі мектеп-интернаттар, мұнда денсаулықтарына байланысты атап айтқанда, туберкулез-өкпе ауруына душар болған балалардың емделуі, оқуы, тәрбиесі қамтамасыз етіледі; девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернаттар, сот пен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөнінде комиссияның шешімімен балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік оңалту; жалпы білім беретін мектеп жанындағы интернат; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар – білім мен тәрбие алуда отбасы жағдайына жуықтайтын қолайлы жағдай жасап, мамандық таңдауға көмек көрсететін және оларды өз бетінше өмір сүруге дайындауды қамтамасыз ететін білім беру мекемелері.
Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, соңғы жылдары ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны қарқынды өсуде, әсіресе әлеуметтік жетімдер саны көбейіп келеді. Жетімдер үйіндегі балалардың 95%-ы әлеуметтік жетімдерді құрайды. Бұл мекемелерде балаларға бірдей талап қойылып, нәтижелері де бірдей болуы көзделуімен, әрқилы көрсеткіштерге ие. Сонымен қатар, көбіне белгілі бір жасқа дейін сол мекемелер көлемінде ғана қарым-қатынасқа түсетіндіктерінен қоғаммен бетпе-бет тікелей келгенде көпшілігі тығырыққа тіреледі. Олардың әлеуметтенулері де осы тұрғысынан ерекшеленеді.
Қазіргідей елімізде экономикалық жағдай жақсарып, елдің тұрмысы түзеле бастаған тұста бала мен отбасылық мүдделер ескеріліп, интернат типтес балалар үйлерінен басқа да қамқорлықтың баламалы түрлері көбейе бастады. Мысалы, патронаттық тәрбие. Патронат - ата-анасыз қалған баланы өз отбасына аламын деген адам мен мемлекеттік ұйым арасындағы келісім-шарт арқылы жүзеге асырылатын тәрбие формасы. Содан кейін патронаттық келісім-шарттарға көрсетілген уақыт бойында баланы патронаттық ата-анасы тәрбиелейді. Патронаттық тәрбие - балалар үйіндегі жетім балаларды әлеуметтендірудің және оларға отбасы жағдайында тәрбие берудің бірден-бір көзі. 
Жасөспірімдер үйіндегі тәрбиеленушілермен жұмыс жасау барысында мынадай шаралар ескерілу тиіс: жұмыс барысында қолданылатын педагогикалық бағыттың мазмұнын, түрін, тәсілдерін қамтамасыз етуді; жеке тұлғаға әсер ететін медициналық-психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік жағдайларды зерттеуді; балалар мен үлкендердің қарым-қатынастарының дұрыстығына бағытталған әлеуметтік педагогикалық іс-әрекеттілікті ұйымдастыруды; бұзақылық жасаған жасөспірімдерге көмек беруге, қайта қалпына келтіруге жағдай жасауды; әлеуметтік жетімдердің отбасы жағдайын анықтап, мүмкіндігінше жасөспірімдердің отбасына немесе балалар үйіне оралуына жағдай жасауды; деңгейінің жоғарылауына көмектесу, балалардың мүддесін қорғау олардың отбасымен, әр түрлі қоғамдық инстанцияларымен қарым-қатынасын ұйымдастыруды. Мұның барлығы әлеуметтік-педагогтың міндеті болып есептеледі.
Әлеуметтік педагогтың қызметінде әлеуметтік-тұрмыстық қызметте негізгі орын алады, олардың бойында шыншылдық, жанашырлық, адамгершілік пен мейірімділік, ұйымдастырушылық қасиеттер басым болған жағдайда жетім баланың әлеуметтенуіне қойылатын педагогикалық шарттардың орындалуы толық қамтамасыз етіледі.
Дегенмен, қоғамның дамуы әрбір тұлғаның бойындағы ізгі қасиеттерінің сапасына, әлеуметтенуі мен оның жалпы адамзаттық құндылықтарды игеру және қоғам игілігі үшін пайдалану қабілетіне байланысты болады.
Сондықтан, жас ұрпақты қоғамға әлеуметтендіру барысында олардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіре отырып, олардың ар-намысына тимеуге, абыройларын, ар-ождандарын құрметтеуге рухани-адамгершілік пен әдептілікке баулу, адамды сүйе, сыйлай, құрметтей, қадірлей білуге үйрету, қоғамның шынайы иесі болуға талаптандыру қажет. Балалар үйінде оларды әлеуметтендіру және тәрбиелеуде оның ең тиімді жолдарын, құралдары мен тәсілдерін саралауға ең алдымен ұстаздар мен тәрбиешілердің әрбір жас жеткіншек ұрпақтың жас мөлшерін, мінез-құлқын, тұлғалық қалыптасатын кезеңдерінің психологиялық ерекшеліктерін үнемі ескеріп, зерттеп отыруы әрбір ұстаздың, тәрбиешінің кәсіби міндеттеріне айналуы тиіс.
Соңғы жылдардағы көптеген әлеуметтік зерттеулер балалар үйіне орналасқан балалар мен бітірушілердің әлеуметтік бейімделуінің күрделі мәселелері барын көрсетті. Бұл мәселелерді шешу бүгінгі таңдағы кезек күттірмес міндеттердің бірі.
Сондықтан да педагогикалық тұрғыдан бұл мәселе қазіргі уақытта әр-түрлі себептермен отбасынсыз қалған, жетім балалардың қоғамға бейімделуі, әлеуметтенуі үшін өзекті болып саналады.
Біз өзіміздің жұмысымызда жасөспірімдер үйіндегі жетім балаларды әлеуметтендіру мәселесін жан-жақты қарастырдық, түбегейлі талдадық деген ойдан аулақпыз. Себебі мұндай күрделі, ауқымды мәселе бір ғылыми мақала көлемінде орын табуы мүмкін емес. Келешекте бұл мәселе жалғасын табады деп есептейміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Мәліметтер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтынан алынған.
2. Трудности социализации детей-сирот. // Ізденіс. – Алматы, 2008. - №1. - 314-317 бб.
3. Қазақстандағы жетім балаларды қамқорлыққа алу мәселелері: тарихы мен болжамы. // Ұлт тағылымы. – Алматы, 2008. - №4. - 21-25 бб.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет