11.3. Тәрбие процесінің ерекшеліктері
Оқу және тәрбие - өзара байланысты екі процесс. Олардың міндеттері әрқилы, дегенмен, бір-бірімен ажырамас ұштасқан күйде бір уақытта қатар жүріп отырады, бірақ ұйымдасу әдістері және формалары тұрғысынан түбегейлі өзгеше. Тәрбиелік іс-әрекет тәрбиешінің жекеленген әрекет аймағы түрінде (өз мақсаттарына, міндеттеріне, мазмұнына ие) немесе оқу процесіне тікелей енген (себебі оқу тәрбиелік сипатқа ие) қалыпта болуы мүмкін.
Оқу мен тәрбиенің ортақ белгілері:
тәрбие процесі өз ішіне оқу элементтерін қамтиды: қандай да ережені орындауды талап етуден бұрын оның іске асырылу жолдарын үйрету қажет;
оқу процесі мұғалім мен оқушы арасындағы ықпалдасты іс-әрекеттің ұйымдастырылу формасына сәйкес өтеді. Өз қызметі барысында мұғалім оқушыға тәрбиелік ықпал жасайды;
оқу және тәрбие процестерінде бірдей әдістер (түсіндіру, қадағалау және т.б.) пайдаланылады.
Жалпы педагогикалық процестің аталған екі қызметінің арасындағы принциптік айырмашылық : оқу барысында шәкірт әртүрлі ғылымдар негізін меңгереді, ал тәрбие процесі оқушының тұлғалық сапа-қасиеттерін қалыптастыруға бағышталады.
Тәрбие процесіне тән ерекшеліктер:
мақсатты бағыттылық (мақсаттың түсінікті болуы нәтиже тиімділігінің кепілі);
мақсаттар бірлігі (тәрбиеші мен тәрбиеленушінің арасындағы қызметтестіктің көрсеткіші);
нәтиже ұзақтығы (оқу процесіндегідей нәтиже бірден көрінбейді);
көп жағдаяттылығы (тұлға көп әрі сан қилы ұнамды да, ұнамсыз да ықпалдарға кезігеді. Тәрбие барысында олар реттеледі. Тараптардың тұлғаға болған ықпалы өзара сәйкес келсе, тәрбие нәтижесі тиімді болады.
ауыспалылығы (тәрбиеленуші мақсатты, көзделген және кездейсоқ әсерлерге бірдей кезігіп отырады).
үздіксіздігі (ешқандай науқанды, бір мәртелік шара қаншама жарқын болмасын, аса ыждағаттылықпен жүйелі дайындалған тәрбие істерінің орнын баса алмайды);
кешенділігі (тәрбие мақсаты мен міндеттерінің , мазмұн, форма және әдістерінің бірлігі);
баламалылығы (тәрбиеленушілер даралық ерекшеліктері және әлеуметтік тәжірибесінің әр түрлілігімен ажыралады. Тәрбие процесінде бұлар ескерілуі шарт, себебі әсері бірдей болғанның өзінде де тәрбиелік нәтиже әрқилы болуы ықтимал);
екі тараптылығы (тәрбиелік ықпалды жүргізуші – мұғалім, ол ықпалды қабылдаушы - оқушы);
тәрбие процесі - өмірлік, ол қозғалмалы да ауыспалы; - тәрбиеші тұлғасы – тәрбие барысына ықпалды маңызды жағдаят (тәрбие процесінің өнімді болуының кепілі – мұғалім ептілігі, шеберлігі, құндылықты бағыт-бағдары, қызметтестік қатынасқа түсе білу қабілеті);
қарама-қайшылықты болуы (қарама-қарсылықтар тәрбиенің қозғаушы күші ретінде қарастырылады).
Тәрбиенің негізгі қайшылықтары оқу-тәрбие процесінде кездесетін келесідей құбылыстар арасында көрінеді: қоғамдық өмірдің жаңа шарттары мен оған дайындауға арналған әдістер мен формалардың ескіруі; адамның табиғи даму мүмкіндіктерінің шексіздігі мен бұл дамудың әлеуметтік жағдайлар бағдарламаларына тәуелді шегерілуі; адамның табиғаттан белсенді, әрекетшең болуы, оның қоғамдық өмірге араласу ынта-ықыласы мен өмірлік процеске нақты қатысу үшін қажет тәжірибе, білім, ептілік пен дағдылардың жетіспеуі және т.б.
Сонымен, жоғарыда аталғандарды ескерумен келесідей қорытынды шығаруға болады: тәрбие процесі оқу процесімен бір қатар жүріп жатса да, ол бірнеше мәнді ерекшеліктерге ие, сондықтан да өз алдына дербес қарастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |