Әкім. Бара беріңіз.
Мұсылманқұлов кетеді. Әкім ойланып қалады.
Әкімнің ойы(радиодан). Қатты кетіп қалдым-ау деймін. Енді қайттім?! Жасы жағынан ғана емес, шексіз қамқорлығымен де әкемдей болған адам кетісіп барады. Ерекең аман болса, талай жерге барады, толып жатқан тетікті іске қосады. Беделін салады, туысқандығын пұлдайды, әйтеуір бастықтарды теріс қаратады маған. Не, сонда мен қорқуым керек пе? Неден қорқамын? (Біраз ойланып қалып барып). Ә-ә, қызметімнен қорқуым керек екен ғой. Қызметтен кету – өлім! Бала да біледі, бізде қызмет – бақ, қызметтен айырылған адам – тірі өлік. Өркениетті елдерде қызмет – халыққа қызмет ету, бізде қалтасын қалыңдату. Қарашы, Герхард Шредер қызметінен кеткен күні телекомментатор: «Ол – бүгіннен бастап Германияның қатардағы азаматы» – деді. Шредер мәз болып, күліп тұрды. Ал, бізде ондай адам қара жамылар еді. Америка президенті қызметінен кеткен күні дипломатына киім-кешегін салып алып, машинасына мініп, өз штатына тартады екен. Сөйтіп өмір сүру қамына кіріседі – біреуге басқартып қойған бизнесін өз қолына алады.
Біз қызметтен босасақ, қайда барамыз, не істейміз? Бізде мемлекеттік қызметші – тоналған тұлға. Байып кетсе, өз шаруасын күйттеп, мемлекеттік қызметке керенау қарайды деп оны бизнес, кәсіпкерлік атаулының маңына жолатпайды. Шөптің басын сындыруды білмейтін олақ, өзі жетімсіз бюджеттік ақшаға ғана аузын ашқан шенеуніктің жанама табыс көзі – бір ғана пара болмағанда қайтеді. Иә, пара – шенеунік біткеннің бизнесі, қарапайым халықтың көз жасы.
Пара араласпаған жер қалды ма бұ күнде? Тұяғы қимылдаған адам пара алады. Бәрін былай қойғанда, құдай берген баласының туғаны туралы куәлігін алу үшін де пара беретін болыпты ата-анасы. Сонда дүние есігін жаңа ашқан сәбиімізді парамен ауыздандыратын болғанымыз ба? Ал, мектеп директорларының тып-тыныш жұмыс істеп жүрген мұғалімдер мен үй сыпырушылардан жаңа оқу жылында жұмыс істеуі үшін тиісінше үш жүз және екі жүз доллар сұрайтынын қайтерсің?!
Менің мына тірлігім әзірге кейбіреулерге көпке топырақ шашу болып көрінер, ал түптің-түбінде парамен күресетіндер көбейер. Қандай да қоғам атаулы мұндай әлеуметтік кеселдің жолын кеспей тұра алмаған. Әйтпесе, өмір өсер ме еді?!
Әкім(ұялы телефонның нөмірін теріп). Әбиірбек Рахымович, не боп жатыр? Дұрыс-дұрыс... Басы-қасында тікелей өзіңіз болыңыз... Көп созбай, сотқа тез жеткізу керек... Солай, арашашылар көбейіп барады... Рас айтасыз, бәрін тоқтататын күш – сот үкімі. (Үкіметтік телефон шарылдап қоя береді. Әкім сол телефонға жармасады). Сәләматсыз ба, Дамир Тұңғышбаевич! Тыңдап тұрмын мен сізді... Ия-ия, сондай бір ыңғайсыз әңгіме болып тұр... Рас айтасыз ба?... Мен істерімді істеп алып, зәре-құтым қалмай қорқып отырсам, сіз қуанттыңыз ғой... Мен де соны ойладым... парақорларға сабақ болсын, дедім... Рақмет-рақмет!.. Көріскенше күн жақсы болсын, Дамир Тұңғышбаевич! (Үкіметтік телефон трубкасын орнына қойып, ұялы телефон нөмірін тереді). Нұрқат Асылович, жағдай қалай?... Дұрыс болсын... Бұл мәселе Премьер-Министрдің бақылауына алыныпты, Абаевтың өзі қазір ғана телефон шалды. Премьер-Министр құптап отыр, енді тартыншақтайтын түк те жоқ... Қызметкерлеріңе айтып қой, аналарға аты-жөні жоқ әкіреңдемесін... Жоқ, олар қанша дегенмен, әкімдер... Әрине, кім екендері соттан кейін белгілі болады... Иә, шешінген судан тайынбас, қайта тартпаймын... А-а... Ерік Көбенович пе?... Не дейді?... Кездестір... Кейін телефон соғарсың... Дұрыс, бәрін қайтесің, президенттерімен – Қарғабаевпен жолықтырсаң, жетер... Сөйт...
Алтыншы көрініс
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы генерал-майор Ахметовтың кабинеті. Ахметов пен Мұсылманқұлов сөйлесіп отыр.