Әдеби KZ
Исан-Бұғының қабағы қарс жабыла қалды. Шабарман хан алдында хандардың
халыққа істеген қиянатын тәптіштеудің үлкен қылмыс екенін тез ұқты. «Қарға
қарғаның көзін шұқымас деген міне, осы екен», — деді ол ішінен. Қарапайым
адамның тілі тым ұзын болса, хан әмірі қалай қысқарта қоятынын бұрыннан да
білетін шабарман, тым қысылып қалды, бірақ сол сәтте жол тауып кетті.
— Кешіріңіз, хан ием, — деді ол тағы басын төмен иіп, екі қолын кеудесіне
қойып. — Сүйіндік хакім, бүкіл Моғолстан халқының қамқоры әділетті Исан-Бұғы
ханға Дәшті Қыпшақтың көп руларының көшу себебі Әбілқайыр ханның
қиянатынан деген жайды айт деп еді.
Шабарманның қулығын ұққан кей хакім, әмірлер кекете езу тартты. Бірақ өзін
«ел қамқоры» деген сөз құлағына жылы тиген Исан-Бұғы қабағын қайта ашып:
— Жақсы. Қонақ үйге барып тынық. Хакім Сүйіндікке біздің айтарымызды
ертең естисің...
Басын аман алып қалғанына қуанған шабарман «құп, тақсыр», деп үйден ата
жөнелді. Далаға шығып «Уф» деп демін алды. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі»
деген міне, осы. Егер басыңды аман алып жүргің келсе, аузыңа ие бол. Тым
ақылси берме».
Шабарманның Исан-Бұғыға: «Қыруар ел, оның үстіне жан-жақтарынан көшіп
келіп қосылып жатқан жұрт та ығы-жығы» дегені бірде-бір жалған емес еді.
Жәнібек пен Керей Қаракеңгір мен Сарыкеңгірді кейін тастап, Қарақұмнан үш
күнде жедел көшіп өткен соң, соңдарынан ерген елдердің ақсақал, батыр, билерін
жинап кеңес құрған. Барар жеріміз алыс және жат жер. Ағайын жоқ болсаң бере
алмайды, бар болсаң көре алмайды. Моғолстан елі бізді қалай қабылдайтыны
белгісіз. Сондықтан түйенің қомын, аттың жалын алдырмай, ағайынға
сорлылығымызды көрсетпей жетелік. Күшті екенімізді көрсе сыйлар, күшсіз
екенімізді көрсе аяр, «кет кейін» дей қоймас, туыстығымызды қимас... деп
шешкен.
195
Iлияс Есенберлин. «Алмас Қылыш» (Көшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындағы қор», 2004
Достарыңызбен бөлісу: |