Кодекс І кодек с республики казахстан қазақстан республикасының Қылмыстық-процестік кодексі



бет15/17
Дата25.12.2016
өлшемі7,55 Mb.
#4987
түріКодекс
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

Апелляциялық шағымда бірінші сатыдағы сотта қарау нысанасы болып табылмаған жаңа дәлелдер келтірілген жағдайда, сипаттау-уәждеу бөлiгiнде жаңа дәлелдер негізді немесе негізсіз деп танылған негіздер көрсетілуге тиіс.

5. Yкiмнiң күшi жойылған немесе ол өзгертiлген кезде қаулыда қылмыстық немесе қылмыстық-процестік заңның қай нормаларының талаптары бұзылғаны, бұл бұзушылықтардың неден тұратындығы, бiрiншi сатыдағы соттың үкiмiне олар бойынша өзгерiстер енгiзілген негiздер көрсетiлуге тиiс.

6. Апелляциялық қаулының қарар бөлімінде апелляциялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешімі, қаулының заңды күшіне ену уақыты, оған шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдері көрсетіледі.

7. Сот осы Кодекстің 441-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) 3) және 4) тармақтарында көзделген жағдайларда (айыптау үкімінің күшін жою және ақтау үкімін шығару туралы, ақтау үкімінің күшін жою және айыптау үкімін шығару туралы, айыптау үкімінің күшін жою және жаңа айыптау үкімін шығару туралы, ақтау үкімінің күшін жою және жаңа ақтау үкімін шығару туралы), бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жою туралы қаулы шығарады және осы Кодекстің 46-тарауының қағидалары бойынша апелляциялық үкім шығарады.

8. Апелляциялық үкімнің құрылымы мен мазмұны осы Кодекстің 393 – 401-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

9. Егер апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстiң 442-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген шешiмдердi қабылдаса, қаулының сипаттау-уәждеу бөлiгiнде бiрiншi сатыдағы соттың шешiмi олар бойынша дұрыс емес деп танылған уәждер, сондай-ақ сотталған адамның жағдайын нашарлату негiздерi көрсетiлуге тиiс.

10. Апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық үкімнің немесе қаулының мәнін өзгертпей, жіберілген айқын қате жазуларды түзету және олардағы түсініксіз тұстарды түсіндіру туралы қосымша қаулы шығаруға құқылы.


444-бап. Апелляциялық үкім, қаулы шығару және олардың заңды

күшіне енуі


1. Апелляциялық үкім, қаулы кеңесу бөлмесінде шығарылады, оған судья (судьялар) қол қояды және ол судья (судьялар) кеңесу бөлмесінен қайта оралғаннан кейін отырыс залында жария етіледі.

2. Егер қаулыны жасау айтарлықтай уақытты талап ететін болса, сот осы баптың бірінші бөлігінің талаптарын сақтай отырып, апелляциялық қаулының кіріспе және қарар бөлімдерін шығара алады. Бұл жағдайда судья (судьялар) апелляциялық қаулының толық мәтінін іс қаралған күннен бастап он тәулік ішінде жасап, оларға қол қояды.

Сот қаулының қарар бөлімінде қаулыны толық көлемде жария ету уақытын көрсетеді. Қаулының толық мәтіні дайын болған соң ол хабарланған уақытта процеске қатысушыларға жария етілуге тиіс.

3. Апелляциялық қаулы оның толық мәтіні жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.

4. Апелляциялық сатының қаулылары кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.

445-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың үкімін,

қаулысын орындауға енгізу
1. Апелляциялық сатының үкімі немесе қаулысы – ол шығарылған күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей, ал осы Кодекстiң 444-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайда, оның толық мәтiнi дайындалған күннен бастап орындауға енгізу үшін iспен бiрге бірінші сатыдағы сотқа жiберiледi.

2. Сотталған адам оған сәйкес күзетілуден босатылуға жататын үкім, қаулы, егер сотталған адам апелляциялық сатыдағы соттың отырысына қатысып отырған болса, осы бөлігінде дереу орындалады. Өзге жағдайларда апелляциялық үкімнің, қаулының көшірмесі немесе олардың қарар бөлімінен үзінді-көшірме сотталған адамды күзетілуден босату туралы шешімді орындау үшін қамау орнының әкімшілігіне дереу жіберіледі.


446-бап. Істі апелляциялық сатыда қайтадан қарау
1. Егер:

1) белгіленген мерзімде берілген, кейбір сотталғандарға қатысты апелляциялық шағымдар, наразылық, үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау құқығы берілген процестің басқа қатысушыларының шағымдары апелляциялық сатыдағы сотқа істі процестің басқа қатысушыларының шағымдары бойынша қарағаннан кейін келіп түссе;

2) шағым жасаудың, наразылық білдірудің өткізіп алынған мерзімін сот істі апелляциялық сатыда процестің басқа қатысушыларының шағымдары бойынша қарағаннан кейін осы Кодексте көзделген тәртіппен қалпына келтірсе, бірінші сатыдағы сот үкімінің заңдылығын тексеру кезінде шығарылған бірінші апелляциялық үкімнің, қаулының күші жойылмастан, істі апелляциялық сатыда қайтадан қарауға жол беріледі.

2. Апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе өкілінің шағымдарын осы адамға қатысты іс процестің басқа қатысушыларының апелляциялық шағымдары, наразылығы бойынша қаралған жағдайларда да қарауға міндетті.

3. Егер жаңадан шығарылған үкім, қаулы апелляциялық сатының бұрын шығарылған үкіміне, қаулысына қайшы келсе, алқа төрағасы облыстық және оған теңестірілген соттың кассациялық сатысына туындаған қайшылықтарды жою туралы ұсыну енгізеді.

447-бап. Алқабилердің қатысуымен шығарылған бастапқы үкiмнiң

күшi жойылғаннан кейiн iстi бiрiншi саты бойынша қарау
Бастапқы үкiмнiң күшi жойылғаннан кейiн iс осы Кодекстің 65-тарауында көзделген тәртiппен қаралуға жатады.

Егер алқабилердің қатысуымен қаралған іс бойынша шығарылған үкімінің күші басты сот талқылауын тағайындау сатысында істі жаңадан қарауға жолдай отырып, жойылған болса, сот істі жаңадан қараған кезде істі алдын ала тыңдауды жүргізеді және сотталушының ерік білдіруіне қарай істі алқабилердің қатысуымен не олардың қатысуынсыз жаңадан қарау туралы шешім қабылдайды. Егер бастапқы үкімнің күші істі басты сот талқылауын жүргізу сатысында соттың жаңадан қарауына жолдай отырып, жойылған болса, сот басты сот талқылауын тағайындайды, алқабилердің жаңа қатарын қалыптастыруды жүргізеді және істі осы Кодекстің 65-тарауының ережелеріне сәйкес қарайды.

Бұл ретте сот сотталған адамның жағдайын осы Кодекстің 48-тарауы мен 658-бабының талаптарын төрағалық етушінің бұзуына байланысты күші жойылған алдыңғы үкіммен салыстырғанда нашарлатуға құқылы емес.

50-тарау. ІСТЕРДІ КАССАЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМДАР,

НАРАЗЫЛЫҚТАР БОЙЫНША ҚАРАУ
448-бап. Соттың үкімдеріне, қаулыларына кассациялық тәртіппен

шағым жасаудың, наразылық білдірудің жалпы шарттары


1. Осы тараудың қағидалары бойынша аудандық және оларға теңестірілген соттардың (оның ішінде мамандандырылған, ауданаралық соттардың) үкімдері, қаулылары апелляциялық сатыда қарағаннан кейін ғана оларға берілген шағымдар, наразылықтар бойынша, сондай-ақ апелляциялық сатының үкімдері мен қаулылары қайта қаралуға жатады.

2. Соттардың: осы Кодекстің 10-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша; процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысы залында тәртіптің сақталуына қатысты; мемлекеттік және жекеше айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты; тергеу судьясының құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша шығарылған қаулылары кассациялық тәртіппен қайта қаралуға жатпайды.

3. Кассациялық шағымдар келтіру құқығына ие адамдар тобы және шағым келтіру тәртібі осы Кодекстің 414 және 417-баптарында көрсетілген қағидалар бойынша айқындалады.

Осы істе тараптар болып табылмайтын адамдар да өздерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты бөлікте қаулыға кассациялық шағым беруге құқылы.

4. Сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы наразылықты облыс прокуроры және оған теңестірілген прокурор, сондай-ақ осы Кодекстің 417-бабында көрсетілген қағидалар бойынша Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарлары келтіре алады.

Сот актісіне кассациялық тәртіппен наразылық білдіру туралы мәселені шешу кезінде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарлары, облыстың прокуроры және оған теңестірілген прокурор соттан қылмыстық істі талап етіп алдыруға құқылы, ол сотқа қайтарылуға жатады не наразылықпен бірге кассациялық сатыға жіберіледі.

5. Сотталған адамның кінәсіздігі себептері бойынша, сондай-ақ жазаның қаталдығы үшін немесе сотталған адамның жағдайын жақсартуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық туралы заң қолдану қажеттігіне байланысты апелляциялық қаулыны, үкімді қайта қарау туралы кассациялық шағым, наразылық беру мерзімдермен шектелмейді.

Апелляциялық қаулыны, үкімді сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлату себептері бойынша қайта қарау туралы кассациялық шағым, наразылық беруге ол жария етілген күннен бастап алты ай ішінде жол беріледі.

Көрсетілген мерзім, ол өткізіп алынған жағдайда, қалпына келтірілуге жатпайды. Кассациялық сатыдағы соттың алты ай мерзім ішінде берілген кассациялық шағым, наразылық негізінде істі сот отырысында қарауға дайындау жөніндегі әрекеттері және сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешімнің өзін қабылдауы алты айлық мерзімге кірмейді және ол аяқталғаннан кейін де, бірақ істі кассациялық сатыда қарау үшін белгіленген мерзімдер сақтала отырып, олар жүзеге асырылуы мүмкін.

6. Осы Кодекстің 446-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайда енгізілген апелляциялық алқа төрағасының ұсынуы істі кассациялық сатыда қарауға себеп болуы мүмкін.

449-бап. Кассациялық қараудың нысанасы
Кассациялық сатыдағы сот үкімді, қаулыны шығарған соттың қылмыстық және қылмыстық-процестік заңның нормаларын сақтағанын тексереді және соның негізінде үкімнің, қаулының заңдылығын, негізділігін және әділдігін тексереді.
450-бап. Кассациялық шағым немесе наразылық
1. Кассациялық шағым немесе наразылық тікелей кассациялық сатыдағы сотқа беріледі және оларда:

1) шағым немесе наразылық жолданған соттың атауы;

2) шағым берген немесе наразылық келтірген адамның процестік жағдайы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері, онымен хабарласу байланысы құралдарының нөмірі көрсетіле отырып, ол туралы деректер;

3) шағым жасалған немесе наразылық білдірілген үкім немесе өзге де шешім және осы шешімді шығарған соттың атауы;

4) шағым немесе наразылық берген адамның қылмыстық немесе қылмыстық-процестік заңды дұрыс қолданбаудың неден тұратыны және ол сот шешімінің мәніне қалай әсер еткені, өтінуінің неден тұратыны көрсетілген дәлелдері;

5) шағымға немесе наразылыққа қоса берілген материалдардың тізбесі;

6) шағым немесе наразылық авторының қолы болуға тиіс.

Шағымда автор істі кассациялық сатыда өзінің қатысуымен немесе өзінің қатысуынсыз қарау туралы көрсетеді.

2. Егер келтірілген шағым, наразылық осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, олар берілген деп есептеледі, бірақ кассациялық саты судьясының қаулысымен толық ресімдеу үшін мерзімі көрсетіліп қайтарылады. Егер кассациялық шағым, наразылық қайта жасалғаннан кейін осы мерзім ішінде сотқа берілмесе, олар берілмеген болып есептеледі.

3. Соттың істі апелляциялық тәртіппен қараған кезде шығарған үкіміне, қаулысына шағым жасалған жағдайда, кассациялық шағымда, наразылықта бірінші сатының үкімімен, қаулысымен келісетіні немесе келіспейтіні туралы негіздер көрсетілуге тиіс.

4. Кассациялық шағым не наразылық берген адам сот отырысы басталғанға дейін өз шағымын, наразылығын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте, егер бастапқы наразылықта немесе шағымда сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы талап болмаса, прокурордың қосымша наразылығында немесе оның наразылықты өзгерту туралы арызында, сол сияқты жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе өкілдердің осы Кодекстің 448-бабының бесінші бөлігінде белгіленген мерзім өткен соң берген қосымша шағымында осындай мәселенің қойылуы мүмкін емес не сотталған адамның жағдайын берілген шағымда, наразылықта көрсетілмеген басқа да негіздер бойынша нашарлату туралы мәселе қоюға болмайды.
451-бап. Істі кассациялық сатыда қарау мерзімдері
Іс кассациялық сатыға келіп түскен күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қаралуға тиіс. Бұл мерзім істің күрделі немесе көлемі үлкен болуына байланысты, сондай-ақ өзге де дәлелді себептер болған кезде істі қарайтын соттың қаулысымен, бірақ әр ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
452-бап. Кассациялық сатыдағы сот отырысын тағайындау
1. Шағым, наразылық келіп түскен кезде кассациялық сатының судьясы істі талап етіп алдырып, ол келіп түскеннен кейін оны қарау күнін белгілейді.

2. Тараптарға істің кассациялық сатыда қаралатын уақыты мен орны туралы хабарланады. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамды шақырту туралы мәселені кассациялық сатыдағы сот шешеді. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамнан оның жағдайын нашарлатуға бағытталған шағымды немесе прокурордың наразылығын қарау кезінде кассациялық сатыдағы сот отырысына қатысу туралы өтінішхат келіп түскен кезде кассациялық сатыдағы сот істі сотталған адамның тікелей қатысуымен не аталған адамның қашықтықтан қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып қарау туралы қаулы шығарады, оны орындау үшін тиісті органдарға жібереді.

3. Кассациялық отырыстың орны мен уақыты туралы уақтылы хабардар етілген адамдардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды. Жекеше айыптау істерін қоспағанда, кассациялық сатыдағы соттың отырысына прокурордың және қорғаушының қатысуы міндетті. Осы Кодекстің 428-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы міндетті.

4. Кассациялық шағымдар, наразылықтар келтіру құқығы бар адамдар, сондай-ақ үкім, қаулы шығарылғаннан кейін тапсырма алған сотталған адамның, ақталған адамның қорғаушысы немесе жәбірленушінің өкілі кассациялық сатыдағы соттың отырысына барлық жағдайда да жіберіледі. Берілген шағымдарды немесе наразылықтарды не оларға қарсылықтарды негіздеп сөйлеу үшін өздерінің өтінуі бойынша оларға сөз беріледі.

5. Егер барлық қатысушылар шағым жолдаған кезде не сот отырысы туралы хабарлама алған соң іс жүргізуді өздерінің қатысуынсыз жүзеге асыру туралы мәлімдесе, сот істі тараптардың қатысуынсыз қарау туралы шешім қабылдауға құқылы. Егер сот олардың келуін міндетті деп таныса, істі қарау кейінге қалдырылады және тиісті адамдарды шақырта отырып, сот отырысының жаңа күні тағайындалады.
453-бап. Кассациялық сатыдағы соттың өкілеттіктері
Судья істі тыңдауға дайындау кезінде немесе сот кассациялық шағыммен немесе наразылықпен бірге келіп түскен істі қарау кезінде өз бастамасы немесе тараптардың өтінішхаты бойынша:

1) сотталған адамның денсаулық жағдайына, отбасылық жағдайына және бұрынғы сотталғандықтары туралы деректерге байланысты құжаттарды;

2) заңның уақыт, кеңістік тұрғысынан қолданысын айқындау үшін және бірінші және апелляциялық сатылардағы соттың істі шешкен кезде қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың нормаларын дұрыс қолданғанын айқындау үшін қажетті мәліметтерді талап етіп алдыруға құқылы.
454-бап. Істерді кассациялық сатының қарау тәртібі
1. Осы Кодекстің 29-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, кассациялық саты істерді ашық сот отырысында қарайды.

2. Төрағалық етуші сот отырысын ашады, қандай істің қаралатынын және кімнің кассациялық шағымы немесе наразылығы бойынша екенін хабарлайды. Содан кейін төрағалық етуші соттың құрамын, іс бойынша тараптар болып табылатын және сот отырысына қатысып отырған адамдардың тегін, сондай-ақ аудармашылардың тегін хабарлайды және отырысқа қатысып отырған адамдарға істі кассациялық сатыда қарау кезіндегі құқықтарын түсіндіреді.

3. Төрағалық етуші іс бойынша келген процеске қатысушылардан олардың қарсылық білдірулері мен өтінішхаттары туралы сұрайды және сот оларды қарау нәтижелері бойынша осы Кодекстің 344-бабында көзделген тәртіппен қаулы шығарады. Егер процеске қатысушы кассациялық шағым, наразылық беру кезінде шағым жасау мерзімінің өткізіп алынғаны туралы өтінішхат мәлімдесе, онда осы өтінішхат бірінші болып қаралуға жатады. Өтінішхат негізді деп танылған кезде сот оны қанағаттандыру туралы және мерзімін өткізіп алып берілген шағым, наразылық бойынша кассациялық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарады және істі кассациялық сатыға уақтылы берілген шағым, наразылық бойынша қарауды жалғастырады.

4. Істі қарау кассациялық шағым немесе наразылық берген процеске қатысушының сөзінен басталады. Егер мұндай қатысушылар бірнешеу болса, төрағалық етуші тараптардың пікірін ескере отырып, олардың сөйлеу кезектілігін белгілейді. Процеске қатысушылар сөйлеген сөздерінде сотқа дейінгі іс жүргізу барысында не бірінші сатыдағы немесе апелляциялық сатыдағы сот кассациялық қарау нысанасына жататын, заңды қолданудағы бұзушылықтармен байланысты қандай мән-жайларға жол бергенін, оның неден көрінгенін және іс бойынша қабылданған шешімнің мәніне қалай әсер еткенін көрсетеді.

5. Кассациялық сатыдағы сотқа қатысатын прокурор қарастырылып жатқан кассациялық шағымдар бойынша пікірін айтады, наразылықта көрсетілген дәлелдерді баяндайды, іс бойынша жасалған сот актілерінің заңдылығы туралы қорытынды береді.

6. Сөз сөйлеушілер кассациялық шағымда немесе наразылықта келтірілген дәлелдерді растау немесе теріске шығару ретінде кассациялық сатыға қосымша материалдар ұсынуға, бұл ретте сотқа олардың қандай жолмен алынғанын және оларды ұсыну қажеттігі неге байланысты туындағанын хабарлауға құқылы. Қосымша материалдарды тергеу әрекеттерін жүргізу жолымен алуға болмайды. Сот тараптардың пікірін тыңдап, қосымша материалдарды қабылдау немесе қабылдамау туралы қаулы шығарады. Қосымша материалдар, егер олардың істі шешу үшін маңызы бар болса, егер мұндай материалдарда қамтылған деректер немесе мәліметтер қосымша тексеруді талап етпесе, үкімнің күшін жою немесе оны өзгерту үшін негіз бола алады. Өзге де жағдайларда қосымша материалдар сот үкімінің, қаулысының күшін жою және істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберу үшін негіз бола алады.

7. Сот отырысының тәртіптемесі және оны бұзушыларға қатысты қолданылатын шаралар осы Кодекстің 345 және 346-баптарының қағидаларында айқындалады. Судьялардың кеңесу және шешімдер қабылдау тәртібі осы Кодекстің 389-бабының қағидаларында айқындалады. Қаулыны қабылдаудан бұрын судьялардың кеңесуі болады.
455-бап. Кассациялық саты қабылдайтын шешімдер
Істі кассациялық тәртіппен қарау нәтижесінде сот өз қаулысымен мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

1) бірінші сатының үкімін және апелляциялық сатының қаулысын – өзгеріссіз, ал шағымды немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырады;

2) сот актілерінің күшін жояды және істі тоқтатады;

3) апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күшін жояды және бірінші сатының үкімін өзгеріссіз қалдырады;

4) апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күшін жояды және істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді;

5) бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күшін жояды және, егер іс бірінші сатыдағы сотта алқабилердің қатысуымен қаралған болса, істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді;

6) бірінші сатының үкімін және апелляциялық сатының қаулысын өзгертеді;

7) осы Кодекстің 405-бабында көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде жекеше қаулы шығарады;

8) осы Кодекстің 446-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайда енгізілген апелляциялық алқа төрағасының ұсынуы бойынша апелляциялық алқаның басқа қаулысын қалдыра отырып, оның қаулыларының бірінің күшін жояды не екі қаулының да күшін жояды және істі жаңадан апелляциялық қарауға жібереді.
456-бап. Апелляциялық саты үкімінің, қаулысының күшін жою

немесе оларды өзгерту негіздері


Апелляциялық саты үкімінің, қаулысының күшін жоюға немесе оларды өзгертуге:

1) қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы;

2) қылмыстық-процестік заңды елеулі түрде бұзу;

3) үкімнің әділетсіздігі негіз болып табылады.

457-бап. Қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы
Мыналар:

1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Жалпы бөлiгiнің талаптарын бұзу;

2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң қолданылуға жататынынан басқа бабын немесе бабының бөлiгiн (тармағын) қолдану;

3) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің осы бабындағы санкцияда көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза тағайындау қылмыстық заңды дұрыс қолданбау болып табылады.


458-бап. Қылмыстық-процестік заңды елеулі түрде бұзу
1. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында және (немесе) істі сотта қарау кезінде осы Кодекстің қағидаттары мен өзге де жалпы ережелерін іске қатысатын адамдарды заңда кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе құқықтарына қысым көрсету, сот ісін жүргізу рәсімдерін сақтамау жолымен немесе өзгедей жолмен бұзу істің мән-жайларын жан-жақты және объективті зерттеуге кедергі келтірсе, сот төрелігінің үкімін шығаруға ықпал етсе немесе ықпал етуі мүмкін болса, қылмыстық-процестік заңды елеулі түрде бұзу болып танылады.

2. Егер іс бойынша іс жүргізу кезінде осы Кодекстің 436-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық-процестік заңды бұзуға жол берілсе, кез келген жағдайда да үкімнің, апелляциялық қаулының күші жойылуға жатады.


459-бап. Үкімнің әділетсіздігі
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 52-бабының талаптарына сәйкес келмейтін және өзінің түрі мен мөлшері бойынша шектен тыс қатаңдығы немесе шектен тыс жеңілдігі салдарынан қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмейтін жаза тағайындалған үкім әділетсіз деп танылады.

2. Кассациялық сатыдағы сот үкімнің әділетсіздігіне байланысты үкімді және осы бұзушылықты жоймаған апелляциялық сатының қаулысын осы Кодекстің 463-бабының қағидалары бойынша өзгертуге құқылы.

3. Егер үкім неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық туралы қылмыстық заңды қолдану салдарынан немесе жазаның шектен тыс жеңілдігіне байланысты әділетсіз деп танылса, кассациялық сатыдағы сот осы негіздер бойынша келтірілген прокурордың наразылығы немесе жәбірленушінің, оның өкілінің шағымы болған кезде жазаны күшейтуге не неғұрлым ауыр құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға құқылы.

Егер үкімнің әділетсіздігі апелляциялық сатыда үкімді жазаны тағайындау бөлігінде заңсыз және негізсіз өзгерту (күшін жою) салдарынан болса, кассациялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырып, апелляциялық саты қаулысының (үкімінің) күшін жоюға құқылы.


460-бап. Істі тоқтата отырып, айыптау үкімінің күшін жою
Сот істі кассациялық тәртіппен қарай отырып, осы Кодекстің 35-бабының бірінші бөлігінде және 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде айыптау үкімінің күшін жояды және істі тоқтатады.
461-бап. Соттың ақтау үкімінің, істі тоқтату туралы

қаулының күшін жоюы


1. Кассациялық сатыда ақтау үкімінің, істі тоқтату туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге шешімнің күші тек прокурордың наразылығы бойынша не жәбірленушінің немесе оның өкілінің шағымы бойынша, сондай-ақ сот арқылы ақталған адамның ақталу негіздерімен келіспеген шағымы бойынша ғана жойылуы мүмкін.

2. Егер кассациялық шағымда, наразылықта ақталған адамның кінәсіздігі немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешімнің мәні күмән туғызбаса, ақтау үкімінің, істі тоқтату туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешімнің күшін қылмыстық-процестік заң елеулі түрде бұзылды деген уәжбен жоюға болмайды.


462-бап. Істі жаңадан апелляциялық қарауға жібере отырып,

үкімнің, апелляциялық қаулының күшін жою


1. Кассациялық саты апелляциялық сатыда жойылмаған, үкімнің, қаулының заңдылығына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін қылмыстық-процестік заңның елеулі түрде бұзылғанын анықтаған жағдайда ғана іс жаңадан апелляциялық қарауға жіберіле отырып, үкімнің, апелляциялық қаулының күші жойылуға жатады.

2. Осы Кодекстің 455-бабының 5) тармағында көзделген негіз бойынша да істі жаңадан сот қарауына жібере отырып, үкімнің, апелляциялық қаулының күші жойылуы мүмкін.

3. Кассациялық сатыдағы сот істі жаңадан қарауға жібере отырып, қаулыда іс бойынша іс жүргізген кезде жол берілген қандай заң бұзушылықты бірінші сатыдағы соттың не апелляциялық сатының бағаламағанын немесе оған осы сатының өзі жол бергенін және олардың іс бойынша қабылданған сот актілерінің мәніне қалай ықпал еткенін немесе қалай ықпал етуі мүмкін екендігін көрсетеді.

Бұл ретте кассациялық сатыдағы сот айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені туралы, қандай да бір дәлелдемелердің анықтығы немесе анық еместігі туралы, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды қолдануы және жазалау шарасы туралы мәселелерді алдын ала шешуге, сондай-ақ соттың жасауы мүмкін түйіндерін алдын ала шешуге құқылы емес.


463-бап. Yкімді өзгерту
1. Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық заңды дұрыс қолданбаған жағдайда, кассациялық сатыдағы сот сотталған адамға неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға және жасалған іс-әрекеттің өзгертілген саралануына сәйкес жазаны төмендетуге құқылы, сондай-ақ ол неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға және тағайындалған жазаны күшейтуге де құқылы.

2. Кассациялық сатыдағы сот, егер жазаны шектен тыс қатаңдығы салдарынан әділетсіз деп таныса, сотталған адамға тағайындалған жазаның саралануын өзгертпестен төмендетуге құқылы.

3. Кассациялық сатыдағы сот, егер жаза мөлшерін ұлғайту неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға, алдын ала күзетпен ұстау мерзімін есептеу, үкімдер мен қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезіндегі арифметикалық қателерді немесе қателерді жоюға байланысты болса, сондай-ақ жазаның шектен тыс жеңілдігі салдарынан оның әділетсіздігі тұрғысынан жаза мөлшерін ұлғайтуға құқылы.

Кассациялық сатыдағы сот, егер қылмыстық-атқару жүйесінің режимі қылмыстық заң талаптары сақталмастан айқындалса және бұл ретте сот актілерінде осы мәселе бойынша қабылдаған шешімнің тиісті уәждері келтірілмесе, үкімді және апелляциялық қаулыны осы бөлікте өзгертуге құқылы.

4. Кассациялық сатыдағы сот осы бапта көзделген сотталған адамның жағдайын нашарлататын өзгерістерді, егер осы негіздер бойынша прокурордың наразылығы енгізілген болса немесе жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе олардың өкілдерінің шағымдары берілсе ғана енгізуге құқылы.

5. Сот үкімінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін істі қарайтын сот толық көлемде тексереді. Сот актісіне кассациялық шағымда, наразылықта көрсетілмеген негіздер бойынша, сондай-ақ өздеріне қатысты кассациялық шағым, наразылық келтірілмеген басқа да сотталған адамдарға қатысты өзгерістер енгізуге өзіне қатысты кассациялық шағым берілген сотталған адаммен сыбайласып жасалған қылмысты саралауды өзгерту кезінде ғана, егер бұл ретте олардың жағдайы нашарламайтын болса, жол беріледі. Сот прокурордың наразылығында немесе кассациялық шағымда көрсетілген сотталған адамдарға ғана қатысты олардың жағдайын нашарлату туралы шешім қабылдауға құқылы. Сот сотталған адамның жағдайын оның өзінің немесе қорғаушысының не өкілінің кассациялық шағымы бойынша нашарлатуға құқылы емес.


464-бап. Кассациялық қаулының мазмұны
1. Кассациялық қаулы кіріспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.

2. Қаулының кіріспе бөлігінде:

1) қаулы шығарылған уақыт пен орын;

2) қаулыны шығарған соттың атауы және кассациялық алқаның құрамы;

3) кассациялық шағым берген немесе кассациялық наразылық келтірген адамдар;

4) істі кассациялық сатыда қарауға қатысқан адамдар көрсетілуге тиіс.

3. Қаулының сипаттау-уәждеу бөлігінде шағым берген немесе наразылық келтірген адамдардың дәлелдері, кассациялық сатыдағы сотқа қатысқан басқа да адамдардың қарсылықтары, сондай-ақ қабылданған шешімнің уәждері қысқаша баяндалып қамтылуға тиіс. Егер шағым немесе наразылық қанағаттандырусыз қалдырылса, шағымның немесе наразылықтың дәлелдерін негізсіз немесе елеулі емес деп танудың негіздері көрсетіледі.

Yкімнің күші жойылған немесе ол өзгертілген кезде қылмыстық немесе қылмыстық-процестік заңның қандай баптарының талаптары бұзылғаны және бұл бұзушылықтардың неден тұратыны; бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот тағайындаған жазаны әділетсіз деп танудың негіздері көрсетіледі. Іс жаңадан сот талқылауына жіберілген жағдайда, қандай заң бұзушылықтар жойылуға тиіс екені көрсетіледі. Бұл ретте кассациялық сатының қаулысында айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені, қандай да бір дәлелдемелердің анықтығы немесе анық еместігі және бір дәлелдеменің басқаларынан артықшылығы туралы, бірінші, апелляциялық сатыдағы соттың қандай да бір қылмыстық заңды және жазалау шарасын қолдануы туралы түйіндері енгізілмейді.

4. Жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым, наразылық қанағаттандырусыз қалдырылған кезде кассациялық қаулының сипаттау-уәждеу бөлімінде сот актісіне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағымда бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда қараудың нысанасы болып табылмаған жаңа дәлелдер келтірілген жағдайда, сипаттау-уәждеу бөлімінде жаңа дәлелдердің іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жоюға немесе оларды өзгертуге әкеп соқпайтыны не оларды негізсіз деп танытпайтыны жөніндегі негіздер көрсетілуге тиіс.

5. Қаулының қарар бөлімінде шешімнің заңды күшіне енетін кезі, сондай-ақ оған қадағалау тәртібімен шағым жасау және наразылық білдіру мерзімдері мен тәртібі көрсетіле отырып, кассациялық сатыдағы соттың шағым немесе наразылық бойынша шешімі көрсетіледі.
465-бап. Кассациялық қаулы шығару
1. Кассациялық қаулы осы Кодекстің 444-бабында көзделген талаптар сақтала отырып, кеңесу бөлмесінде шығарылады.

2. Кассациялық қаулы жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.


466-бап. Кассациялық сатыдағы соттың қаулысын орындауға енгізу
1. Кассациялық сатының қаулысы шығарылғаннан кейін үш тәуліктен кешіктірілмей, үкім шығарған бірінші сатыдағы сотқа орындау үшін іспен бірге жіберіледі.

2. Егер сотталған адам кассациялық сатыдағы отырысқа қатысып отырған болса, сотталған адам оған сәйкес күзетілуден босатылуға жататын қаулы, осы бөлігінде дереу орындалады. Өзге жағдайларда кассациялық қаулының көшірмесі немесе кассациялық қаулының қарар бөлігінен үзінді-көшірме сотталған адамды күзетілуден босату туралы шешімді орындау үшін қамау орнының әкімшілігіне дереу жіберіледі.

3. Кассациялық сатының оған сәйкес істі бірінші немесе апелляциялық сатыда соттың жаңадан қарауы тағайындалған қаулысы осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде іспен бірге тиісті сот сатысына жіберіледі, ол туралы тараптарға хабарланады.
467-бап. Істі кассациялық сатыда қайтадан қарау
1. Егер кейбір сотталған адамдарға қатысты белгіленген мерзімде берілген кассациялық шағым немесе наразылық кассациялық сатыдағы сотқа қандай да бір себептер бойынша істі басқа сотталған адамдарға қатысты қарағаннан кейін келіп түссе, сондай-ақ сотталған адамның, оның қорғаушысының немесе заңды өкілінің кассациялық шағымы осы сотталған адамға қатысты іс процеске басқа қатысушының кассациялық шағымы немесе прокурордың наразылығы бойынша қаралып кеткеннен кейін келіп түссе, кассациялық сатыдағы сот мұндай шағымды немесе наразылықты қарауға және олар бойынша қаулы шығаруға міндетті.

2. Егер жаңадан шығарылған қаулы бұрын шығарылған қаулыға қайшы келсе, кассациялық сатыдағы сот істі қадағалау тәртібімен тексеру үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жібереді.


468-бап. Апелляциялық қаулының, үкімнің күші жойылғаннан

кейін істі апелляциялық сатыда қарау


1. Алқабилердің қатысуымен қаралған іс бойынша үкімнің күші жойылғаннан не істі тиісті сатыға жаңадан қарауға жібере отырып, апелляциялық қаулының немесе үкімнің күшін жойғаннан кейін іс осы саты үшін осы Кодексте белгіленген жалпы қағидалар бойынша қаралады.

2. Егер айыптаушы тараптың кассациялық шағымында, наразылығында мұндай өтіну болса және оны кассациялық сатыдағы сот үкімнің күшін жою негіздерінің бірі ретінде көрсетсе, апелляциялық сатыдағы сот істі жаңадан қараған кезде жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға жол беріледі.

3. Апелляциялық сатыдағы сот істі жаңадан қараған кезде:

1) егер кассациялық саты апелляциялық үкімнің күшін осы бөлігінде айыптау тарапының шағымы, наразылығы бойынша жоймаса, сотталған адамды айыптаудың бастапқы үкіммен алып тасталған бөлігінде кінәлі деп тануға;

2) егер кассациялық саты бастапқы апелляциялық үкімнің күшін айыптау тарапының шағымы, наразылығы бойынша жойса да, бірақ ол осы негіздерге байланысты болмаса, жазаны күшейтуге, бас бостандығынан айыру мерзімінің бір бөлігін түрмеде өтеуді немесе жазаны неғұрлым қатаң режимдегі колонияда өтеуді тағайындауға, қосымша жаза тағайындауға немесе неғұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдануға құқылы емес.
469-бап. Істі жаңадан қарау кезіндегі жаза тағайындаудың шектері
1. Егер бірінші апелляциялық үкімнің, қаулының күші сотталған адамды қорғау тұрғысынан берілген шағым, наразылық бойынша жойылса, ал екінші үкімнің күші айыптаушы тараптың жазаның жеңілдігіне немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты берілген шағымы, наразылығы бойынша жойылса, істі үшінші рет қарап жатқан апелляциялық саты екінші үкімге қарағанда неғұрлым қатаң жаза тағайындауы немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануы мүмкін, бірақ ол бірінші үкіммен салыстырғанда жазаны күшейтуге немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға құқылы емес.

2. Істі жаңадан қараған кезде апелляциялық сатыдағы сот шығарған үкімге жалпы тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

9-БӨЛІМ. СОТТЫҢ ШЕШІМДЕРІН ОРЫНДАУ
51-тарау. СОТТЫҢ ҮКІМДЕРІ МЕН ҚАУЛЫЛАРЫН ОРЫНДАУ
470-бап. Үкімнің заңды күшіне енуі және оны орындауға енгізу
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттар, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, гарнизонның әскери соты шығарған бірінші сатыдағы соттың үкімдері, егер оларға шағым жасалмаса немесе наразылық білдірілмесе, апелляциялық шағым жасау немесе наразылық білдіру мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді және орындауға енгізуге жатады.

2. Іс апелляциялық сатыда қайта қаралған жағдайда, егер үкімнің күші жойылмаса, ол апелляциялық қаулы шығарылған күні күшіне енеді. Егер апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылық апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін кері қайтарып алынса, апелляциялық саты шағымның, наразылықтың кері қайтарып алынуына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарған күні үкім заңды күшіне енеді.

3. Бірінші сатыдағы сот, үкімнің заңды күшіне енген немесе іс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей үкімді орындауға енгізеді.

4. Қылмыстық құқық бұзушылық үшін сотталған адам, егер айыптау үкімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 77-бабында белгіленген мерзімде орындауға келтірілмесе, жазаны өтеуден босатылады.

5. Соттың қаулысы сотталған адамды, ақталған адамды күзетілуден босату бөлігінде дереу орындауға енгізілуге жатады.
471-бап. Сот қаулысының заңды күшiне енуi және

оны орындауға енгізу


1. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысы шағым жасау немесе наразылық бiлдiру мерзiмi өткен соң не жекеше шағымдар немесе наразылық келтірілген жағдайда, iстi жоғары тұрған сот қарағаннан кейiн заңды күшiне енедi және орындауға енгізіледі.

2. Соттың шағым жасалуға немесе наразылық бiлдiрілуге жатпайтын қаулысы шығарылған бойда дереу күшiне енедi және орындауға енгізіледі.

3. Соттың алдын ала тыңдау барысында немесе басты сот талқылауы кезінде шығарылған істi тоқтату туралы қаулысы оның айыпталушыны немесе сотталушыны күзетілуден босатуға қатысты бөлiгiнде дереу орындалуға жатады.

4. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы, үкімі жария етілген кезінен бастап күшіне енеді.

5. Апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың үкімдері мен қаулылары осы Кодекстің 445 және 466-баптарында көзделген тәртіппен орындауға енгізіледі.

6. Соттың жекеше қаулысы заңды күшіне енген кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзім өткен соң басқару функцияларын орындайтын тиісті лауазымды адамға жіберіледі. Жекеше қаулы бойынша бiр айлық мерзiмнен кешiктiрмей қажеттi шаралар қолданылуға және оның нәтижелерi туралы қаулы шығарған сотқа хабарлануға тиiс.

472-бап. Соттың үкiмiн, қаулысын орындауға енгізу тәртiбi
1. Соттың заңды күшiне енген үкiмi мен қаулысы мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәрiне бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында бұлжытпай орындалуға жатады. Соттың үкiмiн, қаулысын орындамау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

2. Үкiм мен қаулыны орындауға енгізу iстi бiрiншi саты бойынша қараған сотқа жүктеледi. Үкiмдi орындау туралы өкiмдi судья үкiмнiң көшiрмесiмен бiрге қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес үкiмдi орындауға келтіру мiндетi жүктелген органға жiбередi. Апелляциялық сатыдағы сотқа күзетпен ұсталып отырған адамдарға қатысты iстi апелляциялық қарау нәтижелерiн хабарлау мiндетi жүктеледi. Iстi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде үкiм өзгертілген жағдайда, үкiмнiң көшiрмесiне апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi қоса берілуге тиiс.

3. Егер үкiмде сотталған адамды Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградасынан, Қазақстан Республикасының Президентi берген құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесінен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы мәселенi қою қажеттiгi көрсетiлсе, онда үкiмдi шығарған сот Қазақстан Республикасының Президентiне сотталған адамды мемлекеттiк наградасынан, көрсетiлген атақтарынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесінен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы ұсынуды, сондай-ақ үкiмнiң көшiрмесi мен оның заңды күшiне енгенi туралы анықтаманы жібереді.

4. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган үкiмдi шығарған сотқа оның орындауға келтірілгені туралы дереу хабарлайды. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган үкiм шығарған сотқа сотталған адамның жазасын өтеу орны туралы хабарлауға тиiс. Апелляциялық сатының үкімін орындау туралы хабарлама бірінші сатыдағы тиісті сотқа жіберіледі.


473-бап. Сотталған адамның туыстары мен азаматтық талапкерге

үкiмнің орындауға енгізілгені туралы хабарлау


1. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамды гаупвахтада ұстауға немесе бас бостандығынан айыруға кескен үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн қамау орнының әкiмшiлiгi сотталған адамның отбасын оның жазаны өтеу үшiн қайда жiберiлетiнi туралы хабардар етуге мiндеттi.

2. Азаматтық талап қою қанағаттандырылған жағдайда сот орындаушысы азаматтық талапкерді үкiмнiң орындалуға енгізілгені туралы хабардар етедi.


474-бап. Туыстарына сотталған адаммен кездесуге рұқсат беру
Үкiмді орындауға енгізгенге дейiн iс бойынша төрағалық етушi немесе сот төрағасы күзетпен ұсталып отырған сотталған адамның жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына олардың өтiнуi бойынша сотталған адаммен кездесу және телефон арқылы сөйлесу мүмкiндiгiн беруге мiндеттi.
475-бап. Үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыру
1. Адамды қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тартуға, оның бас бостандығын шектеуге немесе оны бас бостандығынан айыруға соттау туралы үкiмдi орындау мынадай негiздердiң бiрi болған кезде:

1) сотталған адамның жазаны өтеуге кедергi келтiретiн ауыр науқасы болса – ол сауығып кеткенге дейiн;

2) сотталған әйел жүктi болса немесе сотталған әйелдiң жас балалары болса және жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін еркектерге қатысты – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабында көзделген тәртiппен;

3) сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазаны дереу өтеу – өрт немесе өзгедей дүлей зілзала, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқасы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше жағдайлардың салдарынан ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкiн болса, сот белгiлеген, бірақ алты айдан аспайтын мерзiмге, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 76-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға қатысты үш айдан аспайтын мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн.

2. Соттың үкімі бойынша сотталған адамнан өндіріліп алуға жататын айыппұлды, өзгедей сомаларды төлеу, егер оны дереу төлеу сотталған адам үшiн мүмкiн болмаса, алты айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдырылуы немесе ұзартылуы мүмкін.

3. Егер сот үкімді шығарған кезде үкімнің орындалуын кейінге қалдыру туралы мәселені шешпеген болса, оны үкімді шығарған сот немесе қызмет ауданында үкім орындауға келтірілетін сот сотталған адамның, оның заңды өкiлiнiң, жақын туыстарының, қорғаушысының өтiнiшхаты бойынша не прокурордың немесе үкімді орындау жүктелген органның ұсынуы бойынша шешедi.

Үкімді қосымша жаза бөлігінде орындауды кейінге қалдыруға жол берілмейді.
476-бап. Үкiмдi орындау кезiнде соттың қарауына

жататын мәселелер


Соттың құзырына үкiмдi орындауға байланысты:

1) мынадай:

қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін тағайындалған айыппұл түрiнде жазадан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда – қоғамдық жұмыстарға тартумен не қамаққа алумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 41-бабы);

қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұл түрiнде жазадан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда – бас бостандығынан айырумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 41-бабы);

қоғамдық жұмыстарға тарту түрiнде тағайындалған жазадан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда – қамаққа алумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабы);

бас бостандығын шектеу түрiнде тағайындалған жазадан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда – бас бостандығынан айырумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 44-бабы) ауыстыру туралы;

2) қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін тағайындалған түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайда, оны – қоғамдық жұмыстарға тартумен не қамаққа алумен, ал қылмыс жасағаны үшін – бас бостандығынан айырумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабы) ауыстыру туралы;

3) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталып, бақылаудан жасырынып жүрген және жазасын өтеуден жалтарған адамдарға қатысты iздестiру жариялау, оны тоқтату және бұлтартпау шарасын таңдау туралы;

4) бас бостандығынан айыруға сотталған адамға үкім бойынша тағайындалған қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес өзгерту туралы;

5) жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабы), жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 73-бабы) туралы;

6) жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшін жою (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабының жетінші бөлiгi) туралы;

7) ауруына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай жазадан босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 75-бабы) туралы, сондай-ақ жазаны әрі қарай орындау үшін, оның ішінде сауығып кетуіне байланысты жазадан босату туралы қаулылардың күшін жою туралы;

8) шартты түрде соттаудың күшін жою немесе пробациялық бақылаудың мерзімін ұзарту туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 64-бабы);

9) бас бостандығын шектеуге сотталған адам үшiн бұрын белгiленген мiндеттердiң күшiн толық немесе iшiнара жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 44-бабы);

10) жазаны орындауды кейінге қалдырудың күшін жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабы);

11) соттың айыптау үкiмiнің ескіру мерзiмiнің өтіп кетуіне байланысты жазаны өтеуден босату туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 77-бабы);

12) басқа да орындалмаған үкiмдер болған кезде, егер бұл уақыты жағынан соңғы үкiмде шешiлмесе, үкiмдi орындау туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 60-бабы);

13) күзетпен ұсталған, сондай-ақ емдеу мекемесiнде болған уақытын есепке алу туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62, 97, 98-баптары);

14) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 96, 98-баптары);

15) керi күшi бар не жасалған іс-әрекет үшін қылмыстық жауаптылықтың күшін жоятын қылмыстық заңның шығуы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің сот үкім шығарған кезде қолданған заңды немесе өзге нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тануы, сондай-ақ рақымшылық жасау актiсiнiң шығуы салдарынан жазадан босату немесе жазаны жеңiлдету, сотталған адам жасаған іс-әрекеттің саралануын өзгерту, жазалау мерзімін қысқарту, қылмыстың қайталануы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 6-бабы) туралы;

16) түзеу жұмыстарына сотталған адамның жалақысынан ұсталатын соманың мөлшерiн қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес төмендету туралы, сондай-ақ сотталған адамнан сот үкімі бойынша өндірілетін айыппұлды, өзгедей өндіріп алуларды төлеу мерзімін ұзарту немесе кейінге қалдыру туралы;

17) үкiмдi орындау кезiнде туындаған кез келген түрдегі күмәндар мен түсiнiксiз жайттарды түсіндіру туралы;

18) сотталған адамның қайтыс болуына байланысты iс жүргiзудi тоқтату туралы;

19) сотталғандардың үкімді орындауға байланысты мәселелер бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері адамдарының, прокурордың әрекеттеріне және шешімдеріне шағымдарын қарау туралы;

20) сотталғандықты алып тастау туралы мәселелердi қарау жатады.
477-бап. Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешетiн соттар
1. Үкiмдi орындауға байланысты мәселелерді – үкім орындалатын жерде жұмыс істейтін аудандық және оған теңестірілген сот, ал ол болмаған кезде, жоғары тұрған сот шешедi.

Апелляциялық үкімді орындауға байланысты мәселелерді де осы соттар қарайды.

Мамандандырылған ауданаралық соттар, осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген мәселені қоспағанда, көрсетілген мәселелерді қарамайды.

2. Сотталғандықты алып тастау туралы мәселені сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша жұмыс істейтін, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген сот қарайды.

3. Кез келген түрдегі күмәндарды және түсініксіз жайттарды түсіндіру туралы мәселені үкім шығарған сот қарайды.

4. Соттың үкімді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі барлық материалдары және қаулысының көшірмесі заңды күшіне енгеннен кейін қылмыстық іс материалдарына қоса тігіледі. Егер соттың қаулысы жоғары тұрған сот сатыларында қайта қаралған болса, қылмыстық іс материалдарына осы сот сатылары қаулыларының көшірмелері де қоса тігіледі.


478-бап. Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу тәртiбi
1. Сот осы Кодекстің 476-бабының 5), 16), 19) және 20) тармақтарында көрсетілген мәселелерді сотталған адамның өтінішхаты бойынша қарайды.

2. Осы Кодекстің 476-бабының 1), 2), 3), 6), 8), 10), 12), 14) және 18) тармақтарында көрсетілген мәселелер жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы бойынша қаралады.

3. Сот осы Кодекстің 476-бабының 4), 7), 9), 11), 13), 15) және 17) тармақтарында көрсетілген мәселелерді сотталған адамның өтінішхаты бойынша не жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы бойынша қарайды.

4. Сот үкімді орындауға байланысты мәселелерді өтінішхат келіп түскен күннен бастап бір ай мерзім ішінде сотталған адамның қатысуымен ашық сот отырысында жеке-дара қарайды. Осы Кодекстің 476-бабының 1), 2), 3), 6), 7), 8), 10), 14) және 17) тармақтарында көзделген мәселелерді қарау сотталған адамның қатысуынсыз жүзеге асырылуы мүмкін.

5. Сот осы Кодекстің 476-бабының 5) тармағында көрсетілген мәселелерді Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының өтінішхаты бойынша, ынтымақтастық туралы процестік келісім шеңберінде қарауы мүмкін.

6. Сот сотталғандарға қатысты үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi қараған кезде, осы Кодекстің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы мiндеттi.

Соттың қаулысы негізінде адвокаттар сотталғандарға заң көмегін көрсеткен жағдайларда, олардың еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 68-бабына сәйкес жүргізіледі.

7. Сотталған адамды ауруына байланысты босату не оны емдеу мекемесiне орналастыру туралы мәселенi қараған кезде қорытынды берген дәрiгерлік комиссия өкiлiнiң қатысуы мiндеттi, ал сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізілген жағдайда, сот отырысына қорытынды берген сарапшы қатысады.

8. Шартты түрде сотталған адамға іздестіру жариялаған кезде сот қаулыда пробациялық бақылау мерзімінің өтуін тоқтата тұрудың басталуын және оның өтуі қайта басталатын кезді көрсетеді.

9. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қараған кезде сот отырысына жәбірленуші қатысуға құқылы не оның өкілі өкілдік ете алады.

10. Егер мәселе үкiмдi азаматтық талап қою бөлiгiнде орындауға қатысты болса, сот отырысына азаматтық талапкер немесе оның өкiлi де шақырылады. Көрсетілген адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi келтірмейді.

11. Сот отырысына прокурор қатысады.

12. Сотта үкімді орындауға байланысты мәселелерді қарау сотталған адамның, прокурордың немесе жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің тиісті өтінішхатты баяндауымен басталады. Содан соң ұсынылған материалдар зерттеледi, сот отырысына келген адамдардың түсiнiктемелерi, прокурордың пiкiрi тыңдалады, содан соң судья кеңесу бөлмесінде қаулы шығарады.

13. Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.

479-бап. Сотталғандықты алып тастау туралы өтiнiшхаттарды қарау
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 79-бабына сәйкес сотталғандықты алып тастау туралы мәселенi жазасын өтеген адамның өтiнiшхаты бойынша оның тұрғылықты жерiндегi сот шешедi.

2. Сот отырысына өзiне қатысты сотталғандықты алып тастау туралы өтiнiшхаты қаралатын адамның қатысуы мiндеттi.

3. Қарау өтiнiшхатпен жүгінген адамның түсiніктемесін тыңдаумен басталады, содан соң ұсынылған материалдар зерттеледi және шақырылған адамдар тыңдалады.

4. Сотталғандықты алып тастаудан бас тартылған жағдайда, бұл туралы сот алдында қайталап өтiнiшхат беруді бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап бiр жылдан ерте қозғауға болмайды.


480-бап. Жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе

жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жазамен

ауыстыру туралы мәселелерді қарау
1. Жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы мәселе сотталған адамның өтінішхаты бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 478-бабының бесінші бөлігінде көзделген жағдайда қаралады.

2. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар, оның ішінде сотталған адамның сот үкімі бойынша тағайындалған жазаны өтеген мерзімін растайтын материалдарды, оның қылмыс арқылы келтірген залалды өтегені туралы мәліметтерді, сотталған адамның алкоголизмнен және нашақорлықтан емделгені және оның нәтижелері туралы, міндетті түрде емдеуді қажет ететін өзге де ауруларының бар-жоғы туралы, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы және басқалары туралы мәліметтерді қоса алғанда, оның жазаны өтеу уақытындағы мінез-құлқын сипаттайтын егжей-тегжейлі деректерді ұсынуға міндетті. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының өтінішхатына ынтымақтастық туралы процестік келісім шеңберінде шығарылған, заңды күшіне енген үкім қоса берілуге тиіс. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа сотталған адамның сол кезге қарай түзелу дәрежесі және оның бүкіл жаза мерзімін орындау қажет екені немесе ондай қажеттіліктің болмауы туралы пікірін береді. Сондай-ақ жазаны орындайтын мекеме немесе орган және сотталған адамның өзі сотталған адамның босап шыққаннан кейінгі болжамды тұратын орны мен оның жұмысқа орналасу перспективасы (туыстарының жазбаша келісімі, ұйымның, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тұрғын үй, жұмыс орнын беруі) туралы деректерді сотқа ұсына алады.

3. Сотталған адам сотқа ұсынылған материалдармен сот отырысы басталғанға дейін танысуға, өзінің түсініктемелерін, дәлелдемелерін ұсынуға, өтінішхаттарын мәлімдеуге құқылы.

4. Егер ұсынуда жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы мәселе қойылса, жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерден бөлек, сотталған адамға оның түзелу дәрежесін және жеке қасиеттерін ескере отырып, ауыстыру тәртібімен өтеу үшін белгіленуі мүмкін жазаның түрі, мерзімінің мөлшері туралы негізделген пікірін ұсынады.

5. Жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы мәселені қарау кезінде сот отырысына сотталған адамның, қорғаушының, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің, прокурордың қатысуы міндетті. Жәбірленушінің, азаматтық талапкердің және олардың өкілдерінің келмей қалуы өтінішхатты қарауға кедергі болмайды.

6. Сот отырысының дайындық бөлігі жүргізілгеннен кейін тиісінше сотталған адам не жазаны орындайтын мекеме немесе орган өтінішхатты баяндайды. Содан кейін сот келіп түскен материалдарды зерттейді және сот отырысына келген адамдардың түсініктемелерін тыңдайды. Сотталған адам сот отырысында барлық материалдарды зерттеуге қатысуға, сотта сөз сөйлеуге және қаралып отырған мәселе бойынша өз пікірін айтуға құқылы.

Прокурор сотқа өтінішхатты қанағаттандыру немесе оны қанағаттандырусыз қалдыру туралы дәйектелген пікірін баяндайды.

7. Сот қарау нәтижелері бойынша:

1) сотталған адамды жазаны одан әрі өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандыру және немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы өтінішхатты қанағаттандыру туралы;

2) жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы;

3) жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы шешім қабылдай отырып, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.

Сот жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы шешімді бұл туралы келіп түскен өтінішхатты қанағаттандырған жағдайда да, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда да қабылдауға құқылы.


481-бап. Жазадан ауруына байланысты босату туралы

өтінішхаттарды қарау


1. Жазаны өтеуден ауруына байланысты босату туралы мәселе сотталған адамның (оның заңды өкілінің немесе өкілінің) немесе жазаны орындайтын мекеменің немесе органның өтінішхаты бойынша қаралады.

2. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар, оның ішінде сотталған адамның сот үкімі бойынша тағайындалған жазаны өтеген мерзімін растайтын материалдарды, сотталған адамның алкоголизмнен және нашақорлықтан емделгені және оның нәтижелері туралы мәліметтерді қоса алғанда, сотталған адамның жазаны өтеу уақытындағы мінез-құлқын сипаттайтын егжей-тегжейлі деректерді, сотталған адамның жазаны өтеуіне кедергі келтіретін психикасының бұзылуының немесе өзге де ауыр науқасының бар-жоғы, тиісті емдеу жүргізудің қажеттігі және оны қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жүзеге асырудың мүмкін еместігі туралы медициналық комиссияның қорытындысын ұсынуға міндетті.

3. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа сотталған адамның ауруына байланысты босатылғаннан кейін болжамды түрде тұратын орны туралы деректерді, ал егер аурудың сипаты оған заңда көзделген жағдайларда міндетті емдеуді қолдануды талап еткенде – сотталған адам жіберілетін немесе орналастырылатын мекеменің атауын ұсынады.

4. Жазадан ауруына байланысты босату туралы мәселені қарау кезінде сот отырысына қорғаушының, заңды өкілдің, прокурордың, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің, қорытынды берген дәрігерлік комиссия өкілінің қатысуы міндетті. Қажет болған жағдайларда сот отырысына сот қаулысы бойынша сараптама жүргізген және қорытынды берген сарапшы қатысады.

Сот медициналық қорытындының жазаны өтеуден босатуға негіз болып табылатын, уәкілетті орган белгілеген аурулар тізбесіне сәйкестігін зерттейді.

Сотталған адамның ауруының сипаты кедергі келтірмесе, сот отырысына қатысады.

5. Сот отырысының дайындық бөлігі жүргізілгеннен кейін тиісінше сотталған адам (егер ол қатысып отырса) не жазаны орындайтын мекеме немесе орган өтінішхатты баяндайды. Содан кейін сот келіп түскен материалдарды зерттейді және сот отырысына келген адамдардың түсініктемелерін тыңдайды. Сот аурудың диагнозын және ауырлығын нақтылау, сондай-ақ арнайы білімді қажет ететін өзге де мәселелерді шешу қажет болған кезде сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама, оның ішінде қайталама сараптама тағайындауға құқылы.

6. Сот өтінішхаттарды қарау нәтижелері бойынша:

1) өтінішхатты қанағаттандыру және сотталған адамды ауруына байланысты жазаны одан әрі өтеуден медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай босату туралы;

2) егер психикасының бұзылуы немесе өзге де ауыр науқасы жазаны өтеуге кедергі келтірмесе, өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.

7. Сотталған адамның психикасының бұзылуына байланысты оны жазаны өтеуден босатқаннан кейін медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені шешу кезінде сот мынадай:

1) сотталған адам психикасының дертті бұзылуы оның өзі үшін немесе басқа адамдар үшін қауіп төндіретін-төндірмейтіні не өзгедей зиян келтіру мүмкіндігін туғызатын-туғызбайтыны;

2) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы және оның нақты қайсысы қолданылуға жататын-жатпайтыны жөніндегі мәселелерді шешеді.

Сотталған адам психикасының бұзылуы оның өзі үшін немесе басқа адамдар үшін қауіп төндірмейтінін не өзгедей зиян келтіру мүмкіндігі жоқтығын тани отырып, сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тағайындамайды.

Соттың қаулысында сотталған адам сауыққаннан кейін, егер бұл кезде айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтіп кетпесе, оның жазаны өтеуі қайта басталатыны көрсетілуге тиіс. Сотталған адамның мәжбүрлі емдеуде болған уақыты жазаның өтелген мерзіміне есептеледі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет