ӘЛЕМДІК УНИВЕРСИТЕТТЕРДЕГІ КРЕДИТТІК ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІ
Н.А.Асанов., Ж.Е. Бейсе, л-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университет,
Алматы, Қазақстан республикасы
Еуропа аймағындағы жоғары білімге қатысты біліктілікті тану туралы, Конвенцияны ратификациялау туралы Заңы кредиттік оқыту технологиясының ендірілуіне жол ашты. Кредиттік оқыту жүйесін ендіру және оқыту жүйесін жетілдіру әлемдік жоғары білім беру тәжірибесін, оның ішінде еуропалық аймақтағы жоғары білімге қатысты біліктіліктерді тану туралы Лиссабон Конвенциясы және Болон декларациясы сияқты материалдарды зерттеуді қажет етеді [1;66]. Қазақстанның Лиссабон Конвенциясына қол қоюы елімізді халықаралық бағдарламалар мен келісімдердің мүшесі етті. Болон процесіне қосылу еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде түбегейлі өзгерістер жасауға әкелді. Бұл заң арқылы қазақстандық білім берудің жаңа мүмкіндіктері ашылды:
адамдарға өздері қалаған жерде білім алу мүмкіндігін беру;
кез келген ұлттық білім беру жүйесімен сәйкес келуі;
жоғары білім берудің формалары мен бағдарламаларының барлық түрлерінде қолдануы (күндізгі, кешкі, қашықтықтан оқыту, сырттай);
халықаралық сынақ ауысымын жасау мүмкіндігі;
дипломдардың жалпыевропалық дипломдарға сәйкес келуі.
Болон үдерісінің мазмұны төмендегідей мақсаттардан тұрады:
жаппай қабылданатын және салыстыруға келетін ғылыми дәрежелер жүйесін бекіту;
айқын, ашық, салыстыруға келетін, дипломдарға қосымшалар (бітірушілердің еңбекке орналасуын қамтамасыз ету жоғары білім беру жүйесінің бәсекелестігін арттыру үшін) берілетін дәрежелердің жүйесін қолдану;
жоғары білім беру жүйесінің екі сатылы: базалық және дипломнан кейінгі жүйесін ендіру; бірінші сатыны аяқтаған соң алатын дәреже еуропаның еңбек рыногінде біліктіліктің жеткілікті деңгейі болып танылады;
студенттердің икемділігін арттыру құралы ретінде ECTS-тің аналогы болып табылатын кредиттер жүйесін қабылдау. Қабылдайтын оқу орны таныған жағдайда кредиттер жоғары білімнің барлық сатысында (үздіксіз білімді қоса) әрекет етеді;
икемділікті ынталандыру және студенттер мен оқытушылардың, зерттеушілер мен білім беру менеджерлерінің еркін ауысуына жағдай жасау;
салыстыруға келетін өлшемдер мен әдіснамаларды жасау мақсатында сапаны қамтамасыз ету (бақылау) саласында еуропалық ынтымақтастықты дамыту;
ЖОО басқаруда студенттердің рөлін арттыру, оқыту сапасын бақылауға студенттерді қатыстыру;
жоғары білімді, әсіресе, білім беру бағдарламаларын жобалау, ғылыми зерттеулер сияқты және т.б. салаларда еуропалық өлшеуді күшейту;
әлеуметтік ынтымақтастықты арттыру және ЖОО-ның оны күшейтуге жауаптылығы;
ғылым мен білім берудің ықпалдасуын күшейту;
Еуропаның әлемге ашықтығы, өмір бойы оқу мәселесіне көңіл бөлудің артуы.
Олай болса, Болон үдерісінің мақсаты – бітірушілердің еңбекке орналасу қабілеттілігін арттыру, азаматтардың икемділігін және еуропалық жоғары мектептің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін 2010 жылға дейін еуропалық білім беру кеңістігін құру болып табылады. Болон процесіне қатысушылар (1999 жылы 29 ел, 2003 жылдан бастап 40 ел) өз жоғары білім жүйелерін бірыңғай жалпыеуропалық стандартқа келтіруге міндеттеме алды. Білім беру саласының мамандары мен зерттеушілері бұл жобаға әртүрлі тұрғыдан қарайды: бірі толық жақтаса, енді бірі қарсы. Оның бір кемшілігі ретінде бүкіл білім беру жүйесін емес, тек жоғары білім жүйесін реформалауды ұсынатынын атайды. Жақтаушылар оның жақсы жақтары ретінде білім берудің бірыңғайлы болуын, бүкіл Еуропада танылатын білім туралы бірыңғай құжаттың болуын, студенттер мен оқытушылардың басқа ел және оқу орнына ауысуына мүмкіндік берілуі деп анықтаса, қарсылары өз білім жүйелерінің негіздерінен айрылып қаламыз деп қауіптенеді. Зерттеушілер Болон жобасындағы икемділік білімділер мен мамандардың басқа елге кетуіне жол ашуы мүмкін екендігін теріске шығармайды [2;69].
Болон декларациясының негізгі міндеттерінде айтылған мақсаттарға жету үшін оның тетіктері ретінде кредиттік жүйеге, еуропалық сынақ ауыстыру жүйесіне (ECTS) және жалпыеуропалық дипломдардың Қосымшасына ерекше мән беріледі. Бұл тетіктердің ұлттық және халықаралық деңгейлерде ендірілуі мен қолданылуы ашық жалпыеуропалық білім беру кеңістігін қалыптастырудың тиімді тәсілі болып табылады. Жоғары кәсіптік білім беру әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде білім берудің бағдарламаларын игеруді бағалаудың кредиттік жүйесін қолдануға негізделген.
Кредиттік оқыту жүйесінің дәстүрлі «сызықты» оқыту жүйесіне қарағанда ерекшеліктері:
– дәстүрлі жүйеде оқытудың мақсаты ақпарат пен нақты білім беру болса, жаңа жүйеде нақты білімнің негізінде білім алушының шешім қабылдай білу дағдыларын дамыту, яғни шығармашылық әрекет пен өздігінен танып-білуді және кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру;
– білім алушылардың оқу жоспарындағы пәндерді таңдаудағы көп еркіндігі, әр студенттің өз жеке оқу жоспарын жасауға тікелей өзі қатысуы, оқыту бағдарламасының икемділігі және таңдау курстарының көптігі;
– студенттердің оқытушыларды таңдаудағы еркіндігі;
– «студент-оқытушы» қарым-қатынасының «субъект-субъект» болып өзгеріп, оқытушының ұйымдастырушылық және қосалқы рөл атқаруы;
– пән таңдауда, оқу траекториясын таңдауда студенттерге көмектесетін академиялық консультанттардың енуі;
– оқу үдерісін ұйымдастыруда факультеттердің еркіндігі, оқу үдерісін қажетті әдістемелік материалдармен (баспа және электронды) қамтамасыз ету қажеттігі;
– әр студенттің эдвайзер көмегімен оқу пәндерін меңгеру үшін білім беру траекториясын таңдау арқылы оқытудың жекелендіруі;
– студенттің өздік жұмысының (СӨЖ) үлесінің артуы, оның оқытушы қатысуынсыз жүретін СӨЖ және оқытушы жетекшілігімен жүргізілетін студенттің өздік жұмысы (ОСӨЖ) болып бөлінуі;
– игерген білім сапасының емтиханда бағаланып, сынақтың болмауы;
– оқу мотивациясының артуы, шетелде оқу мүмкіндігі, алған білімді басқа елдегі оқу орнының академиялық мойындау кепілдігі;
– оқытуда интерактивті әдістердің кеңінен қолдану мүмкіндігі;
– білім деңгейінің нақтылығы, баға жүйесінде дәстүрлі бағалаудан өзгеше жинақталатын сынақтық жүйенің енгізілуі және дәстүрлі бағалау жүйесіне аудару механизмінің болуы, бағалаудағы ерекшеліктер жатады.
Оның басты ерекшелігі - әр пән бойынша студенттер мен оқытушылардың еңбегін бағалау үшін сынақ бірлігінің (немесе кредиттер жүйесінің) енгізілуі. Ал оқу пәндерін студенттердің меңгеруін бағалау үшін міндетті түрде балдық-рейтингтік жүйе қолданылады.
А.Чучалин мен О.Боев кредиттік жүйенің мәнін білім беру бағдарламаларының мазмұнын сандық бағалау жүйесі ретінде, ал рейтингтік жүйені оны игерудің сапасын сандық бағалау жүйесі ретінде түсіндіреді [3;70].
Кредиттік оқыту жүйесі – даралану, білім беру траекториясының таңдамалылығы және білім ауқымын кредиттер түрінде есепке алу негізінде өз бетінше білім алу және білімді шығармашылықпен игеру деңгейін арттыруға бағытталған білім беру жүйесі [3;73].
Кредиттік оқыту жүйесі сабақты жекелей жоспарлау негізінде өздігінен білім алудың және жекелендіру арқылы білімді шығармашылықпен игеру арқылы оқу үдерісін ұйымдастырудың ерекше тәсілі болып табылады. Ол әлемдік стандартқа сай білім беруді қамтамасыз етуге, барынша сапалы білім беру арқылы біліктілігі жоғары және еңбек нарығында бәсекелестікке төтеп бере алатын мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы кредиттік жүйенің ендірілуі әлемдік білім беру саласындағы беталыстарды ескеруді, шет елдердегі бұл жүйенің тәжірибесін зерттеуді және жинақтауды қажет етеді.
Зерттеу барысында кредиттік жүйенің әлемдегі білім беру кеңістігіндегі жай-күйін анықтау үшін танысқан еңбектерден Ресей, АҚШ пен Еуропа елдеріндегі білім беру жүйелерінің құрылымы, дәрежелері, деңгейлері мен оқу орындарының аталуы ғана емес, ондағы бағалау жүйелері, әр академиялық деңгейдегі студенттердің жинайтын кредиттерінің саны мен оқу апталары, оқу мерзімі жағынан да әртүрлі екендігі анықталды. Оқытудың кредиттік жүйелері қолданылатын елдерде бұл жүйе негізінен кредиттерді ауыстыру үшін, аз дәрежеде академиялық кредиттерді жинақтау үшін қолданылады. Еуроодаққа кіретін елдердің барлығында дерлік кредиттік жүйелер студенттердің оқу жүктемесіне негізделген ECTS-ке сәйкес келе алады, ал Испания мен Португалияда кредиттер аудиториялық сағаттарға негізделген.
Әртүрлі елдердегі аталған кредиттер жүйесі тек қана қолданысымен ғана емес, «кредит» ұғымының анықталуы және оған деген көзқарас жағынан да бір-бірінен айрықшаланады.
Кредиттік-сынақ жүйелері негізінен «кредит» ұғымы мен анықтамасын білім беру бағдарламасын немесе оның бөлігін игеруге кеткен еңбек шығынын бағалаудың бірлігі ретінде қарастырады.
Кредиттік-жинақтау жүйелері «кредитті» негізінен білім беру бағдарламаларын игерудің нәтижесін, яғни алған білім, білік және дағдыларды бағалау бірлігі ретінде анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |