“Жүрегімнің түбіне терең бойла…”
Абай Құнанбайұлы - тек қазақ елі ғана емес, бүкіл әлем мойындаған қазақтың бас ақыны. Ахмет Байтұрсынов айта кеткендей, Абайдан асқан бұрыңғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ. Абай-біздің баға жетпес байлығымыз.
Абай жастайынан білімге құштар болған. Осы құштарлығының арқасында биік асуларды бағындарған. Ерте жастан өлең жазып, ел ішіне араласқан. Өмір сүрген заманындағы би-болыстардың даңққұмарлығын, мансапқорлығын ,халыққа деген әділетсіздігін көріп, өз мұңын:
«Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» -
деген өлең жолдары арқылы жеткізген. Өз заманындағы биліктің әділетсіздігін көрген Абай болашаққа үлкен сенім артқан. Өзіңнің жүрегіңнің түбіне терей бойлай отырып, соқтықпалы, соқпақсыз өмірден сабақ алуды құптаған. Келер ұрпақтың жаман қасиеттерден аулақ болып, жақсы қасиеттерді бойына сіңіргенін,талабы биік, еңсесі жоғары, көкірегі ояу болғанын қалаған. Қазақ халқының білім-ғылымға құштар болғанын қалаған Абай Құнанбайұлы соған байланысты көптеген өлеңдер мен қара сөздер жазған. Соның бірі, “Ғылым таппай мақтанба” .
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің,өмірің алдында ,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек,өтірік,мақтаншақ,
Еріншек,бекер мал шашпақ -
Бес дұшпанын білсеңіз
Талап,еңбек ,терең ой,
Қанағат , рақым ойлап қой.
-деген ұлы ақын , әрбір адамға асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, бес асыл істің жолына өміріңді арнау керектігін айқын жеткізген. Өлеңнің “ Ғылым таппай мақтанба” деген атауынан-ақ, ақынның осы өмірде адамды мақтаншақтықтан қашық болып, адал еңбекпен , табандылықпен өз мақсатына жетуге жігерлендіргенін аңғаруға болады. Егер адам тынбай еңбек етіп, өз мақсатына жету үшін күрессе, осы дүниеде өз орнын табады деп астарлап баяндаған.
Абай Құнанбайұлының “Ғылым таппай мақтанба”, өлеңінен бөлек “Пайда ойлама , ар ойла” , “Әсемпаз болма әрнеге” , “ Жасымда ғылым бар деп ескермедім” , “Қыс” , “Жаз” , Күз” , “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін” , “Білімдіден шыққан сөз” , “ Жазғытұрым” , “Өзгеге, көңілім, тоярсың” , Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы “ және т.б. өлеңдері жетерлік. Әрбір өлеңі ерекше сарынмен, терең оймен қағаз бетіне түсірілген.
Өлеңдерінен бөлек адамның ойын түбегейлі өзгертетін 45 қара сөзі бар. Әрине, барлық қара сөзі мен үшін ерекше, алайда, өзіме қатты ұнайтыны он тоғызыншы қара сөзі. Бұл жерде:
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады.» деп жазылған.
Нақтырақ айтқанда, адам осы дүниеге шыр етіп келгенде есті болмайды. Тек өсе келе, бәрін көріп, естіп, ұстап көреді де, дүниедегі жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажырата алады. Өмірдегі жақсы нәрселерді көріп, оны дұрыс қабылдап, жаман нәрседен сақтанатын болса,сондай адамды адам десе болады. Ал егер жақсы нәрседерді түсінбей, оны түсінуге ұмтылмаса, жақсы адам болуға тырыспаса, ол адамға түсіндірудің қажеті не?! Сол үшін біз Абайдың әрбір шығармасынан үлгі-өнеге алып отыруымыз қажет. Абай Құнанбайұлының шығармалары алып мұхит секілді, терең түскен сайын, түбіндегі байлықты көріп, сезесің.
Қорыта келе,Мұхтар Әуезов айтқандай Абай Құнанбайұлы халық тарихының биік шыңына шыққан жалғыз шыққан тау ағашы сияқты. Ол өзін ғана емес,қазақ халқын да бүкіл әлемге паш еткен ақын. Қазақ халқының қараңғы заманда шырақ жаққан шамшырағы. Сол себептен, Абай Құнанбайұлының жолымен жүріп, үлгі - өнеге алу біздің міндеттеріміздің бірі деп білемін.