4. Л.Брежнев бастаған номенклатуралық топтың билікке келуі. Кеңес Одағында ел өмiрiнiң барлық саласын қамтыған тоқырау 1960 жылдардың ортасынан басталып 80 жылдардың ортасына дейiн жалғасты. Тоқырау деп ел экономикасының ешбiр өзгерiссiз тоқтап қалғанын емес, экономикалық даму қарқынының жылдан жылға құлдырап келіп, 1980 жылдардың ортасында терең кризиске әкелгенi айтылады.
Кеңес Одағы бойынша өнеркәсiп өнiмiнiң жылдық өсiмi 1961-70 жылдары орта есеппен 8,7 пайыз болса, 1981-1985 жылдары 3,7 пайыз болып құлдырады. Мұндай көрiнiстi Қазақстан экономикасынан да байқауға болады. 81-86 жылғы бес жылдық жоспарды Қазақстанның әрбiр 4 кәсiп орны орындамады, 1986 жылға дейiнгi 9 жылдың iшiнде орнаған 334 кәсiпорынның тең жартысы нормативтiк қуатына жетпедi. Мүндай көрiнiстi Қазақстан экономикасының басқа саласынан, оның iшiнде ауыл шаруашылығынан да байқауға болады.
60-жылдардың ортасында экономиканы интенсивті дамуына жол ашуға әрекетінде жаңа шаруашылық реформаларын жүргізе бастады. 1965 жылы жаңа экономикалық реформа бойынша аймақтық халықшаруашылық кеңестер таратылып, салалық одақтық-республикалық министрліктер арқылы өнеркәсіпті басқаруға көшірілді.
Жаңа жүйеге сәйкес шаруашылық есеп кәсіпорындарға дербестік берді. Өндіріс орындар шаруашылық есеп жүргізуде шығындарды үнемдеу арқылы материалдық ынталандыру және марапаттау сияқты шараларға қол жеткізетін болды.
Өндірісті механикаландыру мен автоматтандыру жоспарлары қабылданды. Әйтседе реформалар бір жағынан экономиканы дамытуда біраз көрсеткіштерге жеткізсе, екінші жағынан орталық өктемдік жоспарларға директивалық түзетулер мен толықтырулар енгізуді тоқтатпады. Коммунистік партияның дербес басшылығы, мемлекеттік меншік үстемдігі КСРО-ның экономикалық іргесін өзгерте алмады. Халықтың табысы төмендеп, тауар тапшылығы өсті. Республика шаруашылық салаларының шикізаттық сипаты одан әрі тереңдеді. 70-ші жылдардың ортасына қарай кеңестік экономикасы жүйесінде дағдарыс белгілері айқын ашылды.
Экономикалық әлеуетті арттыру республиканың қорын пайдалану, шикізат және отын-энергетикалық ресурстарын айналымға енпзу арқылы жүрді. 1970-1985 жылдар арасында өнеркәсіп енімінің жалпы көлемі екі есеге өсті, ал машина жасау, химия ---өнеркәсібі өнімі үш есе артты. Мыңға жуық өнеркәсіп орындары мен цехтар іске қосылды. Олар Қазақ газ өңдеу зауыты, Шевченко пластмасса зауыты, Қарағанды резеңке-техникалық бұйымдарын шығаратын зауыты, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары, Қарағанды металлургия комбинатындағы ақ қаңылтыр шығару цехы, Екібастұз және Ермак ГРЭС-І, Қапшағай ГЭС-і, Жәйрем тау-кен комбинаты және т.б. болды. Маңғыстау, Қаратау-Жамбыл және Павлодар-Екібастұз аумақтық-өнеркәсіптік кешендері құрылды.
Кеңестік экономика негізінен директивалық ұстаным мен орталықтың жоғарыдан бұйрық беру әдісі арқылы басқарылды. Қазақстан өнеркәсібінің 50%-ы одақтық министрліктердің қарауында болды. Одақтық министрліктер республиканың мүддесін көздемеді, әлеуметтік салада, ұлттық кадрларды дайындауда, қоршаған ортаны қорғауда (Семей полигоны мен Аралдың экологиялық апатқа ұшырауы) қиыншылықтар туындады. Мысалы, сол кезеңде Арал теңізінің деңгейі 14 метрге, аумақтық көлемі 40%-ға, су келемі 60%-ға төмендеді. Тартылған теңіз түбі тұз ошағына айналды. Мұндай жағдай гепатит, туберкулез сияқты эпидемиялық аурулардың өсуіне әкеп соқты, сонымен қатар онкологиялық аурулардың көрсеткіші бұл елді мекенде одақ көрсеткішінен 15 есе асып түсті. 6717 км2 аумақты алып жатқан Байқоңыр ғарыш айлағында да экологиялық мәселе өте күрделі болды. Қазақстан территориясының 4,6 млн га аумағы оның пайдаланылған зымырандар қондырылатын жерге айналды. Онымен қоса Семей атом полигонында зиянды 200 жер асты нысаны (штолня) болды. КСРО-да жасалынған 715 ядролық жарылыстың 470-і Қаэақстанда жасалды. Каспий маңы ойпатындағы Азгир полигонында 17 жер асты жарылысы, республиканың басқа жерлерінде тағы 21 жарылыс іске асырылған.
70-80-жылдары Қаэақстанның экономикасында шикізат өндіру басымдыққа ие болғандықтан, халық тұтынатын тауарлардың 60%-ы басқа одақтас республикалардан әкелінді, ал оның көпшілігі Қазақстанда өндірілген шикізаттардан дайындалды.
КСРО өнеркәсібінің дамуына Қазақстанның қосқан үлесі. Өнідірстегі өзін-өзі басқарудағы шектеулер және оның дамуындағы қайшылықтар. Жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайның келеңсіздігі. Кәсіпорындардағы дағдарыстың өршуі.
Әкімшіл басқарудың аграрлық саладағы қайшылықтарды асқындыра түсуі. Кеңестік өкіметтің ауыл мен деревняны іс жүзінде кедейшілік пен тоқырауға ұшыратуы. Ауыл еңбеккерлерін материалдық ынталандырудың төмендеуі. Аграрлық саланың басқару мен ұйымдастырудың өмірге жақын жаңа түрлерін енгізуге бағытталған біржақты бастамалар және олардың сәтсіздіктері. Шаруашылықаралық аудандық агроөнеркәсіптік бірлестіктерді агроөнеркәсіптік кешендерге жоғарыдан біріктірудің тиімсіздігі. Қазақ ауылының келеңсіз әлеуметтік-гуманитарлық қырлары «күнделікті тарих» деректерінде.
Еңбекақыны төлеудегі әділетсіз теңгермешілік, халықтың басым бөлігінде негізгі табыстың төмендеуі. Партиялық-мемлекеттік, әскери және шаруашылық басқару жүйесіндегілерге берілген артықшылықтар- әлеуметтік әділетсіздікті өрістете түсуге бағытталған қадам. Халықтың материалдық тұрмыс жағдайының төмендеу себептері. Тұрғын үй мәселесіндегі шешілмейтін қиыншылықтар. Орталықтың этно-демографиялық саясатының келеңсіз тұстары: ішкі миграцияны, соның ішінде қазақтардың ауылдан қалаға көші-қонды тежеуді паспорттық жүйе, «тіркеу» (прописка), тілдік кемсітушілік (дискриминация), т.б. жолдармен жүзеге асырып отыруы. Ауыл тұрғындарының азаматтық құқықтарына қысым жасау. Ақшаның құнсыздануы. Тұтыну тауарларының тапшылығы. «Көлеңкелі экономика» (қара нарық), криминалдық топтардың таралуы
Экологиялық жағдай қазіргі уақыттағы күрделі мәселенің бірі болып отыр. Ол біздің елімізде де, әсіресе индустриялы, дамыған орталықтарда, соның ішінде ауыл шаруашылық аймақтарында да өткір түрде қойылуда. Табиғи қорларды тиімді пайдалануда, қалаларды, елді мекендерді көгалдандыруда, ұлттық парктер, көгалды аймақтар жасауда көптеген шаралар іске асырылса да, айналадағы ортаны қорғаудағы жауапсыздық, болашақты ескермеушілік орын алып отыр.
Су қорларын, қоймаларды сақтау – экологиялық проблеманың ең күрделі саласы болып табылады. Бұл әсіресе Арал теңізінің тағдырымен байланысты. Соңғы отыз бес жылдың көлемінде Арал теңізі 700 км3 су қорынан айырылды. Теңіз суының тұздылығы бір литрге шаққанда 20 грамнан асып түсті. Теңіз деңгейі 17 метрге төмендеп, жиектен жүздеген километрге қашықтап кетті. Жыл сайын 75 миллион тонна топырақ пен тұзды шаң ұшады. Ол барлық тіршілікті түбірінен құртуда.
1967 жылы Іле өзенінде Қапшағай су электр станциясы салынды. Қапшағай қойнауы суға толтырылды. Соның салдарынан Іле өзенінен Балқашқа құятын су мөлшері азайды. Кішігірім көлдерге су келмейтін болды, көбі құрғап кетті. Бұл аймақ түгелдей сортаңға айнала бастады. Балық аулау көлемі қысқарды.
Үлкен Алматы каналының салынуына байланысты, химиялық тыңайтқыштарды есепсіз пайдаланудың нәтижесінде егістік жерлер тұзданды. Арал тағдыры қайта басталды. Балқаш – Іле аймағының экологиялық жағдайы күрделі мәселеге айналды.
Қоршаған ортаның, Республикамыздағы халықтың науқастануына тигізер әсері 60 пайыз шамасында. Ол әсіресе, тау-кен өнеркәсібі орналасқан қалаларда жоғары. Қалаларда экологиялық ахуал, соматикалық аура түрлерінің өршуіне ықпал етуде.
Кеңес үкіметі полигондарының ең күрделісі, жаппай қырып-жоятын қарудың ең көп сыналған жері – Семей өңірінде тұңғыш ядролық жарылыс ұйымдастырылды. 1949-1990 жылдар аралығында Семей ядролық полигонында 475 қару түрі сыналды. Соның салдарынан, шекаралық территория халқы өте ауыр және созылмалы сәулеленуге ұшырап, сынақ зардаптары Хиросима мен Нагасакидегі атомдық бомбалаудан да асып жығылды. Сол жылдары полигонға шаруашылық жайылымдар мен егістік жерлер тартып алынып беріліп, соның салдарынан аймақ экономикалық және әлеуметтік дағдарысқа ұшырады.
Семейдегі ядролық сынақтың салдарынан соңғы жылдары әр жүз мың адамға шаққанда жүйке-психологиялық ауруға шалдыққан адамдардың саны 960-тан 1624-ке, ақыл-ойы кем адамдар 3105-тен 4612-ге, невроз және жүйке тамыр дерті бар адамдар 3692-ге көбейген. Ал сары ауру, іш ауруы, туберкулез сияқты ауру түрлері халықты әбден меңдеп, арасында көпшілігі нағыз тұқым қуалайтын дауасыз рак, паралич,анемия, жазылмайтын тері ауруларының алуан түрлеріне душар болып отыр. Сынақ зардаптары дәрі мен дәрігерлерді дәрменсіз етіп, адамзат баласында кездеспеген ауру-сырқаулардың «жаңа» түрлерін туындата бастаған.
1991 жылы 29 тамызда Елбасшысы Н.Ә.Назарбаев полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Сонымен қатар, көреген саяси көзқараспен Қазақстан жаппай қырып-жою қару-жарағынан бас тартты. Мұны әлем жоғары бағалап, оның маңызы 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етер тұсында ерекше құндылыққа ие болып отыр.
Тоқырау саяси салада болды. 30-жылдардан қалыптаса бастаған әкiмдiк-әмiршiлдiк жүйе тоқырау жылдарында күшейе түстi. Демократия дамымады, үкiмет билiгi халықтың қолынан партияның қолына өттi. Конституцияда көрсетiлген азаматтардың құқығы бұзылды, Кеңес Одағында басқаша ойлаушылар қудаланды, сөз, баспасөз бостандығына қатал цензура қойылды.
Әлеуметтiк-рухани салада да тоқырау көрiнiсiн байқауға болады. Экология саласындағы құлдырау халық денсаулығына ерекше зыян әкелдi. Арал қасiретi, Байқоңыр, Семейдегi ядролық қару сынау қазақ халқының ден саулығына орны толмас зыян келтiрдi.
Тоқыраудың негiзгi себептерi Кеңес Одағында саяси салада бiр партияның үстемдiгi, экономика саласында бiр орталықтан басқарылатын жоспарлы экономиканың үстемдiгi, идеология саласында бiр ғана марксистiк идеологияныңң үстем болуы, Кеңес Одағындағы басшылардың қабiлетсiздiгi және т.б. себептердi айтуға болады.
1960-1980 жылдары Қазақстан ғылымының, әсіресе жаратылыстану саласы бойынша едәуір ілгері басуы байқалды. Ол жаңа пайдалы қазбалардың игерілуі мен ашылған жаңалықтарға байланысты болды. Ғылымның едәуір жоғарылауына өндірістің жылдам дамуы мен мақсатты қаржыландыру ықпал етті. Қазақстандық ғалымдардың арасында ғылымға қосқан үлесі үшін Лениндік сыйлыққа ұсынылғандары болды. Алайда, тәуелсіз ойлауға шек қойған советтік идеология ғылымның дамуына кері әсерін тигізбей қоймады. Әсіресе, қоғамдық ғылымдар идеологиялық қысымды қатты сезінді.
1970-1980 жылдары партиялық бақылау күшейді. Аса қатты шектеулерге қарамастан Қазақстан ғалымдары мен жазушылары шынай өмірден маңызды шығармалар жазды. Осы уақытқа Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Болат Аюханов, Шәкен Айманов, Мұқан Төлебаев, Құдыс Қожамияров, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Евгений Сидоркин, Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов және басқа да көптеген өнер қайраткерлерінің шығармашылығының жоғары деңгейге шарықтаған кезеңі болып табылады. Сөйтіп, партиялық өктемдікке, шектеуге қарамай, мәдениет пен білімде, ғылымда жағымды істер атқарылды.
Жоғарыдан әміршіл басқарудың күшеюінен мәдени және рухани өмірдегі қайшылықтардың тереңдей түсті. Ұлт саясатындағы әділетсіз бұрмалаушылықтар асқынды. Қазақ тілінің қолдану аясын тарылды.
Тұтастай алғанда, Қазақстан мәдениеті 80 - жылдар ортасына қарай серпінді даму сипатынан айрылды. Оның арты Кеңестер одағының ыдырауына ұласты.