Голощекиннің Зеленскиді қоштауы
Ф.И. Голощекинді И.А. Зеленский қоштап: «Республикалардағы шаруашылықты тұйық шаруашылық жүйе сияқты құру бағыты тұтас алғандағы социалистік шаруашылықты өркендету көзқарасымен қарағанда зиянды және қауіпті, - деп дәлелдеді ол, - ...Тұйық шаруашылық идеясын жақтаушылар бізге таптық жағынан жау пиғылдағы элементтер болып табылады. Орта Азиядағы шаруашылықты дербес дамытудың идеологы — белгілі панисламдық қайраткер Мұстафа Шоқаев».[30].
С. Сәдуақасов өз кезегінде Ф. И. Голощекин мен И. А. Зеленскийдің дөрекі сипатта саясиландырылған ой-пікірлері мен айыптауларына қолда бар шикізат базаларында жаңа кәсіпорындарды тұрғызудың шаруашылық мүддесі жағынан дұрыстығы, теміржолдардағы қосалқы тасымалдарды жою қажеттігі туралы дәлелдерін қарсы қойды. Сәдуақасов «Өлке комитеті хатшысымен «теориялық айтыстың ұлт өкілі үшін үмітсіз іс екенін» мойындай отырып, Голощекин көзқарастарындағы «айқын келеңсіздіктерді» көрсетуден тайынбады. «Шаруашылықтың мүддесі жолындағы жөн-жоба өзі ұсынған топшылауын қолдайтынын» (кәсіпорындарды шикізат көздеріне жақынырақ орналастыру қажеттігі туралы) көрсете отырып, Сәдуақасов: «Голощекин өнеркәсіпті ауыл шаруашылығының артына апарып тіркемекші, сөйтіп, Қазақстанның мәңгі шаруа қамытын киген ел болуын қалайды» деп жазды. Экономикалық тиімді жайттарға сүйене отырып, ол мынадай сауал тастайды: «Голощекин жолдас жүн жуатын жерден неліктен әрі бара алмайды, дұрысы барғысы келмейді? Сол жерде шұға фабрикаларын ұйымдастыру ісі өзінен-өзі сұранып тұр. Жуылған жүнді апарып, одан соң сол жүннен жасалған «мәскеулік» шұғаны қайта әкеліп жүргенше, Қазақстаннан дайын шұғаны бірден алып кету теміржолдардың өзіне жақсы ғой».
И. А. Зеленскийдің әр республикада тұйық шаруашылық құру («айтуға да күлкілі») жөніндегі сыңаржақ бағыт бар (ұлтшылдарда деп оқыңыз) деген пікірін теріске шығара келе, С. Сәдуақасов өз қарсыластарына мынадай сұрақ қояды: «Орта Азиядан мақта тасымалдау - ол жақсы, ал ол жердей дайын тоқыма матаны әкетуді тұйық шаруашылық деп атау қандай қағидадан шыққан?» Өз пікірін ол былай деп тұжырымдайды: «Олай болмайды, Зеленский жолдас! Дәл сол шаруашылық мақсат көзқарасы бойынша өнеркәсіпті шикізат көздеріне жақындату қажет».
Ұлттық республикалардың өндіріс орындарын қолда бар шикізат базаларынан құруға ұмтылысы Орталық тарапынан да сыңға ұшырады. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы А.М. Рыков Кеңестердің Бүкілодақтық ЫВ съезінде былай деді: «Егер индустрияландыру дегеніміз әрбір әкімшілік бірлігінде индустрияны қайткен күнде де дамыту деген козқараста болсақ... біздің Одағымыздың кейбір бөліктерінде тұйық шаруашылық құруға ұмтылыс болса, біз өте көп және өте үлкен қателіктерге ұрынуымыз мүмкін».[32]. С. Сәдуақасов А.И. Рыковтың бұл сөздерін басқа губерниялармен, облыстармен және республикалармен салыстырғанда «өнеркәсібі жағынан немесе еш нәрсесі жоқ, әйтпесе қолда бары мүлде аз» ұлттық шет аймақтар үшін тән сипат деп баталады. Сондықтан да С. Сәдуақасов мынадай пікірде болды: «Рыков жолдастың ұлттық республикалардың өздерінде бар базаның негізінде әр түрлі кәсіпорындар құруға көмектесу жөніндегі өтініштерін тұйық шаруашылыққа ұмтылыс деп атауы - қате. Біздің ойымызша, индустриясы дамыған шаруашылықтың алғашқы қауымдық құрылыстан бірден-бір айырмашылығы — ол ешқашан тұйық болып қалмайды», ал «ұлттық шет аймақтар шикізат базасы болудан неғұрлым тезірек құтылса, соғұрлым Одақ бірлігі мен оның жеке бөліктері арасындағы өзара тәуелділік ұлғая түседі».
Тұтас алғанда, С. Сәдуақасов сол кездегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы жағдайын бағамдай отырып, мынадай қорытындыға келеді: «ХЫЫ парт съездің шет аймақтарды тек шикізат аудандарына айналдыруға ұмтылған патшалықтың және орыс буржуазиясының саясатын жою» [29]. туралы нұсқауы шет аймақтарда, атап айтқанда, Орта Азияда және Қазақстанда жеткіліксіз, немесе дұрысырақ айтсақ, мүлде жеткіліксіз денгейде жүзеге асырылуда».[33]. С. Сәдуақасов бұл жағдайдың басты себебі мынада деп білді: «Орталық органдар өз жұмысында ұлттық мәселе мәнін толық ескермеді. Өнеркәсіпті алдағы уақытта дамыту бесжылдығы шет аймақтар мұқтаждықтары ескерілмей жасалды».[34]. Сәдуақасовтың бұл тұжырымы әділ болатын әрі шындыққа сәйкес келді. Алғашқы бесжылдық (1928—1932 жылдар) жоспарын жасаудағы осы елеулі кемшілікті КСРО Халық шаруашылығының Жоғарғы Кеңесінің төрағасы В.В. Құйбышев та мойындады. Ол жекелеген аудандарды дамыту жөнінде бесжылдықта нақтылық пен айқындылықтың болмағаның атап өткен болатын. «Әрбір жеке ауданның болмыс-келбеті қандай болады — бұл сауалға бесжылдық нақты жауап бермеді».[35]. С. Сәдуақасовтың бесжылдық жоспардың «шет аймақтар мұқтаждығы ескерілмей жасалғаны» туралы тұжырымының әділ екендігін бұл жоспардың Орталықта ғана емес, сонымен бірге Қазақстанда да қалай жасалып, қалай бекітілгені жайлы мәліметтер айқындайды. Бұл туралы республиканың 20—30-жылдардағы индустриялық дамуындағы қиындықтарға байланысты жоғарыда айтылды.
Сонымен, 20-жылдардың екінші жартысында және 30-жылдардың басында Қазақстанды индустрияландыру жолдары туралы болған қызу пікірталаста Ф. И. Голощекин бастаған партиялық-кеңестік ұстаным жеңіске жетті және бұл Қазақстан өнер кәсібінің бүкіл кеңестік кезеңде шикізаттық бағыт-бағдарда болатындығын шешіп берді.
Достарыңызбен бөлісу: |