Кенжеғали Райгүл Ғиниятқызы Логопед Облыстық арнаулы №3 мектеп-интернаты Атырау қаласы



Дата25.12.2016
өлшемі117,26 Kb.
#4804
Кенжеғали Райгүл Ғиниятқызы

Логопед

Облыстық арнаулы №3 мектеп-интернаты

Атырау қаласы

Тұтығу- адам баласына ерте кезден таныс құбылыс.

Тілдегі кемістік туралы мәлімет Геродот, Аристотель,Демосфен еңбектерінде кездеседі.Тұтығу мәселесімен көптеген ғалымдар мен әр түрлі мамандар айналасып келген. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында тұтығу мәселелерінің ғылыми негізі қаланып, тұтығу теориясы өз бастауын сол ғылыми негізден алады деуге болады.Зерттеу және онымен күресудің болжамдары Европада,әсіресе,Францияда,Германияда,Ресей мен Австро-Венгрияда жасалды. Сол кездегі Берлинде кереңдер мектебінің директоры Гутцманның тұттықтарға зерттеу жасап, тұттығушыға психикалық ықпал жасау әдісін жүргізді.Психикалық ықпал дегеніміз-ол ең алдымен тұтығушы сәтті сөйлеген кезде оған дұрыс баға беру,сөйтіп оның өз күшіне деген сенімін арттыру,оны қоршаған адамдардың көзқарасын өзгерту.А.Гутцманның шәкірті,А.Лиебманн психикалық ықпал етумен бірге тіл жаттығуларын жиі пайдалана бастады.Ол тұтығушы балаға сөзді логопедпен бірге қайталап,сұраққа жауап бергізетін болған, бір әңгімені қайталап айтқызған.1909-1913ж.ж.Лиебманның шәкірті,психиатр Г.Д.Неткачев үлкен жұмыс жүргізіп,тұтығу ауру адамның өзіне ғана байланысты екенін айтыпты.Науқас бала өзін-өзі тәрбиелеп,өзінің ерік-күшін билей білсе ғана кеселді біраз жеңілдетуге болатынын айтты.

1921-1922 ж.ж.Мәскеу,Ленинград университеттерінде дефектологиялық факультеттері ашылып,тіл мүкістігінің барлық түрін зерттейтін орталықтар ашылып, ғылыми-практикалық жұмыстар Киевте, Ригада,Таллинде,Алматыда,Фрунзеде жүргізіле бастады.Олардың бәрі жұмыстарын Москвадағы орталықпен байланыстыра жүргізіп отырды.

Тұтықпа деген не?

Тұтықпа- сөйлеу аппаратының бұлшық еттерінің тырысу салдарынан сөздің жылдамдығы мен ырғағының бұзылуы.

Тырысу тек сөйлеу кезінде сөйлей бастағанда байқалады.Тырысу түрі бойынша клоникалық, тоникалық, аралас болады.Тырысудың клоникалық түрі сөйлеу аппаратының бұлшық еттерінің біркелкі қайталанып қысқаруымен сипатталады.Мұндайда тұтығушы әдетте дыбысты немесе буынды бірнеше рет қайталайды:м-м-машина.Сөйлеудегі тоникалық тырысу бірнеше топтағы бұлшық еттердің(мысалы, еріннің, тілдің, беттің) тонусының қатаюымен сипатталады.Тұтығушы сөйлеу кезінде ұзақ тоқтап, бөгеліп қалады: к---лем.Көбінесе тырысудың аралас түрі кездеседі: клонико-тоникалық түрі.

Тұтығу жеңіл, орташа, ауыр дәрежеде ажыратылады.Жеңіл тұтығу-сөзді тез айтып салуға ұмтылған кездегі жағдайда ғана пайда болады.Орташа- сабырлы және үйреншікті жағдайда тұтығу аз көрінеді.Ауыр- тұтығу ылғи көрінеді және айтушының қалпынан тәуелсіз,ілеспелі қимыл-қозғалыстармен байқалады.

Тұтығу ағыны әр-түрлі болуы мүмкін: үнемі, толқымалы,(үдейді немесе әлсірейді, бірақ жоғалмайды) немесе қайталанушы( жоғалып, тұтығу қайтадан пайда болады,яғни қайталану басталады, сөйлеудің мүдіріссіз бос кезеңнен кекештіктің қайталануы).

Тұтығу қандай себептерден пайда болады?Ата-аналардың басым көпшілігі бұл сұраққа: «Балам қорыққаннан кейін,үрейленуден соң тұтыға бастады»,-деп жауап береді.Ал кейбір ата-аналар тұтығудың алғашқы белгілері бала бір науқасқа шалдыққаннан кейін пайда болды дегенді айтады. Ата-аналардың басым көпшілігінің тұтығу баланың үрейленуінен,қорқуынан пайда болды дейтін себептері не? Шын мәнінде тұтығу негізінен нерв жүйесі әлсіз, сонымен бірге бір сырқатпен ауырып тұрған балаларда пайда болады.Жәбір-жапаны көп шеккен адамдардың да тұтығу кеселіне тап болуы мүмкін.Нерв жүйесі жетілмеген балалар да тұтығуға икемді келеді. Бір мысал келтірейік.Бастауыш сыныпта оқитын он шақты бала мектептен келе жатқанда алдарынан мас адам шығып,оларды қумақ болады.Балалардың бәрінің жүрегі ұша қорқады.Өзгелері аман.Бірақ ішінен бір бала ғана осыдан тұтықпаға шалдығады.Өйткені оның әлсіз нервісі үшін әлгі қорқудың өзі жеткілікті болды.

Тұтығуды тұқым қуалайды дегенді ғылым мойындамайды.Керісінше,бұл пікірді жоққа шығарады.Оған көпшілік жағдайда ата-аналары тұтық балалардың тұтығуға шалдықпайтыны дәлел бола алады.Алайда,кейбір отбасында ата-анасы тұтық балалардың оларға еліктеп тұтығуы мүмкін.Іс жүзінде ата-ананың тұтықпа ауруы балаға жұқпайды.

Тұтықпа-органикалық емес, функционалдық кесел.Демек,медицина тілімен айтқанда бұл оны емдеуге болады деген сөз.Дұрыс емдеу нәтижесінде мектеп жасына дейінгі балалардың 70 %-ы бұл кеселден біржолата құтылатынын, 20%-ы сөйлеу процесін бұрынғыдан гөрі жақсарта түсетінін,10%-ы ғана тұтығу кеселінен арыла алмайтынын айтуға болады.Тұтығудан біржола құтыла алмау, емнен нәтиже шықпауы- өзін-өзі сендіре алмаудан, емделуге оншалықты мән бермеуден деп білу керек.



Тұтығудың пайда болу жолдары.

Қорқу.Көпшілік баланың тұтығуы қорыққаннан кейін пайда болады.Ол күннің күркіреуі,кенет естілген автомобиль сигналы,иттің үруі, шыққан өрт, ұрыс-жанжал болуы мумкін.Бұл тұтығу түрліше өтеді. Кей жағдайда сөздегі мүдіріс бірден байқалса, енді бір жағдайларда бала мүлдем сөйлей алмауы мүмкін.Бұл жәйт бірнеше күнге дейін созылады. Осыдан кейін бала қайтадан сөйлей бастаған кезде тұтығу пайда болады.

Тіл дамуының кешеуілдеуі.Бұл жағдайда бала кейбір сөздерді үшке немесе бес жасқа келгенде ғана айта алатын болады. Әдетте бала бұл кезде емін еркін сөйлеп, бір сөзді ғана емес,бүтіндей сөз тіркесін айту дәрежесінде болуы керек.Тіл дамуының кешеуілдеуі баланың кеш сөйлеуінде ғана емес, сонымен бірге оның сөздік қорының аз болуында, дыбыстарды бұзып айтуында, сөздердің грамматикалық құрылысын бұзып сөйлеуінде. Ойлау қабілеті мен сөйлеу мүмкіншіліктерінің нашарлауы сөйтіп тұтығуға әкеп соқтырады.

Ұзақ уақыт психикалық жәйтті бастан кешіру. Отбасында немесе бала бақшада, мектепте бала әділетсіздікті басынан кешірсе қамығушылыққа ұшырайды. Баланың көзінше жанжал шығару, төбелесу, оны қорқыту, орынсыз маза бермеу де түбінде тұтығуға ұрындырады.

Эмоциялық салмақ түсіру.Ата-аналар балаларына жан-жақты тәрбие беру үшін оларды жиі-жиі киноға апарады, телевизордан бірнеше сағат бойына үзбей мультфильмдер, ертегі-ойындар көруге рұқсат етеді.Бала осылардың бәрінен шамадан тыс әсер алып, сол алған әсерлерін басқаларға тезірек жеткізуге тырысады. Сөйлеу үстінде қақалып, бір ойын айтып болмай жатып, екінші ойға көшеді.Осыдан кекештену, сақаулану пайда болады. Осы кекештену тұрақты тұтығуға айналып кетуі әбден мумкін.

Сөздік салмақ түсіру.Кейбір балалардың шамадан тыс сөйлейтіні және жақсы сөйлейтіні болады.Баланың бір өлеңді немесе ертегіні тез жаттап алып, өзгелерге айтып беріп жатады. Мұны ата-ана мақтаныш сезімге бөленіп, балаға үсті-үстіне күшіне сай емес өлеңдерді жаттата бастайды. Оларды туыстарына, келген қонақтарға айтқызып, баласына сөздік салмақ түсіреді. Бұл- үлкен қате.

Тұтығушылардың арасында көп болу. Мұндай жағдайда тұтығу еліктеу әсерінен пайда болуы мүмкін. Егер бала тұтықпа арасында көп уақыт болса, еліктеу әсерінің күшті болуы салдарынан кекештеніп сөйлеуге дағдылануы ғажап емес.

Жоғарыда аталған жайлардың бәрі бала өмірінде кездеседі. Алайда оларға кездескен, ұшырасқан балалардың барлығы бірдей тұтығуға шалдыға бермейді. Демек, бұларды тұтығудың себебі емес, жәй ғана дәлелі деп есептейді. Ең басты себеп- нерв жүйесінің бұзылуында.Сондықтан да бала логопедтен бұрын дәрігер-психоневролог,невропатолог мамандарының медициналық зерттеуінен өтіп,анамнездік мәліметтер жинап, төмендегідей емдеудің белгілі бір курсын белгілейді:

1. Нерв жүйке жүйесін нығайту;

2. Физиотерапиялық емдер;

3. Босаңсыту массаждары;

4. Дәрумендер(жалпы бала ағзасын шынықтыру).Ата-ана дәрігердің белгілеген ережелерін,нұсқауларын қалтқысыз орындап отыруға тиіс.Олай етпеген жағдайда тілдік бұзылуды комплексті емдеу мүмкін емес.Демек,емнен оң нәтиже шықпайды деген сөз.

Ал логопед баланың педагогикалық жағынан зерттеп, тұтығушы балалармен топтық сабақтар жүргізе бастайды.Топтар балалардың жасы мен сыныбына қарай құрылады .Барлық топтық сабақтар қиындату дәрежесіне қарай 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең-логопедпен бірігіп жаттап алған сөйлемдер,тақпақ-өлеңдер айтудан тұрады.Мәнерлеп оқу кеңінен пайдаланылады. Екінші кезең - суреттерді сұраққа жауап беру арқылы ауызша сипаттау, белгілі бір тақырыпта сериялы суреттерден шағын әңгіме құраудан және логопед оқып берген мәтіннің немесе ертегінің мазмұнын айтудан тұрады. Үшінші кезең- қорытынды кезең,балаларға күнделікті адамдармен сөйлесу кезінде, ойын барысында,сабақтарда, басқада өмірдегі жағдайларда созып, қалқыта сөйлеу дағдысын пайдалану мүмкіндігі беріледі.Балалар өз бетімен бастарынан өткерген қызықты жағдайларын, үйде болған жағдайларды,өздері құрастырған шығармашылық әңгімелерін айтып береді.

Топтағы сабақ аутотренинг-өзіне-өзі күш беру, сендіру :

«Мен жақсы сөйлеймін.

Мен асықпай сөйлеймін.

Менің тыныс алуым жақсы.

Менің қолымнан бәрі де келеді.» т.б. жаттығуларымен басталып, сөйлеу ережесі меңгертіледі:

-Әрқашан баяу,асықпай сөйле;

-Айтатын сөзді іштей қайталап, дауыстап айт;

-Сөйлеу кезінде ауаны дауысты дыбыстарға жұмсап,дауыссыз дыбыстарға күш түсірме;

-Ұзақ сөйлемдерді мағынасына қарай 3-4 сөзден бөліп, араларына үзіліс жасап аяқта;

-Деміңді ішіңе алғаннан кейін барып сөйлеуге кіріс;

-Дем шығару үстінде сөйле;

-Сөйлегенде иығыңды қозғалтпа.т.б.

Логопед балаларға осы ережелерді үнемі сабақта пайдаланып отыруға дағдыландырады.

Әдетте топтағы сабақ тыныс алу жаттығуларын орындаудан басталады.Сөйлеген кезде қалай дем алу керектігін логопед айтып түсіндіреді.Мысал ретінде 4 «а» сыныбында өткен (Мәди Н.және Дүйсенбай Б.) «Мәтінмен жұмыс» сабағында диафрагмальдық тыныс алу жаттығулары қолданылды.Бұл:-Мұрынмен дем алып,мұрыннан шығару,мұрынмен дем алып,ауыздан шығару т.б. осындай жаттығулардан басқа, әннің әуенін дауысты а,о,у,и дыбыстармен айту дауыс жаттығуы жасалды.Бұндай жаттығу алған тынысты бір жолға жеткізуге жаттықтырады.

Әдемі де дұрыс сөйлеудің басты кепілі-дыбысты анық әрі айқын шығару.Тұтық балалардың сөйлеген кездегі басты кемшіліктері-тістің арасынан сөйлейтіндіктері. Олар ауыздарын толық ашпай, сөзді жұмарлап, жұтып қояды.Бұл кемшілікті түзету үшін артикуляциялық гимнастика жаттығулары қолданылады.

-«Түтікше»;

-«Сағат»;

-«Тіс тазалау»;

-«Аттар» т.б.

Әдетте дауысты дыбыстан басталған сөздерді айтып жаттыққан кезде балалардың басым көпшілігі тұтықпайды.Дауыссыз дыбыстан басталатын сөздерді айту қиындық келтіреді.Сондықтан сөйлеу ережесін басшылыққа ала отырып,сөздегі екпінді дауысты дыбысқа түсіріп,ырғақпен сөйлеуге дағдыланады.Бұл жерде жаңылтпаштар,тақпақтар,өтірік өлеңдер қолдануға болады.Мысалы:Үш қыш-қа ұш-қыш үш құс қон-ды.Бала бүтін сөзді толық айтуға дағдылануға тиіс. Ал жеке сөзді бөліп айтатын болса тұтығу сирек болады.

Сонымен бірге баланың сөздерді орнымен айтуына, мәнерлеп сөйлеуіне ерекше мән беру керек.Сөзбен жұмыс істеген кезде әр түрлі сөздіктердің атқаратын мәні зор.Егер бастауыш сынып оқушыларына орфографиялық сөздік жететін болса, жоғарғы сынып оқушылары үшін түсіндірме сөздіктер өте қажет.Сөздіктерді ұдайы пайдалану-баланың сөздік қорын байытады,сөздерді дұрыс пайдалануына мүмкіндік береді.

Сабақтың келесі кезеңі- «Сөз ойыны». Сабақтарда жиі қолданылатын ойын. Бір оқушы бір дыбысты атайды,қалған балалар осы дыбыстан басталатын сөздерді атауға тиіс. Мысалы,арба, алма, алша,аспан т.с.с. Көбіне дауысты дыбыс таңдалады,өйткені тұтықпа бала дауысты дыбыстарды айтуға онша қиналмайды. Ойынды біраздан кейін күрделендіруге болады. Мысалы, белгілі бір әріптен басталатын сөздерді тақырыптық етіп, яғни аңдар, киім-кешек, жеміс-жидек деген сияқты етіп алуға да болады. Ойын-тілдік кешеуілдеуден,тұтығудан құтылуға көмектесетін шаралардың бірі.Ойындардың жақсылығы сол-олар балалардың көңіл-күйін тез көтереді,ізденімпаздығын,тапқырлығын,ойлау қабілетін арттырады.Ал сөйлеммен жұмыс жасауға кіріспес бұрын логопед сөйлеу ережесін басшылыққа алуды ұмытпаған жөн. Яғни бала: үш –төрт сөзден тұратын қысқа сөйлемдерді толық бір дем ішінде айтуға тырысуы керек, ұзын сөйлемдерді 3-4 сөзден бөліп,тыныс алып алу.Сөйлеу барысында тыныс алудың,үзіліс жасаудың мәні орасан зор. Үзіліс жасаған кезде бала тыныс алады, сонымен бірге тілдік аппарат та дем алады.Үзіліс неғұрлым дұрыс әрі дер кезінде жасалса,солғұрлым бала шаршамайтын болады. Сөйлемнің аяғын жеп қоймай, толық айтуға мүмкіндік туады.Үзіліс тілді анық,түсінікті әрі мәнерлі етіп жеткізуге көмектеседі.Сөйлеммен жұмысқа көбіне пайдаланылатын жаттығулар-мақал-мәтелдер,өтірік өлеңдер,ертегілер,шағын әңгімелер.

Кей кездерде біраз мұғалімдердің қатты және ауыр тұтығатын балалардан сабақты бәрінің соңынан және жазбаша түрде сұрайтыны бар.Мұны екі түрлі жағдайда:белгіленген жоспарды орындап үлгеру үшін, тұтығушы оқушыны аяғандықтан істейді.Оқушыны тақтаға шақырып,оның тезірек жауап беруін талап ететін,баланың ерекшелігін,кеселін ескере бермейтін,сөйлемей тұрғаны сабақ білмегендіктен деп ойлап,оған қанағаттанарлықсыз баға қоятын мұғалімдер де кездеседі.Оқушылар өздеріне бірдей талап қойылатынын жақсы түсінеді.Сондықтан тұтығушы баланы кемітіп,одан сабақты ұдайы ең артынан әрі жазбаша түрде сұрау-бала психикасын бұзады.Ол өзін өзгелерден кеммін деген пікірге келеді.Ал бұл пікірді уақытында түзетпесе,бала осы ойынан арыла алмайтын жағдайға тап болады.



Тұтықпа балаға ата-ананың ықпалы.

Ата-ана баланы логопедтің көмегіне жүгіндірер алдында, үй режимін дұрыс ұйымдастыруы керек. Баланың үй режимін дұрыс та ұқыпты ұйымдастыру-оны тұтығудан сәтті емдеудің басты шарты болып табылады.

Үй режимі дегеніміз- баланың оқуы, демалысы, ұйқысы, тамақтануы.Мұның барлығы баланың нерв жүйесін сауықтыруға бағытталады. Сонымен қатар, тұтығушы баланың спортпен айналысқаны жөн. Негізінен суда жүзу, шаңғы және коньки тебу сияқты спорт түрлері пайдалы.Спорттың бұл түрлері дұрыс қозғалысты қалыптастырып, тыныс алу жолдарын реттейді, бірақ жарыстарға қатысуға болмайды. Өйткені, спорт жарысы эмоциялық қозуға әкеп соқтырады,нерв жүйесін шаршатады. Сонымен қатар,ән-би,хор үйірмесіне қатынастырған да пайдалы.Ата-ана осы шараларды ұйымдастырып,балаға жағдай туғызуымен бірге логопедтің ең жақын көмекшісі бола білуі керек.Олар баланың үйге берген тапсырмаларын орындатып,баламен жұмыс істеуге байланысты ақыл-кеңестерді орындауы қажет.Бұл:

1. Тілдік жаттығуларды бірге орындау.

2. Баланың үй тапсырмасын орындауын бақылау.

3. Хормен айтылатын жаттығуларға қатынасу.

4. Тапсырмаларды дер кезінде орындауын қадағалау.

5. Баланың үнемі бір мезгілде тамақтануына жағдай жасау.

6. Балаға күн сайын далада таза ауада дем алғызу.

7. Балаға ұйықтар алдында қорқынышты әңгіме айтпау, фильмдер көрсетпеу.т.б.

Бұл шараларды орындамас бұрын ата-ана баламен бірге сабаққа қатысып отыруы керек.Өйткені,жүргізілетін жұмыстың мәнін түсінбейінше баланың үйдегі жаттығуларды жасауына көмектесу мүмкін емес.Логопедтің бала тілінен тапқан,көрсеткен кемшіліктердің үйде жөндеуді дағдыға айналдыру керек. Ата-ана баланың бір сәт те болса сәтті,тұтықпай сөйлегенін үнемі мақтап,ынталандырып ,жетістіктерін баса көрсетіп отырса, ол баланың өзіне деген сенімін арттырады.

Әдетте тұтығатын балалардың сөздік қоры аз болады,олар сөйлескен кезде қажет сөзді таба алмай қиналып қалады.Содан барып тұтық бала сөйлегенде көптеген қыстырма сөздерді пайдалануды әдетке айналдырады.Мұндай жағдайда ата-ана қажетті сөздерді тез айтып жіберуді дағдыға айналдырғаны дұрыс.



Қоғамдық орындардағы адамдармен қарым-қатынас ережелері.

Тұтығудың өзі қоғамдық жерлерде,адамдармен қарым-қатынаста пайда болатыны,тіпті одан әрі күшейе түсетіні белгілі.Адамдармен сөйлесуден үрейленгенде тұтықпа бала ерік күшін билей алмай, сенімсіздікке бой алдыратыны белгілі. Сондықтан мұндай жағдайлардың орын алмауына төмендегі ережелер тұтықпа балаға көмектесері сөзсіз, бұл ережелерді орындау,есте ұстау-тұтықпа баланың міндеті:

-әңгімелескен кезде сөйлесіп тұрған адамның бетіне тура қара;

-әрқашан баяу,асықпай-саспай сөйлеу есіңде болсын;

-сөйлесіп тұрғанда еңкейме,басыңды салбыратпа,артық қозғалыс жасама,денеңді тік ұста;

-жауап беруге асықпа,алдымен айтатын сөзіңді іштей қайталап ал;

-сөйлер алдында деміңді ішіңе қарай алып ал, сосын бірден сөйлей баста.

Осы ережелерді еске сақтап,үнемі пайдаланып отырса,адамдармен сөйлесуде ешқандай қиындық болмайтыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда,тұтығудан құтылудың жолдары көп.Ол үшін тек тыңғылықты әрі ұзақ уақыт жұмыс істеу керек. Ата-ана,мұғалім, логопед және бала бәрі бірлесе жұмыс істегенде ғана ауыр кеселден құтылуға болады.Кейде тұтығудан бала толық жазылып кете алмаса да,жоғарыда аталған шараларды жүзеге асыру-белгілі жағдайда сөйлеуді жеңілдететіні даусыз. Ал мұның өзі тұтығу кеселімен ауыратын бала үшін аз қуаныш емес екені белгілі.Сөйтіп, өмірде өзінің басқалармен тең құқылы азамат екендігіне деген баланың сенімі арта түсері сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Алина Р. «Тұтығудан құтылуға болады»(Алматы. «Қазақстан» баспасы.1981ж)

2. Калягин В. «Если ребенок заикается»(Санкт-Петербург. «ПитерКом» 1998г)

3. ӨмірбековаҚ.Қ.,Серкебаев Қ., «Логопедия» (Алматы.Республикалық баспа кабинеті»1996ж.218-230 бет).



4. Буянов М.И. «Заикание у подростков»(Москва. «Просвещение»1989г.)

5. Рау Е.Ф. и Синяк В.А. «Логопедия»(Москва. « Просвещение»1969г.)

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет