Ж.Аймауытов қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Қызылтау атырабында туған. Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан атақ-абыройлы, бай, ел арасында білікті кісілер екен. Жүсіпбек жастайынан арабша хат тану, оқу үйренген. 15-16 жасында Павлодарға барып, орысша-қазақша екі кластық мектепке түседі. Бір жағынан бала оқытып, қаражат табады.
1914 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданады. Оны 1918 жылы аяқтап шығады. 1911-1914 жылдары ауылда мұғалім болып істейді.
1919-1922 жылдары – Республика Халық ағарту комиссариатының алқа мүшесі, Семей губерниясы оқу бөлімінің бастығы, “Қазақ тілі” газетінің редакторы. “Еңбекші қазаққа” да басшылық жасайтын кезі осы тұс.
1922-1924 жылдары Қарқаралы өңірінде мұғалімдік қызметте болады. 1924-1926 жылдары “Ақ жол” газетінде әдеби қызметкер (Ташкент), 1926-1929 жылдары Шымкент педагогика техникумының директоры қызметтерін атқарады.
1929 жылғы басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде қамалып, 1931 жылы атылды.
Ж.Аймауытов өзінің қысқа ғұмырында артына аса бай әдеби, ғылыми мұра қалдырған жан. Оның “Қартқожа”, “Ақбілек” атты романдары мен повесть-пьесаларын қазір де жұрт қызыға оқиды.
Ж.Аймауытов өзінің қысқа ғұмырында атына аса бай әдеби, ғылыми мұра қалдырған жан. Оның “Қартқожа”, “Ақбілек” атты романдары мен повесть-пьесаларын қазір де жұрт қызыға оқиды. “Тәрбиеге жетекші” (1924 ж.), “Психология” (1926 ж.), “Жан жүйесі және өнер таңдау” (1926 ж.),т.б. ірі ғылыми еңбектері бар.