«Аналитикалық химия» пәнінен лекциялардың тезистер жинағы
Лекция № 1
Аналитикалық химия пәнінің негіздері және оның әдістері.
Лекцияның жоспары:
1. Аналитикалық химия пәнінің негіздері және оның әдістері.
2. Жаратылыстану ғылымдарының дамуына және өндірісте аналитикалық химияның әсері және алатын орны.
3. Кәсіптік мұғалім дайындаудағы аналитикалық химияның ролі.
4. Сапалық анализ әдістері.
Бейорганикалық химияның басты келесі бөлімдері химиялық элементтердің периодтық жүйесі, ерітінділер, электролиттік диссоциация, гидролиз, ерігіштік, тотығу-тотықсыздану реакциялары кешендік қосылыстар, коллоидтық химияның бөлімдері – гетерогендік (коллоидтық) жүйелер аналитикалық химияның теориялық негіздерін құрайды. Тек осы теориялық негіздерді игерген студент аналитикалық химияны дұрыс әрі толық түсініп берілген материалды игереді. Дәрісті әр уақытта осы сөйлеммен бастағанда білім берудің тиімділігін арттыратыны анық.
Аналитикалық химияның әдістерінің әр уақытта дамып және жетілдірілуі жаратылыстану ғылымдарымен тығыз байланысты. Мысал ретінде өндірістегі улы газдардың төмен болуын арнайы аналитикалық әдістермен анықтауға болады. Яғни, талдау әдістері жетілдірілген сайын олардың улы газдардың концентрациясын анықтау мүмкіндіктері де жоғарылайды. Кез-келген өндірістің немесе фабриканың шығаратын өнімі сапаға сәйкес келуі керек. Оны бақылау және оған баға беру аналитикалық жолмен атқарылады. Сондықтан да аналитикалық химияның өндірісте алатын орны жоғары.
050112 – химия мамандығы студенттері білім беру орындарымен қатар ғылыми-зерттеу орталықтарында, өнеркәсіптердің, фабрикалардың, ірі өндіріс орындарының химиялық зертханаларында еңбек ете алады. Ол үшін студенттеріміздің белгілі бір талаптарға сай білім деңгейлері болуы керек. Ол үшін оқытушы студенттерді мамандыққа қатысты кәсіптендіру пәндерін өзара тығыз байланыстыра отырып игеруіне барынша күш салуы керек. Тек өзара байланыста ғана бейорганикалық химия, органикалық химия, физикалық химия, коллоидтық химия, аналитикалық химия, және т.б. пәндері бірін-бірі толықтыра отырып болашақ маманның қалыптасуына мүмкіндік береді.
Аналитикалық химия – заттың сапасын және сандық мөлшерін анықтайтын химияның бір саласы. Сапалық анализ туралы айтар болсақ онда ас тұздың ас тұз екендігін, яғни оның натрий-катионынан және хлорид-анионынан тұратындығына көз жеткізу. Ал сапалық анализдің әдістері орындау түріне қарай дара және жүйелі болады. Талдауға алынған заттың мөлшеріне қарай грамм-, сантиграмм, миллиграмм-, микрограмм-әдістер бар. Қолданылатын реакцияларға қарай қышқылдық-негіздік, тотығу-тотықсыздану, тұнбалық әдістер белгілі. Аспаптың қолданылуы, талдау заттың қандай қасиетіне негізделуіне байланысты физикалық, химиялық және кешендік, яғни физикалық-химиялық, аспаптық болып тағы да жіктеледі.
Анализ әдістері сонымен қатар техникалық, биохимиялық, токсикологиялық, фармацевтикалық, экологиялық, санитарлық-химиялық және т.с.с. болып та бөлінеді. Мұндай жіктеу өздеріңіз байқағандай анализге алынған нысанға байланысты. Яғни, мысалы, талдау нысаны металл, техникалық шикізат болса, онда техникалық анализ.
Бақылау сұрақтары:
1. Аналитикалық химияны игеру үшін қандай пәндерді және олардың қандай бөлімдерін жақсы білу керек ?
2. Аналитикалық химияның сыр-бояу, мұнай өндіретін заводтармен қандай байланысы болуы мүмкін ?
3. Мектепте басты пәндер бейорганикалық химия және органикалық химия кекндігі баршамызға белгілі. Олай болса не себептен 050112 – Химия мамандығының студенттері аналитикалық химия пәнін игерулері қажет ?
4. Қазіргі уақытта сапалық анализдің қандай түрлері белгілі ?
Достарыңызбен бөлісу: |