Голощёкин Филипп Исаевич
1925 жыл Қазақстан халқы үшін саяси жаңалықтармен басталды. Қазақстан құрамына Сырдария және Жетісу облыстарының енуі, Орынбор қаласы мен губерниясының бөлініп шығуына байланысты республиканың әкімшілік құрылымына өзгерістер енгізілді. Ендігі уақытта Қазақ АКСР-і Адай уезі, Ақтөбе, Ақмола, Орал, Семей, Қостанай, Жетісу және Сырдария губернияларынан, Қарақалпақ автономиялық облысынан тұратын болды. Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің 1925 жылғы 9 ақпандағы шешімімен астана Орынбордан Ақмешітке көшірілді. Жаңа астанада 15—19 сәуір күндері өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі қазақ халқының тарихи есімінің патшалык билік тұсында бұрмаланып қырғыз» аталғанын ескеріп, халыққа өз атын қайтарды. Соған байланысты Қырғыз АКСР-і ендігі уақытта Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы аталатын болды. Республиканың жаңа астанасы Ақмешіт каласының аты (бұрынғы Перовск) Қызылорда болып өзгертілді.
Қазақ қоғамына алаш зиялыларының ықпалының артуынан қауіптенген орталық билік республикадағы саяси тәртіпті қатаң бақылауға алу жолына түсті. 1925 жылдың 29 мамырында И.В.Сталин партияның Қазақ Өлкелік Комитетінің бюро мүшелеріне «Ақ жол» газетінің саяси ұстанымына байланысты хатын жолдады. Онда И.Сталин өзінің «Ақ жол» газеті материалдарымен танысып, жарияланған материалдардың мазмұн жағынан шетелдерде жарық көріп жатқан Мұстафа Шоқай мақалаларымен сабақтас, жақын екенін айта келіп, мұндай сынға кеңестік басылымдарда орын берілуге тиіс емес деген тұжырымын білдіреді.
И.Сталин хатындағы екінші мәселе алаштық зиялылар жөнінде болды. Кеңестік басшы партияда жоқ ұлт зиялыларын саяси және идеологиялық қызметтерден біржола аластатуды ұсынды.
И.Сталин хатынан соң Қазақстандағы саяси билікке ұлттык кадрларды тек таптық тегіне қарап тарту кең етек алды. Сонымен бірге бұқара арасынан іріктелген қызметкерлердің өзін ұлттық сезімі мен ұстанымына байланысты жіктеу орын ала бастады.
1925 жылы жазда республика басшылығына Орталық Филипп Исаевич Голощекинді жіберді. Жергілікті жағдаймен танысып алған соң Ф.Голощекин И.Сталинге арнайы хат жолдап, онда ендігі уақытта басымдылық жалпыұлттық міндеттерге емес, қазақ ауылын кеңестендіруге, республика өмірінде коммунистердің үлес салмағын күрт арттыруға, басқару аппараттарын жергіліктендіруге, яғни қазақ бұқарасына қазақша қызмет жасауға, сондай-ақ «үлкен саясатқа» емес, қалың қазақ бұқарасаның күнделікті мұқтаждықтарын қанағаттандыруға берілмек екендігін тәптіштеп айтты. Ф.Голощекин ұсынған «Кіші Қазан» концепциясы осындай тұжырымдардан тұрды және ол И.Сталиннің толық қолдауын алды.
Қазақстандағы кеңестік мемлекеттік автономия қызметіне ұлттық сипат, мазмұн беруге күш салған саяси топ (С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, т.б.) Голощекин ұсынған «Кіші Қазан» бағдарламасын қазақ ауылында «азамат соғысын» тудыру әрекеті есебінде қабылдады. Қазақ қайраткерлері арасындағы келесі бір топ (О.Исаев, І.Құрамысов, Ғ.Тоғжанов, т.б.) ендігі уақытта басымдылықтың жалпыұлттық емес, таптық саяси мәселелерге берілгенін жөн санады. Республика өміріндегі саяси тартыс, негізінен, осы екі топтың арасында жүрді.
Ф.Голощекин бастаған саяси басшылық қазақ ауылын кеңестендіру жолында тұрған негізгі кедергі байлар табы деп түсінді. Сондықтан да 1926 жылы 20 мамырда «Жерге орналаспай жер пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы» заң қабылдап, байларды мал жайылымынан айыру шарасын осы жылдың маусым және шілде айларында бастап кетті.
Шабындық және егістік жерлерді кайта бөлуде бірқатар қиындықтар кезікті: жерді өлшеу даярлықсыз жүргізілді, болыстық атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерде бұл шараның мақсаты мен мәнін толық түсініп, оны ақырына дейін жеткізуге мүдделі қызметкерлер аса көп байқалмады.
«Кіші Қазан» бағдарламасы аясында шабындық және егістік жерлерді қайта бөлу арқылы қазақ ауылында тапаралық «майдан» ашудан үміттенген кеңестік басшылык бұл үміті ақталмаған соң, жаңа ауқымды да қауырт шараларды іске асыруды қолға алды.
Отырықшыландыру, қазақ байларын тәркілеу
1927 жылы ақпанда БОАК төралқасы көшпелі, жартылай көшпелі қазақтарды жерге орналастыру туралы шешім қабылдады. Голощекин Қазақстандағы егістікке жарамды жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыру мақсатын бірінші кезекке қоюға тырысты. Бұл Н.Нұрмақов, Ж.Сұлтанбеков сияқты қайраткерлердің заңды қарсылығын тудырды. Сол 1927 жылы қарашада өткен VI Жалпы- қазақтық партия конференциясы Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттарды жаппай жерге орналастыру қажеттігі жөнінде қаулы қабылдады. Ол қаулыны БОАК өзінің 1927 жылы 12 желтоқсандағы қаулысында толық мақұлдады. Соның нәтижесінде Қазақстан үкіметі 1928 жылы 4 наурызда «Қазақ АКСР-де жерге орналастыру тәртібі және жерді пайдалануды ретке келтіру туралы» арнайы қаулы кабылдады.
Бұл қаулыны іске асыру барысында басымдылық қоныс аударушыларға берілді. Ал көшпелі және жартылай көшпелі қазақ қожалықтарын отырықшы тұрмысқа аудару мынадай қарқында жүргізілді: 1930 жылы — 87 136, 1931 жылы — 77 508, 1932 жылы — 77 674 және 1933 жылы — 242 208 қожалықтар арнайы белгіленген жерлерге орналастырылды. Қазақ қожалықтарын жаппай отырықшы тұрмысқа аудару оларды мемлекет тарапынан материалдық және қаржылай қолдаусыз, құр науқаншылық шаралар арқылы жүргізілді.
Бұл зор ауқымды шараларды қауырт түрде іске асыру идеясы, авторларының көздеген басты мақсаттарының бірі — қоныс аударушыларға молырақ қазақ жерлерін босатып беру болды. БОАК-тың 1928 жылғы 29 наурыздағы қаулысында қазақтардың белгіленген мөлшерден артық жерлерін кесіп алу көрсетілді. Осылайша Кеңес үкіметі қазақ жерін отарлау ісіне жаңа қарқын берді. Бұдан кейін қабылданған шешімдер мен қаулылар патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатының қайта тіріліп, кеңестік заманда жаңа бағытта жүргенін байқатады.
1927 жылы желтоқсан айында тәркілеу туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды. Ал келесі 1928 жылы 27 тамызда «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» және 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» деп аталған екі қаулы қабылданды. 700 ірі шаруашылыктың мал-мүлкін тәркілеу белгіленді. Малмен қоса бау-бақша, ауыл шаруашылығы құралдары — соқа-сайман, арба, шана, тіптен күрке, жертөлелер де тәркілеуге жатқызылды. 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы көшірілді. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу олардың туыстарының колымен жүргізілді. Осылайша қазақтарды өзара араздастыру саясаты тереңдей түсті.
Достарыңызбен бөлісу: |