Тақырыбы: Мәдениет тілі
Жоспар:
1.Мәдениет тілі белгілер жүйесі ретінде.
2.Мәдениет белгілер мен мағыналар әлемі ретінде
3.Сепира-Ворф гипотезасы
4.Мәдениеттің морфологиясы және анатомиясы: олардың мәдени конфигурацияны зерттеудегі рөлі
Мәдениет – бұл белгілер жүйесі (мәдениеттің семиотикалық қызметі). Бұл түсіндірме алдыңғы анықтамаға мазмұны жағынан жақын, бірақ кейбір ерекшеліктерімен ерекшеленеді. Белгілер мен мәндер мағынаға қарағанда оның рәміздік дәнекерлері болып табылады. Белгі деп басқа заттар туралы мәліметтерді сақтауға, қайта өндіруге және тасымалдауға арналған затты-дүниені айтуға болады. Белгілер жүйесі белгілі бір мәдениет қалыптарының материалды тасымалдаушы ретіндегі артефакттер мен шынайлықты ой жүйесі арқылы қайта өндіретін және құрайтын сана жүйесі (ментал) ортасында орналасады. Лесли Уайт адам баласының рәмізденуге деген қабілетіне тәуелді заттар мен құбылыстарды «символаттар» деп атайды.
Тіл – мәдениеттің мәйегі әрі мәдени аударылуды мүмкін етуші құрал. “Тіл дегеніміз не?” деген сұрақ басқа сұрақтардан гөрі ХХ ғасыр рухани жағдаятын анықтайтын сұрақ болған еді деп сенімді түрде айта аламыз. Бұл сұрақтың маңызы тіл мамандарының таза кәсіби қызығушылығының шегінен шығып тұр. Тілге деген түрлі көзқарастың қалыптасуы оны объективациялауға, яғни оны ізденіс пәні ретінде алуға деген талпыныстан туындаған. Бірақ әйгілі философ Л. Витгенштейннің драматизмге толы тәжірибесі көрсеткендей, тіл туралы сұрақтың тереңін ақыл-ойдың қарауына түгелдей сыйғызып жіберу мүмкін емес екен.Естеріңізге сала кетейік, “Логикалық-философиялық трактаттарында” Л. Витгенштейн кемел таза тіл іздестіріп, соның мүмкіншілігін негіздеген болатын. Сол шығармасының қатты сындар соққысында қалғанын көрген әрі өзінің де тілге деген көзқарастарын қайта саралауға мәжбүр болған ғалым “айтып жеткізілуі мүмкін емес дүние жайлы үндемеген жөн” деп, біраз уақытқа дейін үн-түнсіз жүрген кездері де болған. Кейінірек ол өзінің тілге деген бастапқы ұстанымын түбегейлі түрде өзгертіп, “таза” тіл іздеу орнына күнделікті пайдаланыстағы “тазартылмаған” тілді қарастыруға кірісті. Нәтижесінде, ол “еш қоспасыз стерильденген” таза тіл болмасына көзі жетіп, тіпті, тілішілік контексті ғана емес, сонымен бірге, тілден тысқары жатқан контекстіні де ескеру керектігін тұжырымдады. Ақыр аяғында, Л. Витгенштейн тілді пайдалану барысындағы мағына концепциясын туындатты.ХХ ғасырда тілді философиялық тұрғыдан жаппай зерттеу басталды деп жоғарыда айтқан едік. Сол зерттеулерді топтап, төмендегідей үш кезеңге бөліп, рет-ретімен тезистер арқылы былайша беруге болады:
1. Тіл – ойдың негізгі құралы. Сондықтан тілді оның логикалық мәніне сай пайдалану таным туралығын береді. Бұл түсінік – логикалық позитивизм жолындағылардың түсінігі.
2. Тіл – ойдан тысқары, трансценденталды әлем. Сондықтан тілді түсініксіз мағыналардан ажырату таза ойлауға әкелуі тиіс. Бұны феноменологиялық ұстаным дер едік.
3. Тіл ойдан бұрын болған құрылым, ендеше, тіл категориялары ой категорияларын анықтайды. Бұл жол – структурализм жолы. Тілдік таңба арқасында адамзаттың бүткіл тарихындағы тәжірибесі жоғалып кетпей, қоғамдық игілік түрінде әлеуметтік дамудың үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз етеді. Кез келген табиғи тіл – тарихи тұрғыдан қалыптасқан белгілік-таңбалық жүйе. Тілдей белгілік жүйеге өзінің мәдени мәнділігі жағынан басқа ешбір таңбалар тең келмейді. Тіл өте ыңғайлы әрі үнемді белгілер жүйесі. Сөйлегенде біз аса көп қуат жібермейміз, кейбіреулер, тіпті, одан рахат алады десе де болады. Үйреншікті тіліміз оңай, қарапайым болып көрінгенімен, ол өте көпқұрылымды, тарамдалған, иерархиялы, көпдеңгейлі белгілер жүйесі екендігін естен шығармау керек. Белгілер: табиғи, иконалық, конвенционалды, вербалды және т.б. болып бөлінеді. Белгілер жіктемесін ғалымдар түрліше беруі мүмкін, бірақ олардың барлығын осында келтіріп жату мүмкін де емес әрі біздің ондай алға қойған міндетіміз де жоқ.Табиғи белгілерге табиғаттың құбылыстары мен заттар жатады. Бірақ заттар әлде құбылыстар өздігінен белгі болып табылмайды, соны белгі деп қабылдайтын субъект үшін ғана ол белгі қызметін атқарады. Тарата айтар болсақ, ондай белгіні белгі-нышан десе де жөн, өйткені ол белгі басқа зат туралы қажетті ақпарат жеткізеді. Мысалы, түтін – жанып жатқан оттың нышаны; жүрек соғысы – тіршіліктің нышаны; дененің қызуының көтерілуі – науқастану нышаны; қалың қара бұлт – болар жаңбыр нышаны және т.с.с.
Достарыңызбен бөлісу: |