Дәрістің жоспары:
Қоғамдық теледидардың қажеттілігі мен оның мүмкіншіліктері.
Қоғамдық телеарнаны қаржыландыру.
Қоғамдық теледидардың қажеттілігі мен оның мүмкіншіліктері туралы айтпас бұрын, ең алдымен «Қоғамдық теледидар деген не ?» осыған аздап сипаттама бере кетейін:
Қоғамдық теледидар – бұл қоғамның барлық мүдделерi, пiкiрлерi мен көзқарастары көрiнiс табатын және қоғамға маңызды проблемалар көтерiлетiн эфирлiк алаң. Бұл теледидар ешқандай да олигархтар мен мемлекеттiк құрылымдарға тәуелдi болмайды, себебi ол қоғамның қаржысына жұмыс iстегендiктен, қоғамның мүддесiне сай қызмет ететiн теледидар.
Қоғамдық телевизия тәуелсіз, өз бетімен жұмыс істейтін, бұқара халықтың ортақ ойын білдіретін, ұлттың болмысын, әдебиеті мен мәдениетін, өнері мен дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын насихаттайтын электронды құрал болса керек.
Әлемде қоғамдық телеарнаның 50-ге тарта түрi бар. Қоғамдық телеарна модельдерiнiң соншалықты көп болуы әрбiр елдiң өзiне тән ұлттық, саяси, тiптi әлеуметтiк жағдайына да тiкелей байланысты сияқты. Себебi түптiң түбiнде қоғамдық телеарнаның қызметiн билiктiң ұстамдылығы мен қоғамның қалтасы көтеруi тиiс. Десек те, ағылшындық «BBC» немесе жапондық «Эн-эйч-кей» сияқты қоғамдық телеарналардың басты ұқсастығы – мемлекеттiк бақылаудан тәуелсiздiгi. Мұндағы басты мәселе – қаржыландыру көзiнде болып отыр. Қоғамдық телеарнаны мемлекеттiк бюджет немесе саяси-қаржылық топтар емес, қоғамның өзi қаржыландырады. Өз кезегiнде бұл жәйт халықтың барынша шынайы ақпарат алуына мүмкiндiк бередi. Қоғамдық телеарнаның қай түрi Қазақстанға сай? Әлемдiк тәжiрибе не көрсетедi? Мен қоғамдық телеарнаның әлемге әйгiлi бiрнеше түрiне тоқталуды жөн көрдiм.
Ұлыбританияны қоғамдық телеарнаның Отаны десек, артық айтқандық емес. 1920 жылы лорд Джон Рейт «Би-Би-Си» (BBC) қоғамдық корпорациясының негiзiн қалап, оның концепциясын бекiткен болатын. Концепция үш мiндетке негiзделген — ақпараттандыру, хабарландыру және көңiл көтерту. Дәл осы қоғамдық телеарна Еуропаның өзге де елдерiне үлгi болып, қоғамдық телеарнаның классикалық моделiне айналды. Қазiргi таңда Ұлыбританияда «BBC»-дан тыс «Ай-ти-ви», «4 арна», «5 арна» сияқты қоғамдық телеарналар жұмыс iстесе де, «BBC» корпорациясы осы тектес телеарнаның нағыз классикалық түрiне жатады. Себебi аталған телеарналар өз күндерiн жарнама мен демеушiлiктiң арқасында көрiп жатқанға ұқсайды. Ал, «BBC»-дiң қаржыландыру жүйесi сәл басқаша.
Қоғамдық телеарна дегенде, басты назарға алатын мәселелер – заңнамалық жүйе, қаржы көзi, бақылау құралы және бағдарламалық саясат. Британияда қоғамдық телеарналарға негiзделген бiр емес, бiрнеше заң бар. «Хабар тарату жөнiндегi» соңғы заң 2003 жылы қабылданған. «BBC» телеарнасын қаржыландыру жүйесi де телеарна ашылғаннан берi қалыптасып келедi. Корпорацияның қаржы көзi – «лицензиялық төлемақы жинауға» негiзделген. Басқаша айтсақ, бұл «теледидарға салық» немесе абоненттiк төлемақы болып табылады. Ұлыбританияның әрбiр тұрғыны жыл сайын абоненттiк төлемақы төлеп тұруға тиiс. Масс-медианың дамуымен кейбiр сарапшылар бұндай төлемақының қаншалықты негiздi екендiгiн анықтауға тырысып, «теледидарға салық» түрiн алып тастау қажеттiгiн де айтып келедi. Бiрақ қазiрше әлемге әйгiлi телеарна негiзiнен абоненттiк төлемақыға жұмыс iстеуде. Екiншi жағынан, Британияның ең iрi телекорпорациясының қызметiне мемлекеттiң де ықпалы мүлдем жоқ деуге болмайды. Себебi телеарнаға бюджеттен де қаржы қарастырылған.
Негiзiнен әлемде қоғамдық телеарнаны қаржыландырудың бiрнеше түрi белгiлi. Олар – көрерменнен алынатын абоненттiк төлемақы, мемлекеттiк субсидиялар, демеушiлiк пен жарнамадан түсетiн қаражат, тағысын тағылары. Еуропа елдерiндегi қоғамдық телеарналардың ұлттық сипатына келсек, оларды да бiрнеше түрге бөлуге болады. Бiрiншiден, қоғамдық-құқықтық (Германияда) телеарналар. Екiншiден, қоғамдық-мемлекеттiк (Францияда) корпорациялар. Үшiншiден, «колонналар жүйесi» (Нидерланды). Төртiншiден, «солтүстiк бағыттағы», яғни, коммерциялық телеарналардың демеуiндегi қоғамдық арналар (Скандинав елдерi). Мұның iшiнде «BBC» телеарнасын қоғамдық телеарнаның британдық классикалық моделiне жатқызуға болады.
Қоғамдық телеарнаны бақылау жүйесiнде де өзiндiк ерекшелiктер бар. Ең басты ерекшелiгi — қоғамдық телеарнада қоғамдық кеңестiң жұмыс iстеуi. Бiр айта кетерлiгi, қоғамдық кеңес мәселесi БАҚ туралы және Телевидение туралы заңдардағы арнайы баптардың негiзiнде айшықталады.
Бүгiнгi таңда әлемдiк практикада 100 пайызға дейiн, яғни толыққанды қоғамның қаржысына жұмыс iстеп келе жатқан бiр ғана телеарна белгiлi. Ол – Жапонияның «Эн-эйч-кей» қоғамдық теле-радио корпорациясы. Ал, басым бөлiгiнде қоғам қаржысына шығып жатқан телеарналарға Норвегия (99%), Дания (91%), Германия (82%), Ұлыбританияның (80%) телеарналарын жатқызады. Шынайы ақпарат алу үшiн аталған елдердiң азаматтары абоненттiк төлемақы төлейдi немесе теледидарды сатып алған күннен бастап ай сайын арнайы лицензиялық төлемақы салып тұрады. Жетiспей тұрған қаржы демеушiлiктiң арқасында өндiрiлiп алынады екен: яки, онда жарнама аз болады немесе мүлдем болмайды, мемлекеттiк субсидиялар да берiлмейдi. Әрине, міне, осындай мысалдарды тізбектей беруге болады. Бірақ менің айтпағым бұл емес. Еліміз өзінің тәуелсіздігінің он сегізінші жылына аяқ басқан тұста қоғамдық телеарнаның қажеттілігіне көңіл аударып, оған қозғау салса артық болмас деймін. Осыдан үш-төрт жыл бұрын елімізде қоғамдық телеарна ұйымдастыру мәселесі сөз болғаны есімде. Тіпті біреулер «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы қоғамдық телеарнаға айналады екен деп те соқты. Осылай қоғамда біраз талас-тартыс туғызған бұл мәселе бірте-бірте өзінен өзі сөніп қалғандай болды. Мүмкін, ол кезде қоғамдық телеарна ашу әлі де ертерек пе, еді, кім білсін, әйтеуір дүр етті де басылып қалды. Ал, қазір оң солымызды танитын адам дәрежеге жеттік емес пе. Енді бір сәт осы мәселеге қайта айналып соқсақ, халық пікірін тыңдасақ, «қоғамдық телеарна қажет пе, жоқ па?» деген сұраққа ел болып жауап іздесек жөн болар еді
Баяндамамды қорытындылай кететін болсам, еліміздің теледидар жүйесі де бүгінде белгілі бір соқпаққа түсіп, өз жолын тапқан тәрізді. Сол себептен де еліміз үшін ұлттық деңгейдегі мықты бір қоғамдық телеарнаның болуы қажет-ақ. Жоғарыда келтірген мысалдарымыздың өзінен-ақ қоғамдық телеарнаның халық үшін қаншама қажет екенін аңғаруға болмай ма? Аты айтып тұрғандай бұл телеарна жұмысының барысы халық пен биліктің арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асыруға негізделетіні белгілі. Бірақ, қоғамдық телеарна әр мемлекетте әр түрлі сипатқа ие. Бар салмақ оның аталуында болғандықтан, негізгі бағыт қоғамның әр түрлі тап өкілдерімен ашық пікір алмасып, олардың сұраныстарынан шығу екені баршаға түсінікті болар. Кез келген қарапайым адамдар үшін қоғамдық телеарнаның мінбері қолжетім болары да сөзсіз. Себебі қоғамдық телеарнаның табиғаты да осыған бейімделген, ол халыққа ортақ телеарна.
Елімізде бір кездері көтерілген қоғамдық телеарна туралы мәселе жаңылыспасам оны қаржыландыруға және басқаруға келіп тірелгені белгілі. Менің ойымша, бұларды болашақта ретке келтіруге болады. Ең қажеті, қоғамдық телеарнаның тәуелсіз болып, халықпен тікелей қарым-қатынас орната білуінде деп түсінемін. Егер қоғамдық телеарна жайлы мәселе қайта көтеріле қалса, мемлекет осы жағына басымдық беріп, яғни болашақ телеарнаның ісіне араласпауы дұрыс дер едім. Есесіне, еліміздің Парламенті келешекте оның жұмысын реттеп, жөнге салуда шешуші рөлге ие болса құба-құп. Ол қоғамдық телеарнаға қажетті қаражат мөлшерін бекітіп немесе телеарнаның жыл сайынғы есебін тындап, телеарнадағы бағдарламалар мазмұнын бақылап әрі байытып, аудиторияның талап-тілегін орындауға әрі оны анықтауға жіті мән беріп отыратын болса онда бұл мәселені келешекте шешудің ешқандай қиындығы жоқ. Бірақ, әрине, мұның бір ұшы отандық «БАҚ туралы» заңға келіп тірелетіні рас. Яғни, қазір оған өзгертулер мен толықтырулар еңгізіліп жатқанынан хабардармыз. Егер кеш болмаса, қоғамдық телеарна туралы баптар осы заңда қарастырылса артық болмас еді.
Достарыңызбен бөлісу: |