6. РАДИО –БИЗНЕС КӨЗІ
Радио – толыққанды бизнес көзі. Қазір негізінен барлық радиостанциялар жекеменшік объектісі және нарық заңдылықтарына бағынады. Яғни кез келген арна шығынсыз жұмыс істеуге жұмылған, өз қажеттерін толық өтеп еңбек етуге, өз өнімін сатуға бейімделген. Бәсекелестікке бейімделуіне қарай пайда да тауып жатыр.
Радионың табыс көздері: құрылтайшының инвестициялық қаражаты, жарнамадан және түрлі ақылы қызметтер көрсетуден түскен табыс. Негізгі шығын көздері: радиоүйін ұстау немесе жалға алу, техника мен жабдықтар сатып алу және солардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету, өндірістік шығындар, жалақы қоры және қаламақы, музыка сатып алу, авторлық құқықты өтеу, радиокүшейткіштердің тарату шығындары, инженерлік-техникалық қызметтер, көлік, байланыс, сақтандыру және салықтар.
Қазақстандағы жарнама нарығы туралы ашық та дәл, сенімді мағлұматтар жоқ. «Гэллап медиа Азияның» деректері бойынша, Қазақстанда радиожарнама нарығы 2001 және 2002 жылдары – 11,9 млн., 2003 жылы – 12,4 млн., 2004 жылы – 15,9 млн. Ал 2005 жылы – 3,5 млн. АҚШ долларына парапар болған. Яғни, жыл өткен сайын радиоэфирден тарайтын жарнаманың көлемі артып келеді. Радиожарнама Қазақстандағы барлық жарнама түрлерінің 5-7 пайыздық үлесіне ие. Эфирдегі бір минут жарнаманың орташа құны 100 АҚШ долларына жуықтайды екен. Бұл жарнама аз ба, көп пе? Әлемдік жарнама нарығымен салыстырғанда бұл өте аз. Қазақстанда жан басына шаққанда орташа жылына 12$-ға жарнама таратылады екен. Ресейде бұл көрсеткіш екі еседей жоғары. АҚШ-та жылына әр жанға 1000 доллар көлемінде жарнама тарайды. Еуропаның дамыған елдерінде бұл көрсеткіш шамамен 200 евро көлемінде екен.
Қоғамның жалпы даму тенденцияларына байланысты өмірімізде және экономикамызда болған үлкен өзгеріс – қайта құру бұқаралық ақпарат құралдарының мазмұны мен пішініне де елеулі әсер етті. Заман ағымына сай жеке кәсіпорындар мен фирмалардың көптеп ашылуы бұқаралық ақпарат құралдарына, соның ішінде радиоға жарнаманы әкелді. Алғашқы жарнама роликтерінің көп бөлігі алыс шетелдерден ұшып келеді.
Негізгі жарнама өндірісі елімізде кенжелеп қалып отыр. Әрине, мен бұл жерде мүлде дамымай қалды деуден аулақпын, осы бір жаңа істің Қазақстанда да берік кәсіпқойлары бар деп сенімді түрде айта аламыз. Радиожарнама 1992 жылдан бастап мемлекеттік емес радиоарналардың өмірге келуімен қатар аяғын тәй-тәй басып, енді ғана бойын тіктеп келеді.
Қазақстандағы мемлекеттік емес радиостансалар тәулік бойы қаншама жарнаманы әуе толқынына шығарады. Олар сағат сайын белгілі айдармен, мысалы, УНСФ радиосы – «Сунду – чок», «Торговый ряд», «Дастархан», «Радио 31» - «Супермаркет», «Радио Р»- «Торговый дом», «Автосалон» т.б. сынды жарнама топтамасын оқи отырып, жарнама роликтерін жүріп жатқан бағдарламаларды үзіп, ортасында, сондай – ақ, өлеңдер топтамасының аралығында жіберіп отырады.
|
1
|