2.Негізгі бөлім 2.1. М.ӘУЕЗОВТІҢ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ ТУРАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕРІНЕ ШОЛУ ЖАСАУ М.Әуезовтің әдебиеттану ғылымындағы көрнекті мұраларды терең зерттеп, шығу тарихына тоқталған еңбектері біршама. Жазушы Зар заман ақындарының шығуын ХІХ ғасырдың орта кезінен бері қарай, Исатай, Махамбет, Кенесарылар қозғалысынан кейінгі кезеңге жатқызады. Бұл кезеңмен Абылай заманының арасындағы тарихи байланыстарға лайық әдебиеттегі Кенесары жорығының артынан шыққан зар заман ақындарымен Абылай дәуіріндегі ақындардың арасынан сондайлық үзілмейтін жалғастық табады. Ол Абылай дәуіріндегі зар заман ақынын екі топқа бөледі: бірі – келер күннің жұмбағын шешіп беріп, елге өсиет айтатын қария, екіншісі – толғау айтқан жырау. Екеуінің де көпке айтар сөздері өлең күйінде айтылып, тақпақ, толғау болып келеді. Олар – елдің ақылшы кемеңгері, заман сыншысы, елді меңгерген хан мен бектің ақылшы уәзірі. Қауым тіршілігінде саяси салмағы зор ақындардың аузынан шыққан сөзі де қорғасындай ауыр, оқтай жұмыр өтімді болған.
Зар заман әдебиетіне М.Әуезов ХІХ ғасырда болған ақындардың бәрін де қосады. Махамбетті оның басы санап, аяғын Ы.Алтынсаринге тірейді. Аралықта нағыз зар заман әдебиеті ақындары ретінде мойындалған Шортанбай, Мұрат, екі ғасыр шекарасында өмір кешкен Нарманбет шығармаларына талдау береді. Айтыс ақындарынан осы топқа Шернияз, Досқожа, Күдеріқожа, тарихи жыр айтушылардан Нысанбай мен Ығылманды қоса қарастырады. Махамбеттің көтеріліс жалауын көтеріп, тар заманда елді күреске үгіттеген өлеңдерін талдау тұсында ғалым онда алдан күткен үміт, тілек барын, соған жетем деген екпін, жалын барын атайды.
Кітаптағы Шортанбай, Мұрат, Нарманбет шығармашылығына берілген баға – қазақ әдебиеттану ғылымындағы бұл ақындар жайлы алғашқы пікір. Олардың өлеңдерін Мұхтар Әуезов заман шындығымен салыстыра отырып байсалды талдаған. Шортанбай, Мұрат өлеңдеріндегі заманның бұзылу суреттерімен заман адамының кейпі, Мұрат көбірек жырлаған қазақтың жерінің алынуы, қоныс пен өрістің тарылу идеяларының көрінісі сөз болады. Ақындардың шындықты айта білу ерекшеліктеріне көңіл бөлінеді. Нарманбетті автор зар заманның ақырғы ақыны санайды. «Ол бұрынғы зарлы мұңның бәріне ақырғы күмбезді тұрғызып, әдебиеттің бір ғасырлық дәуірін осы жоқтаумен тындырады» дейді.
М.Әуезовтің әдебиеттану саласындағы еңбектері де сан алуан. Соның бір шоғыры ауыз әдебиеті мұраларына қатысты жазған ғылыми-зерттеу еңбектері. Ең алдымен фольклор ғылымының қыр-сырына жетік М.Әуезов қазақ халқының аса бай ауыз әдебиеті мұраларын ыждағаттылықпен жинап, баспасөз беттерінде жариялап, ғылыми тұрғыдан зерттеу саласында өлшеусіз еңбек етті. Осындай тұрғыдағы ұдайы ізденістер, ғұмыр бойғы жоғары оқу орындарының филология факультеттеріндегі ұзтаздық қызметтер, сабақ жүргізулер ғалымға ауыз әдебиетінің көптеген жанрлары туралы іргелі ғылыми жұмыстар жазуына, жүргізуіне мол мүмкіндер беріп отырды. Ауыз әдебиетін зерттеуді М.Әуезов шығармашылық өмірінің барлық кезеңінде жазушылық жұмысымен қатар алып жүрді десе де болғандай. Ғалымның 20-30 жылдардағы көптеген зерттеу мақалалары газет, журнал беттерінде үнемі жарияланып отырды. 1939 жылы Л.Соболевпен бірлесе отырып жазған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген көлемді еңбегі – ғалымның есімін Одақ көлеміне кеңінен мәшһүр етті. Бұл аталған еңбекте қазақ фольклорының барша жанрына ғылыми тұрғыдан сипаттама берілді.
М.Әуезовтің аса бағалы еңбектерінің бірі – қырғыз халқының атақты эпосы «Манас» жөніндегі монографиясы. Ғалым «Манас» жайындағы зерттеулерін де үздіксіз жүргізді, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары бастау алған ізденіс нәтижесінде ол елімізге ең танымал манастанушылардың қатарынан берік орын алды. Манастанушы маман жырдың шығу тегі, тақырыптары, көркемдік ерекшеліктері және жырды орындаушылар жайында терең де тиянақты ойлар айтты, яғни манастану ғылымын жаңа сатыға көтерді. Әйгілі жырдың халыққа танымал нұсқаларын талдап, танып, олардың тарихи-мәдени, көркемдік мәнін түсіндіруде М.Әуезов жасаған тұжырымдар манастану ғылымындағы шешуші роль атқарғаны тарихи шындық, болған ақиқат.
Әдебиетші ғалым қазақ халқының ғажайып ертегілерінің жанрлық сипатын кең түрде анықтап, оның ішкі түрлерін (қиял-ғажайып, хайуанаттар туралы, тұрмыс-салт ертегілері) жүйелеп талдады, бұл талдаулар әлі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Ол ертегінің қаншама ғасырлар бойғы ауызша айту дәстүрінің қазіргі таңдағы жазба прозаға да тигізетін әсері, игілікті ықпалы жайында бағалы пікірлер айтты. Соның бірін ғалым былайша сабақтайды: «Көркем поэзияға ауызша поэзия қаншалық бөгетсіз, сатысыз көп қор құйған болса, бүгінгі көркем прозаға да халықтың ауызша әңгімесі сондайлық жатық жолмен көп араласып, қабысып жатыр».
Мұхтар Әуезовтің артында қалған бай әдеби-ғылыми мұрасы - драматургтің, оның қаламгерлік қарымының, ой-арманы мен мақсат-мұратының биік мүдделері туралы сыр шертуге үлкен темірқазық. Әдебиетші-ғалымның өлмес туындылары ұлы суреткердің жеке басының зиялылығының, асқақ азаматтығының, қаламгердің шығармашылық қызметте де, өмірде де шексіз адал болуының жарқын өнегесі болып қала береді.