ширығуын бәсеңдетуге тырысты. А.Ли газет редакцияларына жөнелткен
«Принциптер туралы декларацияда»: «шынайылығын өзім қосыла тексеруге
қуана-қуана келісетін материалдарды ғана жөнелтемін» делінген болатын.
Шамамен осы тұста А.Ли темір жол фирмаларының паблиситиімен, яғни
жағымды бейнесін жасаумен айналысты.
1904 жылы екі американ жоғары оқу орынында - Пенсильвания және
Висконсин университеттерінде жұртшылықпен байланыс жөніндегі бюролар
құрылды. Бұл кезеңде АҚШ Ақпарат агенттігі-қоғамдық ақпарат комитеті
жұртшылықты иландырудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолданған ғылым мен
тәжірибенің жаңа буын өкілдеріне қолдау көрсетті. Жас мамандар арасынан
австриялық көрнекті психолог З.Фрейдтің жиені, зерттеуші әрі практик
Э.Бернейзді атап өтуге болады. Әлеуметтік-психологиялық әдістерді қоғаммен
байланыста қолдану идеясы нақ осы Э.Бернейзге тиесілі. Міне, сондықтан да
жұртшылықпен қарым-қатынастың әлеуметтік қызметтің дербес түрі ретінде
өз алдына жеке отау тігуі Бернейздің есімімен байланыстырылады. А.Ли
сияқты Э.Бернейз де коммуникация нәтижесінде қалыптастырылып, қол
жеткізілген жұртшылық көзқарасы кез келген ұйымның қызметі үшін маңызды
екендігін атап көрсетті. 1919 жылы Бернейз танымдылықты басқару жөнінде
фирма құрды.
Бірінші
дүниежүзілік соғыстан кейін әлеуметтік коммуникативтік
технологияларды талдайтын туындылар дүниеге келді. 1923 жылы Э.Бернейз
жұртшылықпен байланыс жөніндегі алғашқы кітаптардың бірі – «Қоғамдық
пікірдің қалыптасуы» атты еңбегін жарыққа шығарды. Осы жылы А.Лидің
«Паблисити» атты кітабы шықты, мұның алдында американ социологиясының
классигі Уолтер Липпманның «Қоғамдық пікір» атты кітабы өмірге келген
болатын. У.Липпман бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікірді
қалыптастырудағы рөлін бағалап, билік пен корпорациялардың қоғамдық
пікірмен санасуы қажеттігін атап көрсетті. Ғалымдар мен практиктердің іс-
әрекеттері өз жемісін берді. 1927 жылы «Американ телефон энд телеграф»
фирмасының вице-президенті, В.Вильсонның бұрынғы кеңесшісі, белгілі
маман Артур Пейдж корпорациялардың әлеуметтік жауапкершілігі артқанын
атап өткен.
Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында халықаралық жұртшылықты
Америка Құрама Штаттарының жетістіктері жөнінде ұдайы хабардар ету,
сондай-ақ америкалық өмір салтын насихаттау мақсатымен АҚШ Ақпарат
агенттігі (USIA) құрылды. Тәуелсіз сыртқы саяси ұйым болып табылғанымен,
АҚШ президентіне тікелей бағынатын бұл ақпарат органын әлемде «Ғаламдық
баспасөз қызметі» деп атайды.
Германиядағы баспасөз қызметінің пайда болуы тарихы тереңде. Сонау
1816 жылдың өзінде Пруссия королі Август фон Хандербергтің сарайында
газет мақалаларына шолу жасап, түсініктеме беретін әдеби бюро жұмыс
істеген. Баспасөзді мемлекет мүдделеріне пайдалану үрдісі кейіннен неміс
мемлекеттігі отау тікен соң да жалғасын тапқан. ХІХ ғасырдың орта тұсында
билік құрған Пруссия королі Вильгельм IV әдеби кабинет құрған, кейіннен ол
журналистік іс орталық мекемесі немесе король мемлекеттік министрлігінің
әдеби бюросы деп аталған. Шынтуайтына келгенде баспасөз бюросы болып
табылған оған баспасөзді басқару міндеті жүктеліп, журналистердің ой-
пікірлері билік тұжырымдарынан алыс қонбауын қадағалап отыру
тапсырылған. Вильгельм I неміс императоры болып жарияланған тұстан шетел
істерінің баспасөз бөлімі (1871 жыл) құрылады. Осы бөлімді 22 жыл басқарған
Отто Харман есімі шығармашыл жандармен тіл табыса алған талантты тұлға
ретінде тарихқа енген. Ол өз төңірегіне билікке оң көзімен қараған бір топ
журналисті (қазіргі ұғымға сәйкес журналистік пул деп аталады) жинаған.
Жалпы, неміс мемлекеті император және оның сарайы төңірегінде, елдегі
оқиғалар жайлы жарияланған ақпаратқа өте мұқият қараған.
Зерттеушілер сондай-ақ Германияның мемлекеттік хатшысы, 1897 жылы
әскери-теңіз флотының ақпараттық бюросын құрған Альфред фон Тирпитцтің
есімін ерекше атайды. Тирпицтің күш-жігері арқасында әскери-теңіз флотының
жағымды бейнесі жасалып, оның нәтижесінде Германияның басқыншылық
соғыстарын ел халқы кеңінен қолдаған. Ал, еркін ой-пікірге, баспасөз
бостандығына тиым салынған Адольф Гитлер билігі тұсында кәсіби тұрғыдағы
баспасөз қызметі жөнінде сөз қозғау мүмкін емес еді. Бұл кезеңде халық
санасын улаумен, қолайлы бағытта өңдеумен айналысқан насихаттық
бөлімшелердің бағы жанған-ды.
Ұлыбритания үкіметі бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде қоғаммен
байланыс жұмысын жандандыра білді. 1918 жылдан бастап Король жанынан
баспасөз хатшысы қызметі ашылды. Кейіннен министрліктерде баспасөзбен
жұмыс істейтін өкілдер пайда болды. 1933 жылы Британияның Пошта
қызметінде PR-бөлім құрылып, алғашқы жылдары ол баспасөз қызметінінң
атқарымдарын, ақпараттық функцияларды орындайды. Екінші дүниежүзілік
соғыс
қарсаңында
журналистермен
жұмыс
істейтін
бөлімшелер
Ұлыбританияның көптеген мемлекеттік мекемелерінде, қарулы күштер
басшылығында құрылды.
Баспасөз қызметтері Еуропаның өзге елдерінде Екінші дүниежүзілік
соғыстан кейінгі кезеңде құрыла бастады. Баспасөзбен, ауқымдырақ алғанда
жұртшылықпен қарым-қатынастың Батыста (алдымен АҚШ-та, кейіннен
Еуропада) қоғамдық өмірдің дербес саласы ретінде қалыптасуының шоқтықты
кезеңі постиндустриялық қоғамның іргесі қаланған 1960 жылдармен тұспа-тұс
келеді. 1970 жылдары жұртшылықпен байланыс дербес мамандық, ал баспасөз
қызметінің теориясы мен тәжірибесі бөлек пән ретінде университеттер мен
колледждердің оқу бағдарламаларына енді, бұл қызметтер мемлекеттік
мемкемелерде, фирмалар мен компанияларда, үкіметтік емес ұйымдарда пайда
болды. Баспасөз хатшылары бар жекелеген «жұлдыздар» өнер аспанында
көріне бастады.
Ал, Қазақстан, Ресей және басқа жаңа тәуелсіз мемлекеттер кіретін
посткеңесітк кеңістікте билік органдарында, коммерциялық құрылымдарда
1990 жылдары баспасөзбен жұмыс жолға қойылды.
Достарыңызбен бөлісу: