Әкім. Жарар-жарар, бара ғой.
Генерал. Арты не боларын ойлаңыз, әйтеуір.
Генерал шығып кетеді. Әкім ойланып отыр.
Әкімнің ойы(радиомен). Не істесе болады, ә?! Бұл бір көз көріп, құлақ естімеген әңгіме болатын болды-ау! Мұның аяғы неге апарып соқпақ? Прокурор мен генералдың айтып отырғаны анау. Қайтем? Қайта тартар жер жоқ. Парақорлық – тамыры тереңге кеткен індет. Прокурор дұрыс айтады, бүкіл елде пара алмайтын бір шенеунік жоқ. Ендеше, ала қарға болмай, кім боламын?! Жаңа прокурорға айттым ғой, шұбар қарға болайын, қайту жоқ. Тоқташы. Мыналар қаптаған парақорлар армиясы сардарларының санаулысы ғана. Бұларды сорлатқанмен, қалың қолдың мұрты бұзыла ма? Жоқ, әрине. Дегенде бір сілкуге жарар. Тұра-тұр, бұлардың «крышкалдарын» – көкелерін қайтем? Олар осы қазірден бастап кіріседі. Әкелейді, көкелейді, доңайбат көрсетеді, қорқытады, үркітеді, қатер төндіреді. Райдан қайтуым керек пе сонда? Қой, бастаған екенмін, тастау – өзіме өлім! Қарайларым да, қайтарым да болмасқа керек. Шегінсем, беделім түсіп, бабарым кетеді. Ауыр. Қатерлі. Бірақ қайтпан. Нар тәуекел!
Екінші көрініс
Облыс әкімі аппаратының жетекші Қасым Хасенович Қордабаевтың кабинеті. Аудандар әкімдері үрпиісіп отыр.