Кіріспе зерттеудің көкейкестілігі



бет2/4
Дата15.09.2017
өлшемі0,79 Mb.
#32319
1   2   3   4
. Мектеп пен басқа оқу мекемелері қызметінің нәтижесі негізінен мектепке дейінгі тәрбиеге байланысты. Бұл ерекшеліктер балабақша мен бастауыш мектептердегі тәрбие сабақтастығының тиімділігін дәлелдейді.

Үшінші саты – бастауыш мектеп, балабақшада берілетін тәрбие мазмұнының жалғасы және жоғары сатыларда берілетін білімнің негізі, алғашқы бастауы.

Үздіксіз білім берудің негізгі сипаты білім беру жүйесінің біртұтастығымен айқындалып, білім беру сатыларының арасындағы тығыз байланыстың болуы сабақтастықты білдіреді. Ал, бұл болса үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие беру сабақтастығын білім беру процесінің барлық сатыларында жүзеге асыруды талап етеді.

Қазақстан Республикасының 2004–2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігін сақтау тұжырымдамасында еліміздегі толассыз белең алған экологиялық ахуалды жақсартудың жаңаша мүмкіндіктері айқындалып, экологиялық білім мен тәрбие беру мәселесіне ерекше мән беріледі. 2006 жылы қабылданған «Экологиялық кодексте» экологиялық саясатты дәйектілікпен жүзеге асырудың механизмі реттеліп, оның жоғары деңгейде шешілуі қажеттігі басты назарда болды.

1950 жылы қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық одағының жанынан табиғат қорғау жөнінде білім берудің тұрақты комиссиясы құрылып, табиғатты қорғау, сақтау, оған жауапкершілікпен қарауға жұмылдыру мәселесіне Біріккен Ұлттар Ұйымы назар аудара бастады. 1960 жылдың аяғында педагогикада экологиялық білім мен тәрбие берудің ғылыми-педагогикалық, әдістемелік негізін қалыптастыру бағытында «табиғат қорғауға оқыту» термині кең қолданылды. 1970 жылдың ортасында бұл терминді «табиғат қорғауға тәрбиелеу» термині ауыстырып, соңғы жылдары уақыт талабына сай «экологиялық тәрбие», «экологиялық білім» терминдері пайдаланылуда.

Экология – биология ғылымының негізінде ХІХ ғасырдың орта шенінде айқындала бастағанымен, оның өз деңгейіне көтерілуі ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы болып саналады.

Осы тұрғыдан алғанда жалпыға бірдей экологиялық білім мен тәрбие берудің мақсат-міндеттерін, республикамыздың үздіксіз білім беру жүйесінің барлық сатыларында жүзеге асыруды, жастардың көзқарасын, табиғатқа жауапкершілік қарым-қатынасын қалыптастыруды, мектепке дейінгі мекемелерден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі аралықты экологиялық білім мазмұнымен жаппай қамтып, оны сабақтастықта жүргізуді талап етеді.



ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша ХХ ғасырдың соңғы 20 жылының «Экологиялық білім беру жылы» деп жариялануы үздіксіз экологиялық білім берудің барлық өркениетті елдерде ең басты әрі көкейкесті проблема болып отырғандығын тағы да дәлелдеп берді.

Экология мәселесі жөніндегі қабылданған мемлекеттік құжаттарда болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық негіздері көрсетіліп, биологиялық алуан түрлілікті сақтау мен табиғатты ұтымды пайдалануға бағытталған іс-шаралар белгіленген. Мәселен:

- мектепке дейінгі мекемелер мен арнаулы орта және жоғары оқу орындарында экологиялық білім негіздерін міндетті түрде оқыту;

- басшы қызметкерлер мен мамандардың кәсіби экологиялық даярлығы және қоршаған ортаны қорғау туралы заңдар негізінен білімі болуы;

- қоршаған ортаны қорғау саласынан ғылыми зерттеулердің, конструкторлық және практикалық тұрғыда тәжірибеге енгізу жұмыстарының мемлекет тарапынан қолдау табу мәселелері атап көрсетілген.

Қоршаған ортаны қорғау туралы пікірлерді біз көне дәуір оқымыстылары Эмпедокл, Гиппократ, Теофраст еңбектерінен көреміз. Олар өсімдіктер мен жануарлар тіршілігінің біріншіден морфологиялық, екіншіден физиологиялық бейімделушіліктің қоршаған ортаға тәуелділігін экологиялық тұрғыдан қарастырды.

Шығыстың екінші ұстазы, әл-Фарабидің пайымдауынша табиғаттың баға жетпес байлығы біріншіден адамды оқу-білім, тәлім-тәрбие, ізгілік сияқты қасиеттерге баулу үшін алдымен қоршаған дүниені, табиғат құбылыстарын танып-білу керек; екіншіден табиғатты аялау, ізгілікке баулу ұлттық тамырдан нәр алады, үшіншіден табиғатқа деген адам көзқарасының дұрыс бағытта болуы оның ой-сезіміне әсер етіп, мінез-құлқын жетілдіру арқылы жүзеге асады.

Ұлы Абай да өзінің қарасөздерінде табиғат туралы философиялық ой-пікірлер мен табиғат заңдылықтарын терең пайымдап, табиғаттың бар байлығын адам баласының аузына тосып, таусылмас азық болып отырғандығын көрсете келе, «Кім өзіне махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың парыз», – деп өскелең ұрпақты табиғат-ананы сүйе білуге үндегені белгілі.

Демек, философтардың, педагогтардың еңбектеріндегі ой-тұжырымдардан олардың экологиялық тәрбие беруді экологиялық сана, экологиялық таным, экологиялық қарым-қатынас; экологиялық іс-әрекет; экологиялық сезім; экологиялық қызығушылық; экологиялық көзқарас ұғымдарымен бірлікте қарастырғанын байқаймыз. Егер, табиғатты қорғау – әлеуметтік табиғи түзілім десек, оның құрылымын құрайтын экологиялық ұғымдарға зерттеуіміздің мазмұнына сай, біз төмендегідей мазмұндық сипаттама беруді жөн көрдік:

Экологиялық сана - экология саласындағы мәселелерді шешу, ең алдымен адамның оған қатысты экологиялық санасын қалыптастыруды қажет етеді, экологиялық сана экологиялық білім, табиғатты және қоршаған ортаны қорғау заңдылығын бұзғандармен өздік қалауы бойынша белсенді күрес жүргізудегі талпынысы немесе әрекеті, сол себепті экологиялық сана қоғамдық сананың формасы ретінде маңызды қызмет атқарады.

Экологиялық таным - ақылы, сезімі ретінде баланың ең басты қасиеттерінің бірі - өзін қоршаған ортаны танып-білуге деген ерекше ұмтылысы. Бала айналасындағы әлеуметтік дүниені, табиғатты танып білу барысында олардың ішкі құпиясына үңіледі, табиғаттың даму заңдылықтарын білуге әрекет жасайды, өзінің құрдастарымен қарым-қатынасын белгілейді. Демек, экологиялық таным баланың қоршаған орта жөніндегі жаңа әрі тың білімді игеріп, рухани баюы болып есептеледі.

Экологиялық қарым-қатынас – баланың табиғатты танып білуге, оны қамқорлығына алуға, өзгертуге және сақтауға бағытталған танымдық, қызметтің маңызды бөлігі. Экологиялық қарым-қатынас «адам мен табиғат», «табиғат–қоғам» жүйесінің тиімді жағдайын қолдау мақсатында адамдардың өз арасында пайда болады.

Экологиялық іс-әрекет – адамның табиғи ортаны танып білуімен, меңгеруімен, өзгертуімен және сақтауымен сипатталады. Мәселен, техника саласындағы-өндірісті экологияландыру, ғылымдағы-экологиялық проблеманың төңірегіне интелллектуалдық күштерді жинақтау, құқық саласындағы - табиғатты қорғау жөніндегі заңдарды дайындау сияқты педагогикада - экологиялық ойлау стилі мен табиғаттағы пайдалы іс-әрекет дағдыларын меңгерту.

Экологиялық сезім – табиғаттағы әсемдікті қабылдап, бағалау кезіндегі рухани ләззат алушылықтың ең жоғары көрінісі. Табиғаттың сұлулығына сүйсіне білу, адамды көріксіз нәрседен жирендіріп, жақсылыққа ұмтылуға бастайды.

Экологиялық қызығушылық – адамның қоршаған ортаға, табиғатқа деген ерекше көңілі. Қызығушылық табиғаттағы белгісіз жағдайларға қызығу, оның заңдылықтарын, құпия сырларын, табиғат құбылыстарының бір-бірімен қатынасы мен өзара байланысының себебін біліп, оны әрі қарай зерттеуге ұмтылудан тұрады.

Экологиялық көзқарас – тұлғаның ішкі сұраныстарынан туындап, объективті дүние мен ондағы адамның алатын орнына, адамның өзін қоршаған шындыққа және оған қатынасына байланысты қалыптасатын дүниетанымы мен көзқарастар жүйесі.

Адамзаттың табиғатпен саналы қатынас жасауы, оған құрметпен қарап құндылығын бағалауы ежелден қалыптасқан түсінік. Сол себепті оны тарихи -философиялық ғылымдардағы ой-пікірлермен тығыз байланыста қарастырған жөн. Аристотель «Заттың бастамасы тек материя түріндегі бастама... табиғаттан тыс еш нәрсе жаратылмайды және еш нәрсе өлмейді, олар мәңгілік сақталып қалады»,- деп табиғат құндылығын сақтауды мұрат етсе, Гераклит «... табиғаттың өзі көп сырын аша бермейді, адамдардың көпшілігі әбден тойынған, сол себепті олар табиғат сырын түсінуге талпынбайды»- дейді, ал неміс философы Л.Фейербах болса «адам табиғаттың ең жоғарғы нәтижесі, сондықтан оны табиғаттан бөліп қарастыруға болмайды»,- деп ой түйіндейді. Философтардың зерделі ой-тұжырымдарынан мынадай қорытынды шығаруға болады: біріншіден, табиғат заңдарын өшпенділікпен бұзу жағдайында, адам тарапынан көрсетілген зорлықта табиғат өзінің қасиетін жоғалтып, өсіп-өну қабілетінен айрылады; екіншіден, табиғаттың даму заңдарын білмейінше, табиғат пен адам арасындағы қайшылықтарды туғызған себептермен емес, оның зардаптарымен күресуге көп күш-жігер жұмсалады, үшіншіден, табиғатты тек білімді адамдар ғана түсінеді, адамдардың табиғат туралы білімі, тәрбиесі болғанда ғана, олардың қоршаған ортаға деген аялы көзқарасы қалыптасады.

Жеке адам мен қоғамның табиғатқа деген оң көзқарасын, ізгілік қарым-қатынасын қалыптастыруда ең алдымен кейбір әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешіп алу қажет:

- экологиялық және табиғат қорғау заңдарын жетілдіру, оларды бұлжытпай орындау;

- қоршаған ортаның тазалығы мен адам денсаулығының үйлесімділігін сәйкестендіру;

- экологиялық білім беруді үздіксіз, сабақтастықта ұйымдастыру.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының мақсатына, мазмұнына, түрлеріне, жаңа педагогикалық технологияларға негізделген әдіс-тәсілдерге байыптап қарап, бағамдау үшін біз үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының философиялық-педагогикалық генезисіне мән бердік.

«Сабақтастық», «үздіксіздік» ұғымдары даму, біртіндеп және сатылай өзгеруді білдіретін болса, белгілі бір кезеңде сандық өзгерістер құбылыстың жаңа сапаға өтуіне әсер етеді, сөйтіп өзгерістердің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі. Сабақтастықтың философиялық заңдылықтары мен мәні бірқатар ғалымдардың (Э.А.Баллер, Б.С.Батурин, А.И.Зеленков, Г.Н.Исаенко, З.А.Мукашевтың және т.б.) зерттеулерінде қарастырылып, сабақтастықтың терістеуді терістеу заңының маңызды жақтарының бірі екендігіне мән беріледі. Солардың ішінде Э.А.Баллердің көзқарасынша «сабақтастық – жүйеліліктің өзгермелі элементтерінің тұтастай немесе бөлек түрде ұйымдастырылуын сақтау тұсында болмыс пен танымның бірнеше сатылары мен кезеңдері арасындағы өзара байланысы, яғни бір жағдайдан келесі жағдайға көшуі» болып саналады.

Сабақтастықты біржақты процесс деп қарастыруға болмайды, өйткені ол байланыс орнату механизмінің өзін анықтауы тиіс және сонда ғана сабақтастық кез келген дамудың әдіснамалық ұстанымының негізі бола алады. Сабақтастық кең мағынада алғанда үш бірлікті процесс. Бұл терістеуді терістеу заңын ұстанатын а)деструкция (бұзу, алдыңғыны ығыстырып шығару); ә)кумуляция (ішінара сақтау, мұра ету, көрсету); б)конструкция (құру, жаңаны жасау, қалыптастыру) және тар мағынада сабақтастық сақтау, мұра ету, беру, көрсету сияқты сандық қасиеттері жағынан қарастырылатын процесс.

Сонымен, философиялық түсінікте сабақтастық дегеніміз – тарихи процестің сатылық сипатын анықтайтын маңызды заңдылық. Экологиялық тәрбие сабақтастығының философиялық мағынасы барлық жақсы, оң нәрселерді сақтау талабымен бірге жаңалық енгізуге, өзгертуге әзірлікті қамтиды. Даму процесін, сондай-ақ терістеудің салыстырмалылығын дұрыс түсіну үшін аталған категорияны ескіні қарапайым түрде жою ретінде емес, мағынасы бар процесс түрінде нақты қарастыру қажет сабақтастық кездейсоқтық емес, ол дамудың сатылық сипатын қамтамасыз ететін қажетті заңды құбылыс.

Дүниеге келген жаңа, ескінің ішіндегі мәдениетті, мәнді әдет-ғұрыпты, өміршең дәстүрлерді, тағы басқаларын өркендетеді. Ескі мен жаңаның арасындағы диалектикалық байланыс сабақтастық жолымен дамытылады. Сабақтастық болмаса, дәуір мен дәстүрдің, қоғам мен қоғамның, ұлт пен ұлттың арасында ешқандай байланыс орын алмайды. Дүниежүзілік өркениет те өткен дәуірдің ұшан-теңіз байлығын кіршіксіз сақтау негізінде пайда болды. Ендеше, бұл сабақтастық- қажетті, ұрпақтан ұрпаққа тарайтын заңды процесс.

Одақтық энциклопедияда сабақтастық – «даму процесінде құбылыстар арасындағы жаңаның ескіні ығыстыра отырып, оның кейбір элементтерін өзінде сақтап қалатын байланыс» деп берілсе, педагогикалық энциклопедияда «Оқытудағы сабақтастық – оқу пәнін оқып-үйренудің түрлі сатыларында оның бөліктері арасында қажетті байланыстар мен дұрыс арақатынасты құрудан тұрады» деп көрсетілген. Олай болса, сабақтастық ұғымы оқытудың әрбір сатысында оқушылардың білімдері мен біліктеріне, жаңа оқу материалын түсіндіру формаларына, әдістері мен тәсілдеріне және оны бекітуге бағытталған барлық жұмыстарға қойылатын талаптарды сипаттайды.

Сонымен ғалымдардың берген анықтама-түсініктеріне және Білім заңына жасаған талдау білім беру жүйесінің әрбір буыны немесе сатысы бір-бірінен бөлініп, жекеленіп қалмай, келешекте берілетін біліммен сабақтастықта жүргізілгенде, бала бұрынғы сатыда алған білімін еске түсіру арқылы жаңаны қабылдауға ұмтылыс жасайды деп ой тұжырымдауымызға және: сабақтастық - үздіксіз білім беру процесіндегі баланың дене және рухани дамуының ішкі үйлесімді байланысы мен жеке басы дамуының бір сатыдан екінші сатыға өтудегі ішкі дайынды, ал үздіксіз білім беру процесіндегі (отбасы→ балабақша → бастауыш мектеп) экологиялық тәрбие сабақтастығы – баланың қоршаған ортадағы әсемдікті сезініп,оны бағалай білу қасиеттері мен дағдыларының мектепке дейінгі кезеңнен бүкіл ғұмырындағы түрлі сатылар арасындағы байланысы деп өз анықтамамызды беруге септігін тигізді.

Әлбетте, «экологиялық тәрбие сабақтастығын» тиімді жүзеге асыру кіші жас балаларының өзіндік педагогикалық-психологиялық ерекшеліктеріне байланысты екені белгілі. Өйткені баланың бұл ерекшеліктерін ескермей экологиялық тәрбиелілігін жүзеге асыру мүмкін емес. Біз өз зерттеуімізде баланың әрбір жас кезеңіндегі ерекшеліктеріне, жеке басының мінез-құлқының қалыптасуына, қоршаған ортаны қызығушылықпен қабылдауына, қоғамның оларға қоятын талаптарына тоқталамыз.

Отбасында баланың қарапайым іс-әрекетке деген талпынысы мен оны іске асыра білу дағдылары пайда болып, жетіле түседі. Мұның жәй талпынудан, ниет білдіруден өзгешелігі сол – бала өз мақсатын ұғынумен қатар, оған жету жолдарына ұмтылыс жасайды. Бұл жастағы балаларда қоршаған дүниеге деген қызығушылық басым болып, таным үрдістері қалыптасып, бақылампаздығы, ережеге бағына білуі жетіледі, мінез-құлқы орныға бастайды. Табиғаттағы заттардың жалпы белгілерін сыртқы қасиеттеріне, материалына, қажетіне қарап ажырата бастайды, заттарды топтап, құбылыстар арасындағы қарапайым себепті байланыстыруға әрекет жасайды. Белгісізді анықтауға бағытталған тәжірибесіне сүйеніп, ата-аналарынан көптеген сұрақтарға жауап алуға талаптанады.

Сол себепті экологиялық тәрбие жұмысын ұйымдастыруға ұсынылатын материалда балалардың жас ерекшеліктерін, психологиялық физиологиялық қабылдау мүмкіндіктерін ескеріп оны тәрбие процесінде тиімді пайдаланған дұрыс. Балалардың отбасында өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне деген қызығушылығы, оларды сырттай бақылауы, өсімдіктерді басып-жаншып сындырмау, өзен-көл суларын ластамау, қоршаған ортада тазалық сақтау сияқты адамға ғана тән табиғат қорғау іс-әрекеттерінің ата-аналардың ықпалымен жүргізілуі балалық шақтан дағдыға айналып, күнделікті өмірде орындауға тиісті міндеттерге айналуына мүмкіндік туғызады



Мектепке дейінгі жастағы балалардың үлкендермен және құрдастарымен арадағы қарым-қатынасы күрделіленіп, іс-әрекетінің мазмұны мен формасы нығайып, жетіле түседі. Негізінен бұл жастағылардың әрекеті қарапайым еңбек түрлерін орындауға бағытталады. Өзінің жас шамасына сәйкес тапсырмаларды ынталылықпен орындау нәтижесінде қоғамдық еңбек мотиві ерекше сипатқа ие болады. Табиғаттағы пайдалы жұмыс түрін орындауда ынталанушылық көрініс табады. Табиғат аясында тәрбиеші ұсынған әр түрлі тапсырмаларды өздігінен орындау дағдыларының дамуы баланың оқу ісіне, білім алуға бейімделуіне ықпал етеді. Кішкентай балаларға қарағанда бұл жастағылардың ұғыну, қабылдау әрекеті неғұрлым мақсатты сипатқа ие болып, табиғаттағы бейнеленген нәрсені немесе заттың түсіне қарай, тәрбиеші көрсеткен көрнекіліктерге ерекше назар аудара алады.

Бұл жаста балалар судың қажеттілігін, бастау, бұлақ, қайнардың қайдан пайда болатыны туралы түсініктерді тәрбиешілердің көмегімен түсініп, суды үнемдеп жұмсау дағдылары пайда бола бастайды. Қыс айларында топ бөлмесіндегі ауладан әкеліп қойған бұтақтарды бақылау барысында жасанды түрмен бүршіктер, жапырақтардың пайда болғанын еске түсіріп, табиғи құбылыстардың нәтижесінде барлық ағаштар бүршіктеніп, жапырақ жайып, кейбіреулерінің гүл жаратындығы жөнінде түсінік қалыптасады. Дәрілік өсімдіктер туралы мағлұмат беріліп, олардың пайда, зиянына тоқталып, өсіп тұрған жерін қоршап қою сияқты іс-әрекет түрлерін атқара алады.



Бастауыш сынып. Бастауыш сыныптың табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер білім ұясы саналатын мектептен көп қызық дүние, үлкен жаңалық күтеді. Мектеп жасындағы балалар үшін мұғалімнің айтқанының бәрі заңды, бәрі орындалуға тиісті жағдайлар болып саналады. Бұл жастағы балалар сенгіш, тіл алғыш, қоршаған ортадағы өзін қызықтыратын нәрселерге, іс-әрекетке еліктеушілігі басым және оларға араласуға ынталы болып келетін әсерленгіш қасиеттері мен есте сақтау қабілетінің қарқынды дамуымен ерекшеленеді. Сол себепті бастауыш сыныптарда экологиялық тәрбие беру жұмыстарына балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп, олардың қабылдау мүмкіндіктеріне сәйкес лайықтыларын ғана пайдаланып, оларды тиімді қолдана білген жөн. Бастауыш сыныптағы ана тілі мен дүниетану, музыка мен бейнелеу өнері, математика мен еңбекке баулу пәндері негізінде экологиялық тәрбие сабақтастығын қамтамасыз ету, оқу бағдарламасына сәйкес әрбір пәндегі табиғатқа қатысты берілген тақырыптардың оқушыларға экологиялық тәрбие берудегі мүмкіндігін пайдаланумен қатар, балалардың қоғамның бір мүшесі ретіндегі табиғатқа деген жауапкершілік қарым-қатынасын арттыруға да ықпал етуге болады.

Біз жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, кіші жастағы балалардың экологиялық тәрбиелілігін қалыптастыруда олардың жас кезеңдерінің, ыңғайлы кезең екендігін, нақты компоненттерді тірек ете отырып (мотивациялық-құндылық, эмоционалдық-сезімдік, іс-әрекеттік) шешімін іздестіруге болатынын дәлелдейміз.

Мотивациялық-құндылық компонент балалардың табиғатпен қарым-қатынасындағы мотивтерінің (түрткілерінің) жиынтығы, қоршаған орта жөніндегі ұғымдар мен табиғатқа деген жағымды көзқарасының қалыптасуы, табиғатпен мәдени қарым-қатынас жасауды өз деңгейінде зерделеп ұғынуы. Эмоционалдық-сезімдік компонент қоршаған ортамен қарым-қатынасы кезінде эстетикалық әсерге бөленіп, табиғаттағы әдемілікті көңіл-күймен сезінуі, табиғатқа және оның объектілеріне деген қызығушылықтарының артуы, табиғат аясындағы мінез-құлық этикасы. Іс-әрекеттік компонент табиғатты қорғауға байланысты пайдалы іс-әрекет дағдыларының қалыптасуы.

Зерттеліп отырған проблеманың бүгінгі жағдайына талдау бере отырып, үздіксіз білім беру процесінде кіші жас оқушыларының нені меңгеріп, білуі қажет екендігін саралап көрсетеміз:



  • адам мен табиғаттың үйлесімділігі жөніндегі дүниетанымдық көзқарасын, білімін қажет жағдайларда қолдана алуы;

  • жас ерекшелігіне сәйкес табиғат қорғаудағы белсенділігі;

  • табиғатпен жағымды қарым-қатынасы яғни экологиялық мәдениетінің болуы;

  • табиғаттағы мінез-құлық ережелерін сақтап, пайдалы іс-әрекет түрлерін атқара білуі;

  • қоршаған орта, табиғатқа қамқорлық жөніндегі ұлттық тәрбие тағылымдарын меңгере білуі;

  • табиғаттың әсем көрінісін сезінуде халық фольклоры жанрларын пайдалана білуі.

Бұл бағыттар сабақтастық факторлары мен сабақтастықтың белгілі бір педагогикалық шарттарын сақтаған кезде ғана жүзеге асады. Жүзеге асырылған экологиялық тәрбие сабақтастығы құрылымы аталған мәселелерге жеткілікті көңіл бөледі, пәндік жүйені жетілдіре отырып, оның кемшіліктерін жоюға мүмкіндік туғызады. Ол оқушыларға қызығу туғызатын, мағыналы түсінікті материал арқылы берген кезде пайдалы болады; пәндер арасындағы сабақтастықты тереңдетеді, сол арқылы жалпы идеяға біріктірілген және уақыт бойынша шоғырландырылған әртүрлі ақпараттарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Аталған факторлар (процестің қозғаушы күші) қазіргі зерттеулерді талдау, мұғалімдер тәжірибесі мен эксперименттік жұмыстардың нәтижесі, сабақтастықтың мүмкін болатын педагогикалық шарттарын анықтауға мүмкіндік берді.

Бірінші шарты: жетекші идея бойынша сабақтастықтың жүзеге асырылуы. Бұдан бұрын айтылғандай үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығы отбасы, балабақша мен бастауыш мектеп оқушыларының қоршаған орта, табиғат, экологиялық ұғымдарына байланысты. Сондықтан жетекші идея болып саналатын: қоршаған орта, табиғат құбылыстарын түсініп-білу, экологиялық проблемалар, даму және олардың идеялары бірлігі.

1. Бастауыш мектептегі барлық пәндер негізінен балалардың қоршаған орта, табиғатты тану процесіне өз үлестерін қосады. Сондықтан пәндерді жетекші идея негізінде жақындастырудың, бірлікте үйлестірудің әртүрлі варианттары болуы мүмкін. Ол идея білімнің әрбір аймағында сол жалпылықты, яғни жекеліктің көп түрін табуға мүмкіндік береді, өйткені сол жалпыны тану арқылы табиғатты, адамдардың табиғатқа деген жағымды қарым-қатынасын көру қалыптасады.

2.Дүниетану (Табиғаттану) пәні әуел бастан сабақтастық негізге құрылған, яғни адам-қоғам-табиғат бөлімдерінен тұрады. Зерттеу жұмысы сондай-ақ ана-тілі, бейнелеу өнері, музыка, еңбекке үйрету пәндеріндегі сабақтастықтың нәтижелі екендігін көрсетті. Зерттеліп отырған проблема бойынша: ана тілі, дүниетану, бейнелеу өнері, музыка, еңбекке үйрету сабақтарының балабақшадағы экологиялық біліммен сабақтастығына қол жеткізілді. «Көк кептер», «Өсімдіктер экологиясы», «Қорықтар», «Жер-Ана», «Табиғатым-тағдырым» және т.б. тақырыптар бойынша сабақ жоспарлары жасалды.

Екнші шарты: білімді әр пәндерден зерделенетін ұғымдық жалпылығына сүйене отырып сабақтастықта жүргізу мүмкіндігі. Бұл бірлік тұжырымдамалық (ұғымдардың жалпылығы), феноменалдық (құбылыстардың ортақтығы) және проблемалық болуы мүмкін.

Экологиялық тәрбие сабақтастығы қамтылатын тақырыптар, қойылған мақсат пен міндеттердің жалпылығы (тәрбиелік және дамытушылық) мұғалімге оқушылардың өздерінің белгілі бір іс-әрекеттерін ұйымдастыруда, әр оқушыда табиғатқа деген жағымды көзқарастың әрбір қырын: зиялылық, адамгершілік, эстетикалық, этикалық қалыптастыруда ықпалы зор.

Жалпы стандарт негізгі басымдықтарды анықтауға, барлық пәндерге ортақ экологиялық тәрбие сабақтастығы қамтамасыздандырылатын тақырыптарды бөліп алуға мүмкіндік береді. Мәселен, «Табиғат және біз», «Адам мен табиғаттың үйлесімділігі», «Табиғат-тіршілік бесігі» тақырыптары балабақшадағы экологиялық тәрбиені сабақтастықта жүргізуге және сол сабақтардың жоспарларын жасауда тиімді болып саналады. Бұл туралы диссертацияда жан-жақты мазмұндалады.

Үшінші шарты: қоршаған орта мен табиғаттағы мінез-құлық ережелері мен пайдалы іс-әрекет дағдыларын дамытудың әртүрлі әдістерін қолдана отырып, балалардың табиғат жөніндегі шығармашылық әрекетке баулу мүмкіндігі деп білеміз. Балалардың экологиялық көзқарасын, табиғаттағы өз орнын түсінуі әртүрлі іс-әрекет тәсілдерімен, таным әдістерімен қамтамасыз етіледі. Эксперименттік оқыту процесінде түрлі әрекет тәсілдері (оқу, сұрақ-жауап, тестпен, суреттермен, кестелермен) жұмыс, сонымен қатар эвристикалық, шығармашылық әдістер қолданылады.

Шығармашылық тапсырмалар, қоршаған ортадағы жағымды және жағымсыз құбылыстар жөнінде эссе, шығарма, ертегі, әңгіме, өлең жазу, өз құрбыларының табиғаттағы теріс және пайдалы іс-әрекеттерін бейнелейтін суреттер салу, орындалған жұмыстарды талдау, талқылауға қатынасу міне, мұның бәрі сын тұрғысынан ойлаудың пайда болуына, өз ойларын дәлелдеп беруге, пікірлерін ашық айтуға жағдай жасайды.



Төртінші шарты: Жоғарыда аталған шарттарды жүзеге асыруды, оқу пәндерін, тақырыптарды, сабақтастықта жүргізуді көздейді.. Бұл шарттарды біз нақты сабақтарда қарастырамыз. Сабақтарда белгілеген экологиялық тәрбие сабқтастығының педагогикалық шарттарының бәрі де жүзеге асырылады. Біріншіден, пәндерді біріктіруші идея анық көрінеді. Ол-экологиялық тәрбие сабақтастығының моделі. Екіншіден, әртүрлі пәндердің бағдарламалық тақырыптар бойынша берілетін ұғымдардың сабақтастығы байқалады. Үшіншіден, балаларды танымдық-шығармашылық, практикалық іс-әрекетке қатыстыру жүзеге асырылады. Балалар тікелей бақылау арқылы табиғат құбылыстары мен табиғаттағы жағымды және жағымсыз жағдайларды өз көздерімен көріп зерделейді.

Біз жоғарыдағы экологиялық тәрбие сабақтастығының мүмкін болатын педагогикалық шарттарын кіші жас балаларының экологиялық тәрбиелілігін қамтамасыз ететін бағыттар бойынша (педагогикалық, психологиялық, іс - әрекеттік - шығармашылық) топтастырамыз:

- педагогикалық - кіші жас балаларының қоршаған ортамен жағымды қарым-қатынасын, мінез-құлық ережелерін, іс-әрекет дағдыларын тиімділікпен ұйымдастыру, экологиялық тәрбие туралы мемлекеттік нормативтік құжаттарды оқып үйрену, қоғамдық және жаратылыстану ғылымдары жүйесінен көзқарасы болуы және т.б. мәселелерге мән береді;

- психологиялық - кіші жас балаларының табиғи мүмкіндіктерін, жас және жеке басы ерекшеліктерін зерттеу, кіші жас балаларының ішкі психологиялық дербес ерекшеліктерін, олардың психикалық қабілеттерін іс-әрекеттік бірлігі негізінде, олардың мінез-құлықтарының жеке бір өзгешеліктерін айқындау арқылы осы іс-әрекеттің тұлғалық субъектісі деп тану және т.б. мәселелерді ескереді;

- іс-әрекеттік-шығармашылық - ата-аналар, тәрбиешілер, балалар, мұғалімдердің өзара әрекеттілігінде бірлескен экологиялық жұмыстардың шешімін іздестіреді, бірлескен іс-әрекет барысында бір-біріне деген түсінікті сенім, жауапкершілік қарым-қатынас орнату мәселелеріне мән береді.

Педагогикалық шарттарды анықтауда балабақша, бастауыш мектеп бағдарламаларына жасаған талдау (Бейсенова Ә.С., Шілдебаев Ж.Б., Бекбаева Г. (1995), Чимбулатов М.А., Митрофанская С.Н. (1994), Севостьянова В.Е. (1998), Сарманова (1998), Бейсеева Г., Қазыханова Б (1998), Оқасова Е(1998) және т.б.) олардың мазмұнында экологиялық білім, адам экологиясы, қоршаған орта, табиғатты қорғау және т.б. мәселелердің жеткілікті қарастырылып, сонымен бірге бірқатар педагогикалық талаптардың ескерілмегенін көрсетті. Мәселен, оқушылардың дүниетанымдық көзқарасына, сана-сезімінің қалыптасуына әсер ететін оқытудың ғылымилық принципі сақталмаған; мазмұнын сұрыптауда оқушылардың жас және дербес ерекшеліктері; материалдың түсінікті болуы қарастырылмаған, пәнаралық байланысы мен сабақтастығы бір жүйеге келтірілмеген.

Оқытушылардың тәжірибелеріне жасаған талдау да экология курсы арнайы пән ретінде жүргізілмегендіктен аса мән бермейтінін, оның мазмұнын өздігімен Ресей бағдарламаларына сәйкестендіріп құратынын, тіпті кейбір мектептерде экология курсының жүргізілмейтінін көрсетті. Бұл көріністер зерттеліп отырған проблеманың көкейкестілігін, білім беру жүйесі үшін қажеттілігін дәлелдей түседі.

Біздің пайымдауымызша, кез-келген мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы оның туған өлкесінің табиғатын тиімді пайдалануы мен қорғауға деген көзқарасымен айқындалады, өйткені бүкіл дүниежүзі халықтары мойындап отырған тұрақты даму тұжырымдамасы қоршаған ортаның табиғи құндылығын сақтауда жоғары мақсатты ұстанып отыр.

Сол себепті тұрақты даму бағдарламасының негізгі стратегиясының бірі жалпыға бірдей үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие беру болып табылады. Ал экологиялық тәрбие беру өте күрделі процесс, оның күрделілігі сол, ол біріншіден – екі жақты процесс. Бұған экологиялық тәрбие беруші (отбасында ата-ана, балабақшада тәрбиеші, бастауыш мектепте мұғалім) және тәрбиеленуші қатысады. Бұл тұрғыда В.Г.Грецованың «отбасында жағымды мінез-құлық қалыптастыруда берілетін білімді, табиғатпен қарым-қатынас кезінде қолдану тиімді болады», деген ой-тұжырымы мен Е.В.Субботскийдің «қоршаған орта, табиғат жайында түсінік беру баланың отбасы тәрбиесінен басталып, өмір бойы жалғасып отыруы тиіс» деген көзқарасын толық қоштауға болады.

Сонымен бірге үздіксіз экологиялық білім мен тәрбиені арнайы тұжырымдама арқылы жүзеге асыруға болатынын естен шығармау керек. Бүгінгі таңда негізге алынып жүрген тұжырымдамаларға жасаған талдау бізге оларды көздеген мақсатына қарай былайша топтастыруға мүмкіндік береді:



Бірінші топты, экологиялық-педагогикалық зерттеулер мен экологиялық білім беру жүйесінің философиялық-әдіснамалық, педагогикалық-психологиялық аспектілерінің тұжырымдамалары құрайды. (Н.М.Мамедов пен И.Т.Суравегина және т.б.).

Екінші топқа үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық білім беру жүйесін реформалауды қарастыратын зерттеулердегі осы саланың белгілі бір бағыттары мен шарттарын, экологиялық білім мазмұнын жетілдіруге арналған тұжырымдамалар жатады (Л.П.Салеева, И.Д.Зверев, С.Г.Николаева, И.Т.Суравегина, Г.В.Кирикэ, Н.А.Рыжова және т.б.).

Үшінші топ үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық білім беру жүйесін реформалаудың философиялық мақсаттарына арналады. Ондай тұжырымдама экологиялық жүйенің даму болашағы мәселелерін анықтау негізінде жасалады (Д.Ж.Маркович және т.б.).

Төртінші топқа шартты түрде үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық білім мен тәрбие беру жүйесінің қалыптасып, дамуына арналған отандық ғалымдар дайындаған тұжырымдамаларды жатқызуға болады (Ә.С.Бейсенова, Ж.Б.Шілдебаев және т.б.).

Бұл топтамалар бізге үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығына негізделген тұжырымдаманың бұрын-соңды болмағанын дәлелдеуге және «Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығы тұжырымдамасын жасауға» негіз болды.

Тұжырымдаманы жасауда алыс және жақын шетел ғалымдарының іргелі ғылыми теориялық, жалпы педагогикалық тәрбие қағидаларының, экологиялық білім мен тәрбие беру саласындағы тәжірибелері мен жаңашыл педагогтардың әдістемесі негізге алынды.

Тұжырымдаманың мазмұнында экологиялық тәрбие сабақтастығының ғылыми-әдіснамалық негіздері, мақсаты мен міндеттері, принциптері (ғылымилық, табиғилық, көрнекілік, бірізділік, жүйелілік, үздіксіздік, жас және жеке басы ерекшеліктерін ескеру, аймақтық және ұлттық ерекшеліктер, кешенділік, еңбек түрлерін атқаруға бейімдеу); отбасында, балабақша мен бастауыш мектептердегі экологиялық тәрбие процесін ұйымдастыру ерекшеліктері; оқушылардың сыныптан тыс әрекеттері; оқушылардың сыныптан тыс әрекеттеріндегі экологиялық тәрбие сабақтастығын жүзеге асырудың шарттары; тәрбиешілер мен бастауыш мектеп мұғалімдерінің экологиялық білімін жетілдіру ерекшеліктері; жоғары оқу орындарында даярлау; жоғары оқу орындарынан кейінгі даярлау; тәрбиешілер мен бастауыш мектеп мұғалімдерінің экологиялық білімін жетілдіруге арналған курс бағдарламасы; тұжырымдаманың жүзеге асырылу жолдары қарастырылады.



Тұжырымдаманың мақсаты - қоғамның экологиялық саяси талабына жауап беретін, экологиялық білім-білік дағдылары дамыған, адами қасиет сапалары жетілген кіші жас тұлғасын қалыптастыруға ықпал жасайтын тиімді жағдайларды, оның негізгі басты факторын, өзін-өзі жетілдіруін, өзін-өзі экологиялық бағыттағы тәрбиелеуін айқындау.

Отбасы мен балабақшадағы экологиялық тәрбие берудің маңызы оның мазмұнының бастауыш мектепте берілетін тәрбие жүйесімен сабақтастығында. Бұл сабақтастықтың негізінде берілетін тәрбиенің өміршеңдігі жүзеге асып, білім берудің әр буыны, сатысы бір-бірінен бөлініп, жекеленіп қалмай, өткенмен де, келешекте берілетін біліммен де сабақтастықта жүргізілгенде, бала өткенді еске түсіру арқылы жаңаны қабылдауға ұмтылыс жасайды. Біз осының бәрін ескере отырып, үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының құрылымдық жүйесін құрдық (сурет 1). Жүйеде экологиялық тәрбиенің сабақтастықта жүргізілетінін, дидактикалық принциптерге негізделгенін көрсетеді.

Бүгінгі күні негізге алынып жүрген бағдарламаларда экологиялық тәрбие беру жұмысы тоқсанға, айға, аптаға бөлініп берілгендіктен, біз 36 сағатқа арнап экологиялық тәрбие сабақтастығының күнтізбелік жоспарын жасадық. Әдетте тұжырымдама мазмұны өздігімен практикаға ендіріле қоймайтыны белгілі. Оны тиімді жүзеге асыратын – тәрбиеші мен мұғалім. Біз осыны ескере отырып, тәрбиешілер мен мұғалімдерге арнап зерттеу барысында «Экологиялық тәрбие» атты арнайы курс бағдарламасын даярладық. Курстың мақсаты – тәрбиешілер мен бастауыш сынып мұғалімдеріне табиғат қорғаудағы ұлттық тәрбие тағылымдарын меңгерту және меңгерген білім, іскерлік дағдыларын, тәрбие жұмысында тиімді пайдалануға үйрету. Барлығы 24 сағат, оның ішінде 18 сағаты лекция, 6 сағаты семинар (кесте 1).

Экологиялық білім мен тәрбие берудің қазіргі заманғы ғылыми негіздерін қамтыған «Экологиялық білім бағдарламасында» (1999) экологиялық тәрбие беру жұмысын жаңа инновациялық технологиялар негізінде жетілдіріп, сапасына мән беру мәселесі алға қойылды. Демек, үздіксіз білім беру процесіндегі баланың экологиялық танымын, белсенділігін, қызығушылығы мен табиғатқа деген қарым-қатынасын қалыптастыруда сабақтан тыс тәрбие жұмысының мүмкіндігі жоғары.

Сыныптан тыс тәрбие жұмысы – тұлғаның әлеуметтік қалыптасуын қамтамасыз етуде оған жағдай туғызатын тәрбиеші-мұғалімдердің басшылығымен ұйымдастырылатын және сабақтың мақсатымен өзара байланысты болып келетін тәрбие жұмысының дербес түрі ретінде балаға кең көлемде тәрбиелік ықпал ете алады. Сыныптан тыс жұмыстар «Экологиялық үйірме», «Экологиялық апталық», «Экологиялық соқпақ», «Танымжорық»,

«Экологиялық айлық» еліміздің экологиялық саясаты мен тәрбие жүйелерінің жоспарына сәйкестендіріп, кіші жас балаларының жас ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілді. Экологиялық мазмұндағы сыныптан тыс жұмыстар: біріншіден, экологиялық тәрбие сабақтастығының қамтамасыз етілуіне, экологиялық тәрбиенің мазмұндық және жүйелілік тұрғыдағы мәніне әсерін тигізсе, екіншіден, мектеп бағдарламасына сәйкес экологиялық тәрбие жұмыстарымен байланыстырылып, оқушылардың экологиялық тәрбиелілігін жетілдіруге мүмкіндік берді, үшіншіден, оқушылардың табиғат қорғау жұмыстарын өз бетінше атқара алуына ықпалы ерекше.

Бағдарламаларды жасауда педагогикалық қағидалар мен талаптар (қоршаған орта, табиғат ұғымдарымен баланы сәби жастан таныстыру, оларды

О т б а с ы


Мазмұны

Құралы

Әдісі


1

Баланың табиғатқа деген қамқорлық қарым-қатынасын қалыптастыруда ата-ананың ықпалы

Аңыз-әңгімелер, ырымдар, тыйым сөздер мен мақал-мәтелдер

Әңгімелеу, мысал келтіру, түсіндіру, көрсету, сендіру, іс жүзінде көрсету

2

Табиғаттағы жануарлар дүниесі мен өсімдіктердің құпия сырлары

Балаларға арналған теледидар хабарлары, ботаникалық бақ, хайуанаттар паркіне саяхатқа бару, әңгімелер, тақпақтар, сазды әуендер, ойындар

Бақылау, көргендерін бейнелеп әңгімелеп беру, табиғат туралы тақпақ - ән айтқызу, ойын түрлерін ұйымдастыру

3

Отбасындағы қарапайым еңбек түрлері

Құстарға, балықтарға жем беру, гүлдерді суару, ағаш отырғызуға көмектесу

Еңбек түрлерін орындау, мақтау, мадақтау, сенім арту

4

Табиғаттың әдеби шығармаларда бейнеленуі

Табиғат туралы өлең, әңгіме, қызықты жағдаяттар, бейнелеу жұмыстары

Бейнелеу жұмыстары, қызықты жағдаяттар туғызу, әңгіме құрастыру

5

Табиғатпен қарым-қатынаста болу

Саяжайдағы, саябақтағы демалыс кезіндегі серуен

Табиғатқа деген қамқорлық белсенділік, жауапкершілік дағдысы




Б а л а б а қ ш а

1

Өлі және тірі табиғат туралы түсінік қалыптастырудағы балабақшаның орны

Өлі және тірі табиғаттың

ерекшеліктерін

бақылау


Табиғат және оның ерекшеліктерін әңгімелеу, түсіндіру, мысал келтіру

бейнелеу


2

Жылдың төрт мезгіліндегі табиғат, құстар мен жануарлар


Жыл мезгілінің ерекшеліктеріне арналған әңгімелер, көріністер, кепкен жапырақтар, гербариилер

Балалардың табиғат туралы көзқарасы, бейнелеп-суреттеу, салыстырып көрсету

3

Балабақшаның табиғат бұрышындағы еңбек іс-әрекеттері

Табиғат бұрышындағы құстарға, балықтарға, қояндарға жем - су беру, астын тазалау, гүлдерге су құйып, түбін қопсыту және т.б.

Тапсырма беру, мадақтау, ынталандыру, белсенділіктерін дамыту, ұқыптылыққа баулу

4

Баланың табиғаттағы әсері

Табиғаттың көрінісі бейнеленген көрнекіліктер, алдын-ала дайындалған жағдаяттар

Баланың қиялын дамыту, әсерін бөлісу, жағдаяттардан қорытынды шығару, тез шешім қабылдау

5

Табиғатпен қамқорлық қарым-қатынасы

Балабақша ауласындағы ата-аналармен бірігіп жүргізілетін табиғат қорғау іс-шаралары, «экологиялық соқпақ»

Бейнелеу өнері түрінен жарыс ұйымдастыру, балабақшадан тыс табиғат қорғау жұмыстары




Б а с т а у ы ш м е к т е п

1

Адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасы.

«Су- тіршілік көзі»,

«Күте білсең жер жомарт» әңгімелері



Әңгімелеу, түсіндіру, табиғатпен жағымды қарым- қатынасын тәрбиелеу

2

Өсімдіктердің тіршілігіндегі өзгерістер, мәдени өсімдіктердің адам өміріндегі маңызы

Мәдени өсімдіктердің түрлері, өсуіне жағдай жасау, тұқымын өсіру.

Мәдени өсімдіктерді кептіріп гербарий құрастыру, пайдалы еңбек түрлерін орындау.

3

Жануарлар мен құстардағы маусымдық өзгерістер

Құстарды ұя жасап қарсы алу, жемдеу, төлдеген жануарларға күту

Проблемалық жағдаяттарды шешу, жаңа технологияның элементтерін пайдалану

4

Табиғат қорғау жұмыстары «Қызыл кітап», «Қорықтар»

«Наурыз экологиялық мереке»



Табиғаттағы мінез-құлық ережелері, пайдалы еңбек түрлері

Халықтық пед. эл. пайдалану, көзін жеткізу, мысал келтіру, үлгі болу, нәтижесін көру

5

Табиғатқа қамқорлық бағытындағы іс-шаралар

«Алтын күз», «Арайлы көктем», «Экологиялық апталық», «Үйірме жұмыстары»

Ұжымдық ойындар,

оқушының «Менін» қалыптастыру, ынталандыру.



Сурет 1-Үздіксіз білім беру процесіндегі экологиялық тәрбие сабақтастығының құрылымдық жүйесі
Кесте 1 - «Экологиялық тәрбие» арнайы курс жұмысының жоспары



Күні

Тақырыптар

Лекция

Семи- нар

Практика

І.


1. Үздіксіз білім беру процесіндегі (отбасында, балабақша мен бастауыш сыныпта) экологиялық тәрбие сабақтастығының теориялық және әдістемелік негіздері.

2.Экологиялық тәрбие сабақтастығын қамтамасыздандырудағы негізгі ұстанымдар.

3.Экологиялық тәрбие жұмысын жүргізудің формалары мен интерактивті әдістері.


4


2





ІІ.

1.Экологиялық тәрбие беруде пайдаланылатын көркем туындылар – баланың тілін, қиялын дамытып, олардың өз ойларын бейнелеп жеткізе білудегі тәрбие құралы.

2.Экологиялық тәрбие беруде балалардың психо-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес сабақтардың жоспарларын дайындау үлгісі.

3.Балалардың танымын, ой ұшқырлығын дамыту мақсатында пайдаланылатын дидактикалық, логикалық ойын түрлерін ұйымдастыру жолдары.

2

2

2


ІІІ.

1.Экологиялық білім беруде эстетикалық тәрбие құралдары мен көрнекіліктерді тиімді пайдалану.

2.«Адам-табиғат» ұғымының мазмұнын ұғындыру арқылы оқушының дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру.

3.Табиғатты қорғау жөніндегі нақыл және тыйым сөздерді, балалардың күнделікті іс-әрекетінде тиімді пайдалануға дағдыландыру.


2

2

2


ІҮ.

1.Балалардың табиғи құндылықтарға деген ұқыптылық қарым-қатынасын этнопедагогикалық шығармаларды және (мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаштарды) тақырыпқа сәйкес пайдалану арқылы тәрбиелеу.

2.Экологиялық, білім беру жұмыстарында бейнелеу өнері мен музыкалық шығармаларды пайдалана отырып, кешенді сабақ түрлерін ұйымдастыру.

3.Балабақша балалары мен бастауыш сынып оқушыларының экологиялық тәрбиелілігінің деңгейін анықтау жолдары (диагностика және деңгейлік тапсырмалар ) көмегімен.

4. Дөңгелек үстел. Тақырыбы: «Экологиялық сауатты ұрпақ - ел болашағы».

Барлығы (сағ):

4
12



6

2
6

аялай білуге, қызығушылықпен қабылдауға үйрету материалдың қарапайымнан күрделіге, жеңілден ауырға, жалпыдан жекеге қарай болуын ескеру, эстетикалық талғамын жетілдіру және т.б.), дидактикалық принциптер негізге алынды. Кіші жас балаларына өзінің туған жері мен оның табиғатына деген көзқарастары туралы терең мазмұнды түсінік беріп, қоршаған ортаға деген аялы көзқарасын қалыптастыру мақсатында біз бағдарламалардың мазмұнына қазақ фольклоры жанрларын енгіздік. Өйткені өз тағдырын табиғатпен тамырластыра білген халық қана табиғатқа және оның жекелеген байлықтарына үнемі мейірімділікпен, жанашырлықпен қарауға ұмтылады. Қазақ халқының ұлан байтақ кең далада көшіп-қонып, әрбір аймақтың табиғат жағдайларына қарай бейімделіп, шаруашылық салаларын жүргізе білуінің өзі байсалды байқампаздықты, терең білімділікті аңғартады, әрі табиғатқа деген аялы алақан, жүрек жылылығын арнап, аса зор қамқорлық көрсете білгендігін байқаймыз. Халқымыздың, мағыналы да мазмұнды ұғымдары ерте кезден-ақ табиғатқа қамқорлықпен қарап, табиғат байлықтарын ұқыпты пайдалануға бағытталған.

Күнделікті отбасында қолданылатын «сүтті жерге төкпе», «тұзды, нанды аяққа баспа», «бұтақты сындырма», «гүлді үзбе» және т.б. тыйым сөздер жаман әдет, жағымсыз іс-әрекеттен бойды аулақ ұстауға тәрбиелесе, суға байланысты айтылатын «ағын суды тоқтатпа», «құдыққа қоқыс тастама», «су ішкен құдығыңа түкірме» т.б. тыйым сөздер судың тазалығын сақтаудың адам өмірі үшін қаншалықты қажет екендігін аңғартады. «Өрмекшіні өлтірме», «аққуды атпа», «балалы үйрекке оқ атпа» және т.б. жануарлар дүниесін қорғауға, олардың адам баласы үшін ерекше маңыздылығын білдіріп, баланы ізгілікке, имандылыққа тәрбиелеп, туған жердің сұлу көрінісін сезініп, табиғатын аялай білу жөнгіндегі түсініктерді меңгертеді.

Қазақ халқының табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімін аңыз ертегілері мен мақал-мәтелдерінің, нақыл сөздерінен басқа, күнделікті тұрмыстық тұтыну заттарында, оларға түсірілген ою-өрнектерінен де көруге болады. Мысалы, тұскиізге түсірілген өрнектер даланың хош иісті гүл бәйшешегін, бұлақ суларын, тау жоталарын бейнелесе, сырмақтарға әшекейлеп салынған қошқар мүйіз, құс тұмсықтар мен қарлығаш қанаттарын көз алдыңа елестетеді.

Ұрпағына ізгі тәрбие беруді мақсат еткен халқымыз тәрбие мәселесіндегі өз тәжірибесін, ойға түйген, ұстанған қағидасын, ұсынар тағылымын мақал-мәтелдер арқылы терең де ұшқыр оймен жеткізіп отырған. Мәселен, «күте білсең жер жомарт», «туған жердің топырағы да киелі», «жері байдың елі бай», «ер елінде, гүл жерінде» және т.б. мақал-мәтелдерден өзінің елі мен қасиетті жерін көздің қарашығындай сақтай білу қажеттігін кейінгі ұрпаққа қатаң ескерткен халықтық қағидалар екенін аңғарамыз. Бұның бәрі халық педагогикасының жетекші құралдарының бірі-фольклор жанрларының жалпы тәрбиедегі, соның ішінде экологиялық тәрбие берудегі мүмкіндіктерінің жоғары екендігін дәлелдейді.

Үздіксіз білім беру процесінде (отбасы → балабақша→ бастауыш мектеп) сабақтастықта жүзеге асырылған бағдарламалар бойынша білім алып, іскерлігін шыңдаған кіші жас балаларының экологиялық тәрбиелілігі деңгейі арнайы жасалған модель арқылы зерттеліп отырды. Модель мотивациялық-құндылық, эмоционалдық-сезімдік, іс-әрекеттік компоненттерді, өлшемдер мен көрсеткіштерді қарастырады және деңгейлерді анықтайды (кесте2).



Жоғары деңгей: табиғатты қорғау жұмыстарының мазмұнын түсінеді, ойын еркін жеткізе біледі, халық фольклоры жанрларын табиғаттың әсем көрінісін эмоционалдық сезіммен, қызығушылықпен қабылдайды. Қоршаған орта мен табиғатты қорғауға байланысты меңгерген білімін іс-әрекетте белсенді пайдаланады, қоршаған орта, табиғат мәселелерін талдауда өзінің көзқарасын сенімді дәлелдей алады.

Орта деңгей: табиғатты қорғау жұмыстарының мазмұнын біледі, түсіндіре алады, халық фольклоры жанрларына, табиғат көріністеріне қызығады, табиғатты қорғауға байланысты меңгерген білімін іс-әрекет түрлерінде пайдалануда қоршаған орта, табиғат мәселелеріне мұғалімнің көмегімен талдау береді, өзінің пікірін ашық көрсете алмайды.
Кесте 2 - Үздіксіз білім беру процесіндегі кіші жас балаларының экологиялық тәрбиелілігі моделі

Компоненттері


Өлшемдері


Көрсеткіштері


Мотивациялық-құндылық компонент


туған жердің табиғатын қорғауға, бағалауға деген ұмтылысы, қамқорлық көзқарасы



- туған жердің табиғатын аялай

білуі;


  • өлі және тірі табиғатқа деген

қамқорлық көзқарасы;

- табиғат аясындағы мінез-құлық

ережелерін сақтауы;

Эмоционалдық-сезімдік компонент


табиғаттың әдемі көрінісін сезіммен қабылдауы және әдемілікке деген ұмтылысы



- табиғаттың әдемі көрінісін

бейнелей білуі;

- табиғатты жырлаған халықтық

фольклор жанрларының

мазмұнын түсіне білуі.

- табиғат туралы көзқарасын

шынайы сезіммен әңгімелей білуі

Іс-әрекеттік компонент


табиғатты қорғаудағы пайдалы іс-әрекет дағдыларының қалыптасуы



- табиғатқа қамқорлық

кезіндегі еңбек дағдыларын

меңгеруі;


  • экологиялық жағдаяттар

кезіндегі белсенділіктері;

  • қоршаған ортамен қарым-

қатынасындағы пайдалы іс-

әрекеттерді атқара білуі.




Төменгі деңгей: табиғатты қорғау жұмыстарының мазмұнынан түсінігі нашар, халық фольклоры жанрларына, табиғат көріністеріне қызықпайды, табиғатты қорғауға байланысты жүргізілетін мәселелерге талдау бере алмайды, меңгерген білімін іс-әрекетте пайдалануға құлқы жоқ.

Тәжірибелі-эксперимент жұмысы Алматы қалалық, Алматы облыстық педагог кадрларының білімін жетілдіру институттарында және Алматы, Талдықорған, Атырау, Ақтау, Астана қалаларының балабақшалары мен бастауыш сыныптарында үш кезеңде (анықтау, қалыптастыру, бақылау)

жүргізілді. Экспериментке 59 тәрбиеші-мұғалім мен 880 бала (оның 490-ы эксперимент тобында, 390-ы бақылау тобында) қатысты.



Анықтау эксперименті барысында үш компонент бойынша (мотивациялық-құндылық, эмоционалдық-сезімдік, іс-әрекеттік) үздіксіз білім беру процесіндегі балабақша мен бастауыш мектеп оқушыларының алғашқы экологиялық тәрбиелілігінің деңгейлері анықталды.

Сауалнама нәтижесі олардың экологиялық тәрбиелілігінің төмендігін байқатты. Егер балабақша балаларының 70%-ы табиғатқа қамқорлық жөніндегі өз ойын жеткізуге қиналса, бастауыш сынып оқушыларының 76%-ы табиғат

қорғау жұмыстарының мазмұны туралы білімінің таяздығын, білім - білік, дағдыларын күнделікті іс-әрекетте қолдана алмайтындығын, табиғатты қорғауға байланысты пайдалы іс-әрекет түрлерін жеткілікті меңгермегендігін байқатты.

Балабақша балалары мен бастауыш сынып оқушыларының экологиялық тәрбиелілігінің төмен деңгейде болуы, бізге тәрбиешілер мен мұғалімдердің ғылыми-әдістемелік даярлығын және экологиялық білім, іскерлік, дағды деңгейлерін тексеруге түрткі болды, А.П.Усова белгілеген өлшемдердің негізінде жүргізген сауалнама нәтижесі:

- балабақша балалары мен бастауыш сынып оқушыларының экологиялық белсенділігін дамытуға дұрыс көңіл бөлінбейтіндігін;

- бүгінгі таңдағы экологиялық тәрбие жұмысының қажеттілігін түсінбеуі мен бұл бағыттағы ғылыми негізделген ұсыныстардың әлі де болса жеткіліксіз екендігін байқатты. Оны сауалнамаға қатысқан 59 тәрбиеші-мұғалімнің 24-і төмен, 20-сы орта, 8-і жеткілікті, 7-і жоғары деңгейді, яғни пайызға шаққанда толық даярлықты тәрбиеші-мұғалімдердің 19,9%-ы, жеткіліктіні 47,1%-ы, үстірт даярлықты 20,3%-ы, даярлығы жоқты 12,7%-ы көрсетеді. Бұл анықтау тәрбиеші-мұғалімдердің әдістемелік даярлықтары мен экологиялық білімдерінің төмендігін айғақтайды.

Анықтау экспериментінің осы кезеңінде экологиялық тәрбиені балабақша мен бастауыш мектептің тәрбие процесінде оңтайлы пайдалану жолдары айқындалды. Экологиялық тәрбие мазмұнының сабақтастыққа негізделген жүйесі құрылып, арнайы бағдарламалар жасалды, бағдарламаға сәйкес оқулықтар мен оқу құралдары дайындалды, балабақша мен бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне байланысты меңгерілетін экологиялық материалдар сұрыпталды, (олардың мазмұндық сипаты жоғарыда берілген) тәрбиешілер мен бастауыш мектеп мұғалімдерінің экологиялық даярлығын жетілдіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Қалыптастыру эксперименті үш кезеңде жүргізілді. 1-ші кезеңде алдын-ала айқындалған әдістемелік жүйе арқылы тәрбиешілер мен мұғалімдерге ұлттық тәрбие қағидалары мен жаңа педагогикалық технологиялардың негізінде экологиялық тәрбие сабақтастығының әдістемесі үйретілді (сурет 2).




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет