Кенесары ханның тəуелсіздікке бағытталған күрес жолы Тарихшылардың белгілеуінше, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық күресі 1837 жылы басталған. Үлкен ағалары Саржан мен Есенгелді өлгеннен кейін ол Ақмола округіне келіп көтерілісті басқарған. Кенесары жасақтары патша əскеріне қарсы жоспарлы күресті 1838 жылдың көктемінен бастап жүргізді. Осы жылдың басында Кенесары Ақмола приказының аға сұлтаны, подполковник Қоңырқұлжа Құдаймендиннің жəне оның туыстарының ауылдарына шабуыл жасады. Шабуылдың нəтижесінде тек қана жылқыдан 12 мыңы айдап əкетілді. Қ.Құдаймендин Омбы облысының басқарушысы Талызиннен əскери көмек сұрауға мəжбүр болды [7; 236, 237].
1838 жылы мамыр айының 26-сы күні Кенесары-Наурызбай екеуі жасақтарымен Ақмола бекінісін талқандап, өртеп жіберді. Қамал бастығы əскери старшина Карбышев пен Ақмола аумағының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин төнген ажалдан құтылып кетті. Кенесары енді Торғайға бет бұрды. Кенесары Қасымов патша өкілдеріне жазған хаттарында бұл əрекетін Ресей шекараларына жақындауға ұмтылу, сол арқылы келіссөз процестерін жеңілдету деп түсіндірді. Шын мəнінде батырдың негізгі мақсаты 1836–1838 жылдары Исатай Тайманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болып өткен Кіші жүзді жалпыхалықтық көтеріліске қосу болды [8].
Ақмоланы талқандаған соң, Кенесары 1838–1839 жылдары жүйелі түрде приказдарға, бекеттерге жəне разъездерге шабуыл жасап, дұшпанның дайындалған жем-шөптерін жойып, қатынас жолдарын қиратып, партизандық күрес жүргізуді жалғастыра түсті. 1838–1839 жылдардағы көтеріліс кезінде Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы, Баянауыл округтері бойынша барлығы 80-ге жуық сұлтан көтеріліске қатысты [9].
Көрнекті тарихшы Е.Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20–40-жылдарында» атты мəшһүр монографиясының «Қоқанмен күрес. Торғай облысындағы көтеріліс» деген тарауында: «1840 жылдың соңында Орынбор өкімет орындарымен жасалған уақытша бітім бойынша Кенесары шекара шебіне қандай да болсын шабуыл жасауды тоқтатты. Бұл жағдай 1842 жылға дейін созылды. Əйтсе де, осы мерзім ішінде Сібір отрядтарымен жекелеген қарулы қақтығыс болып тұрған.
Бұл тыныстаудың Кенесары қозғалысының дамуына үлкен маңызы болды. Орта жүздегі көтеріліс əлі де болса шағын аймақты қамтиды жəне Кенесары ағасы Саржанның ісін тек анағұрлым батыл түрде жалғастырған еді. Торғай аймағында Кенесары Орта жүздің де, Кіші жүздің де қазақтарының азаттық қозғалысын басқарды. Қозғалыс аймағы бұрынғыдан əлдеқайда кеңейді, ал қозғалыстың өзі Орта жүз руларының бір бөлігінің ғана аумағы жағынан шектелген көтерілісі болудан қалды. 1840–1845 жылдардағы күрестің дамуының соның алдындағы кезеңдегіден екінші бір ерекшелігі — Кенесарының Қазақ хандығын қайта құруға деген талпынысы құпталып, оны халық хан көтерді» [7; 254], — деп жазады.
1841 жылы қыркүйекте Үш жүз қазақтарының өкілдері Кенесары Қасымұлын өздерінің ханы етіп сайлады. Уақытша болса да Қазақ хандығы қайта орнады. Патша үкіметі бұл жаңалықты үлкен үреймен қарсы алды.
Соңғы жылдары Кенесары Қасымұлының қай жерде хан көтерілгендігі жайлы тарихи оқиғаны біреу Ұлытауда, біреу Айыртауда, тағы біреулер Сарысу өзенінің бойында өтті деп жазып жүр.
Омбы жəне Қазақстан Орталық мемлекеттік мұрағаттарда 1841 жылдың 14 маусымында жазылған «Рубасы Көлебай Қоқановты қазақ руларының жиынында Кенесары Қасымұлының хан сайланғандығы туралы хабарламасы» атты құжат сақтаулы. Құжатта ол Ор бекінісінің коменданты, полковник Исаевқа Кенесары ауылдарының Ырғыз өзенінің жоғарғы ағысындағы Қарашатау деген жерде отырғандығын, сол жерге Кенесарыны хан көтеру үшін қазақтың көптеген руларының өкілдері жиналып, мəселені талқылап жатқандығын айтқан. Екінші бір құжатта «Кенесары қыркүйекте хан атағын алған соң Батыс Сібір əкімшілігіне қараған болыстарына да əмірін жүргізе бастады», — деп жазылған [10].
Хан болып сайланған Кенесары Қасымұлы ұлт-азаттық күресін сəтті дамыту үшін орталықтанған мемлекет құруға талпынды. Оның қоластында жақтаушы батыр, би жəне сұлтандардан тұратын жоғары кеңесуші орган болды, ал хандықты Кенесары өзіне адал жасауылдардың көмегімен басқарды. Олар құқықтық, шаруашылық, дипломатиялық, салық жəне де əскери мəселелермен айналысты. Сəтті жұмыс нəтижесінде [1]:
салық жинау тəртіпке келді;
егіншілікпен айналысу мүмкіндігі жасалды;
сауда-саттық саясаты өзгеріске ұшырады;
мемлекеттік құрылыс өзгертілді;
хандық кеңес құрылды;
мəмлегерлік қызмет ұйымдастырылды;
феодалдық талас-тартыс, ру аралық қақтығысқа тыйым салды;
соғысуға қабілетті жасақ ұйымдастырды;
тыңшылық қызмет енгізді.
Кенесары хан 1841 жылы күз айында қоқандықтардың едəуір күштері орналасқан Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Жүлек бекіністерін қоршап, оны өзіне қаратты.
1840-жылдардың басында Орынбор үкіметі тарапынан біраз кеңшіліктер орын алады, өйткені Орынбор губернаторы Перовский жанжалды бейбіт келіссөздер жолымен реттеуді мақұл көреді. Орынбор ұлықтары Кенесарыға патша атынан кешірім жасап, онымен келісімге келеді. Қазақ ханы біраз уақыт жортуыл-жорықты қойып, тыныш тірлікке көшеді. Бірақ Сібір əкімшілігі мұны қудалауын қоймайды. 1842 жылы ел Наурызды мейрамдап, қуанысып жатқанда, Кенесарының жоқ кезінде, жасауыл Сотниковтың жазалаушылары қаннен-қаперсіз ауылдың лаңын шығарып, сұлтанның бəйбішесі Күнімжанды балаларымен, туған-туысқандарымен тұтқындап алып кетеді. Бұл қарым-қатынасты қайта шиеленістіреді [11; 245].
Кенесары Сібір үкімет орындарына қарсы шығуға мəжбүр болды. 1843 жылдың бас кезінде ол Батыс Сібір генерал-губернатырлығының шекара тізбегіне шабуылын күшейтті. Ресейге дос жаппас, алшын руының сұлтаны Алтыбай Көбековтың ауылын шауып, өзін өлтірді. Сонымен қатар Кенесары Қоқан иелігіне де шабуылын қайта бастады.
Кенесарының осы шабуылдары уақытша келісімнің бұзылуына себепші болды. Патша отрядтарымен қарулы қақтығыстар қайта басталды [12].
Үш жүздің қазақтарының біріккен ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қатты алаңдатты. 1843 жылы 17 маусымда патша Николай І Кенесарыға қарсы кең көлемде соғыс жорығына рұқсат берді. Əскери старшина Лебедевтің 300 адамнан тұратын отряды алдыңғы соққы беретін күш болды. Кейін оның отряды 1500 адамға жетті.
Бұған қарамай, 1844 жылы шілдеде Кенесары Ахмет Жантөриннің отрядына шабуыл жасады. Осы жылдың тамыз айында Екатерининск бекетін қоршауға алған Кенесары қолы мылтық, пистолет сияқты көптеген олжаны қолға түсірді.
1844–1845 жылдары көтеріліс өрледі. Ханның əскеріне Сыр бойының, оңтүстік қазақтары қосылды. Кенесары өз əскерінің санын 20 мың адамға жеткізді. Кенесары табысы оның даңқын асырды. 1845 жылы онымен келіссөз жүргізу үшін патша үкіметі Долгов бастаған бір топ адамды жіберді. Кенесары оларды екі ай ұстап, Орынбор генерал-губернаторына хат жазып, оларды аттандырып жіберді. Ол хатында патша бекініс-қамалдарды бұзып, зорлықты тоқтатса, Ресейге бодан болуға əзірлігін білдірді [13].
Келіссөз сəтсіз аяқталғаннан соң Кене жасақтарын құрту, халық қозғалысын басу үшін Ор бекінісінен, Ұлытаудан, Тобыл өзенінен патша əскерінің үш тобы шықты. 1845 жылдың күзінде Орынбор жəне Сібір шептері арқылы қысымға алынған Кенесары Қасымұлы көтерілістің басты ошағы Торғай даласынан Сарысу мен Шу өңіріне көшті.
1846 жылдың басында Кенесары Балқаш көлі мен Іле өзені аймағына қоныс аударды. Осы жылы көктемде Қалғұты өзенінің бойындағы Қақпатас деген жерге келіп, қырғыздардың қонысына жақын қонған Кенесары қырғыз манаптары Орман мен Жантайға Сайдақ қожа, Есенгелді Саржанов бастаған елшісін аттандырды. «Тегіміз бір халықпыз, ортақ жауымызға бірлесіп қарсы тұралық» — деді. Кенесарының мұнысы ізгілікті қадам еді. Бірақ орысқа ант беріп, Қоқанмен ауыз жаласып алған Орман, Жантайлар Кенесарымен келісімге бармайтынын бірден айтты. Кенесары ұзын-ырғасы алты мəрте елші аттандырды [14].
Өкінішке орай, қырғыздар Кенесарының бірлікке ұмтылған бірде-бір қадамын қолдамады. Керісінше, Кенесарының басқан ізін орыс генералдарына жеткізіп отырды. Кене хан шарасыздықтан 1847 жылы қол бастап атқа қонды. Орыс пен Қоқанның көмегіне сүйенген қырғыз манаптары олардың алдына көлденең тұрды.