Беғазы-Дәндібай заманындағы /б.э. дейінгі Х-ҮІІІ ғасырлар/ тайпалар мәдениетінің дамуы бірінен кейін бірі келетін үш кезеңге: өтпелі, дамыған және соңғы кезеңдерге бөлінеді.
Атасу заманынан Беғазы-Дәндібай заманына дейінгі өтпелі кезең Атасу өзенінен Ертіске дейінгі байтақ далада таралған көптеген ескерткіштермен сипатталады. Олардың қатарына Ақсу-Аюлы 2, Ортау-2, Байбола-2, Бесоба, Бұғылы-3 кешендері жатады. Бұл ескерткіштерге, бір жағынан, андроновтық дәстүрлердің сақталуы, екінші жағынан, мәдениеттің жаңа элементтерінің; адамдарды жерлейтін үлкен мавзолей бейіттердің, жатаған домалақ ыдыстардың пайда болуы тән. Жерлеу ғұрып да андрон мәдениетіне тән емес. Әдеттегі адамдарды бүтейілтіп жерлеудің орнына, аяқтарын жазып шалқасынан жатқыза жерлеген. Мұндай жерлеу ғұрпы кейінгі, ежелгі темір дәуірінде Қазақстан аумағында тұрған малшы тайпаларда кеңінен тараған.
Соңғы қола дәуірінің өтпелі кезеңін, яғни алдынғы Беғазы дәуірін Ақсу-Аюлы
2 жерлеу кешені бәрінен гөрі толық сипаттайды. Бұл кешен біріне-бірі ұқсас төбешік обалардан құралған; обалардың етегі қырынан қазылып орнатылған ірі гранит тақталармен айнала белдеуленген. Бұлар патриархаттық-әлеуметтік қауымдардың рулық бейіттері емес, патриархаттық-рулық қоғамның неғұрлым көрнекті мүшелерінің қабірлері. Ішкі құрлыстары ауқымды мұндай бейіттер турпатының пайда болуы соңғы андронов мәдениетінде /б.ғ.д. ХІІІ-ХІ ғасырлар/ мүлік теңсіздігінің шыққандығын көрсетеді.
Ақсу-Аюлы 2 кеншеніндегі ең үлкен обаның биіктігі 2 метр, диаметрі 30 метр. Қазба жұмысы кезінде үйіндінің астынан бір-біріне жалғасқан төрт тас құрылыс: үш қоршау және үлкен-үлкен төрт тақта тастан жасалған шомбал тас жәшік шықты. Бірінші, сыртқы қоршау қырынан қазылып орнатылған ірі гранит тақталардан құралыпты. Екінші қоршау әдейі іріктелген тік бұрышты тақта тастарды көлденең қалау техникасы арқылы салынған. Қалау сол кездегі жердің
бетінен басталыпты. Дуалардың төменгі жағы тіп-тік, ал жоғарғы жағы аздап ішке қарай иілген. Үшінші кіші қоршау екіншісіне жалғастырылған. Ол тік бұрышы түрде салыныпты, бұрыштары иілген.
Сонымен, ішкі қоршау бейне бір екі дуалмен және айнама галереямен қоршалған үй сияқты. Бейіт тамның ортасында, көлемі 4 шаршы метрдей, тереңдігі 1,5 метрден астам шұңқырдан үлкен тас жәшік шықты; оның үстіне екі үлкен тақта тас жабылыпты.
Ақсу-Аюлы 2 кешеніндегі тас жәшіктен қол-аяғы созылып жерленген адамның қаңқасы шықты. Бұл обадан табылған қыш көзе өтпелі кезеңдегі керамикалық ыдыстың үлгісі бола алады. Түрі мен өрнектелуі жағынан ол андронов ыдыстарына жақын. Оның ернеуі үзік сызықты үш бұрыштармен және сопақша ойықтармен мәнделіпті. Бүйіріне жоғарғы жағынан белдеулей әсем меандр мен бұршақ көлеміндей дөңгелек ойықтармен белдеу жүргізілген. Мұндағы өрнек түсіру техникасы көлденең сызықтары бар ірі тарақ тәрізді қалып; мұндай қалып Орталық Қазақстандағы соңғы қола дәуіріне тән.
Беғазы-Дәндібай мәдениетінің дамыған дәуіріне жататындар – Беғазы, Айбас- Дарасы, Аққойтас, Дәндібай, Ортау-3, Санғыру-1 зираттары, ¦лытау, Шортанды бұлақ, Қарқаралы-1-3 қоныстары және басқалары. Бұл қорымдар мен қоныстар тұрған үйлермен, ғұрыптық-табыну үйлерінің сәулет-құрылыс жағынан жетілгендігімен, шар тәріздес керамиканың жаңа түрлерінің әр алуандылығымен сипатталады. Әсіресе Беғазы тауының етегіне орналасқан Беғазы тақта тас қоршаулары айта қаларлық. Беғазыдағы ескерткіштер тобында біртектес алты қоршау бар, көлемі жағынан бұлардың екеуі көзге түседі. Барлық ескерткіштердің іргелері 0,8-1,2 метрдей тереңдікте тас қоршаулармен жерге көмілген. Беғазы монументтері бір немесе екі бөлікті төрт бұрышты құрлыстардан тұрады; ал төрт жағы әлемнің төрт жағына қарай бағдарланған, тігінен қойылған жалпақ гранит тақталармен қапталған немесе қырлы тастардан көлденең қаланған құрлыстың көмілген бөлігінің жиегінен жоғары, жер бетінде, биіктігі бір метрдей дуал бар.
Беғазы ескерткіштерін салу үшін сур түсті граниттің өте үлкен кесектері іріктеліп алыныпты; мұндай қалақша гранит тастар жақын тауларда көптеп кездеседі. Құрлыстың кейбір тік бұрышты тақта тастарының салмағы үш тоннаға дейін жетеді. Дуалдар берік, әрі орнықты болу үшін бұл тақта тастардың биіктігінің үштен бірі жерге көмілген, соның өзінде олардың жерден биіктігі 2-2,5 метрдей.
Беғазы кешеніндегі ең ірі құрлыстардың бірі- шаршы түріндегі тақта тас қоршау; оның сыртқы көлемі 9,6х9,6 м., ішкі көлемі 6х6 м. Қоршаудың ішкі
дуалдары қоршалып 0,7 метрдей қазылып ортатылған. Дуалдың жалпы биіктігі 2,1 м., ал жер бетіндегі бөлігінің биіктігі 1,3 м. Екінші, сыртқы дуалдың да биіктігі сондай – 1,3 м. Қаланған қаптамамен екі арадағы қуыс тастың сынықтарымен толтырылған, лай құйылып, әбден тығыздалған. Осы екі метрдей дуалдың мұқият тегістелген үстіңгі беті қыш ыдыстарды және басқа заттарды қоятын сөре болған. Құрлыстың сыртқы дуалдарын қаптаған үлкен гранит тақталар сөрені жауап тұрған. Құрлыстың дуалдарын төрт қырлы қатар-қатар тірек бағаналар ұстап тұр. Ішкі үйдің төбесі бірнеше қатар тақта тастармен жабылған. Ішкі үйдің ұзындығын тас бағаналар арқылы үш метрлік екі бөлікке бөліпті, ол осыншама көлемдегі тақта тастармен жабу үшін қажет болған. Кіреберісте ұзындығы 9 м., көлденеңі 4 м. дәліз салыныпты. Ол қырлы тастан көлденең қалау әдісімен қаланған.
Беғазыдағы бай кесенелердің көңіл қоярлық ерекшеліктерінің бірі – діни- ғұрыптық заттарды қою үшін және құрбан шолу үшін арнайы істелген мехран
/алтарь/ орны. Бірінші қоршауда бұл – құрлыстың астына ор қазғанда қалдырылған жер үстел немесе сөре. Осы сөреден құрбан шалудың және ас берудің іздерін байқаймыз. Құрбан шолу үстеліне көптеген қыш ыдыстар қойылған. Әр түрлі керек
– жарақтар да, сәндік заттар мен қару-жарақтар да осында тұрған.
Шаруашылықтың көшпелі қалыпқа бейімделуімен сипатталатын кейінгі кезеңінде бір кезде жоғары дәрежеде болған Беғазы-Дәндібай мәдениеті жаңа сатыға көшпеді. өткен замандағы күрделі бейіттік құрлыстардың орнына қоршаусыз ірі тас жәшіктерден жасалған қарапайым құрылыстар пайда болады. Бұлар – Қарқаралы маңындағы Кент тауларындағы, Айдарлы, Бұғалы-2 алқаптарындағы ескерткіштер. Қыш ыдыстарда өткен уақыттың дәстүрлері әлі сақталады. Бірақ қазан тәрізді, буйірі өте шығыңқы, мойны қысқа, ернеуі сыртына қайрылған көзелер, мойнына білеулеп балшық жапсырылған ыдыстар көбейе түседі. Ыдыстардағы өрнектер қарадүрсінденіп, негізінен тегіс қалыппен салынған өрнектермен безендіріледі, олар: қиғыш кертпелер, көлденең сызықшалар, тырнақша, жарты ай тәрізді өрнектер. Кейбір ыдыстардың мойны «меруерт» деп аталатын шығыңқы шеңберлермен сәнделген.
Жоғарыда аталғандай, соңғы қола дәуіріне бейіттік құрлыстардан басқа Қарқаралы маңындағы Суықбұлақ, Қарқаралы қоныстары, ¦лытау, Қызылтаудағы Тағыбайбұлақ және басқа қоныстар жатады.
Қабырғалары тастан қаланған үйлердің құрамында өткен уақыттағы дәстүрлі белгілер сақтала отырып, жердің үстіндегі құрлыстар көбейе бастайды.
Баянауыл манындағы Қызтау бойындағы Тағыбайбұлақ қонысынан жер бетіне салынған алты үйдің қалдығы зерттелді. Үйлер тік бұрышты болып келген,
солтүстік жағынан оларға тас қоралар жалғасады. Құрлыстың сыртқы дуалдары қалың – 1,5-1,7 м., олар екі қатар үлкен тақта тастардан тігінен көміп қаланған, үй мен қоралардың арасын тастан қаланған дуал жалғастырды.
Қоныстан 130-дан астам ыдыстың сынығы табылды; олардың көпшілігінде
«меруерт» тәсілімен салынған өрнектер бар, формасы қазан тәрізді көзелер болып келеді.
Орталық Қазақстанның соңғы қола дәуірінің тайпалары Орал бойындағы Замараев мәдениетінің, Алтай мен Енисей бойындағы карасук мәдениетінің тайпаларымен тығыз байланыста дамыған. Бір-бірінен қашықта жайса да, бұл аймақтардың материалдың мәдениетін сипаттайтын керамикалық заттар, қола құралдар, тұрмыстық және сәндік заттар әжептәуір ұқсас: мұның өзі ежелгі тайпалар арасында тығыз мәдени және экономикалық байланыс болғанын дәлелдейді.