Қияда
1
Абай үйленгелі бірнеше жыл болды. Ділдә түскен жылдың келесі көктемінде бұлардың үлкен балаы Ақылбай туды. Екі жыл өткенде Күлбадан деген қыз туды. Ол бүгінде бірден асты. Қазір Абай үшінші баланың әкесі болғалы жүр.
Ділдә екіқабат уақытында бірнеше айдай ауру адам сияқты болатын. Ас бастырмау, басы айнала беру, ағарып, жүдеп, төсекке жантая беру мұның салты боп алған.
Аз жылдың ішінде біреше баланың әкесі болса да, Абай әлі өзінің осы халіне үйреніп болған жоқ. Оған үйлеріндегі үлкен шешелері де себеп болды. Ақылбайды Ұлжан өзі бауырына салып, өз баласы қып алды. Тілі шығып қалған Ақылбай бұл күнде Абайды әкем екен деп білмейді. Жай анда-санда ас басында көрініп кететін көп үлкеннің бірі, бөгде таныстай көреді. Абай да оны ыстық көріп, бой тартқан емес. Өйткені ол бала мұның жастығына зорлық еткендей боп, тіпті ерте туды.
Ең алғаш 17 жаста Абай әке болды. Үйленудің өзі бір тәңір құдіретіндей амалсыздық күні еді. Соның артынан ес жиғызбай, ілесе келген әкелік, тіпті бір мазақтай, қатал зорлықтай көрінген.
Алғаш Ақылбай туған күні Қалиқадай жеңгелер:
- Балалы болдың!
- Енді, міне, сен әкесің!
- Қайырлы болсын! – десіп, күліп қамалаған болатын. Сонда Абай бір ұялып, бір қиналып, не қыларын білмей, атына мініп кетіп қалған.
Ауылына үш-төрт күн өткенде бір-ақ оралып еді...
Кішкене Күлбаданды да Абай әлі танып болған жоқ. Ол да күні бойы шешелер үйінде, солардың бауырында болады.
Ділдә бейнелес, ақ сары, мазасыз қыз кеш болғанда ғана отауға келеді. Абайды әкелікке еіксіз көндірем дегендей боп, Күлбадан түні бойы ұйқы бермей жылайды. Сонысының өзімен де, ол жас әкемен екі арасын бітімсіз қып қойды.
«Тыныш ұйқыдан кісіні шаяндай шағып оятады» деп, Абай оны «Сарышаян» дейтін.
Қазір сол «Сарышаян» тағы да жылап отыр. Кеш батып, үй іші қараңғы болса да, Ділдә от жақпапты. Өзі шымылдықты түсіріп, биік төсектің алдына көрпе-жастық салып, жантайып жатыр. Күлбадан шешелер үйінен жаңа келіп, төсекке жатпай, қиғылық салып отыр екен.
Абай бір топ кісімен үйге кірді. Тыста боран. Бұлардың үстері тегіс қалың қар, қырау... Үйге шұбатыла кіріп, мол аяз алып келді.
Тыстан кірген суық пен көп кісінің дабырынан тынышы кеткен Ділдә басын көтерді...
Абай тымағы мен ішігінің қарын қағып жатып:
- Ділдә, жарық жақсаңшы! Тыйсаңшы мынау мазасызды!.. Болмаса, апарып тасташы анау үйге! – деді.
Ділдә жарық жағып, шымылдықты түріп қойып қонақтарға көрпе салды да, Күлбаданды қолына алды.
Күтуші қызыл келіншек отауға кіріп, Ділдәмен сыбырласып алып, қонақтардың қамына кірісті.
Бұл қонақтар – Абайдың қазіргі уақыттағы жолдастары, жас жігіттер: Ербол, Жиренше, Асылбек және Базаралы болатын.
Орталарындағы үлкені – Базаралы. Сол төрге шығып, шешініп отыра беріп:
- Жаным-ау, мына құдайдың күні қайтеді? Тағы боран! Әлі боран! Жұтатты-ау! Ақсүйек қып жұтатты-ау ел сорлыны! – деп, уайым айтып, ұзын қара сақалын ұстап, ойланып қалды.
Еңгезердей мол денелі болса да, аса сымбатты, нұр жүзді Базаралы қазір отызға жаңа ілінген. Ақ елтірі ішігін желбегей жамылып отырып, таңдайын қақты.
Ділдә дөңгелек үстелдің үстіне шам әкеліп қойғанда, жігіттер айнала отырды.
Бұл кезде Абайдың да денесі ірілеген. Жауырынды, сүйекті боп қалған екен. Бойы ортадан биіктеу. Сүйегі ірілеумен қабат, бұлшық еттері де толып, бар мүсіні балғын, кесек тартыпты. Бет пішіні де денесімен лайық дөңгеленіп, ірілеп қалған.
Ұзынша қырлы мұрны көтеріңкі, үлкен. Жазық биік маңдайы шекесіне таман келгенде дөңкілдене түсіп, кең көсілгендей. Қыс суығынан бет, мұрны тотықса да келбетті маңдайы ақшылданып, айқындап тұр. Отты сұлу көздерінің ақ, қарасы әлі де тап-таза. Көзінің сыртқы шарасы томпақтау және ұзынша біткен. Жіп-жіңішке боп кезең созылған ұзын қастары мен ойшыл, отты көздері Абайды өзге жұрттың ішінен оқшауырақ етіп тұрады. Жақсы туыс белгісі сияқты.
Әлі ұзармаса да, теп-тегіс боп, тебіндеп шығып келе жатқан қоңырқай мұрты бар. Барлық тұлғасы сай келген қара сұр жігіт, сонау сұлу болмаса да, ұнамды, сүйкімді.
Оңаша отауға іріктелген жас жігіттер бұл кешті көңілді өткізсе керек еді. Бірақ жаңа орнықпай жатып, Базаралы айтқан уайым сөз бәрін де ойға салды.
Бұл жиынның Базаралыдан басқасы үш күннен бері бірге жүрген. Базаралы осы кеште ғана тау жақтан келген-ді. Қалың ел, көп қыстаулар сонда. Абай сол жұрттың жайын білмек боп:
- Немене, жұт өзі қауырт па? Жоқ, ойдым-ойдым ба? Көлемі қандай? – деп сұрады.
Асылбек, Жиренше, Ерболдар да Базаралыға қадала қарап, хабар күтті.
- Анық жұт жаппай келмей ме? Бұл соның өзі ғой! Ел дегенде көпті айтамыз да... көп қысылды ғой!.. Мына боран айықпағалы, міне, үш күн болды. «Жыл мойны жақын ба» деп дәме қылысып еді... Көкек аяқтап, мамырға да тақадық. Бірақ ақпан-қаңтардай боп әлі қақап тұр. Енді не қалды? – деп, Базаралы түңіліп отыр.
- Қырылып жатқан қой ғой. Ал мына ірі қара жағы қалай? Шыңғыста одан үміт бар ма екен? – деп, Жиренше, тым құрыса, өзге малдың аман қалары болар ма екен деп еді.
- Тобықтының малы жылқы мен қой емес пе? Ірі қара дегенде сиыр болса, ол кесел қойдан да жаман екен... Түйе де жұтқа осал неме ғой... әйтеуір, қолдағы малдың аманы болмас!.. – деді Базаралы.
Шай үсті мен барлық осы жігіттердің әңгімесі елдің бүгінгі қысталаң халі туралы болды. Мал жұты ғана емес. Көпшілік, кедей көпшіліктің ашаршылыққа ұшырай бастағаны да білініпті. Соғымы тәуір ауқатты ауылдарға Шыңғыс ішінде ас-су іздеп шұбыра бастаған нашарларды да Базаралы көріпті.
Мұндайлардың алды осы Жидебайға, Абайдың шешелерінің үйіне де келіп жатқан. Бірер асым ет, бидай, тары болса сұрастырып, көмек әкетіп жатқан кемпір-шалдар бар-ды.
«Жұттан аман қалар ел бар ма? Қазірде тың тұяқ тұрған кімдер?» дескен уақытта, Базаралы:
- Ат төбеліндей аз ауылдар аман болар. Ырғызбай, Көтібақ, Жігітек, Бөкенші ішінде жақсы қыстау алып, жерді мол басқан ауылдар әзір қысылған жоқ, - деді.
- Әсіресе Ырғызбай іші аман. Қыстаулық жері сайлы. Күзден алған пішені де бар, - деп, Ербол жаңадан өзі көрген жайларын айта бастады.
Бағанадан бері үнсіз ойланып отырған Абай:
- Жалғыз Ырғызбайдың амандығы кімге медеу, кімге дәрі? – деді.
Базаралы Абайдың бұл сөзін ұнатып қалды.
- Әйтеуір, күші бардың күйі бар болады екен. Кұныкең әперген жер Ырғызбайды сақтайтын көрінеді ғой!
Абай қабағын түйіп, жалт етіп Базаралыға қарап:
- Тәңір-ай, тартып алып жетіскеннің несі сөз? Ырғызбайдың иемденіп отырған жер ме? Көрінеу көздің жасы емес пе?
Асылбек пен Жиренше Абайдың мынау ашық сынына қатты сүйсініп, күліп жіберді.
- Япыр-ай, Абайжан-ай, көптің көңілінде жүрсе де, аузы бармайтын сөзін өзің айттың-ау! – деп, бағанадан беру уайыммен отырған Базаралы да жадырап қалды.
Бұл жігіттер Абайдың әр жайдан шындасып сырласатын досы есепті. Әсіресе Ербол бес-алты жылдан бері Абайдан айырылмайтын үзеңгі жолдасы боп алған. Сол арқылы Жиренше, Асылбек те Абаймен әбден жақындасып, қысы-жазы көп араласа беретін. Құнанбай болса, Абайдың осы жігіттермен достығын сүймейтін. Сырттан бірнеше рет қаттый сөйлеп:
- Ылғи кешегі жау ауылдардың бөлтіріктерін жиып апты. Дос тапқан екен! – деп тыжыртып, жақтырмай жүретін.
Бірақ Абай өзі әке мінездерін сынағыш болғаннан бері, сол әкеден қорлық көрген елдің қай-қайсысының болса да, сөз ұғар деген адамдарымен сырласа сөйлесе, әке мінездері, ел күйі, көптің мұңы сияқтыны толық ұғынып, кең түсіне бастаған.
Абайдан екі-үш жастай үлкен болса да Жиренще, Ербол, Асылбектер бұл кезде әбден жақын құрбы-құрдастай боп ап, өз маңдарындағы үлкеннен, кәрі-құтаңнан есіткен шер уайымды да ірікпей айтып келе беретін.
Жалғыз-ақ мұңдай бел шешісіп кеңескен сөздерніе Базаралы бұрын көп араласқан жоқ-ты. Ол өзі осы жұрттың бұл өңірдің еліне аса қатты тиетін бір себебі Құнанбайдан деп білетін. Жол бойы көріп келді. Құнанбай оң қараған жуан ауылдар Ырғызбай ішіне малдарын айдап апарып, сонда жан сақтап жатыр. Ал Құнанбай адам деп санамайтын аз ата, сансыз атсыз көпшілік болса, малы қайда барарын, басы қайда қаларын білмей, сендей соғылып жүр.
Өз ішіне талай түрлі ызалы, наразы ойлар жиса да, Базаралы әлі ешкімге тіс жарып айтқан жоқ-ты.
Енді Абайдан жаңағы сөзді есіткен соң, шешіле түсті. Көп ауыртпалықтың түп-тамырларын қазбалап кеп:
- Көпшілік сорлы ғой. Санда бар да, санатта жоқ. Егесте сойыл соғар, есемде құм қабар. Атаусыз, жоқтаусыз кеткені ғой. Бүгін, міне, аппақ сүйек боп қырылғалы отыр. Кешегі «жақсы», «басшы» дегендердің қайсысының қабырғасы қайысар екен?.. Көрерсіңдер ертең! Кім қынжылар, кім болысар екен! – деді.
Абай Базаралының өзгеден бөлек мынадай қамқор ойларына ішінен таңғалды. Жалғыз жүрсе де, Базаралы ел дауын шешен қып айтып, түкпірлеп ойлап жүрген сияқты. Өзі батыр бейнелі, өзі әнші, шешен Базаралы үлкендер сынынша бір тентек, сотқар көрінуші еді. Жалғыз жайылған сыйымсыз. Аузының дуасы жоқ. Ащы тілдің тыйымсызы боп аталатын. Қазірде Абай байқаса, мына Базаралы ол емес.
Жұр жайын ойлап жабырқау тартқан жастарға Базаралы:
- Жігіт болсаң, жігерің болса, мынау шұбырған елге пана болыңдар.
Малың аманда жаның мақта... Әншейінде есе бермесе, ең болмаса осындай қысылған күнде артығынан үлессін. Жерінен жайылыс берсін. Қыстау қорығынан пана берсін көпке! Үлеске салсын жиған қорын. Елден ерек аман қалған Құнекең, Байсал, Сүйіндіктер мен тұтас Ырғызбай кімге тұлға болады? Бар ел жүген ұстап қалып, аштан шұбыратын күн болса, тіпті оларды аман да отырғызбайды. Жер мекеніне босып кетуден бұрын, ең әуелі осылардың өзінде барды ұйпап кетпей тұра ма? Мұны ап-аман қойып, өздері ауған қояндай құр жосып кетсе, оның, тіпті елдігі қайсы? Қысқасы, ел кетпейді! Кетсе, тек кетпейді! – деп.
Бұл сөздері барлық жиынды қатты ойландырды. Асылбек Базаралы дауының кейбір жерін теріс деп білген.
- Жұт деген киіз туырлықты қазақтың атам заманнан бергі зәулісі емес пе? Жалғыз бүгінгі күннің адамынан боп отыр ма? Сыңарезу кетіп, бір-ақ жаққа салмақ сап отырсың... Осының оғат! – деді.
Базаралы дауласайын деген ойда емес. Көңілінде өзі ұғынған наразылық бетінен қайтқан жоқ. Асылбектің сөздерін: «Әкең Сүйіндіктен келе жатқан жалтақтық қой!» деп, жақтырмай тыңдады. Асылбекке ажырая қарап, басын изеп қоя салды.
Жігіттердің осы әңгімесі аяқтала бергенде, аязды тыстан үш кісі кеп кірді. Үстері қар, сақал-мұрттары сіреу болған. Алдыңғы келген сең-сең тымақ, көне тонды, ұзын бойлы жолаушының кірпігіне шейін қырау тұрып қапты.
Бұл келген Бөкенші Дәркембай мен соның екі кедей көршісі екен.
Абай Дәркембайды танып:
- Шешініңдер, - деп еді. Дәркембайдың жүрісі тығыз екен, шешінбеді
Бұл Дәркембай анау жылы Тоқпамбетте Бөжей сабалатында Құнанбайды атам деп мылтық оқтаған кісі болатын. Сол төбелестен бері Тобықты іші болсын, әсіресе Құнанбай айналасы босын оның сондағы ісін есіткен.
Барлық Ырғызбай Дәркембайды содан бері көзге түрткі ғып, шетке қағып, қырына ала беретін. Абай шаруасын сұраған соң, Дәркембай іркілген жоқ.
- Шырағым Абай, қарындасқа қайырымы бар бала деп естуші ем. Сондытан кеп отырмын. Болмаса, ана Тәкежандай десем, келмес ем... Басыма күн туып кеп тұрмын. Мына екі көршіммен үшеуміздің үйлерімізде жиыны 20-30-дан тұяқ бар еді. Сол азын-аулағымызбен бірге пана таба алмай ығып, бүрісіп кеп отырмыз... Жерімізде қылтанақ жоқ. Қойларымыз бұралып бітті. Қазір осы Мұсақұлға жеткенше бес қой үсіп өлді! – деді.
- Өй, Шыңғысқа неге тарпадың?.. Тым құрыса, тау панасы бар ғой! – деп, Асылбек сұрай бастап еді.
- Ойбай-ау, боран Шыңғыстан соғып тұр. Өзі титықтап тұрған мал қарсы баса ала ма? Және Шыңғыс қайда, біреу қайда? Мынау Мұсақұл, Жидебай әрі ыққа қарай, әрі жақын және иелері бейіл берсе, бұл Мұсақұл, Жидебай, Барақ сияқты үш қорық – талай қора қойға пана емес пе? Қарын аршысам да өлтірем бе! Шидің іші қойға пана ғой деп, бар үміт қып келгенім осы ед! – деді.
Абай Дәркембайдың жайын танып отыр.
- Дұрыс кепсің! Ал жая бер!.. Енді несін сөз қып кеп тұрсың?
- Оның рас-ау, қарағым! Бірақ жаңа кеш бата сол Мұсақұлға зорға кеп жетіп ек. Алдымыздан Тәкежан шығып, қайта қуды. Қасында әлгі Жұмағұл дейтін қаныпезер бар екен. Басымызға қамшы иірді. Кет деп жатыр. Бар талшығымды қырам ба осы мен? Қырар болсам, тым құрыса, сен білсін, аш-арық ағайынның опқа түсіп жатқанын сол көрсін деп келдім.
Абай Дәркембайдың осыдан арғы сөздерін тоқтатып, тез байлау жасап, Ерболға қарап:
- Ербол, жылы киін де, атқа мін! Дәркембай, еріңдер мынаның қасына! Осы арадан азық алып кетіңдер! Ділдә, тұр! – деп, Абай келіншегіне бұйрық етіп: - Мына кісілер ашыұпастай қып ет, азық әзірлете бер! – деді. Ділді лезде тұрып, шығып кетті.
Абай Ерболдан Тцкежанға сәлем айтта: «Қумасын!.. Қазынасын жемейді! Мынаның азғана малына жайылыс берсін және Жұмағұлды тыйсын» - деді. Ербол тез киініп алып, Дәркембайларды ертіп жүріп кетті.
Тәкежан бұл күнде Мұсақұлды қыстайтын. Ол Абайдан бұрын үйленіп, сол жылы енші алып бөлініп шыққан. Қазір өзі аса малқор да және әсіресе жер қорығыш, қызғаншақ болатын. «Жұрт көзіне түспейтін жер болса, тіпті осы мына үлкен шешелерінің өз ауылынан жайылған малды да қуып тастап отырады» деп барлық көрші малшылар қайран болушы еді. Абай Тәкежанның сол мінезін биыл естіп, қатты наразы боп жүретін.
Көріссе, суық амандасатын.
Түнделетіп, борандатып кеткен Ербол аз уақытта қырауланып, ызаға толып, қайтып келді. Қысқалау тығыз қара сақалына қар тығылып, шал беттендіріп апты. Үлкен, жуан тұмсығы қызарған. Қоңырқай өткір көздері жиреніш, реніш сызын жасырмай білдіріп тұр.
Тымағының бауын шешпей бір тізерлеп отырып сақалының қарын аршып жатып:
- Тәкежаннан күткенше, тәіірден күткен жақсы ғой! Мұсақұл, Жидебай, Бараққа мен мал түсіртпеймін деп, Жұмағұлды қайта жұмсады. «Сабап-сабап айдап таста Дәркембайды» деп, көзімше бұйрық берді. Жұмағұл құлдай ұрған сол сөзді арқаланып, жаңа менімен ілессе шауып келіп, әлгі Дәркембайдың қойын сойылдап қуып жүр! – деді.
- Дәркембай ше? Ол енді қайтеді?
- Түн ішінде мына боранда қайда барады?
- Қуғында өлгенше, Жұмағұлдың қолында өлсеші! – деп, үйдегі жігіттер жаман ширықты. Ербол тағы бір көргенін жеткізіп:
- Жұмағұлдай ит болмас, қаныпезер! Елді қан қақсатып жүретін атшабарлыққа жаратқан ғой өзін кәпірдің. «Тым құрыса, сен аял берсеңші, таңға шейін тоқтасаңшы!» деп ем, өзіммен ерегесіп, аузына келгенін айтты! – деп тоқырап қалды.
Ербол бар есітіп, бар көргенін айтқан жоқ. Тәкежан Абай туралы қатты сөйлеген. Жұмағұл Ерболдың өзін де сабамақ боп ұмтылған.
Бірақ сол кезде Дәркембай қаны қайнап, қатты ашуланып: «Енді тек, қоың тарт! Болмаса, екеуміздің біріміз қан жоса боламыз!» - деп, араға түсіп барып Ерболдан бетін қайтарған.
Бұл жайларды Абайға айтса «екі туысқан арасына от тастаған» боп саналатыны бар. Өз басы ондай жанжалды сүймейтін Ербол мұндайда тартыншақ болушы еді. Абайды ұшқары істерге арандатпаймын дейтін. Ондайын артынан біліп, «Неге айтпадың?» деп күйіп сөйлеген Абайға бұл сыр ашпайтын. Өзінше, Абайдан жақсы досын, тату жолдасын «сақтағаным» деп білетін.
Бірақ қазір оның ішіне іріккен үлкен ашуы Абайға ап-айқын боп білініп тұр. Жолдасына сырмінез болғандықтан, Абай қазір айт деп қысқан жоқ. Тек жаңағының ар жағында жатқан басқа зіл бар екенін таныды да, аса қатты долданып кетті. Екі беті бір сұрланып, бір қарауытып, түнеріп алды. Азғантай уақыт шұғыл ойланып, Ерболға отай қадалып, кірпік қақпай түйіліп отырды да, бір сәтте атып тұрды.
Базаралы, Асылбектер Абайдың байлауын ұпай аңтарыла қалды.
Абай демі дірілдеп, тістене сөйлеп:
- Тұр, Ербол! Менімен бірге жүр! – деді де, өзі шапшаң киіне бастады. Жеңіл күпі кие сап, шар буынып, қолына қамшы алды да, есікті қатты ашып, атқып жөнелді. Ербол артынан кетті.
Қамшы алғаны үйдегілерге Абайдың атқа мінбек болғанын білдірді.
Тыста екі көк ат ерттеулі күйде бораннан ықтап, қораны жанасалап тұр екен. Абай ең жақын тұрған біреуін шешіп жатып, жолдасына:
- Сен де мін! – дей салып, өзі лезде қарғып мінді. Көк атқа қамшы басып, ақ боранның ішіне құйықтыра шауып, кіріп кетті.
Бұл кезде Жұмағұл Дәркембайлардың елу-алпыстай азғана қойын шоқтай иіріп, тірсекк сабап қуып жүр. Іштеріне талай күннен нәр түспеген, бүрсең қойлар қашайын десе де жүгіре алмай, ұйлығып, сығыласа береді. Қойдың жылдам баспағанына зығыры қайнаған Жұмағұл иесінен бастап боқтық астына алады. Артынан еріп келе жатқан жаяу шұбырған Дәркембайларды бірде-бір құлаққа ілмейді.
Қуғыннан, бораннан және бүгін кешкі аш жүрістен әбден титықтаған төрт-бес тоқты омақата жығылып, тұра алмай да қалды. Дәркембай қаны қайнап, Жұмағұлды ұстайын деп ұмтылып еді. Аты жарау, өзі сырқынды Жұмағұл маңайлатпай жосып жүр. Қойдың бір шетінен екінші шетіне қарай омыраулап кеп тиіскенде, атының тізесімен буаз саулықтарды домалатып та кетеді. Жазықсыз жаулық көрген сорлы мал тілек тілей білсе, бұл түнде мынадай қамалап тұрған қастық ортасында өлімнен басқаны тілеместей.
Жұмағұл бағана келгеннен бері боқтықтан тыйылған жоқ. Майбасар старшындықтан түскен соң, Жұмағұл атшабарлықтан да қалған болатын.. сәуріктей боп, діңкесі құрып жүріп еді.
- Жанжал мен төбелес, құдайдан ақсарбас айтып тілесе де қолына түспей, Жұмағұлдың мысы құрып жүр! – деп жорға Жұмабай мысқыл ететін.
Бірақ осы соңғы екі жылда Жұмағұл орнын тапты. Оны Тәкежан жолдас қып алды. Рас, Тәкежан қолында әмір, құдірет жоқ. Бірақ қыс пен күзде жер қоритын әдеттері бар. Сонда маңайдағы малы азғана, күші кем, адамы момын ауылдарға Жұмағұл мен Тәкежан атшабар мен старшыннан кем тимейді. Малшыларды сабайды, мал қуады, ат ұстап алады. Ағайынды көп жалындырып, жалпетек ететін талай істері бар-ды.
Өздері онсыз да бәле тілеп жүрген Жұмағұлдарға Дәркембайларды қатал құдайы өздігінен айдап кеп бергендей болды. Бұларға күні түсіп отырған кім десеңші! Ол – әншейінде Тәкежан, Жұмағұлдың тістерін басып жүретін Дәркембайы...
Жұмағұлды аттандырар жерде Тәкежан дауыстап тұрып:
- Дәркембайды қолыма береді екен! Ата дұшпаным Дәркембайды! – деп кіжініп қалған.
Соны есіне түсірген сайын Жұмағұл арық қойлары бастырмалатып, домалатып кетеді.
Осындай боп айықпас бораннан да бетер қатты кәр ғып жүрген кезінде ақ боранның ішінен шапқылап кеп шыққан екі көк атты көрінді. Қылаң аттар боран ішінде дәл жасырынып келгендей бопты. Жұмағұл бұл уақытта аш қойлар мен Дәркембайды боқтағанын місе қылмай, тіпті Дәркембайдың арғы атасы сонау Бөкеншіден түсіп, соның атын атап құлдилатып жүрген. Боз аттылар келе бергенде, зілін қатайтып, тағы бір қатқан қойды қағып түсірді.
Достарыңызбен бөлісу: |