Негізгі бөлім 1.Ұлттық сана-ұлт тарихы Қазақ тұлғаларының ұғымында ұлттық сананың ұясы ұлттың тарихы.Қазақ ұлтының рухани дүниелерінің өзі көрсетіп отырғандай, тарихты білген ұрпақтың тәрбиесі күшті болады. Кез-келген нәрсеге ақылмен қарап, болашағына қатысты мәселені білімімен шешуге ерте бейімделеді. Тарих тағылымы арқылы жалған нәрселерге сене бермейтін, ақылмен ойлайтын жастар қалыптасады. Тарихын білген қоғамда, ел тарихының шындығын негіздейтін тұжырымдар бұрмалана бермейді, себебі тарихты білетін ұрпақ өз қоғамының дұрыс сыншысы. Жеке адамның өзіндік санасының интеллектуалдық қызметі, болмысы арқылы ұлттық сана деңгейіне өтуінің негізінде адам бойындағы рухани қасиеттердің қызметі мен күші жатыр. Мәселен, халыққа түрлі сала бойынша еңбегі сіңген қазақ тұлғалары халық тарапынан хан, батыр, би, шешен, ұлт ақыны деген атауға ие болған. Зиялыларды елдік, мемлекеттілік идеясына біріктіретін ұлттық сана. Сондықтанда, алаш зиялылары айтқандай елдің ел болуын, ұрпақтың ер болып өмір сүруін көздейтін мемлекеттер тарихты иманы дәрежесіне көтереді. Тарих өрісінен ұлттық болмысымыздың рухани негізіне айналған ұлттық сана құбылыстарын зерделеу қиын емес. Қазақ ұлтының ұлттық санасының тарих өрісіндегі құбылысы елдік, бірлік, ар-намыс, батырлық, ержүректілік, тектілік, кісілік, имандылық, адалдық, тазалық, намысшылдық, қамқорлық және ұлттық қасиетке терең болу. Қазақ қоғамының тарихи кеңістігінде ел болмысының рухани негіздеріне айналған ұлттық сана құбылыстары ең алдымен жеке адамның ерік жігерін қалыптастырып отырған. Табиғатпен етене араласқан қазақ халқы рухани өмірде елдікті, ұрпақтың ауызбіршілігін сақтайтын сапа-қасиеттерді қалыптастырып, кейінгі буынға жеткізуді мақсат еткен. Сезімталдықтың, дарындылықтың, даналықты қадірлеудің, зиялылардың жауапкершілігінің арқасында қазақ ұлты тарихи өмірдің күрделі оқиғаларына парасаттылық танытып, ерік жігерімен төтеп бере білетін ұрпақты қоғам алдына шығарған. Соның нәтижесінде қоғамның әлеуметтік құрылымы табиғи заңдылықпен дамып, елдің әлеуметтік жағдайын өзгертетін (күрделендіретін) құбылыстар қазақ қоғамының ішіне тұтастай ене алған жоқ.