Лекция жинағы Пән: «Қазақстан тарихы»


Тақырыбы: Қазақстанның 60-80-ші жылдардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы



бет47/80
Дата15.02.2022
өлшемі0,64 Mb.
#131814
түріЛекция
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   80
Байланысты:
kazedu 201595

Тақырыбы: Қазақстанның 60-80-ші жылдардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы.


1. "Тоқырау" жылдарындағы республиканың өнеркәсібі
2. Қазақстан ауыл шаруашылығының дамуындағы қайшылықтар мен қиындықтар.
3. Республиканың қоғамдық-саяси және мәдени дамуындағы жағдай


1. "Тоқырау" кезеңі дейтін 1971-1985 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы бұрыңғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, қарабайыр әдіспен алға басты. Бұл жылдары өнеркәсіпті өркендетуге 40,8 млрд. сом немесе халық шаруашылығына бөлінген барлық қаржының 32 пайызы жұмсалды. Негізгі өндірістік қорлар 3,1 есе артып, оның ішінде химия және мұнай-химиясында 6,5 есе, машина жасауда 4 есе, отын өнеркәсібінде 3,8 есе өсті. 15 жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі екі есе, ал машина жасау, химия өнеркәсібі сияқты салаларда үш еседен астам артты. Энергетикада электр қуатын өндіру одан әрі шоғырланып орталықтандырылды. 1975 жылы республиканың барлық кәсіпорындары дерлік бір орталықтан энергиямен жабдықталды. Шевченко қаласында шапшан нейтронға негізделген, дүние жүзіндегі аса ірі атом реакторы жұмыс істеді. Минерал тыңайтқыштар шығару тоғызыншы бесжылдықта 1,8 есе, сары фосфор өндіру 2,5 есе көбейді. Машина жасау және металл өңдеу саласындағы өсудің жылдық орташа қарқыны 12пайызғажетті.
Бұл көрсеткіштер оныншы және он бірінші бесжылдықтарда да кеміген жоқ. 1980 жылға дейін 250-ге жуық кәсіпорын, ірі өндірістер мен цехтар қатарға қосылды, өндірістің жаңа салалары пайда болды. Дегенмен осы жылдарда КСРО бірыңғай халық шаруашылығы жүйесіне әбден кірігіп кеткен Қазақстан экономикасы қалыпты да қарқынды дами алған жоқ. Республика өнеркәсібінің жартысына жуығы одақтық министрліктің қарамағында болды. Одақтық, ведомстволар республикадан шикізат ресурстарын сорып алып, аса зор пайда тапты. Бірақ, олар Қазақстан бюджетіне инфрақұрылымды дамытуға қаржыны жұмсамады деп айтуға болады. Олар өз қарауындағы кәсіпорындар арқылы жылына 15 млрд. сом жалпы табыс алып отырса да, республикалық бюджетке бар болғаны 31 млн. сом немесе 1 пайыздан аз қаржы аударды. Міне, осындай және тағы да басқа себептермен байланысты өнеркәсіп өнімінің кейбір түрлерін өндіру жөніндегі жекешеленген экономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлық тапсырмалар орындалмады. Өндірісті жоспарлауда кемшіліктер орын алды, жаңа өндірістік қуаттар кешігіп іске қосылды. Жоспарлық технолгиялық және еңбек тәртібін бұзушыларға жол берілді, ғылым мен техниканың жетістіктері өндіріске жеткілікті дәрежеде тез енгізілмеді. Осының әсерінен, республика өндіріс орындары мемлекетке 1981 жылы 760 млн. сом, 1982 жылы - 1,0 млрд., 1983 жылы - 1,3 млрд, 1984 жылы - 1,65 млрд. сомға жоспарлы өнімді берген жоқ. Сонымен бірге өндіріс тиімділігі мен өнім сапасын арттыруда, ғылыми-техникалық дамуда, қазіргі замаңғы техника мен технологияны игеруде еліміздің капиталистік мемлекеттерден кейін қалуы күшейе түсті.
Бұл жылдарда жалпы өнім көрсеткішін қуалай өсіру ауыр өнеркәсіпте негізгі мақсатқа айналды. Күрделі құрылыста да солай болды, мұнда жұмысты атқарудың ұзақ мерізімге созылуы салдарынан ұлттық байлықтың едәуір бөлігі істен шығып қалып жатты. Қымбатқа түсетін, жоғары ғылыми-техникалық көрсеткіштерге жетуді қамтамасыз етпейтін объектілер салынды. Бірақ, осыған қармастан республиканың басшылығы партияның кезекті съездерінде елдегі ірі өнеркәсіп орнының, шахтаның, мұнай кәсіпшілігінің, комбинаттардың, зауыттардың қатарға қосылғаны туралы зор жігерленген рухта есеп беріп отырды. Енбекті, материал мен ақшаны көп жұмсаған қызметкер немесе кәсіпорынның көрсеткіші жоғары бағаланды. Республика ілгерілеу қарқынынан айырыла бастады, шаруашылықтың және мәдениеттің барлық саласында іркіліс көбейіп, қиыншылықтар үсті-үстіне жинақталып, шиеленісе түсті, шешілмеген проблемалар көбейді. IX бесжылдықта жоспарды күрт төмендетіп отырса да өнеркәсіп көлемі 12,6 пайызға орындалмады. Оныншы бесжылдық - 25 пайызға, он бірінші - 3,6 пайызға орындалған жоқ. Соның салдарынан IX, X, XI бесжыл-дықтардың ішінде ұлттық табыстың өсу қарқыны баяулап, 80-ші жылдардың бас кезінде экономикалық тоқырауға жақындатқан деңгейге дейін құлдырады. Мысалы, республика ұлттық табысын 60-70 пайызға өсіру міндеті қойылса да, ол іс жүзінде 36 пайызға ғана орындалды. Республиканың көптеген шарушылық қызметкерлері ұлттық байлықты молайту қамын ойламай, қайта белгілі бір салаға материал мен еңбекті, жұмыс уақытын көбірек жұмсап, оны қымбатырақ бағаға өткізуге әуестенді. Осының салдарынан өнімнің "жалпы саны" болды, бірақ тауарлар жетіспеді. Қазақстан дамыған басқа елдерге қарағанда өнімнің бір өлшеміне шикізатты, энергияны, басқа да ресрустарды едәуір көп жұмсады. Мәселен, АҚШ пен Жапонияны алсақ, өнімнің бір өлшеміне бізге қарағанда шикізат пен энергияны 30-40 пайыз кем пайдаланды. Қазақстанның бай табиғи және еңбек ресурстары басшы кадрларды дандайсытып жіберді. Елдің экономикасының ондаған жылдар бойы экстенсивті жолмен дамығаны көбінесе дәл осы себептен еді.
Өндірісті сан жағынан басымырақ өсіру идеяларында тәрбиеленген республика басшылығы бұл қарқынды тоқтатуға тырысты, бірақ көбінесе үсті-үстіне жаңа шығындар жұмсау әдісімен әрекет жасады, отын, энергетика салаларын ұлғайтты, өндіріске табиғи ресурстарды жеделдете тартты. Мысалы, Маңғыстауда өндіретін мұнайдың және онымен қосылып шығатын газдың тек қана 8-10 пайызы пайда-ланылды.
Аса ірі кәсіпорындар салу арқылы шикізат салаларын дамытуға бағыт ұстау ғылыми прогресс арқылы өркендейтін өндірісті тежеді, өңдеу, қайталап өңдеу, жаңа тауарлар шығару салалары баяу дамыды.
Өндірістіқ теңестірілмеуі, нұсқау арқылы басқарылуы жағдайында жылдық, тоқсандық және айлық тапсырмаларды өзгертіп отыру үйреншікті іске айналды. 1981-1985 жылдары Қазақстанда әртүрлі министрліктер мен ведомстволардың жоспарлары 300-ден астам рет өзгертілген. Күрделі құрылыста "сақалды" объектілер берік орын алды, жоспарлы құрылыстардың орнына жоспардан тыс көптеген құрылыстар салынды, бітпеген объектілерді пайдалануға беру, қосып жазу, құрылыс материалдарын талан-таражға салу көбейді. 70-жылдарда құрылыста бригадалық-мердігерлікті дамыту қозғалысы басталды. Оның негізінде жұмысшылардың өндірісте ресурстарды пайдалануда тәртіп орнату, еңбекакы төлеуде теңгермешілікті жою, неғұрлым көбірек дербестік алу жолындағы ұмтылысы жатқан еді. Бригадалық мердігерлікті сөз жүзінде бәрі қолдады және насихаттады, ал іс жүзінде мердігерлік әдіс көптеген нұсқаулар арқылы жоққа шығарылды.
Бұл кезде Қазақстанда экономиканы дамытуда интенсивті жолға көшу және ғылыми-техникалық прогресті өрістетуге бағыт алынды. Қызықты идеялар мен ұсыныстар аз болған жоқ, жаңашылдар мен өнертапқыштардың саны көбейді, тек 1981-1985 жж. жаңашыл ұсыныстар берген авторлардың саны 818,8 мың адамға жетті. Алайда, олар өндіріске ғылыми-техникалық прогрестіқ жетістіктерін енгізу практикасында аз ықпал жасады. Көптеген кәсіпорындарда өндірістің бүкіл процесі емес, тек жеке учаскелері ғана автоматтандырылды, немесе комплексті механикаландырылды. 80-ші жылдардың орта кезінде өнеркәсіптегі жұмысшылардың үштен бірі, құрылыста жартысынан астамы ауыр қол еңбегін атқарды, олардың творчестволық белсенділігі төмен болды. Кәсіпорындарда социалистік жарысты ұйымдастыру формальды сипат алды. Ресми мәлімет бойынша бұл жылдары жарысқа жұмысшылардың 90 пайызы қатысқанымен, мұның өндірістің өсу қарқынына, еңбек өнімділігіне, өнімнің сапасын жақсартуға, өндірісті жетілдіруге ықпалы болған жоқ. Өндірісте немқұрайлылық, салақтық, ынта-жігерсіздік тағы басқа да келеңсіз көріністер үйреншікті әдетке айналды.
2. Тоқырау кезеңін қамтыған үш бесжылдық аралығында ауыл шаруашылығын 1965 жылдан басталған реформалау әрі жалғастырылды. Аграрлық салаға қаржыны көптеп бөлу, селоның әлеуметтік проблемаларын шешу, шаруашылық есепті енгізу, ауыл шаруашылық өнімдерінің сатып алу бағасын арттыру шаралары белгіленді. Осы бағытта тек 1971-1978 жж. ауыл шаруашылық саласына 58,2 млрд. сом бөлінді. Мұның нәтижесінде 1985 ж. дейін негізгі егін шаруашылығы жұмыстары - жер жырту, тұқым себу, дәнді дақылдарды жинау, мал шаруашылығы саласындағы жұмыстар 75-90 пайызға техникаландырылды. Алайда, ауыл шаруашылығы проблемаларын тек күрделі қаржыны көбейту арқылы шешу жолы тиісті нәтиже бермеді. Аграрлық секторда аса маңызды орын алатын жердің құнарлылығын арттыру, электрлендіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын және өндейтін кәсіпорындар жеткілікті дәрежеде салынбады. Сондай-ақ село еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық проблемалары шешілмей қалды, сөйтіп бұл салада күткен бетбұрыс болмады, нәтижесінде ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру тұрақсыз болды. Егістіктің шығымдылығы азайды, мал шаруашылық өнімдерін өндіру бірқалыпты жүрмеді.
Бұл кезде ауыл шаруашылығы секторының құрамында едәуір ұйымдық өзгерістер енгізіліп, колхоздардың есебінен совхоздардың саны көбейді. 1960 жылы республикада 879 совхоз бен 1355 колхоз болса, 1985 жылы колхоздар есебінен совхоздар саны 2140-қа өсіп, республикада 388 колхоз қалды. Сөйтіп, меншіктің кооперативтік-колхоздық түрінің үлес салмағы едәуір төмендеді, бірақ осыған қарамастан колхоздық меншіктің одан әрі жетілуін көруге болады. 1971-1985 жылдары совхоздардың өнімі көбеймей бір орында қалса, колхоздарда ол орта есеппен 200 мың сомға дейін өсті.
Мал шаруашылығының жем-шөп базасы нығайтылды, жем-шөптік дақылдар егілетін алқаптар ұлғайтылды. Дегенмен мұның барлығы тек экстенсивтік шаруашылық негізінде іске асырылды. Атап айтқанда, жемшөптік дақылдар егілетін алқаптар сегізінші бесжылдықтағы 6678,4 мың гектардың орнына IX бесжылдықта 8824,6 мың гектарға дейін жеткізілді. 1985 жылы жоспарланған 50 млн. қойдың орнына тек қана 35 млн. қой болды. Оған шопанның ауыр еңбегіне немкұрайды қарау, малды күтіп бағудағы қазақтың еңбек дәстүрін елемеу, халықтың ғасырлар бойы қалып-тасқан, сыннан өткен технологиясының жоғалып кетуі үлкен әсерін тигізді.
Бір айтып кететін жай, бұл жылдары мал шаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіру басталды. Сондай-ақ ет және сүт өндіретін кешендер мен мал семіртетін аландар салынды, малды өсіріп, семіртетін мамандандырылған шаруашылық бірлестіктері, құнажындар өсіретін фермалар құрылды. Жалпы қуаты 23 мың ірі қара малды жедел өсіріп, семіртетін төрт кешен: Алматы облысы бойынша 10 мың басқа арналған "Жетіген", Шығыс Қазақстан облысында 5 мың басқа есептелген "Ждановский", Орал облысында 5 мың басқа арналған "Правда" газеті атындағы, Ақмола облысында 3 мың басқа арналған "Шалқар" кешендері жұмыс істеді. Шошқа өсіріп бордақылайтын "Волынский" /Қарағанды облысы/ кешені қатарға қосылды. 1976 жылдың басына қарай 575 мың бас ірі қара мал, 418 мың шошқа, 1,7 миллионнан астам қой өнеркәсіптік негізде күтіп бағылды.
Бірақ осы жылдарда мал шаруашылығын дамытуда келеңсіз жағдай қалыптаса бастады. Олай дейтініміз, туберкулез және бруцеллезбен ауырған мал кейбір облыстарда 95 процентке жеткен. 1965-1985 жылдары 4,2 млн. сиыр, 55 млн. бас қой мен ешкі, 5,1 млн. шошқа өлген, ал әрбір 100 саулықтан не бары 10 бұзау, 30-дан аса қозы, 69 торай алынған. Азық-түліктік астық өндіру жөнінен одақта алдыңғы орындардың, біріне шыққан республика жыл сайын жемге арнап басқа жерлерден миллиондаған тонна астық сатып алып отырды. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау, халыққа сату ісі бетімен жіберілді. Көліктің, элеваторлардың, қоймалар мен ыдыстың жетіспеушілігінен, жолдың нашарлығынан жыл сайын жиналып алынған өнімнін 20 пайыздан 40 пайызға дейінгісі ысырап болды. Село тұрғындарының еңбегі бағаланбай, олар қалаларға, басқа жақтарға көшіп кетуге мәжбүр болды. Қаңырап қалған кішігірім ауылдар қатары жүздеп саналды.
Аграрлық сектор саласында енгізілген жаңа сатып алу бағасы көбінше өнімнің өзіндік құнын ақтамады, қайта зиянмен жұмыс істейтін шаруашылықтардың саны артты. Егер 1970 ж. ондай шаруашылықтардың үлес саны совхоздардың 26 пайызын, колхоздардың 4 пайызын қамтыса, 1985 ж. совхоздардың 53 пайызы, колхоздардың 49 пайызы зиянмен жұмыс істеді. Село еңбекшілеріне еңбекақы төлеуде теңгермешілік күшейді, адамдар көбінесе ақшаны жұмыстың нәтижесі үшін емес, жұмысқа шыққаны үшін алды. Еңбекте ақы төлеу оның өнімділігінің өсуінен басып озды.
Республиканың жергілікті жерлеріндегі ауыл шаруашылығы өндірісін ұтымды ұйымдастыру, оның тиімділігін арттыру бағытындағы кейбір ізденістер басшы органдар тарапынан қолдау таппады. 80-ші жылдардың басында жүргізілген сансыз көп қайта құрулар, эксперименттердің, бағаның, интеграция мен мамандандырудың жаңа түрлерін және т.б. енгізу ауыл шаруашылғының берекесін кетірді. Одан болдырған ауыл шаруашылығы қатаң әкімшілік бақылауға алынып, аяғында келіп дағдарысқа көшті. Істің жағдайын жаңа шешімдер қабылдау жолымен өзгертуге тырысу елеулі нәтиже бермеді.
3. XX ғ. 70 және 80 жж. бірінші жартысында Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде бірсыпыра істер атқарылды, республика жұмысшылар мен қызметшілерінің орташа айлық табысы едәуір есті. Колхозшылардың кепілді еңбек ақысы көбейді, халықтың төмен айлық алатындары орташа айлық алатындар дәрежесіне көтерілді. Осы жылдары халықты қоғамдық тұтыну қоры есебінен қамтамасыз ету біраз жақсарды. Оның едәуір бөлігі жәрдем, зейнетақы және стипендия төлеуге, тегін білім алуға, денсаулық сақтауға, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуге жұмсалды. 1971 ж. колхозшылар үшін де жұмысшылар мен қызметкерлерге белгіленгендей зейнетақы белгілеу тәртібі енгізілді. 1972-1974 жж. соғыс және еңбек мүгедектеріне айлық орташа зейнетақы 33 пайызға көбейтілді, ал 1975 ж. Отан соғысының мүгедектеріне қосымша жеңілдіктер енгізілді.
Алайда, бұл шаралардың халықтың тұрмыс дәрежесін көтеруге ықпалы аз тиді. Өйткені мемлекеттің жөне кәсіпорындардың бағаны көтеруі, тауарлар сапасының нашарлауы, тапшылықтың өсуі, ақы төлеудегі теңгермешілік т.б. халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуіне әкеп соқтырды. Оған ақшаның құнсыздануы әсер етті, тек 1970-1986 жж. құнсыздану 20 пайызға өсті. Әлеуметтік саладағы ең өткір мәселенің бірі - тұрғын үй мәселесі. Осы жылдары бұл мәселе бірсыпыра шешуін тапты: ондаған миллион адам жаңа пәтер алып, өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартты. Дегенмен халық санының өсуімен байланысты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі аяғына дейін шешілмеді, оған үй салуға бөлінген қаржының азаюы себеп болды, тұрғын үй құрылысының жоспары орындалмады. Тек, он бірінші бесжылдықта ғана республикада 1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмеді, мектеп, аурухана, балалар бақшасын салу жоспары орындалмады.
Сөйтіп, тоқырау кезіндегі келеңсіз процестер әлеуметтік саланы мықтап шарпыды. Әлеуметтік-мәдени саланы дамытуға қаржы бөлудің "қалдықтық принциптері" қалыптасты, яғни ол салаға таза өндірістік мақсаттардан артылған қаржы ғана бөлінді. Әлеуметтік мәселелер жөнінде "кереңдік" пайда болды, ал өндірістің техникамен жабдықталуы, кадрлардың біліктілігі, ең бастысы - жұмыс сапасы артта қала бастады.
Қалыптасқан басқару жүйесінің демократиялық негіздерінің тар шеңберлігі де жаңа жағдайда мейлінше келеңсіз көрініс берді. Онда еңбекшілердің өзін-өзі басқаруының өрісі тарылды. Қоғамдық меншік өзінің шынайы иесі -еңбекшілерден бірте-бірте оқшаулана түсті. Оны ведомстволық пен жершілдік, әр жаққа тартқылаған жайлар аз болған жоқ, нақты қожайыннан айырылып, "иесіз", тегін жатқан дүниедей көрінді. Шаруалардың бүкіл халықтық игіліктен сырт қалуы, қоғамдық мүдденің еңбеккерлердің жеке мүддесімен ұштастырылмауы барған сайын көбірек байқалды. Шаруашылықты жүргізудің өткен кездегі қалыптасқан жүйесі дамыту факторынан, оның ілгерілеуін тежейтін тұсауға айналды.
Осы жылдарда индустриялық дамудың, кәсіпорындардың көптеп салынуының нәтижесінде қоршаған ортаға орны толмас зиян келтірілді. Сырдария және Әмудария өзендерінің суларын мақта егісіне көптеп бөлуден Арал теңізі тартылып, оның суы азайды. Бұрыңғы жағасынан 60-120 шақырымға дейін төмендеген, құрғап қалған жерлерінен кұм, шаң, тұз көтеріліп, бұл өңірдегі халыққа өлім ұрығын септі. Ересек халық пен бала өлімі көбейді. Осындай жағдай Семей өңірінде де орын алды.
Семей және басқа полигондарда барлығы 500-ден аса ядролық қарулар жарылды. Бұл жарылыстардың халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға тигізген зияны мен зардабы туралы ондаған жылдар бойы айтылмады. Ғалымдардың мәліметі бойынша полигонда сынақ жасалған жылдары кемінде 500 мың Семей өңірі тұрғындары ионды радиацияның тұрақты сәулесіне ұшырады, әсіресе онкологиялық сипаттағы аурулар көп шықты. 1975-1985 жж. бұл аурулардан өлгендер тек Семей облысының өзінде ғана 7 есе өсті, бала туу азайғаны, жынданып ауру және өзін-өзі өлтіру көбейгені байқалды. Семей полигонынан басқа әр жылдарда Республика территориясында 27 жерде қуаты әртүрлі 38 ядролық жарылыс жасалды. Бұндай жарылыстар, әсіресе, Атырау облысында көбірек болды, мұнда жаппай қырып-жоятын қарудың 17-сі сыналған. Сегіз ядролық заряд Орал өңіріндегі полигондарда, қалғандары Ақтөбе, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жарылған. Бактериологиялық қарулар сынау полигоны Арал теңізіндегі Барсакелмес аралында жүргізілді.
Осы жылдарда мәдениет саласының материалдық-техникалық негізін нығайтуда біраз жұмыстар істелді. Республикада мәдени объектілердің құрылысы жаңа типтік жоба бойынша, мектеп пен мәдени мекемелерінің алдына өмірдің өзі койған жаңа талаптар ескеріле отырып жүргізілді.
Тоғызыншы және оныншы бесжылдық кезінде жаңа баспалар құрылды. Бұлар: "Қайнар", Қазақ Совет Энциклопедиясы, жастарға арналған "Жалын", "Өнер" баспалары. Республикада жылма-жыл қазақ, орыс, ұйғыр, неміс, корей тілдерінде 30 миллиондай дана таралыммен 2 мыңға жуық кітап шығып тұрды. 70-80 жж. бес томдық "Қазак ССР тарихы", он томдық "Қазак тілінің түсіндірме сөздігі", он бір томдық монографиялық жұмыс - "Қазақстанның металлогениясы", тоғыз томдық "Қазақстанның өсімдіктері" және диалектикалық логика жөнінде бірсыпыра іргелі монографиялар жарық көрді. Бір жолғы тиражы 5 миллион данамен 415 газет, ондаған жорнал шығарылды.
Селолық жерлерде 6 мыңнан астам клубтар мен мәдениет сарайлары қызмет көрсетті. Оларда 12 мыңнан астам көркемөнерпаздар ұжымы істеді. Ондаған халық театрлары, ән-би ансамбльдері, қазақ ұлт аспапты халықтық оркестрлері, халық хорлары құрылды.
Қазақстан селоларында мәдени-бұқаралық жұмыстың мәдениет университеттері мен мектептері, көшпелі өнертану кафедралары, көркемдік шығармашылық бірлестіктер, атеизм автоклубтары және т.б. сол секілді жаңа формалары кеңінен тарады.
Село тұрғындарының тұрмысына телевизия, радио, баспасөз, кино бұрыңғыдан да көбірек ене бастады. Ауыл мен деревняның мәдени дәрежесі Қазақстанның село зиялыларының сан және сапа жағынан едәуір өсуімен сипатталды. Орта есеппен бір колхоз бен совхозға 70-ші жылдардың басында 45 жоғары және арнайы орта білімі бар маманнан келді.
1970 жылға қарсы телевизия республиканың барлық облыстарына дерлік енді. Қазақстанда телевизияның 15 программалық орталығы және осынша студиясы, сондай-ақ телевизия бағдарламасын тарататын және қабылдап алып қайта тарататын жүйелер істеді. 4 республикалық және 19 облыстық бағдарламалар арқылы радио хабарлары қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде жүргізілді.
1976 жылдың аяғында республикада 10282 кино қондырғысы болып, олар бір жылда 290 миллион кино көрерменіне қызмет көрсетті. Халық ағарту ісі де бірсыпыра алға басты. Мәселен, республиканың жалпы білім беретін 10154 мектебінде 1970 жылы 3 миллион 140,8 мың бала оқыса, 1977 жылы 9217 мектепте 3 миллион 266,1 мың бала оқыды. 1970 жылы Қазақстанда 46 жоғары және 190 арнаулы орта оқу орны болып, оларда 416 мыңнан астам студент білім алды. Студенттерді 160 мамандық бойынша әзірледі. Республиканың техникумдарында жастар 182 мамандық бойынша оқытылды. 1986 жылы республикада жоғары оқу орындарының, саны 55-ке, ал арнаулы орта оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары оқу орындары мен техникумдарда 550 мыңдай студент оқыды. Республика халқының әрбір 10 мың адамына 160 студенттен келді.
XX ғ. 60-80 жж. қазақ әдебиеті I. Есенберлиннің, Ә, Нұршайықовтың, М. Мақатаевтың, Т. Айбергеновтың, О. Сүлейменовтың, М. Шахановтың, Қ- Мырзалиевтің, Ф. Оңғарсынованың, Ә. Кекілбаевтің, О. Бөкеевтің және басқалардың шығармалары арқасында елеулі табыстарға жетті. Сазгерлер Ш. Қалдаяқовтың, Л. Хамидидің, Н.Тілендиевтің, Ә. Еспаевтың, I. Жақановтың әндері Қазақстанның музыкалық мәдениетінің алтын қорына кірді. Ә. Қашаубаев негізін салып кеткен ән өнеріндегі игі дәстүрді Б. Төлегенова, Е. Серкебаев, Ә. Дінішев, Р. Жаманова, Р. Бағланова, Р. Рымбаева т. б. жалғастырып байыта түсті. "Ботагөз", "Аққан жұлдыз", "Менің атым Қожа", "Қыз Жібек", "Атаманның ақыры", "Транссібір экспресі", "Бейбарыс сұлтан" кинофильмдері республика кино өнерінің таңдаулы туындылары деп бағаланды. Бірақ экономикадағы тежеу мен . тоқырау құбылыстары қоғам өмірінің мәдени салаларына да салқынын тигізбей қоймады. Республика экономикасының орталық ведомствоға бағыныштылығы, мәдени салалардың мәселелерін жете бағаламау, олардың дамуына қаржыны қалдық принцип бойынша бөлу көп ұлтты Қазақстан мәдениетінің кең көлемде дамуына өзінің әсерін тигізді.
Коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің, әлеуметтік-экономикалық саясаттағы қателері мен кемшіліктері ұлттық қатынасқа да әсерін тигізбей қойған жоқ. Мемлекет басшылығы ұлт мәселесінде ешқандай проблема жоқ, ол мүлтіксіз шешілген деп санады. Сөйтіп, ұлт мәселесін шешудегі табыстарды асыра бағалау орын алды. Ал іс жүзінде ұлт мәселелері жүйесінде қайшылықтар, келеңсіз жағдайлар қордалана түскен еді. Оған 1922 жылы федерациялық мемлелкет болып құрылған КСРО-ның іс жүзінде унитарлық мемлекетке айналып кетуінің үлкен әсері тиді. Одақтас республикалардың құқықтары шектеліп, нақты егемендігі жоқ автономия ретінде дамыды. Ұлттардың өзін-өзі билеуі өмірлік тәжірибеде ұмыт болды.
Бұл жылдары интернационализм түсінігі жаттанды идеологиялық, құрсауда болатын. Ұлттық проблеманың бәрін тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы ғана шешуге болады деп пайымдалды. Міне, осымен байланысты интернационалдық тәрбие ұлттық саясаттың орнына жүрді, немесе оны бүтіндей алмастырды. XX ғ. 70-80 жж. ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дәріптелді, ұлт республикаларында тұратын халықтар мен ұлттардың дамуында орыс мәденитінің рөлін асыра бағалау процесі жүрді.
Интернационализмді дұрыс түсінбеу Қазақстанда тіл саясатында тек ұлтаралық қатынас тілін ғана колдап, ал ұлт тілі туралы үндемей қалуға әкеп соқтырды. Республикада кеңінен насихатталған қос тілділік екі тілге бірдей қараған жоқ. Орыс тілін республика қазақтарының 60 пайызы меңгерсе, қазақ тілін орыстардың 1 пайызынан азы ғана меңгерді. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуде, мемлекеттік, дипломатиялық және әскери өмірде, сол сияқты жоғары мектептерде қолданылмады. Республикада шыққан кітаптардың 95 пайызы орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70 пайызы эфирге орыс тілінде берілді.
Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, саяси ахуалдың қаталдандырылуы, еркін ой-пікір айтуға өкіметтің төзбеушілігі республикада өзінің көлеңкелік жақтарында көрсете бастады. Атап айтқанда, 1979 ж. жазда Ақмолада қазақтардың неміс автономиясын құруға қарсы шығуы ұлттық қатынастардағы қоза түскен қарама-қайшылықтың көрінісі еді.
XX ғ. 70-80-ші жылдарында партияның жоғары эшелондарында сөз бен істің бірлігіне шақырған үндеулер барған сайын күштірек естіле бастады. Мұның өзі барып тұрған екіжүзділік үндеу еді. Өйткені оны басшы органдарында отырғандардың орындауы міндетті болмады. Талап тек қана республиканың төменгі буындағы ком-мунистерге бағытталды. Ішкі партиялық жұмыстарды жақсарту мен жетілдіру жөніндегі көптеген қаулылар көзбояушылық сипат алды. Сондықтан Қазақстандағы төменгі партия органдарының қызметі де барған сайын жасандылыққа бой ұрды. Жергілікті партия басшыларынан қатып қалған жаттандылық және дүмшелік пен цифр-лардан,алуан түрлі есеп құрастырудан басқа ешнәрсе талап етілмеді. Партия беделі тез құлдырай түсті. Оның үстіне бұл кезде партиялық-мемлекеттік, әскери, шаруашылық номен-клатурасына берілген артықшылықтар ерекше көзге шалынды. Мұндай артыкшылықтар әлеуметтік теңсіздіктің арнаулы түрін туғызды. Бюрократия артықшылықтарды бөлуде шендік принципті қатаң сақтады. Олардың көлемі қызмет орнының дәрежесімен белгіленді.
Сонымен, Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев айтқандай, тоқырау өмірдің барлық салаларында: идеологияда да, адамдар арасындағы қарым-қатынаста да орын алды, Брежневтің жеке басына табыну етек алған жағдайда, әсіресе, жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың бас кезінде бұл жағдай барған сайын өрши түсті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   80




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет