Күш кеміді, айбынды ту құлады, Кеше батыр – бүгін қорқақ,бұғады. Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде, Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың қос қанаты қырқылды, Күндей күшті күркіреген ел тынды. Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ, Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың - Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың... Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп, Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен - тілім, Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім, Таралған түрік балаларын бауырыңа Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!