Синтаксистік қатынас туралы түсінік. Сөздердің арасында синтаксистік байланыс орын алған жерде синтаксистік қатынас та орын алады. Синтаксистік қатынас дегеніміз – синтаксистік байланыстың мазмұны. Байланыс орнаған жерде компоненттер арасында мағыналық қарым-қатынас та орнайды. Мысалы, тоғайға бару тіркесінде байланыс зат есім мен етістіктің арасында барыс септігі арқылы орнаған. Байланыс меңгерудің қатарына жатады. Бұл – байланыстың тұлғалық жағына қатысты ерекшеліктер. Енді осы байланыс арқылы пайда болған сөздердің қарым-қатынасына келсек, бағыныңқы басыңқыдағы қимылдың нақты бағытын білдірген. Бұл – байланыстың мағыналық жағы. Синтаксистік қатынас деп отырғанымыз да осы – байланыстың мағыналық жағы.
Сөйлемдегі сабақтаса байланысқан сөздер арасындағы синтаксистік қатынастар предикаттық қатынас және предикаттық емес қатынастар болып екіге бөлінеді. Предикаттық емес қатынастарға анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық және айқындауыштық қатынастар жатады.