Көңілді тапқыштар клубы көбіне өткен материалдарды қайталау мақсатында өткізіледі



Дата06.10.2019
өлшемі36,2 Kb.
#49284
Байланысты:
Интеграциялық сабақ пән аралық байланысты жетілдіру мақсатына байланысты пайда болған
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімінің әдістемелік зертханасы
Интеграциялық сабақ пән аралық байланысты жетілдіру мақсатына байланысты пайда болған. Мұндай сабақтарда бір тақырыпты түрлі пәндерден беретін мұғалімдер оқытады. Кіріктірілген сабақтың негізгі мақсаты - оқу материалдарын байланыстырып, сабақта оқушыларға терең білім беру, ойлау қабілетін дамыту. Оқу материалдарын бағдарламаларға сай пәндер бойынша біріктіріп беру оқушылардың жан-жақты тұтас, терең және берік білім алуына мүмкіндік жасайды. Сондықтан жыл сайын әрбір мұғалім пәндердегі ұқсас оқу материалдарын біріктіріп, яғни пән аралық байланыс принципін қолданып, интегралдық жоспар жасайды. Ондағы материалдарды дер кезінде сабаққа пайдаланып, тиімді етіп іске асырады.

Панорамалық сабақ. Панорамалық сабақты өткізудегі негізгі мақсат - озат мұғалімдердің өзінің ұстаздық зертханасын ашып, сабақ беруі, яғни әдістемесін көпке тарату. Панорамалық сабақты өткізу үшін мұғалімге қойылатын ең бірінші талап оның сабақ берудегі өзгеге ұқсамайтын өзіндік әдісінің болуы. Мұғалімнің оқыту процесінде ең көп сүйенетін әдісі қандай, оның тиімділігі неде? Тыңдаушылар соны біліп, сезуі керек. Панорамалық сабақтарға қойылатын талаптардың бірі - мұғалімнің өткізген сабағын өзі талдап беретіндігі. Панорамалық сабақ бір тақырыпты өтуге, яғни тек бір сабақ арқылы оның көп жылғы игі тәжірибелерін көпке танытады.

Сайыс сабақ сабақтың атына байланысты сыныпта екі команда білімдері бойынша сайысқа түседі. Мысалы: есеп шығару, сөйлем талдау. Алдын ала оқушылардың өзінен қазылар алқасы құрылады. Мұғалімнің көмегімен қай команданық жеңгені анықталады. Екі команданық капитандарының жарысы ұйымдастырылып, олардың да жауаптары салыстырылады. Сонынан қорытынды шығарылады.

Аукцион сабақ бір нәрсені сату арқылы өткізіледі. Сабақтың құрылымы: өткен сабақты тексеру, аукцион төртібін түсіндіру, зат сату, финал, қорытынды. Сабақ кезінде сатылатын бірнеше заттар тұрады. Затты ол туралы көп білетін оқушы сатып алады. Мысалы: киіз үй, қолөнер бұйымдары.

Көңілді тапқыштар клубы көбіне өткен материалдарды қайталау мақсатында өткізіледі.

Шығармашылық сабақ оқушылардың шығармашылық жұмыс істеуіне баса назар аударылады. Бұл сабаққа өте жақсы оқитын оқушыларды таңдап алып, топтарға бөлуге болады. Мысалы, 10 минут ішінде 1-2 топтың оқушылары сол тақырып бойынша кроссворд құрса, 3-4 топтың оқушылары олардың жауабын айтады. Бір тақырыпқа қысқа шығарма, сценарий, көркем немесе мультфильм құрғызуға болады. Қазылар алқасы әрбір топқа баға қояды.

Компьютерлік сабақ дисплей, ЭВМ, т.б машиналар арқылы өткізіледі. Сабақ құрылымы:

• үйге берілген тапсырманы тексеру 10 минут;

1. Жаңа сабақ;

2. Бекіту;

3. Үйге тапсырма.

5. Сабақтағы оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыру.

Мұғалім оқушымен жекелей, топтап, сыныппен жұмыс істейді. Жаппай жұмысты ұйымдастырғанда барлық оқушылар мұғалімнің басшылығымен жұмыс істейді. Топта 3-6 оқушы бірге жұмыстанады.

Жаппай жұмыста оқушылар бір оқу жұмысын атқарып, мұғалім нәтижелерін қорытындылап, тақырыпты түсіндіреді, оны талқылауға барлық оқушыларды қатыстырады.

Мұғалім оқушылар орындай алатын жұмыстарды тауып, пікір айтқысы келетіндердің бәрін тыңдап, әдептілік көрсетеді. Оқушы өз білгенін ортаға салып, басқалардың жауаптарын тындап, оларды өз білімімен салыстырады, қате, толық емес жауаптарды көреді. Жаппай жұмыста мұғалім тақырыпты барлық оқушыларға түсіндіреді.

Сонымен жаппай жұмысқа тән белгілер:

• оқу жұмысын жүргізетін мұғалім сыныптағы барлық оқушылармен тікелей іскерлік қарымқатынас жасайды; әңгімелейді, түсіндіреді, оқушыларды проблема талдауға қатыстырады, оқушылардың бәріне басшылық етіп, нұсқау береді;

• мұғалім оқушылардың идеялық жағына, сезіміне тікелей әсер етіп, оқушылар мұғалімдердің қойған сұрақтарына жауап беріп, сезімдерін, ой толғаныстарын білдіреді;

• әрбір оқушы мұғалім берген ақпаратты меңгеруге тырысады;

мақсатқа жетуге әрбір оқушы үлес қосады;

• мұғалім оқу жобалап, сыныппен байланыс орнатып, олардың назарын сабаққа аударып, білімді қабылдауға қызықтыру керек. Сабақтың соңында білім тексеретін сұрақтар қойған жақсы. Тақырыпты проблемалық, түсіндірмелі - иллюстративтік әдіспен ашуға болады, бірақ оқушылармен іскерлік байланыс болуы қажет;

• жаппай жұмыстың тиімділігі мұғалімнің барлық оқушыларды өз назарында ұстауына, әрбір оқушыны белсенді жұмысқа тартуына, зейінді шоғырландыра білуіне, тәртіпті ұстауына байланысты.

• егер оқушыларға тек қана оқу ақпараттарын берсе, онда жаппай жұмыстың кемшіліктері көрінеді;

• нәтижелеріне жалпы баға беріледі.

Оқушымен жеке жұмыс. Әр оқушыға тапсырма беріледі, оны басқа оқушылардың көмегінсіз өзі орындауға тиісті. Тапсырмалардың түрлері: ана тілінен орыс және шетел тілдерінен жаттығулар жазу, есептер шығару, кабинетте тәжірибе жасау, тірі табиғат бұрышында, оқу-тәжірибе учаскесіндегі жұмыс, тау тастарын, минералдарды зерттеу, т.б. Тапсырмалар әрбір оқушының жеке ерекшеліктеріне сай беріледі, үлгерімдері төмендер білімдеріндегі кемшіліктерді жоюға, жақсы оқитын оқушылар білімдерін тереңдетуге мүмкіндік алады.

Мұғалім әрбір баланың жұмысын, әсіресе сабаққа ынтасы төмен балаларды бақылайды, керек болса көмек, ақыл-кеңес, жетекші сұрақ, қосымша жаттығу береді. Егер барлық оқушылар тапсырманы орындай алмаса, онда жеке жұмысты тоқтатып, бүкіл сыныпқа тапсырманы қайта түсіндіреді.

Баспадан шыққан тапсырмалар, жұмыс дәптерлері өте пайдалы.

Бағдарламалық оқыту - жеке жұмысты ұйымдастырудың өте жақсы түрі.

Ол оқушының бағдарламадағы материалды меңгеруіне керекті жұмыстарды жақсы жоспарлап, оқу іс-әрекетін тексереді. Оқушы өз жұмысының дұрыс-бұрыстығын сол сәтте тексереді. Әр оқушы өз мүмкіндігіне сай жұмыс істейді.

Алғашқыда оқушы үлгіге, нұсқауға қарап жұмыс істейді, оқу іскерліктеріне үйренген соң оқушы мұғалімнің көмегінсіз жұмыс істейді. Мысалы, жоғары сыныптарда әр оқушы тапсырма алып, оны орындау жоспарын жасайды, материал, құрал, аспаптар іріктеп, жүйелі іс-әрекет жасайды, жұмыстың нәтижелерін белгілеп отырады.

Жеке жұмыстарды оқушы оқу материалын өз бетімен оқи алатын болғанда ғана алады.

Танымдық іс-әрекетті топта ұйымдастыру:

Топтағы оқушылардың саны жұмыстың мазмұнына және сағатына байланысты 2-6 оқушыдан болады, одан артық оқушы болмағаны жақсы.

Кезендері:

• топтық тапсырманы орындауға оқушыларды әзірлеу, оқу міндеттерін қою, мұғалімнің топқа қысқаша нұсқау беруі;

• топта оқу міндеттерін орындау жоспарын талқылау және жоспарын жасау, міндеттерді орындау тәсілдерін анықтау, міндеттерді бөлу;

• оқу тапсырмаларын орындау үшін жұмыстану;

• мұғалімнің бақылауы мен топтың және жеке оқушылардің жұмыстарын түзету;

• оқушылардың бір-бірінің оқу жұмыстарын тексеруі;

• мұғалімге нәтижелерді айту, оның басшылығымен пікір таласын өткізу, толықтыру және түзету, мұғалімнің қосымша беруі, қорытындылар жасау;

• топтың, сыныптың жұмысына баға беру;

• үлгерімі әр түрлі оқушыларды бір топқа біріктіруге болады.

Әрбір оқу пәні бойынша бір оқу тоқсаны, жарты жыл аяқталғанша жұмыс істейтін топ құруға болады. Кейде бірнеше сабақтарда ғана топ жұмыс істейді. Оқу пәндерінен кеңес берушілер тағайындалып, олар оқушылардың жұмыстарын тексереді және бағалайды. Мұғалім кеңесшінің жұмысына басшылық етеді. Кеңесші өз тобының мүшелерінің теориялық материалды меңгеруіне, іскерлік, дағдыларын шыңдауына көмектеседі, топ мүшелеріне жұмысты бөліп береді, жұмысты бақылайды, тапсырмалардың дұрыс орындалуын тексереді, жазба жұмыстарына сын-пікір жазады. Мұғалім кеңесшіге әдістемелік нұсңау береді.

Тапсырма бірдей де, әр түрлі де беріледі. Жұмыстың нәтижесін сабақ соңында тексеру керек. Топқа бірігу тәжірибелік жұмыстар, зертханалық жұмыстар істегенде, шет тілі сабақтарында ауыз екі сөйлеуге дағдыланғанда, дене тәрбиесінде жаттығу арқылы дағдыланғанда, еңбек сабақтарында жобалау-техникалық жұмыс істегенде, мектеп жанындағы алаңдағы жұмыста, мәтінді, тарихи құжаттардың көшірмесін оқығанда пайдалы.

6. Сабақты жоспарлау және оған әзірлену кезеңдері:

• бөлімдерді тақырыптарға бөлу, әр тақырыпқа бөлінетін сағат санын белгілеу;

• бағдарлама, әдістемелік құрал, мектеп оқулығы және қосымша әдебиеттерді оқып, әр сабақтың алдына білімдік, тәрбиелік, дамыту мәдениеттерін қою;

• тақырыпты ашуға керекті мәліметтерді іріктеу, оқуға керекті тірек білімдерді анықтау;

• негізгі материалды, дәлірек айтсақ сабақтан оқушы түсініп, есінде қалу керек мәліметтерді анықтау;

• сабақтың құрылымын, типін, мақсатқа жеткізетін әдіс-тәсілдерін белгілеу;

• тақырыптағы мәліметтердің басқа тақырыптағы мәліметтермен байланысын ашу;

• сабақтың барлық кезеңінде мұғалім мен оқушылар атқаратын жұмыстарды, әсіресе жаңа білімдер мен іскерліктерді меңгеру кезеңдегі жұмыстарды жоспарлау. Оқушыларға өз білімдерін өзгерген жағдайларда қолдандыру;

• сабаққа керекті дидактикалық құралдарды, атап айтсақ, кино және диафильмдерді, суреттерді, плакаттарды, карточкаларды, сызбаларды, көмекші әдебиеттерді және басқаларды іріктеу;

• техникалық оқыту құралдарын тексеру;

• мұғалім тақтаға жазатындарын, салатын суреттерін жоспарлайды, оқушыларға өзінің жұмысына ұқсас жұмыстар орындатады;

• сабақта орындалатын өздік жұмыстардың көлемін және түрін анықтау;

• білім, іскерлік, дағдыларды бекіту түрлерін және тәсілдерін, білімдерді талдап қорыту, жүйелеу жолдарын белгілеу;

• білім, іскерлік және дағдылары тексерілетін оқушылардың тізімін жасау. Білімді тексеру түрлері мен әдістерін анықтап, іскерлікті тексеруді жоспарлау;

• үй тапсырмасының мазмұнын, көлемін, формасын белгілеу, оны орындау әдістемесін табу;

• сабақтың қорытындысын шығару әдіс-тәсілдерін білу;

• тақырып бойынша сыныптан тыс жұмысты жүргізуді жоспарлау;

• сабақтың барысын талапқа сай жоспарлау.

Сабақтың тиімділігіне бір-бірімен тығыз байланысты екі жағдай әсер етеді: мұқият дайындалу және шеберлікпен өткізу. Дұрыс жоспарланбаған, оқушылардың оқу мүмкіндігімен санаспайтын сабақтың сапасы болмайды. Сабаққа дайындалу – нәтижеге жеткізетін шаралар жүйесін жасау, оқу-тәрбие процесін дұрыс ұйымдастыру.

Мұғалімнің сабаққа әзірлігінің үш кезеңі бар: диагностикалық, болжау, жобалау (жоспарлау). Мұғалім мәліметтердегі фактілерді, оқыту әдістемесін жақсы білуі тиіс. Сабаққа дайындық кезінде мұғалім оқу материалын сыныптың мүмкіндігіне "икемдейді", жақсы нәтиже беретін танымдық еңбек және ұжымдық жұмыстарды жоспарлайды. Сабақты өткізудің жақсы үлгісін жасау үшін модельдеу әдісі қолданылып, оқу сағаттары есептеледі. Алгоритм бойынша сабаққа дайындалу диагностикалаудан басталады. Диагностика арқылы сабақты өткізуге керекті барлық жағдайлар анықталады. Мұғалім балалардың мүмкідіктерін, іс-әрекетінің және мінез-құлқының себептерін, сұраныстарын, қызығушылықтарын, қабілетін, оқушыдан талап етілетін білім, іскерлік, дағдылардың деңгейін, оның ерекшелігін, тәжірибеге пайдалылығын анықтайды. Тірек білімдерді қайталауға, жаңа материалды меңгеруге, оны бекітуге және жүйелеуге, білім, іскерліктерді тексеруге және түзетуге кететін уақытты мұқият талдайды.

Жобалау - Бұл сабақтың қалай өтетіні туралы жорамалдар. Болашақ сабақтың алуан түріне баға беріп, ішінен жақсысы таңдалады. Қазіргі жобалау технологиясы сабақтың тиімділігін мына тәсілмен шығарады. Сабақ мақсатына сай қалыптастырылатын білім, іскерлік 100% деп алынады. Бұл көрсеткішті зиянды жағдайлар төмендетеді.
Мұғалімнің сабаққа дайындығы

Мұғалім ең алдымен өз пәнінің оқу жоспары бағдарламасымен танысып, әр жылға күнтізбелік жұмыс жоспарын жасайды, әр сабақтың тақырыптық жоспарын, конспектісін дайындайды. Онда ол пәнаралық байланысты, әр сабақтың мақсат-міндеттерін, өздік жұмыстардың көлемін, оқыту әдістерін, көрнекі, техникалық құралдарды анықтайды.

Сабаққа дайындық мазмұны:

1. Сабақты жоспарлау, жұмыс бағдарламасын жасау.

2. Жеке сабақтарды жоспарлау.

3. Сабақ тақырыбын, мақсатын анықтау.

4. Сабақтың типі мен құрылысын белгілеу.

5. Сабақ мазмұнын анықтау.

6. Білім беру әдістерін белгілеу.

7. Сабаққа керекті оқу құралдарымен көрнекі және техникалық құралдарды дайындау.

8. Сабақ кезеңдерінің әрқайсысына жұмыс түрлерін, оны орындауға уақыт бөлу.

9. Бекіту жаттығуларын дайындау.

10. Оқушылардың білімін тексеру және бағалау әдістерін анықтау.

11. Үй тапсырмасын түсіндіру.

12. Сабақтың жоспар конспектісін жасау.

Сабақ жоспарында жазылатындар:

1. Күні.

2. Айы, жылы.

3. Сыныбы.

4. Тақырыбы.

5. Мақсаты.

6. Сабақ типі, құрылысы.

7. Оқыту әдіс-тәсілдері.

8. Көрнекі құралдар.

9. Өздік жұмыстар.

10. Тексеріп, бағаланатын оқушылардың аты-жөні.

11. Қойылатын сұрақтар.

12. Үй тапсырмасы.

Мұғалім оқу жадығатын жан-жақты білу үшін негізгі және косымша оқу құралдарын, ғылыми-педагогикалық әдістемелік, тарихи, көркем әдебиеттерді, арнаулы басылымдарды оқып, қажеттілерін сұрыптап алады, сенімді мысалдарды, қызықты тың мәліметтерді таңдап алуы керек,оқу жадығатын анықтап, сабақ жоспарын конспектісін жазады.

Негізгісі – жаңа тақырыптың мазмұны. Мұғалімнің оқыту әрекеті саналы болуы үшін ол педагогика ғылымының заңдылықтарын нақты білуі керек.

Жоспарлау - сабаққа әзірліктің соңғы кезеңі. Оның нәтижесі сабақ жоспары. Жас мұғалім сабақ жоспарын, конспектісін толық жазу керек.

Сабақ жоспарының үлгісі:

• сабақтың өтетін уақыты, тақырыптық жоспардағы нөмірі;

• сабақтың тақырыбы, сабақ өтетін сынып;

• оқушыларды оқыту, тәрбиелеу, дамыту міндеттері;

• сабақтың құрылымы, оның кезеңдері және әр кезеңге кететін уақытты бөлу;

• оқу материалының мазмұны;

• әрбір сабақтың бөлігіндегі жұмыстың әдістері және тәсілдері

• сабақ өткізуге керекті оқу жабдықтары;

• үйге тапсырма.

Классикалық сабақ процесін жобалау (Столяренко ... 298-бет)

1. Нақты тұжырымдалған тақырып.

2. Сабақ мақсаты:

а) дидактикалық;

ә) тәрбиелік;

б) дамытушылық.

3. Жабдықтары (кино, бейнефильм, кесте, оқу құралы):

4. Дыбыстық құралдар.

5. Сабақ барысы (сценарий жасалады, оқушыларға сабақ үстінде берілетін сұрақтар, сабақтан оқушылар өздері қорытынды жасауы керек).

6. Сабақ қорытындысы.

7. Шығармашылық тапсырма.

8. Қорытынды. Оқушылардан не ұнағанын, не ұнамағанын сұрау, кім белсенді болғанын сұрау.

9. Сабақтың жақсы өтуіне байланысты оқушыларға рақмет айту.

Сонымен сабаққа әзірленгенде мұғалім оқу бағдарламасын тағы да қарап, оқу материалын оқиды, қосымша әдебиеттермен жұмыс істеп, оқушыларға тапсырма беріп, оқыту құралдарын (кесте, сызба, модель, үлестірілетін материалды) іріктейді және қарайды, әдіс және тәсілдерін таңдап, сабақтың типін және құрылымын анықтап, барлығын оқу жоспарына жазады.

7. Экскурсия кезінде оқу табиғатта, мұражайда, өндірісте өтіп, оқушылар алуан түрлі объектілерді және болмыс құбылыстарын бақылайды және зерттейді, өмірдегі құбылыстарды тікелей қабылдайды. Экскурсия әсемдікті түсінуге, танымға қуануға, қоғамға пайдалы болуға ұмтылуға көмектеседі.

Далада, орманда, өзен жағаларында оқушылар табиғат сұлулығын түсінуге үйреніп, өздерінің әсерлерін сурет салу, гербарийлер жасау арқылы білдіреді. Мұражайларға, көрме залдарына, өндіріс орындарына бару өнер шығармаларын түсінуге, үйреншікті заттар мен құбылыстардан сұлулықты табуға, адамның еңбегінің сұлулығын сезінуге үйретеді.

Әрбір экскурсия тақырыппен байланысты. Экскурсия арқылы бала әртүрлі курстарда оқылып жатқан құбылыс, зандардың байланысын көреді, оларды қолдануға үйренеді.

Мысалы, жерде жұмыс істегенде өлшеу үшін геометрия заңдарын қолданып, қарапайым құралдармен жұмыс істеп, сурет салады, көргендерін жазады, картамен жұмыс істейді.

Экскурсия мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Мәселенің өзі, танылуға тиісті объекті оқушыларға қызықты болады. Экскурсия нәтижелері сыныпта шығарылады.

Экскурсия жаңа білімдермен қатар, мұғалімге өз оқушыларын жақсы білуге көмектеседі.

Экскурсияға баратын топтарда 10 оқушыдан 40 оқушыға дейін болады, ұзақтығы 40-90 минут.

Оқу экскурсияларын мазмұнына қарай тақырыптық және кешенді (шолу) деп бөледі. Тақырыптық экскурсияларға барғанда оқу пәндерінің бір немесе бірнеше байланысты тақырыптар оқылады. Кешенді экскурсиялар екі немесе одан да көп оқу пәндерінің бір-бірімен мәселен, дүниетанудан "Ағын сулар мен желдер", өсімдіктер, жануарлар және "сыртқы орта" деген тақырыптарды оқу үшін экскурсияға баруға болады, байланысты тақырыптарын оқу үшін ұйымдастырылады.

Оқылатын бөлімдегі орнына қарай кіріспе, негізгі, қорытынды экскурсиялар өткізіледі. Кіріспе экскурсия оқушыларды және оқу курстарымен, бөлімдерімен таныстырады. Негізгі экскурсиялар арқылы оқушылар тақырыпты терең түсінеді, теориялық материалдың тәжірибесі керектігін үғынады.

Қорытынды экскурсиялар бөлімді қорытындылау және жүйелеу үшін, оның нақты процестермен және құбылыстармен байланысын анықтау үшін өткізіледі. Мұғалім алдын ала экскурсия болатын жерді көріп, оның білімге ықпалын анықтап, экскурсияның мақсатын және міндеттерін, түрін және құрылымын анықтайды, оқушылар үшін проблемалық сұрақтар, тапсырмалар әзірлейді, экскурсияның әдіс, тәсілдерін белгілеп, жоспар құрастырады. Жүретін жерлердің бағдарын жасап, қосымша көрнекіліктер және керекті жабдықтарды (өлшейтін құралдарды, блокнот, қарындаштарды, гербарийлерге арналған папкаларды, фотоаппаратты, компасты) әзірлейді, оқушыламен әңгімелеседі, қауіпсіздік ережелерін, өзін-өзі ұстау жөнінде айтады , экскурсия өтетін жерге қысқаша сипаттама беріп, қалай, қайда қарау керек екенін, нені бақылау, жазып алу, суретке түсіру керектігін айтып, қалай жүру керектігін түсіндіреді. Әрбір оқушының міндетін айтып, керек жағдайда топқа бөледі, топ басшыларын тағайындайды, жауапты оқушыларды бөліп, мәліметтерді талдап қорыту туралы нұсқаулар береді.

Кіріспе әңгімеде мұғалім экскурсияның мақсатын айтады, содан кейін оқушылар объектілерді қарап, тапсырманы орындауға кіріседі; сурет салады, жазады, объектінің ерекшіліктерін бөліп, көргендерінен қорытынды жасайды.

Мұғалім экскурсия кезінде өз әңгімесін демонстрациямен ұштастырады. Оқушылардың бақылауларына басшылық етеді. Экскурсияның соңында мұғалім оқушылардың жұмыстарын тексереді, қорытынды әңгіме болады. Керек жағдайда оқушылар үй тапсырмасын орындайды. Экскурсия материалдарын кірістіріп сабақ өткізуге болады.

Мектепте өтетін экскурсиялар оқытудың тиімді формасы болғандықтан, оларды жиі өткізу керек, себебі ол өмірді тану дағдыларын қалыптастырады. Ол үшін экскурсияларға тапсырмалар әзірлеп, нәтижелерін тексеріп отыру керек.

Практикумдар арқылы оқушылар тәжірибелік, зертхана жұмыстарды өз беттерімен орындайды. Олар оқу курстарының ірі бөлімдерін оқыған соң өткізіледі, сонымен қатар теориялық материалды тәжірибеде көрсету үшін де өткізуге болады.

Практикум 2-3 апта өтеді. Мұғалім сыныпты 2-3 оқушыдан тұратын топтарға бөледі. Әрбір топ бір-біріне ұқсамайтын зертханалық және тәжірибелік жұмыстарды арнайы сабақ кестесі бойынша орындайды.

Практикум өткізер алдында кіріспе дәріс және нұсқау берілетін сабақ өтеді. Практикум кезінде оқушылардың тірек білімдерін жаңғырту тәсілдері қолданылады.

Оқушылардың іс-әрекетін басқару құралдары; жұмыс істеу ережелерін, қажетті материалды қайталату, зертханалық жабдықтарды суреттеу, оның қалай жұмыс істейтінін, тапсырмаларды орындау төртібін айту, тақырып бойынша бақылау сұрақтарын және қосымша әдебиеттердің тізімін жасау.

Жұмысты алгоритм бойынша істегенмен, шығармашылық, зерттеу жұмыстарын да жүргізуге болады. Белгілі бір заңдылықтардың, теориялардың шындыққа сәйкестігі тексеріледі. Тұрақты шамалар өлшенеді.

Практикум кезінде оқушылар шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды орындайды; химиядан тәжірибе өткізеді, сызба жұмыстарын жасап, физикалық, биологиялық, әлеуметтік, тарихи, фенологиялық зерттеулер жүргізеді.

Бірінші тәжірибелік сабақтың құрылымы:

• практикумның тақырыбын және мақсатын мұғалімнің хабарлауы;

• оқушыларға керекті білімдерді олардың естеріне түсірту;

• оқу жұмысына ынталандыру, нұсқаумен таныстыру;

• керекті жабдықтар мен материалдарды іріктеу;

• оқушыларға жұмысты орындағаны туралы есепті құрастырту;

• алынған нәтижелерді талқылап теориялық тұжырымдар жасау;

• нәтижелерін қорғау;

• іс-әрекетті талдау.

Практикумдар әдетте жоғары сыныптарда өтеді, бірақ бастауыш сыныптарда қысқа мерзімді зертханалық және тәжірибелік тапсырмалар орындатуға болады.

Пәндік үйірмелер, шеберханалар, зертханалар

Сабақта пәнді оқу бағдарламасынан да көбірек білгісі келетін оқушылар анықталады. Үйірмеге оқушылар ерікті түрде қатысады, оған қатарлас сынып оқушыларын да, әр жастағы оқушыларды да қабылдауға болады. Үйірмеге басшылық ететін пән мұғалімі. Үйірмеде оқушылар курстың қызықты тақырыптарын тереңдетіп оқып, атақты ғалым, жазушылардың, басқада қайраткерлердің өмірі және қызметімен, ғылым және техниканық жаңа жетістіктерімен танысып, ғалымдардың мерейтойларына, ғылыми жаңалықтарға арналған кештер өткізеді, техникалық модельдер жасап, биологиядан тәжірибе жұмыстарын жүргізеді, зерттеушілермен кездесулер ұйымдастырады.

Үйірме жұмысының негізінде ғылыми қоғамдар ұйымдастырылады, олар үйірмелердің жұмыстарын үйлестіріп, көпшілікке арналған іс-шаралар, байқаулар және олимпиадалар өткізеді.

Кеңестер оқушыларға жеке тақырыптарды, бөлімдерді түсіну үшін беріледі.

Кеңес кезінде оқушылар сұрақтар береді, өздері жауап беруге тырысады, мұғалімнің не шақырылған мамандардың берген түсініктерін тыңдайды.

Ол сыныпқа, топқа, оқушыға беріледі.

Олимпиадалар және байқаулар:

Олимпиадалар аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалар алдында өткізіледі.

Қазір алуан түрлі олимпиадалар мен байқаулар интернет желісінің көмегімен өткізіледі.

Балалардың техникалық шығармашылығына арналған көрмелерде оқушылардың ең жақсы жұмыстары көрсетіледі.

Конференциялар. Олар оқуды ғылыми жұмысқа жақындатады. Оқушылар баяндама тақырыптарын өздері таңдап, шағын зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижелері бойынша сөз сөйлеуге әзірленеді.

Конференцияны сыныпта, мектепте өткізуге болады. Конференцияны симпозиум түрінде өткізуге болады, онда мұғалім бір мәселені тұжырымдайды, ал оқушылар сол мәселені шешу туралы өздерінің ұсыныстарын алдын ала жазып келіп айтады.

Конференция туралы оқушыларға алдын ала хабарланады. Оқушылар сұрақтар әзірлеп, мәселені талқылауға әзірленеді. Баяндамашыға мұғалім, не мамандар кеңес береді.

Конференцияның ұзақтығы 1-2 сағат. Бірнеше баяндама оқылады. Баяндаманы оқуға 7-10 минут бөлінеді, содан соң тыңдаушылар баяндамашыларға сұрақтар беріп, сын-пікірлер айтады және қосымшалар еңгізеді. Конференцияның соңында мұғалім қорытындылап, баяндамашылардың жұмыстарын, белсенді шығармашылық көрсеткен тыңдармандарды атап өтеді. Өз мәліметтерін келтірген, әдеби деректермен шектелмеген оқушылардың жұмыстарына ерекше назар аударылады.

Конференцияда оқушылар түрлі көзқарастарды талдап, өз пікірлерін айтады. Конференция ересек жастағы оқушылар арасында өткізіледі.

Факультатив. Ол міндетті оқу курстарына сүйеніп оқу пәндерін тереңдетіп оқытады. Факультатив сабақ пен сабақтан тыс жұмыстарды байланыстырады, пәнді оқудан оған сәйкес келетін ғылымды оқу басталады.

Білімдік міндеттер бойынша факультативтерде негізгі оқу пәндері терең оқылып, риторика, логика, шет тілі сияқты қосымша пәндер оқылады, мамандық беріледі.

Факультативтер теориялық және тәжірибелік түрде де өте алады.

Оқушылар факультативтерді өздері таңдап алады, сондықтан олардың іс-әрекеті белсенді. Факультативтерге қызықтыру үшін мұғалім көкейтесті тақырыптарды, оқушыларға ыңғайлы іс-әрекет түрлерін таңдап, олардың ақыл-ойын, есін, қиялын, жеке қабілеттерін дамытатын құралдарды қолдану керек.

Сабақты талдаудың мақсаты:

• Оқушылардың білім, іскерлік және дағдылардың сапасын бақылау.

• Мұғалімге нұсқаулар беру.

• Педагогикалық шеберлікке жетуге көмектесу.

• Мұғалімнің жетістігі мен кемшіліктерінің себептерін анықтау, кемшіліктерді жоюға көмектесу.

• Мұғалімнің атқаратын жұмыстарын белгілеу.

Сабақты өткізу деңгейлері:

• Жақсы: Мұғалімнің сабақ мақсатына сай оқушылармен кері байланысы болып, қиыншылықтарды жеңуі.

• Өте жақсы: Мұғалімнің оқушыларды мәселені шешуге қатыстыруы және сол арқылы тақырыпты меңгертуі.

• Орташа: Оқушылардың білімін және іскерліктерін анықтауы және тақырыпты сабақ мақсатына сәйкес ашуы.



• Төменгі: Оқушылардан өткен тақырыпты сұрау. Жаңа материалды жоспармен түсіндіру. Оқушылардың танымдық іс-әрекеті аз, белсенділіктері төмен.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет