3) қойылған талап бойынша түсiнiктеме беруге;
4) қылмыстық iске қосып тігу үшiн материалдарды ұсынуға;
5) өтiнiшхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлiмдеуге, ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақтар мен түсiнiктемелер беруге;
6) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға, өкiлiнің болуына;
7) өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға;
8) өзiнiң өтiнiшхаты бойынша немесе өкiлiнiң өтiнiшхаты бойынша жүргiзiлген тергеу әрекеттерiне прокурордың, тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен қатысуға;
9) тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн iстiң азаматтық талап қоюға қатысты материалдарымен танысуға және одан, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, кез келген мәлiметтi және кез келген көлемде жазып алуға;
10) өзiнiң мүддесiн қозғайтын қабылданған шешiмдер туралы бiлуге және мәлiмделген азаматтық талап қоюға қатысты процестік шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға;
11) азаматтық талап қоюдың кез келген сот сатысында қаралуына қатысуға;
12) сот жарыссөздерiнде сөйлеуге;
13) сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге;
14) қылмыстық процестi жүргізетін органның әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешiмдерiне шағым келтіруге;
15) соттың үкiмi мен қаулыларына азаматтық талап қоюға қатысты бөлiгiнде шағым жасауға;
16) iс бойынша азаматтық талап қою бөлiгiнде келтірілген шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылық беруге;
17) мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға;
18) осы Кодекстiң 173-бабының бірiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, келтiрiлген зиянның өтемақысын жәбірленушілерге зиянды өтеу қорының қаражаты есебінен алуға;
19) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы мәлімдеуге құқығы бар.
3. Азаматтық талапкер осы Кодекстiң 71-бабының сегiзiншi бөлiгiнде көзделген мiндеттерді көтереді.
4. Азаматтық талапкер, сондай-ақ заңда көзделген басқа да құқықтарға ие болады және басқа да мiндеттерді көтереді.
74-бап. Азаматтық жауапкер
1. Қылмыстық iсте өзіне талап қойылған жеке немесе заңды тұлға азаматтық жауапкер болып танылады.
2. Азаматтық жауапкердің өзіне қойылған талапқа байланысты өз мүдделерiн қорғау мақсатында:
1) күдіктің, айыптаудың және азаматтық талап қоюдың мәнiн бiлуге;
2) талап қоюға қарсылық бiлдiруге, қарсы талап қоюды беруге;
3) қойылған талаптың мәнi бойынша түсiнiктемелер мен айғақтар беруге;
4) өкiлiнің болуына;
5) қылмыстық iске қосып тігу үшiн материалдарды ұсынуға;
6) өтiнiшхаттар мен қарсылық білдірулерді мәлімдеуге;
7) тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн азаматтық талап қоюға қатысты материалдармен танысуға және одан, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, кез келген мәлiметтi және кез келген көлемде жазып алуға;
8) өзiнiң мүдделерiн қозғайтын қабылданған шешiмдер туралы бiлуге және мәлiмделген азаматтық талап қоюға қатысты процестік шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға;
9) азаматтық талап қоюдың кез келген сот сатысында қаралуына қатысуға;
10) сот жарыссөздерiнде сөйлеуге, қылмыстық процестi жүргізетін органның әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешiмдерiне шағым келтіруге;
11) сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге;
12) соттың үкiмi мен қаулысына азаматтық талап қоюға қатысты бөлiгiнде шағым жасауға;
13) iс бойынша азаматтық талап қоюға қатысты бөлiгiнде келтiрiлген наразылықтар мен шағымдар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар беруге;
14) мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға;
15) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы мәлімдеуге құқығы бар.
3. Азаматтық жауапкер осы Кодекстiң 71-бабының сегізінші бөлiгiнде көзделген мiндеттерді көтереді.
4. Азаматтық жауапкер, сондай-ақ заңда көзделген басқа да құқықтарға ие болады және басқа да мiндеттерді көтереді.
75-бап. Кәмелетке толмаған күдіктінің, айыпталушының,
сотталушының, сотталған адамның заңды өкiлдерi
1. Кәмелетке толмаған немесе есі дұрыс еместігін жоққа шығармайтын психикасының бұзылуынан зардап шегетін адам жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша iске қатысуға олардың заңды өкiлдерi осы Кодексте көзделген тәртiппен тартылады.
2. Егер сотқа дейінгі іс жүргізу немесе сот талқылауы осы Кодексте көзделген жағдайларда күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның қатысуынсыз жүзеге асырылса, қылмыстық іске олардың заңды өкілдері қатыса алады.
76-бап. Жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің және жекеше
айыптаушының өкiлдерi
1. Қылмыстық процесте жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің және жекеше айыптаушының заңды мүдделерiн бiлдiруге заң күшiмен құқықты және қылмыстық процестi жүргізетін органның қаулысымен процеске қатысуға жіберілген адвокаттар мен өзге де тұлғалар жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің және жекеше айыптаушының өкiлдерi бола алады.
2. Кәмелетке толмағандар болып табылатын немесе сот ісін жүргізу тілін білмейтін не өзінің дене немесе психикалық жағдайы бойынша өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау мүмкіндігінен айырылған жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін процеске міндетті түрде қатысуға олардың заңды өкілдері мен өкілдері тартылады.
Мұндай жағдайларда жәбірленушінің өкілі ретінде жәбірленуші не оның заңды өкілі таңдаған адвокат жіберіледі. Егер адвокатты жәбірленушінің өзі немесе оның заңды өкілі шақырмаса, қылмыстық процесті жүргізетін орган адвокаттардың кәсіби ұйымы немесе оның құрылымдық бөлімшесі үшін міндетті қаулы шығару арқылы адвокаттың қатысуын қамтамасыз етеді. Қылмыстық процесті жүргізетін орган қорғаушы ретінде нақты адвокатты шақыруды ұсынуға құқылы емес.
Жәбірленушіде немесе оның заңды өкілінде қаражат болмаған жағдайда, адвокаттың еңбегіне ақы төлеу осы Кодексте белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
3. Жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің және жекеше айыптаушының заңды өкiлдерi мен өкiлдерi өздерi өкiлi болып отырған жеке және заңды тұлғалар сияқты, осы Кодексте көзделген шектерде, процестік құқықтарға ие болады.
4. Жәбiрленушiнің, азаматтық талапкердің, жекеше айыптаушының өкiлi өзi өкiлi болып отырған процеске қатысушының мүдделерiне қайшы қандай да бір әрекеттер жасауға құқылы емес.
5. Жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің және жекеше айыптаушының процеске өзiнiң қатысуы оларды осы iс бойынша өкiлге ие болу құқығынан айырмайды.
77-бап. Азаматтық жауапкердiң өкiлдерi
1. Қылмыстық процесте азаматтық жауапкердiң заңды мүдделерiн бiлдiруге заң күшiмен құқықты және қылмыстық процестi жүргізетін органның қаулысымен процеске қатысуға жіберiлген адвокаттар және өзге де тұлғалар азаматтық жауапкердiң өкiлдерi болып танылады.
2. Азаматтық жауапкердің өкiлдерi Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес өздерi өкiлi болып отырған жеке немесе заңды тұлғалар сияқты процестік құқықтарға ие болады.
3. Азаматтық жауапкердің өкiлi өзi өкiлi болып отырған процеске қатысушының мүдделерiне қайшы қандай да бір әрекеттер жасауға құқылы емес.
4. Азаматтық жауапкердiң процеске жеке өзiнiң қатысуы оны осы iс бойынша өкiлге ие болу құқығынан айырмайды.
10-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСАТЫН
ӨЗГЕ ДЕ АДАМДАР
78-бап. Куә
1. Іс үшiн маңызы бар қандай да бір мән-жай белгiлi болуы мүмкiн кез келген адам айғақтар беру үшiн куә ретiнде шақырылуы және одан жауап алынуы мүмкiн.
2. Мыналар:
1) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысуына байланысты, сондай-ақ сот шешiмiн шығару кезiнде туындаған мәселелердi кеңесу бөлмесiнде талқылау барысында өздерiне белгiлi болған iстiң мән-жайлары туралы – судья, алқаби;
2) аралық судьяның немесе төрешiнiң мiндеттерiн атқаруға байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы – аралық судья немесе төрешi;
3) өзiнiң мiндеттерiн орындауына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы – күдіктiнiң, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның қорғаушысы, сол сияқты олардың заңды өкілдері, жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің және азаматтық жауапкердiң өкiлi, сондай-ақ куәнің адвокаты;
4) тәубаға келу үстінде өзіне белгiлi болған мән-жайлар туралы – дiни қызметшi;
5) өзiнiң жасының толмауына не психикалық немесе дене кемiстiктерiне байланысты іс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдауға және олар туралы айғақ беруге қабiлетсiз адам;
6) заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, медиацияны жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы – медиатор;
7) ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін жағдайларды қоспағанда, өз қызметін жүзеге асыруға байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы – ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы куә ретінде жауап алынуға жатпайды.
3. Куәнiң:
1) қылмыстық жазаланатын іс-әрекет немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн оның өзiн, жұбайын (зайыбын) немесе жақын туыстарын қудалауға әкеп соғатын айғақтар беруден бас тартуға;
2) өзiнiң ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақтар беруге;
3) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға;
4) өзінен жауап алуға қатысатын аудармашыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге;
5) жауап алу хаттамасына айғақтарды өз қолымен жазуға;
6) анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) шағым келтіруге, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерiне қатысты, оның ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхаттар мәлімдеуге құқығы бар.
Куәнің өз адвокатының қатысуымен айғақ беруге құқығы бар. Адвокаттың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам белгілеген уақытта келмеуі куәдан жауап алуды жүргізуге кедергі келтірмейді.
Куәның қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде шеккен шығыстарын оған өтеу қамтамасыз етіледі.
4. Куә:
1) анықтаушының, тергеушінің, прокурордың және соттың шақыруы бойынша келуге;
2) іс бойынша болғанның бәрін шынайы түрде хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге;
3) егер өзіне бұл туралы анықтаушы, тергеуші немесе прокурор ескерткен болса, іс бойынша өзіне белгілі мән-жайлар туралы мәліметтерді жария етпеуге;
4) тергеу әрекеттерін жүргізген кезде және сот отырысы уақытында белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
5. Егер адам қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызда және хабарда оны жасаған адам ретінде көрсетілсе не қылмыстық процеске қатысатын куә оған қарсы айғақ берсе, бірақ мұндай адамға процестік ұстап алу қолданылмаса не оны күдікті деп тану туралы қаулы шығарылмаса, онда ол қорғалуға құқығы бар куә мәртебесін алады.
6. Қорғалуға құқығы бар куәнің:
1) қылмыстық жазаланатын іс-әрекет немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн оның өзiн, жұбайын (зайыбын) немесе жақын туыстарын қудалауға әкеп соқтыратын айғақтар беруден бас тартуға;
2) өз бетінше немесе үшінші тұлғалар арқылы адвокат шақыртуға;
3) жауап алу басталғанға дейін өзі таңдаған, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың қатысуымен айғақтар беруге;
4) ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақтар беруге;
5) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға;
6) өзінен жауап алуға қатысатын аудармашыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге;
7) жауап алу хаттамасына өз айғақтарын өз қолымен жазуға;
8) жедел-іздестіру және жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарын қоспағанда, осы баптың бесінші бөлігінде көрсетілген құжаттармен танысуға;
9) өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге, дәлелдемелерді ұсынуға;
10) өзінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты, оның ішінде сараптама жүргізу және қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхаттар мәлімдеуге;
11) қарсылық білдірулерді мәлімдеуге;
12) өзіне қарсы куә болғандармен беттесуге;
13) анықтаушының, тергеушінің, прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым келтіруге құқығы бар.
Қорғалуға құқығы бар куә: соттың, прокурордың, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның шақыруы бойынша келуге; тергеу әрекеттерін жүргізген кезде және сот отырысы уақытында белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
7. Куә, оның ішінде қорғалуға құқығы бар куә, осы Кодекстiң 223 және 271-баптарында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, сараптамаға немесе куәландырылуға тартылмайды.
8. Куә жалған айғақтар бергенi, айғақтар беруден бас тартқаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген қылмыстық жауаптылықта болады. Айғақтар беруден жалтарғаны немесе қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша дәлелді себептерсіз келмегені үшін куәға, оның ішінде қорғалуға құқығы бар куәға осы Кодекстің 160-бабында белгіленген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
79-бап. Сарапшы
1. Сарапшы ретінде арнаулы ғылыми білімі бар, іске мүдделі емес адам шақырылуы мүмкін. Сараптама жүргізу тапсырылуы мүмкін адамға қойылатын өзге де талаптар осы Кодекстің 273-бабының бірінші бөлігінде белгіленеді.
2. Сарапшыны шақыру, сараптаманы тағайындау және жүргізу осы Кодекстің 35-тарауында, сондай-ақ 373-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Сарапшының:
1) сараптаманың нысанасына жататын материалдармен (іс материалдарымен) танысуға;
2) қорытынды беру үшін өзіне қажетті қосымша материалдарды беру туралы, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхаттар мәлімдеуге;
3) қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатымен процестік әрекеттерді жүргізуге және сот отырысына қатысуға және оларға қатысатын тұлғаларға сараптама нысанасына қатысты сұрақтар қоюға;
4) өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеттері мен айғақтарының толық және дұрыс тіркелуіне қатысты, хаттамаларға енгізілуге жататын ескертулер жасауға;
5) сараптаманы тағайындаған органның келісімі бойынша, сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, іс үшін маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда қамтылған мәселелердің шегінен шығатын мән-жайлар бойынша өз құзыреті шегінде қорытынды беруге;
6) ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге;
7) қылмыстық процесті жүргізетін органның және іс бойынша іс жүргізуге қатысатын өзге де тұлғалардың сараптама жүргізу кезінде өзінің құқықтарына қысым көрсететін шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға;
8) сараптама жүргізу кезінде шегілген шығыстарға өтем және егер сот сараптамасын жүргізу өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
4. Сарапшы:
1) қылмыстық процесті жүргізетін органды хабардар етпестен, процеске қатысушылармен сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге;
2) зерттеу үшін материалдарды өз бетінше жинауға;
3) егер сараптама тағайындаған органның бұған арнайы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға не олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеліп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқылы емес.
5. Сарапшы:
1) қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша келуге;
2) өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге, қойылған мәселелер бойынша негізделген және объективті жазбаша қорытынды беруге;
3) осы Кодекстің 284-бабында көзделген жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға және қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы уәжді жазбаша хабар жасауға және оны қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберуге;
4) жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге;
5) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге;
6) істің мән-жайы туралы мәліметтерді және сараптама жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге;
7) сараптаманы тағайындаған органға шығыстар сметасын және сараптама жүргізуге байланысты шегілген шығыстар туралы есепті ұсынуға міндетті.
6. Сарапшы көрінеу жалған қорытынды бергені үшін заңда белгіленген қылмыстық жауаптылықта болады.
7. Сот сараптамасы органдарының қызметкері болып табылатын сарапшы өз қызметінің сипатына қарай өзінің құқықтарымен және міндеттерімен танысқан және көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілген деп есептеледі.
80-бап. Маман
1. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге маман ретінде қатысу үшін қылмыстық процестің қатысушыларына өзінің арнайы құзыретіне кіретін мәселелерді түсіндіру, сондай-ақ ғылыми-техникалық құралдарды қолдану жолымен дәлелдемелерді жинауда, зерттеуде және бағалауда жәрдем көрсету үшін қажетті арнаулы білімі бар, іске мүдделі емес адам тартылуы мүмкін. Кәмелетке толмаған адамның қатысуымен болатын тергеу және өзге де процестік әрекеттерге қатысатын педагог та, психолог та, сол сияқты оны сарапшы етiп тағайындаған жағдайларды қоспағанда, тергеу және өзге де процестік әрекеттерге қатысатын дәрiгер де мамандар болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органы уәкілетті бөлімшесінің қызметкері зерттеу жүргізу және қорытынды беру үшін маман ретінде тартылуы мүмкін.
3. Маманның:
1) зерттеу нысанасына жататын материалдармен танысуға;
2) қорытынды беру үшін өзіне қажетті қосымша материалдар беру туралы өтінішхаттар мәлімдеуге;
3) өзiнiң шақырылу мақсатын бiлуге;
4) егер тиiстi арнаулы бiлiмi мен дағдысы болмаса, iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға;
5) тергеу немесе сот әрекетiне қатысушыларға қылмыстық процестi жүргiзетін органның рұқсатымен сұрақтар қоюға; олардың назарын дәлелдемелердi жинауға, зерттеу мен бағалауға және ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға жәрдем көрсету, iстiң материалдарын зерттеу, сараптама тағайындауға материалдар дайындау кезiндегі өзiнiң әрекеттерiне байланысты мән-жайларға аударуға;
6) қылмыстық процесті жүргізетін органның, соттың тағайындауы бойынша іс материалдарына, салыстырма зерттеулердi қоспағанда, оның барысы мен нәтижелерін осы Кодекстiң 199-бабының тоғызыншы бөлiгiнде көзделген тәртiппен қылмыстық iске қосып тігілетін хаттамада не ресми құжатта көрсете отырып, объектiлердiң толық немесе iшiнара жойылуына не олардың сыртқы түрiнің немесе негiзгi қасиеттерiнiң өзгеруiне әкеп соқпайтын зерттеулер жүргiзуге құқығы бар. Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органы уәкілетті бөлімшесінің маманы қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатымен сот-сараптамалық зерттеулердің барысы мен нәтижелерін осы Кодекстің 117-бабының талаптарына сәйкес ресімделген маманның қорытындысында көрсете отырып, осы объектілер бойынша оны жүргізуді жоққа шығармайтын көлемде осы объектiлердiң iшiнара жойылуына әкелетін салыстырмалы зерттеулер жүргiзуге;
7) өзi қатысқан тергеу әрекетiнiң хаттамасымен, сондай-ақ тиiстi бөлiгiнде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген әрекеттердiң барысы мен нәтижелерiнiң тіркелуiнiң толықтығы мен дұрыстығына қатысты, хаттамаға енгiзілуге жататын мәлiмдемелер мен ескертулер жасауға;
8) қылмыстық процестi жүргiзетін органның әрекеттерiне шағым келтіруге;
9) аудармашының тегін көмегін пайдалануға;
10) аудармашыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге;
11) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхат мәлімдеуге;
12) егер iс бойынша iс жүргiзуге қатысуы оның лауазымдық мiндеттерiнiң шеңберiне кiрмейтiн болса, өзiнiң тергеу немесе сот әрекеттерiне қатысуына байланысты шеккен шығыстарына өтем және орындаған жұмысы үшiн сыйақы алуға құқығы бар.
4. Маман:
1) қылмыстық процесті жүргізетін органға хабардар етпестен, процеске қатысушылармен зерттеу жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге;
2) зерттеу материалдарын өз бетінше жинауға құқылы емес.
Осы шектеулер осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген адамдарға қолданылмайды.
5. Маман:
1) қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша келуге;
2) дәлелдемелердi жинауға, зерттеу мен бағалауға жәрдем көрсету үшiн арнаулы бiлiмiн, дағдысын және ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, тергеу әрекеттерiн жүргiзу мен сот талқылауына қатысуға;
3) өзi орындаған әрекеттерге қатысты түсiнiк беруге, ал осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайда зерттеу жүргізуге және қорытынды беруге;
4) iстiң мән-жайлары туралы мәлiметтердi және iске қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған өзге де мәлiметтердi жария етпеуге;
5) тергеу әрекеттерi жүргiзілген кезде және сот отырысы уақытында тәртiп сақтауға;
6) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
6. Өзiнiң мiндеттерiн орындаудан дәлелді себептерсіз бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн маманға осы Кодекстің 160-бабында белгіленген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
Көрінеу жалған қорытынды берген жағдайда маман заңда белгіленген қылмыстық жауаптылықта болады.
81-бап. Аудармашы
1. Аударма жасау үшiн білу қажет тiлдi меңгерген және күдікті, айыпталушы, сотталушы, олардың қорғаушылары не жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерi, сондай-ақ куәлар және өзге де процеске қатысушылар iс бойынша iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмеген жағдайларда, сол сияқты жазбаша құжаттарды аудару үшiн тергеу және сот әрекеттерiне қатысуға тартылған, iске мүдделi емес адам аудармашы ретiнде шақырылады.
2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган адамды аудармашы етiп тағайындау туралы қаулы шығарады.
3. Аудармашының:
1) аударманы жүзеге асыру кезiнде қатысатын адамдарға аударманы нақтылау үшiн сұрақтар қоюға;
2) жүргiзуiне өзi қатысқан тергеу әрекеттерінің немесе өзге де процестік әрекеттердiң хаттамасымен, сондай-ақ тиiстi бөлiгiнде сот отырысының хаттамасымен танысуға және аударманың толықтығы мен дұрыстығына қатысты, хаттамаға енгiзілуге жататын ескертулер жасауға;
3) егер оның аудару үшiн қажеттi бiлiмi болмаса, iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан бас тартуға;
4) қылмыстық процестi жүргізетін органның әрекеттерiне шағым келтіруге;
5) егер iс бойынша iс жүргiзуге қатысу оның лауазымдық мiндеттерiнiң шеңберiне кiрмейтiн болса, өзінің тергеу әрекеттеріне және өзге де процестік әрекеттерге қатысуына байланысты шеккен шығыстарына өтем және орындаған жұмысы үшiн сыйақы алуға;
6) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхат мәлімдеуге құқығы бар.
4. Аудармашы:
1) қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуге;
2) өзiне тапсырылған аударманы дәл және толық орындауға;
3) өзінің қатысуымен жүргiзiлген тергеу әрекеттерiнiң хаттамасында, сондай-ақ процеске қатысушыларға олардың ана тiлiндегi немесе олар бiлетiн тiлдегi аудармасымен бірге табыс етілетін процестік құжаттарда аударманың дұрыстығын өзiнiң қолымен куәландыруға;
4) аудармашы ретiнде тартылуына байланысты өзiне белгiлi болған iстiң мән-жайлары туралы мәлiметтердi немесе өзге де деректердi жария етпеуге;
5) тергеу әрекеттерi жүргiзілген кезде және сот отырысы уақытында тәртiп сақтауға мiндеттi.
5. Дәлелді себептерсіз келуден немесе өзiнiң мiндеттерiн орындаудан бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн аудармашыға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін. Көрінеу дұрыс аудармаған жағдайда аудармашы қылмыстық жауаптылықта болады.
6. Осы баптың қағидалары мылқау немесе саңырау адамдардың ым-белгiлерiн түсiнетiн және iс бойынша iс жүргiзуге қатысу үшiн шақырылған адамға қолданылады.
82-бап. Куәгер
1. Қылмыстық қудалау органы осы Кодексте көзделген жағдайларда тергеу әрекетiн жүргiзу фактiсiн, оның барысы мен нәтижелерiн куәландыру үшiн тартқан адам куәгер болып табылады.
2. Өздерiнiң қатысуымен болып жатқан әрекеттердi толық және дұрыс қабылдауға қабiлеттi және осы Кодекстің 90-бабына сәйкес өздеріне қарсылық білдірілуге жатпайтын, iске мүдделi емес және қылмыстық қудалау органдарынан тәуелсiз кәмелеттiк жасқа толған азаматтар ғана куәгер бола алады.
3. Тергеу әрекеттерiн жүргiзуге кемiнде екi куәгер қатысады.
4. Куәгердiң:
1) тергеу әрекеттерiн жүргiзуге қатысуға;
2) тергеу әрекетi жөнiнде хаттамаға енгiзілуге жататын мәлiмдемелер мен ескертулер жасауға;
3) өзi қатысқан тергеу әрекетiнің хаттамасымен танысуға;
4) қылмыстық қудалау органының әрекеттеріне шағым келтіруге;
5) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде өзi шеккен шығыстарға өтем алуға;
6) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхатты мәлімдеуге құқығы бар.
5. Куәгер:
1) қылмыстық қудалау органының шақыруы бойынша келуге;
2) тергеу әрекетiн жүргiзуге қатысуға;
3) тергеу әрекетiнiң хаттамасында осы әрекеттiң жүргiзiлу фактiсiн, оның барысы мен нәтижелерiн өзiнiң қолымен куәландыруға;
4) анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың рұқсатынсыз сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын жария етпеуге;
5) тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде тәртiп сақтауға мiндеттi.
6. Дәлелдi себептерсiз келуден немесе өзiнiң мiндеттерiн орындаудан бас тартқаны немесе жалтарғаны үшiн куәгерге осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
83-бап. Сот отырысының хатшысы
1. Сот отырысының хаттамасын жүргiзетiн, сондай-ақ сот отырысының аудио-, бейнетіркелуін қамтамасыз ететін, қылмыстық iске мүдделi емес мемлекеттiк қызметшi сот отырысының хатшысы болып табылады.
2. Сот отырысының хатшысы:
1) өзi хаттамалауды қамтамасыз етуi қажеттi барлық уақытта сот отырысының залында болуға және сот отырысынан төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз кетпеуге;
2) хаттамада соттың әрекеттерi мен шешiмдерiн, соттың отырысына қатысушы барлық тұлғалардың өтiнiшхаттарын, қарсылықтарын, айғақтарын, түсiнiктемелерiн, сондай-ақ сот отырысының хаттамасында көрсетілуге жататын басқа да мән-жайларды толық және дұрыс жазуға;
3) сот отырысының хаттамасын осы Кодексте белгiленген мерзiмде дайындауға;
4) төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға;
5) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.
3. Сот отырысының хатшысы сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығы үшiн жеке жауаптылықта болады.
4. Сот отырысының хаттамасына анық емес не шындыққа сай келмейтiн мәлiметтердi енгiзген жағдайда, хатшы заңда көзделген жауаптылықта болады.
84-бап. Сот приставы
1. Өзiне соттар қызметiнiң белгiленген тәртiбiн қамтамасыз ету жөнiндегi заңмен жүктелген мiндеттердi орындайтын лауазымды адам сот приставы болып табылады.
2. Сот приставы сот талқылауы кезiнде залдағы тәртiптi сақтап тұрады, төрағалық етушiнiң өкiмдерiн орындайды және соттарда судьяларды, куәларды және процеске басқа да қатысушыларды қорғауды жүзеге асырады, оларды бөгде адамдардың ықпалынан қорғайды, соттың процестік әрекеттер жүргiзуiне жәрдемдеседi, сотқа келуден жалтарған адамдарды күштеп әкелуді жүзеге асырады, өзiне заңмен жүктелген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
85-бап. Медиатор
1. Тараптар заң талаптарына сәйкес медиацияны жүргізу үшін тартатын тәуелсіз жеке тұлға медиатор болып табылады.
2. Медиатор:
1) медиация тараптарына қылмыстық процесті жүргізетін орган беретін ақпаратпен танысуға;
2) медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылар туралы деректермен танысуға;
3) қылмыстық-процестік заңға сәйкес кездесулердің саны мен ұзақтығын шектемей, медиация тараптары болып табылатын қылмыстық процеске қатысушылармен оңаша және құпия кездесуге;
4) тараптарға медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасуға жәрдемдесуге құқылы.
3. Медиатор:
1) медиация жүргізген кезінде медиация тараптарының келісуімен ғана әрекет жасауға;
2) медиация басталғанға дейін медиация тараптарына оның мақсаттарын, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге;
3) медиация рәсімін өткізуге байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.
4. Медиатор тараптардың келісуімен медиация рәсімін қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз бен хабар тіркелген кезден бастап және қылмыстық процестің үкім заңды күшіне енгенге дейінгі кейінгі сатыларында жүзеге асыруға құқылы.
11-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСУ МҮМКІНДІГІН
БОЛҒЫЗБАЙТЫН МӘН-ЖАЙЛАР. ҚАРСЫЛЫҚ БІЛДІРУ
86-бап. Қарсылық бiлдiру және қылмыстық процеске қатысудан
шеттету туралы өтiнiшхаттар мен оған қатысудан босату
1. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы, қорғаушы, жәбiрленушiнiң (жекеше айыптаушының), азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң өкiлi, куәгер, сот отырысының хатшысы, сот приставы, аудармашы, сарапшы, маман қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге өздерiнiң қатысуын болғызбайтын мән-жайлар бар болған кезде қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысудан шет қалуға мiндеттi не оларға қылмыстық процеске қатысушылардың қарсылық бiлдiретіні мәлiмделуге тиiс.
2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган iс бойынша iс жүргiзуден шеттету туралы мәлiмделген қарсылық бiлдiрулер мен өтiнiшхаттарды өз құзыретiнiң шегiнде шешуге немесе адамның қылмыстық процеске қатысуын болғызбайтын мән-жайлар анықталған кезде тиiстi қаулы шығару арқылы оны өз бастамасы бойынша iс жүргiзуге қатысудан шеттетуге құқылы. Егер процеске өзге де қатысушыларға қатысты қарсылық бiлдiрулердi шешуге уәкiлеттi адамға қарсылық бiлдiрумен бiр мезгілде процеске басқа да қатысушыларға қарсылық бiлдiру мәлiмделсе, онда бiрiншi кезекте осы уәкілетті адамға қарсылық бiлдiру туралы мәселе шешiледi.
3. Егер қылмыстық сот iсiн жүргiзуге бiр мезгiлде бiрнеше адамның қатысуы олардың туыстық қатынастарына немесе басқа да жеке тәуелділік қатынастарына байланысты бола алмайтын жағдайда, процеске қатысушы жағдайына басқалардан кейiнiрек ие болған адамдар қылмыстық процестен шет қалуға тиiс. Егер туыстық немесе басқа да жеке тәуелділік қатынастармен байланысты адамдар соттың құрамында болса, төрағалық етушi таңдаған адам қылмыстық iс бойынша іс жүргiзуден шеттетiлуге жатады.
4. Қылмыстық процеске қатысуын осы Кодексте көзделген қандай да бір мән-жайлар жоққа шығармайтын сот отырысының хатшысын, сот приставын, аудармашыны, маманды, сарапшыны олардың өтінуі бойынша өздерінің процестік функцияларын орындауына кедергі келтiретiн дәлелдi себептерiнiң болуына орай мұндай қатысудан қылмыстық процестi жүргізетін орган босатуы мүмкін.
87-бап. Судьяға қарсылық бiлдiру
1. Судья, егер ол:
1) осы Кодекске сәйкес қылмыстық iс соттылығына жатқызылған судья болып табылмаса;
2) осы қылмыстық іс бойынша тергеу судьясы ретінде қатысқан болса, тергеу судьясының қаулыларына шағымдарды, наразылықтарды қараған болса;
3) осы iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретiнде шақырылса не шақырылуы мүмкiн болса;
4) осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, күдіктінің, айыпталушының заңды өкілі, жәбірленушінің, азаматтық талапкердің немесе азаматтық жауапкердiң өкiлi ретiнде қатысса;
5) жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң туысы, күдіктінің, айыпталушының немесе оның заңды өкiлiнiң туысы, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы не процеске қатысушылардың қайсыбіреуінің жекжаты болса;
6) егер судья осы iске жеке, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп санауға негiз болатын өзге де мән-жайлар болса, iстi қарауға қатыса алмайды.
2. Қылмыстық iстi қарайтын соттың құрамына туыстық немесе басқа да жеке тәуелдiлік қатынастарымен байланысқан адамдар кiре алмайды.
3. Қылмыстық iстi бiрiншi сатыдағы сотта қарауға қатысқан судья бұл iстi апелляциялық және кассациялық сатылардағы сотта немесе қадағалау тәртiбiмен қарауға қатыса алмайды, сол сияқты өзінің қатысуымен шығарылған үкімнің немесе істі тоқтату туралы қаулының күші жойылған жағдайда, істі бірінші сатыдағы сотта жаңадан қарауға қатыса алмайды.
4. Істi апелляциялық сатыдағы сотта қарауға қатысқан судья өзінің қатысуымен қабылданған апелляциялық үкімнің, қаулының күші жойылғаннан кейін осы істі бірінші және апелляциялық сатыларда қарауға, сондай-ақ істі кассациялық сатыда қарау кезінде қатыса алмайды.
5. Істi кассациялық сатыдағы сотта қарауға қатысқан судья өзінің қатысуымен қабылданған қаулының күші жойылғаннан кейін бұл iстi бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сотта қарауға қатыса алмайды.
6. Iстi алдыңғы сот сатыларында қарауға қатысқан судья сол iсті қадағалау сатысында қарауға қатыса алмайды. Істі қадағалау сатысында қарауға қатысқан судья сол істі төмен тұрған сатылардағы соттарда қарауға қатыса алмайды.
7. Істі бірінші, апелляциялық, кассациялық сатыларда және қадағалау сатысында қарауға қатысқан судья нақ осы істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарауға қатыса алмайды.
8. Қарсылық бiлдiру қылмыстық процестің кез келген сатысында судьяның іске қатысуын болғызбайтын мән-жайлар туралы белгілі болғанда мәлімделуге тиіс.
9. Судьяға қарсылық бiлдiру, сондай-ақ қарсылық бiлдiрiлуге жататын сот талқылауына қатысушылар туралы мәселенi сот кеңесу бөлмесiнде қаулы шығару арқылы шешедi.
10. Судьяға мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi қалған судьялар қарсылық бiлдiрiлген судьяның қатысуынсыз шешедi, ол судьялар кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн өзіне мәлiмделген қарсылық бiлдiру жөнiнде өзiнiң түсiнiктемесiн көпшiлiк алдында айтуға құқылы. Бiрнеше судьяға немесе соттың бүкiл құрамына мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi сот толық құрамда көпшiлiк дауыспен шешедi. Дауыстар тең болған кезде судьяға қарсылық бiлдiрiлген болып саналады.
11. Бұлтартпау шараларын қолдану немесе тергеу әрекеттерiн жүргiзу туралы өтiнiшхатты шешетiн тергеу судьясына мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi осы тергеу судьясы қаулы шығара отырып жеке-дара шешедi. Iстi осы Кодекстiң 52-бабының бiрiншi бөлiгiне сәйкес жеке-дара қарайтын судьяға мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi сол соттың төрағасы немесе осы соттың басқа судьясы, ал олар болмаған жағдайда, жоғары тұрған соттың судьясы шешедi. Қарсылық бiлдiру туралы мәлiмдеме қанағаттандырылған жағдайда, қылмыстық iс, шағым не өтiнiшхат белгiленген тәртiппен басқа судьяның iс жүргiзуiне берiледi.
12. Қарсылық бiлдiрудi қабылдамай тастау немесе қанағаттандыру туралы қаулы шағым жасалуға (наразылық келтірілуге) жатпайды. Қаулымен келiспеушiлiк туралы дәлелдер апелляциялық, кассациялық шағымға немесе қадағалау шағымына енгiзiлуi мүмкiн.
88-бап. Прокурорға қарсылық бiлдiру
1. Прокурор осы Кодекстiң 87-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде қылмыстық процеске қатыса алмайды.
2. Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатысуы, сол сияқты оның сотта айыптауды қолдауы оның осы қылмыстық iске одан әрi қатысуына кедергi болып табылмайды.
3. Сотқа дейiнгі тергеп-тексеру кезiнде прокурорға қарсылық бiлдiру туралы мәселенi – жоғары тұрған прокурор, ал сотта iс жүргiзу кезiнде iстi қараушы сот шешедi.
89-бап. Тергеушiге және анықтаушыға қарсылық бiлдiру
1. Осы Кодекстiң 87-бабында көзделген негiздер болған кезде тергеушi және анықтаушы iстi тергеп-тексеруге қатыса алмайды.
2. Осы қылмыстық iс бойынша бұрын жүргiзiлген тергеп-тексеруге тергеушiнің және анықтаушының осындай тиісті түрде қатысуы олардың осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге одан әрi қатысуын болғызбайтын мән-жай болып табылмайды.
3. Тергеушіге немесе анықтаушыға қарсылық білдіру туралы мәселенi тергеу бөлімінің бастығы немесе анықтау органының бастығы не прокурор шешедi.
90-бап. Куәгерге қарсылық бiлдiру
1. Осы Кодекстiң 87-бабында және осы баптың екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде куәгер сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатыса алмайды.
2. Қылмыстық процестi жүргізетін органға жеке өзі немесе қызметi бойынша тәуелді болса, куәгер сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатыса алмайды. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының, соттардың қызметкерлері, арнаулы заң оқу орындарының білім алушылары, пробациялық бақылаудағы сотталғандар және басқа қылмыстық істер бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар куәгер ретінде қатыса алмайды.
3. Куәгерлердiң қандай да бiреуiнiң қатысуы жүйелi сипат алған жағдайларды қоспағанда, куәгердiң осының алдында тергеу әрекеттерiн жүргiзуге қатысуы, оның осы қылмыстық iс бойынша басқа тергеу әрекетiн жүргiзуге қатысуын болғызбайтын мән-жай болып табылмайды.
4. Куәгерге қарсылық бiлдiруді тергеу әрекетiн жүргізетін адам шешедi.
5. Өзінің іс бойынша іс жүргізуге қатысуын болғызбайтын мән-жайларды жасырғаны және іс жүргізуге қатысудан осы Кодекстің 86-бабының бірінші бөлігінде көзделген өзін өзі шеттету міндетін орындамағаны үшін куәгер осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен жауаптылықта болады.
91-бап. Сот отырысының хатшысына және сот приставына
қарсылық бiлдiру
1. Сот отырысының хатшысы және сот приставы:
1) осы Кодекстiң 87-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде;
2) олардың құзыреттi еместiгi анықталса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Адамның осының алдында сот отырысына сот отырысының хатшысы немесе сот приставы ретiнде қатысуы оның сот отырысына осындай тиісті түрде одан әрi қатысуын болғызбайтын мән-жай болып табылмайды.
3. Сот отырысының хатшысына және сот приставына қарсылық бiлдiру туралы мәселенi iстi қараушы сот шешедi.
92-бап. Аудармашыға және маманға қарсылық бiлдiру
1. Аудармашы және маман:
1) осы Кодекстiң 87-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде;
2) егер олардың құзыреттi еместiгi анықталса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Адамның осының алдында аудармашы немесе маман ретiнде қатысуы олардың осы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге осындай тиісті түрде одан әрi қатысуын болғызбайтын мән-жай болып табылмайды.
3. Аудармашыға және маманға қарсылық бiлдiру туралы мәселенi қылмыстық процестi жүргізетін орган шешедi.
93-бап. Сарапшыға қарсылық бiлдiру
1. Сарапшы:
1) осы Кодекстiң 87-бабында көзделген мән-жайлардың кез келгенi болған кезде;
2) егер ол анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға, судьяға, күдіктіге, айыпталушыға, олардың қорғаушыларына, заңды өкiлдерiне, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне қызметтiк немесе өзге де тәуелді жағдайда болған болса немесе болып отырса;
3) егер ол нәтижелерi қылмыстық қудалауды бастау үшiн негiз болған ревизия немесе басқа да тексеру әрекеттерiн жүргiзген болса;
4) егер оның құзыреттi еместiгi анықталса;
5) егер ол iске, осы Кодекстiң 222-бабына сәйкес сот медицинасы саласындағы дәрiгер-маманның адамның мәйiтiн қарап-тексеруге қатысу жағдайларын қоспағанда, маман ретiнде қатысса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Тірі адамға, сондай-ақ мәйітке сараптама жүргізуге сараптама тағайындалғанға дейін тиісті адамға медициналық көмек көрсеткен дәрігер сарапшы ретінде қатыса алмайды.
3. Адамның осы іске осының алдында сарапшы ретінде қатысуы, оның қатысуымен жүргізілген сараптамадан кейін қайталап сараптама тағайындалатын жағдайларды қоспағанда, оған іс бойынша сараптама жүргізуді тапсыруды болғызбайтын мән-жай болып табылмайды.
4. Сарапшыға қарсылық бiлдiру туралы мәселенi қылмыстық процестi жүргізетін орган шешедi.
94-бап. Қорғаушыны, жәбiрленушiнiң (жекеше айыптаушының),
азаматтық талапкердің немесе азаматтық жауапкердiң
өкiлiн қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге
қатысудан шеттету
1. Қорғаушы, сондай-ақ жәбiрленушiнiң (жекеше айыптаушының), азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң өкiлi мына мән-жайлардың кез келгенi болған кезде:
1) егер ол бұрын iске судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы, сот отырысының хатшысы, сот приставы, куә, сарапшы, маман, аудармашы немесе куәгер ретiнде қатысса;
2) егер ол осы iстi тергеп-тексеруге немесе соттың қарауына қатысқан немесе қатысып отырған лауазымды адаммен туыстық немесе басқа да жеке тәуелділік қатынастарда болса;
3) егер ол қорғалушымен немесе сенiм бiлдiрушiмен мүдделері қарама-қарсы адамға заң көмегін көрсетiп жүрсе немесе бұрын көмек көрсеткен болса, сол сияқты мұндай адамдармен туыстық немесе өзге де жеке тәуелділік қатынастарда болса;
4) егер ол заңның немесе сот шешiмiнің күшіне орай қорғаушы немесе өкiл болуға құқылы болмаса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қорғаушыны, жәбiрленушiнiң (жекеше айыптаушының), азаматтық талапкердің немесе азаматтық жауапкердiң өкілін қатысудан шеттету туралы мәселенi – прокурор, ал сотта іс жүргізу кезінде істі қарайтын сот шешеді.
12-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСКЕ ҚАТЫСАТЫН АДАМДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
95-бап. Судьялардың, алқабилердiң, прокурорлардың,
тергеушiлердiң, анықтаушылардың, қорғаушылардың,
сарапшылардың, мамандардың, сот отырысы
хатшыларының, сот приставтарының
қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
1. Судья, тергеу судьясы, алқаби, прокурор, тергеушi, анықтаушы, қорғаушы, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы, сот приставы, сол сияқты олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстары мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде санамаланған адамдарға мемлекет сотта қылмыстық iстердi немесе материалдарды қарауға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге байланысты олардың өмiрiне қолсұғушылыққа немесе өзге де күш қолдануға қарсы қауiпсiздік шараларын қолдануды заңда көзделген тәртiппен қамтамасыз етедi.
96-бап. Жәбірленушілердің, куәлардың, күдіктілердің,
айыпталушылардың және қылмыстық процеске қатысатын
басқа да адамдардың қауiпсiздiгі шараларын
қолдану мiндетi
1. Қылмыстық процестi жүргізетін орган, егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге байланысты күдіктіге, айыпталушыға, жәбiрленушiге, куәге, қылмыстық процеске қатысатын басқа да адамдарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарына қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңда тыйым салынған өзге де іс-әрекеттiң жасалу қатері туралы деректер болса, олардың қауiпсiздiгi шараларын қолдануға мiндеттi.
Мәліметтерге қолжетімділікті шектеу түріндегі қауіпсіздік шарасы мемлекеттік құпияларды не іске қатысатын адамдар өмірінің интимдік жақтары туралы мәліметтерді жария етуден қорғау мақсатында қолданылуы мүмкін.
2. Өздерімен процестік келісім жасалған күдіктінің, айыпталушының, сотталушының не сотталған адамның, оның жақын туыстарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қажет болған кезде, көрсетілген адамдардың келісуі бойынша осы Кодексте және заңдарда көзделген мемлекеттік қорғау және қауіпсіздік шаралары қолданылады.
3. Қылмыстық процестi жүргізетін орган осы баптың бiрiншi және екінші бөлiктерінде көрсетілген адамдардың ауызша (жазбаша) арызының негiзiнде немесе өз бастамасы бойынша олардың қауiпсiздiгi шараларын қабылдап, ол туралы тиiстi қаулы шығарады.
4. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және жақын туыстарының өздерінің қауiпсiздiгi шараларын қолдану туралы арыздарын қылмыстық процестi жүргізетін орган оларды алған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей қарауға тиіс. Арыз иесіне тиiстi қаулының көшiрмелері жiберіле отырып, ол қабылданған шешiм туралы дереу хабардар етіледі.
5. Арыз иесі өзiнiң қауiпсiздiгi шараларын қолдану туралы өтiнiшхатын қанағаттандырудан бас тартылғанына орай прокурорға немесе сотқа шағым жасауға құқылы.
6. Қауiпсiздiк шараларын қолданудан бас тарту, егер бұрын берiлген арызда көрiнiс таппаған мән-жайлар туындаса, көрсетілген шараларды қолдану туралы өтінішхатпен қайтадан өтiнiш жасауға кедергi келтiрмейдi.
97-бап. Жәбiрленушiлердiң, куәлардың, күдіктілердің және
қылмыстық процеске қатысатын басқа да адамдардың
қауiпсiздiгі шаралары
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган куәлардың, күдіктілердің және қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және жақын туыстарының қауiпсiздiгі шараларын қамтамасыз ету мақсатында:
1) күш қолданудың немесе қылмыстық заңда тыйым салынған басқа да іс-әрекеттердің қатерін төндіріп отырған адамға оны қылмыстық жауаптылыққа тарту ықтималдығы туралы ресми ескертпе жасайды;
2) қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қолжетімділікті шектейді;
3) оның жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы тапсырма береді;
4) қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық іс-әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) ықтималдығын болғызбайтын бұлтартпау шараларын күдіктіге, айыпталушыға қатысты таңдайды;
5) жақындауға тыйым салу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасын қолданады.
2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган шығарған ескертпе адамға қолын қойғыза отырып хабарланады.
3. Қорғалатын адам туралы мәлiметке қолжетімділікті шектеу қылмыстық процестің басынан бастап адамның арызы бойынша орын алуы мүмкін және қылмыстық iстiң материалдарынан адамның сауалнамалық деректерi туралы мәлiметтердi алып, оларды негiзгi iс жүргiзуден бөлек сақтаудан, бұл адамның бүркеншiк ат пайдалануынан тұрады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы шараны қолдану туралы қаулы шығарады, онда қорғалатын адамның жеке басы туралы деректерді құпия сақтау туралы қабылданған шешімнің себептері жазылады, қорғалатын адамның қатысуымен жүргізілетін тергеу әрекеттері хаттамаларында пайдаланылатын бүркеншік аты және қол қою үлгісі көрсетіледі. Қорғалатын адамның қатысуымен процестік әрекеттер қажет болған жағдайда, оны тануды болғызбайтын жағдайларда жүргізіледі. Қаулы және негізгі іс жүргізуден бөлектелген материалдар мөрленген конвертке салынып, ол одан әрі қылмыстық істі тергеген органда сақталады және оның мазмұнымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамнан басқа прокурор және сот таныса алады.
4. Куәгерлердiң, күдіктілердің, айыпталушылардың, жәбірленушілердің және қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының жеке қауiпсiздiгi шараларын қамтамасыз ету тәртiбi заңда айқындалады.
5. Қауiпсiздiк шараларының қолдануына қарамастан, қылмыстық қудалау органы бұған негiздер болған кезде жәбiрленушiге, куәға, күдіктіге, қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын басқа да адамға қатысты қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекеттің жасалу қатерінің анықталуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға мiндеттi.
6. Қауiпсiздiк шараларының күші оларды қолдануға қажеттiлік жойылғанда қылмыстық процестi жүргізетін органның уәждi қаулысымен жойылады. Қорғалатын адамға оның қауiпсiздiгі шараларының күші жойылғандығы немесе ол туралы деректердiң қылмыстық процеске қатысатын адамдарға ашылғандығы туралы дереу хабарлануға тиiс. Қылмыстық процесті жүргізетін органның қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы шешіміне қорғалатын адамның сотқа немесе прокурорға шағым беруі шағым жасалған шешімнің орындалуын тоқтата тұрады.
98-бап. Сот талқылауына қатысатын адамдардың
қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
1. Төрағалық етушi сот талқылауына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн соттың жабық отырысын өткiзедi, сондай-ақ осы Кодекстiң 97-бабының бiрiншi, екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген шараларды қолданады.
2. Сот қорғалатын адамның, айыптаушы тараптың өтiнiшхаты бойынша, сондай-ақ адамның, оның отбасы мүшелері мен жақын туыстарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында өз бастамасы бойынша куәдан:
1) қорғалатын адамның жеке басы туралы деректердi жарияламастан, бүркеншiк атты пайдалана отырып;
2) қалған қатысушылардың қорғалатын адамды дауысы, акценті және сыртқы белгілері: жынысы, ұлты, жасы, бойы, дене бітімі, мүсіні, жүрісі бойынша тануы мүмкін болмайтын жағдайларда;
3) оны сот талқылауына басқа қатысушылардың көзiне көрсетпей, оның ішінде бейнебайланыс арқылы да, жауап алу туралы қаулы шығаруға құқылы.
Судья қорғалатын адамның негізгі іс жүргізуден бөлектелген сауалнамалық деректерін және жеке басын куәландыратын құжаттарын жария етпестен, сот отырысының өзге қатысушыларына, оның ішінде сот отырысының хатшысына ұсынбастан және сот отырысының хаттамасында және (немесе) сот актілерінде көрсетпестен, олармен танысу арқылы жауап алынатын адамның жеке басына жеке өзі көз жеткізеді.
3. Төрағалық етуші:
1) бейне-, дыбыс жазуды жүргізуге және жауап алуды түсіріп алудың өзге тәсілдерін жүргізуге тыйым салуға;
2) сот отырысы залынан адвокатты қоспағанда, сотталушыны, қорғаушы тараптың өкілдерін шығарып жіберуге құқылы.
4. Сот процеске қатысушылардың қандай да бiреуi болмағанда немесе олардың көзбен көрiп отыруынан тыс жауап алған қорғалатын адамның айғағын төрағалық етушi осы қорғалатын адам туралы мәлiметтерді көрсетпестен, сотта барлық қатысушылар қатысып отырған кезде хабарлайды.
5. Қажет болған жағдайларда, сот процеске қатысушылардың және заңда көзделген өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде басқа да шараларды қолданады.
6. Сот талқылауына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы сот қаулысын орындау қылмыстық қудалау органдарына, жазаны орындайтын мекемеге немесе органға, сондай-ақ сот приставына жүктеледi.
13-тарау. ӨТІНІШХАТТАР. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША
ІС ЖҮРГІЗУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР
МЕН ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІ)
МЕН ШЕШІМДЕРІНЕ ШАҒЫМ ЖАСАУ
99-бап. Қылмыстық процеске қатысушылардың өтiнiшхаттарын
қараудың мiндеттiлiгi
1. Қылмыстық процеске қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, судьяға (сотқа) қылмыстық процесс барысында маңызы бар мән-жайларды анықтау, өтiнiшхатпен жүгінген тұлғаның немесе өздері өкілдік ететін тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн процестік әрекеттерді жүргiзу немесе процестік шешiмдерді қабылдау туралы өтiнiшхаттармен жүгінуге құқылы.
2. Өтiнiшхаттар процестiң кез келген сатысында мәлiмделуi мүмкiн. Өтiнiшхатты мәлімдеген тұлға қандай мән-жайларды анықтау үшiн әрекет жүргiзудi немесе шешiм қабылдауды өтінетінін көрсетуге тиiс. Жазбаша өтiнiшхаттар қылмыстық істің материалдарына қоса тiгiледi, ауызша өтiнiшхаттар тергеу әрекетiнiң немесе сот отырысының хаттамасына енгізiледi.
3. Өтiнiшхаттың қабылданбауы оны қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң келесi кезеңдерiнде қайталап мәлімдеуге немесе қылмыстық процестi жүргізетін басқа орган алдында мәлімдеуге кедергi келтiрмейдi.
4. Өтiнiшхат ол мәлiмделген бойда қаралуға және шешілуге жатады. Өтiнiшхат бойынша шешiмдi дереу қабылдау мүмкiн болмаған жағдайларда, ол мәлiмделген күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей шешiлуге тиiс.
5. Егер өтінішхат iстiң мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге, процеске қатысушылардың немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге ықпал ететін болса, ол қанағаттандырылуға тиiс. Өзге жағдайларда өтiнiшхатты қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкiн. Қылмыстық процесті жүргізетін орган келуін тараптар қамтамасыз еткен адамдардан мамандар немесе куәлар ретінде жауап алу туралы өтінішхаттарды қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес. Қылмыстық процесті жүргізетін орган тараптың көрсеткен адамдарының жауап алуға келуін қамтамасыз етуіне жәрдем көрсетуге, оның ішінде заңда көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолдана отырып, жәрдем көрсетуге міндетті.
6. Қылмыстық процестi жүргізетін орган өтiнiшхатты қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тарту туралы уәждi қаулы шығарып, ол өтiнiшхатты мәлімдеген тұлғаға жеткiзiледi. Өтiнiшхат жөнiндегi шешiмге осы Кодексте белгiленген шағым беру мен оны қараудың жалпы қағидалары бойынша шағым жасалуы мүмкiн.
100-бап. Органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен
әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) шағым жасау
1. Егер жүргiзiлген процестік әрекеттер процеске қатысушылардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүдделерiн қозғайтын болса, олар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың, соттың немесе судьяның шешiмдерi мен әрекеттерiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.
2. Шағымдар осы қылмыстық iс бойынша шағымдарды қарауға және шешiм қабылдауға заңмен уәкiлеттік берiлген мемлекеттiк органға немесе лауазымды адамға берiледi.
3. Шағымдар ауызша және жазбаша болуы мүмкiн. Ауызша шағымдар арыз иесі және шағымды қабылдап алған лауазымды адам қол қоятын хаттамаға кiргiзiледi. Тиiстi лауазымды адамдардың қабылдауында азаматтар ауызша айтқан шағымдар жазбаша түрде ұсынылатын шағымдармен бірдей жалпы негiзде шешiледi. Шағымға қосымша материалдар қоса тiркелуi мүмкiн.
4. Қылмыстық процесс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамның шағымды ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде беру құқығы қамтамасыз етiледi.
5. Шағым берген тұлға оны кері қайтарып алуға құқылы. Күдікті, айыпталушы қорғаушының шағымын кері қайтарып алуға құқылы; азаматтық талапкер, жәбiрленушi (жекеше айыптаушы), азаматтық жауапкер өзінің заңды өкiлден басқа өкiлiнiң шағымын кері қайтарып алуға құқылы. Күдіктінің, айыпталушының мүддесінде берiлген шағым тек солардың келiсуiмен ғана кері қайтарылып алынуы мүмкiн. Шағымды кері қайтарып алу, осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 102-бабында көрсетiлген мерзiмдер өткенге дейiн оны қайтадан беруге кедергi келтiрмейдi.
101-бап. Ұстап алынған немесе күзетпен ұсталатын адамдардың
шағым жолдау тәртiбi
1. Алдын ала қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған немесе бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұсталатын адамдардың қылмыстық процестi жүргізетін органға жолданған шағымдарын оған дереу беруге мiндеттi.
2. Ұстап алынған немесе күзетпен ұсталатын адамдардың азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлеріне, сондай-ақ тергеушiнiң, анықтаушының, анықтау органы бастығының әрекеттерiне немесе шешiмдерiне шағымдарын қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi – дереу прокурорға, ал прокурордың әрекеттерi мен шешiмдеріне шағымдарды жоғары тұрған прокурорға беруге мiндеттi. Өзге шағымдарды қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi олар келiп түскен кезден бастап бiр тәулiктен кешiктiрмей іс жүргізуінде іс жатқан адамға немесе органға бередi.
102-бап. Шағымдарды берудiң мерзiмдерi
Анықтаушының, анықтау органының, тергеушiнiң, прокурордың, судьяның немесе соттың әрекеттерiне және шешiмдерiне шағымдар сотқа дейінгі бүкіл тергеп-тексеру және сот талқылауы барысында берілуі мүмкін. Қылмыстық істі сотқа дейінгі сатыда тоқтату туралы шешімге шағымдар қылмыстық қудалау органының тиісті қаулысы шығарылған не оны прокурор бекіткен кезден бастап бір жыл ішінде берілуі мүмкін. Бiрiншi, апелляциялық немесе кассациялық сатылардағы соттар шығарған сот актілеріне шағымдар осы Кодексте белгiленген мерзiмдерде берiледi.
103-бап. Шағым берiлуiне байланысты шешiмнiң
орындалуын тоқтата тұру
Осы Кодексте көзделген жағдайларда шағым беру шағым жасалған шешiмнiң орындалуын тоқтата тұрады. Өзге жағдайларда шағым келтіру, егер шағымды қараушы адам осыны қажет деп тапса, шағым жасалған шешiмнiң орындалуын тоқтата тұруға әкеп соғуы мүмкiн.
104-бап. Шағымдарды қараудың жалпы тәртiбi
1. Шағымды қарауды өздерінің әрекеттерiне шағым жасалған анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға немесе судьяға, сол сияқты шағым жасалған шешiмдi бекiткен лауазымды адамға тапсыруға тыйым салынады.
2. Прокурор немесе судья шағымды қарай отырып, онда жазылған барлық дәлелдердi тексеруге, қажет болған кезде қосымша материалдарды талап етіп алдыруға, тиiстi лауазымды адамдардан, жеке немесе заңды тұлғалардан шағым жасалған әрекеттер мен шешiмдерге қатысты жазбаша түсiнiктемелер алуға мiндеттi.
3. Шағымды қараушы прокурор немесе судья өз өкiлеттiктерi шегiнде қылмыстық процеске қатысушылардың, сондай-ақ өзге де жеке немесе заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiруге дереу шара қолдануға мiндеттi.
4. Егер шағым жасалған, құқыққа сыйымсыз iс-әрекеттермен немесе шешiмдермен жеке немесе заңды тұлғаға моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян келтiрiлсе, оған осы Кодекстiң 4-тарауында көзделген зиянның өтелуіне немесе жойылуына құқығы және сол құқықты жүзеге асырудың тәртiбi түсiндiрiлуге тиiс.
105-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын
адамдардың, прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне)
және шешімдеріне шағымдарды қарау тәртiбi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешiмдерiне шағымдар прокурорға берiледi. Прокурордың әрекеттерi (әрекетсіздігі) мен шешiмдерiне шағымдар жоғары тұрған прокурорға берiледi. Өзiнiң жеке әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешiмдерiне шағым түскен лауазымды адам шағымды өзiнiң түсiнiктемесiмен бiрге дереу тиiстi прокурорға жіберуге мiндеттi. Егер лауазымды адам шағымды негiздi деп есептесе, онда ол шағым жасалған әрекетiн (әрекетсіздігін) тоқтатады немесе шағым жасалған шешiмінің күшін жояды, бұл туралы прокурорға хабарлайды.
2. Прокурор шағымды алған кезден бастап жеті тәулiк iшiнде оны қарауға және шағым берген тұлғаны қабылданған шешім туралы хабардар етуге мiндеттi. Ұстап алу, тiнту, алу, мүлікке тыйым салу, күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, лауазымынан шеттету кезiнде заңды бұзу, сондай-ақ азаптауды, зорлық-зомбылықты қолдану, қорқыту не қорғалу құқығын бұзу туралы шағымдар оларды алған кезден бастап үш тәулiк iшiнде қаралуға жатады. Шағымды тексеру үшiн қосымша материалдарды талап етіп алдыру не өзге де шаралар қолдану қажет болатын айрықша жағдайларда, шағым берген тұлғаға ол туралы хабарлай отырып, шағымды он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмде қарауға жол берiледi.
Достарыңызбен бөлісу: |