Әсияның дауысы. Ерік Көбеновичке де ме?
Әкім. Ия. Оны неге сұрадың?
Әсия. Қасым ағай: «Қазір Ерік Көбенович телефон соғады» деген.
Әкім. Не бүлдіріп жүр ол. «Ешкімді қоспа» – дедім ғой. Прокурор мен генерал кірсін.
Прокурор мен генерал кіріп жайғасады.
Әкім (екеуіне томсырая қарап біраз отырады). Сөйлеңіздер, қайтсе жөн екен?
Прокурор. Қасқабай Төреқұлович, бұл – өте қиын іс.
Әкім. Білемін, қиын іс. Мәселенің өзі де сонда, қиындығында. Сіздер мен біздер шабақ шайнап үйренгенбіз. Міне, енді қолымызға акулалар түсіп еді, не істерімізді білмей, тапырақтап қалдық.
Прокурор. Оларды қамаққа алу түкке де тұрмайды. Тек ұяты сізге келмесін деп отырмыз біз.