2. Қазақ тiл бiлiмiнде сөзжасам мәселесінің жеке дербес сала болып танылуы Міне, осыдан бастап бүгінге дейінгі жылдарда қазақ тіліндегі сөзжасам жайы қазақ тіл білімінде әр кез сөз болып келеді.
Айталық, 1996 жылы қазақ тілінің сөзжасамына байланысты Алматы: «Мектеп» баспасынан белгілі тілші-ғалым Анар Бекмырзақызы Салқынбайдың «Қимыл есімі және оның сөзжасамдық семантикасы» атты еңбегі шықты. Мұнда автор қазақ тіліндегі қимыл есімдерінің семантикасын сөз ете отырып, олардың (қимыл есімдерінің) сөзжасамдық сипаттарына да лингвистикалық талдау жасаған.
Қазақ тіл білімінде сөзжасамның өз алдына жеке сала, жеке құбылыс екендігін, яғни оның жаңа сөз жасау процесі екендігін танып бұл жолда аянбай еңбек еткен бір топ тілші ғалымдар болды. Бұлардың ішінде сөзжасамның мәнін ашып, оның ғылыми теориялық негізін айқындауда тілші-ғалымдар Н.Оралбаева мен С.М.Исаев еңбектерінің маңызы зор.
Тіл маманы, ғалым Ж.Отарбекованың зерттеуіне сүйенсек, ол жалпы, сөзжасам мәселесіне қатысты еңбектерге шолу жасай отырып, қазақ тіл біліміндегі сөзжасамның бүгінге дейінгі зерттелінуін мына төмендегідей кезеңдерге бөліп көрсетеді:
1. XIX ғасырға дейінгі кезең. Бұл кезеңде сөзжасам қосымшалары туралы ілімнің негізі қаланған.
2. XIX ғасырдың басынан Қазан төңкерісіне дейінгі кезең. Бұл кезеңде сөзжасам тәсілдері жайындағы мәліметтері бар алғашқы зерттеулер жарық көре бастаған.
3. XX ғасырдың I жартысы. Бұл кезеңде қазақ тіл білімінде көптеген ғылыми грамматикалар жарық көріп, оларда сөзжасам мәселелері грамматиканың морфология тарауында, оның морфологиялық бір элементі ретінде қарастырыла бастаған.
4. 1950 жылдардан кейінгі кезең. Бұл кезеңде сөзжасам, негізінен, грамматиканың морфология тарауында қарастырылғанымен, оның өзіндік сипаттары мен қасиеттері (өнімділігі, өнімсіздігі; құнарлылығы, құнарсыздығы; тарихилығы; дербес сала ретінде арнайы қарастырыла бастауы т.т.) арнайы зертеу нысанына алынып, тарихи тұрғыдан да қарастырыла бастаған.
5. 1989 жылдан кейінгі кезең. Бұл кезеңде сөзжасам ғылым ретінде де, пән ретінде де тіл білімінің жеке саласы ретінде жан-жақты зерттеліне бастайды, бүгінде де әлі зерттелініп жатыр.
Тіл маманы, ғалым Жақсыбай Сарбалаевтың «Сөзжасам мәселелері» деп аталынатын оқу құралында (- Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – 152 б.) қазіргі қазақ тілі сөзжасам жүйесінде тың бағыт, жаңа сала болып саналатын конверсиялық тәсіл арқылы сөз тудырудың жалпы мәселелері, оның сөзжасам жүйесінде алатын орны, ерекшеліктері жан-жақты сөз болған. Автор, әсіресе, конверсияның бір формасы болып танылатын адъективация процесі негізінде қалыптасқан сын есім тұлғаларына айырықша тоқтала отырып, аталған тәсілдің тілдік табиғатын егжей-тегжейлі атап көрсетуге күш салған.
2003 жылы Анар Бекмырзақызы Салқынбайдың «Қазақ тілі сөзжасамы» атты жоғары оқу орындарының білімгерлеріне арналған оқу құралы баспадан шықты.
*Соңғы жылдарда қазақ тіл білімінде сөзжасам мәселелеріне арналған бірнеше ғылыми ізденіс-зерттеулер болды: бір докторлық және бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалды. Олардың аттарын атасақ, олар мыналар:
Докторлық диссертация: Құрманәлиев К.Ә. «Қазақ тіліндегі сөзжасам мәселесінің теориялық негіздері». Алматы, 2002. – 300 б.
Кандидаттық диссертациялар:
Есматова Меңдіқыз Тілеужанқызы: «Есім негізді туынды сын есімнің сөзжасамдық жүйесі». Алматы, 2004;
Таңсықбаева Бақыткүл Амалбекқызы: «Қазіргі қазақ тіліндегі үстеудің сөзжасам жүйесі». Алматы, 2006;
Шоқабаева Салтанат Сағатқызы: «Қазіргі қазақ тіліндегі өнімсіз жұрнақтардың сөзжасамдық әлеуеті». Алматы, 2010.
Сонымен, қай тілдің болмасын сөзжасам жүйесі ұзақ уақыттың ішінде қалыптасқан. Ол қысқа, аз уақыт ішінде тез қалыптаса қоятын құбылыс емес Түркі тілдерінің ең көне жазба ескерткіштерінің тілі бұл мәселеге толық куә бола алады. Көне жазба ескерткіштер тілінде негізгі түбір сөздермен қатар туынды сөздер болғаны да белгілі. Олар – туынды түбір, күрделі сөз, бір сөздің бірнеше мағынада қолданылуы сияқты түрлерде кездеседі. Басқаша айтқанда, көне жазба ескерткіштер тілінде жаңа сөз жұрнақтар арқылы (тір-іг, біл-іг, ур-уш, иел-ме, өт-унч), сөздердің тіркесуі арқылы жасалған (күнтүз, Темір-қапығ, Қара-құм, Ілтеріс, арқыш-тіркес, секіз он, йеті йуз). Сол сияқты бір сөздің бірнеше мағынада қолданылуы да сол кездің сөзжасам жүйесіне жатады: [қат]: 1) қабат, қатар; 2) жеміс; 3) жануардың аты; 4) қату; 5) араластыру. Бұл келтірілген мысалдар көне түркі жазба тілінде сөзжасамның морфологиялық, синтаксистік, семантикалық тәсілдерінің бәрінің де болғанын анық көрсетіп тұр.
Қысқасы, қазақ тілінің бүгінгі күнде әбден қалыптасқан сөзжасам жүйесі бар. Ол әрине, ұзақ уақыттағы дамудың нәтижесі. Тіліміздің сөзжасам жүйесінің негізі сонау көне түркі тілінен (ең көне жазба ескерткіштер тілінен) басталып, содан бергі уақытта дамып, толығып, күрделеніп, сұрыпталып, екшеле келе қазіргі кездегі жүйелі сипаттағы дәрежеге жеткен.